Accessibility links

"Шенеуніктерге нәтиже керек". Кениялық атлеттер Қазақстанда жеңіл атлетиканы дамыта ала ма?


Қазақстан атынан жарысқа қатысып жатқан кениялық Нора Джеруто Юджиндегі әлем чемпионатында 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден финалға бірінші нәтижемен шықты. 16 шілде 2022 жыл.
Қазақстан атынан жарысқа қатысып жатқан кениялық Нора Джеруто Юджиндегі әлем чемпионатында 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден финалға бірінші нәтижемен шықты. 16 шілде 2022 жыл.

Жеңіл атлетикадан Юджин қаласында (АҚШ) өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстаннан кениялық үш атлет қатысып жатыр. Спортшыларды шақырған Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы кениялықтар елде балаларды жеңіл атлетикаға тартуға мүмкіндік ашады деп сендіреді. Ал сарапшылар жаттығатын стадионы жоқ жерде кениялықтардың алтын медалі де көмектеспейді деп санайды.

Кенияда туған үш атлет – Нора Джеруто, Дэйзи Джэпкимэй, Каролин Кипкируи (үшеуі де әйел) Қазақстан құрамасы сапында ұзақ күткен ірі жарысына аттанды. Юджиндегі жарыс – олардың карьерасындағы алғашқы әлем чемпионаты.

Юджиндегі жарысқа кениялық үшеудің ішінен 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден Нора Джеруто фаворит ретінде аттанды. Ол дәл қазір осы қашықтықта әлемдік рейтингте бірінші орында тұр әрі Юджиндегі стадион ол үшін таңсық емес. Биыл мамырда осы қалада өткен Diamond League жарысының кезеңінде Джеруто 3000 метрді кедергілер арқылы 8:57,97 минутта жүгіріп өтіп, биылғы жылдың екінщі үздік нәтижесін көрсетті. Ал 2021 жылы тамызда Юджиндегі Diamond League жарысының кезеңінде бұл қашықтықты 8:53,65 минутта жүгіріп, тарихтағы үшінші нәтижені тіркеген.

Нора Джеруто (алдыда) әлем чемпионатында 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден іріктеу жарысына қатысып жатқан сәт. Юджин, 16 шілде 2022 жыл.
Нора Джеруто (алдыда) әлем чемпионатында 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден іріктеу жарысына қатысып жатқан сәт. Юджин, 16 шілде 2022 жыл.

Бұған қоса, ол Юджиндегі әлем біріншілігінің іріктеуінде бірінші нәтиже көрсетіп, финалға шықты. Финал 20 шілдеде өтеді. Ал 3000 метрді кедергілер арқылы жүгіруден жарысқа қатысқан Дэйзи Джэпкимэй финалға шыға алмады.

Қазақстандық спорт комментаторы Сергей Райлян үш атлеттің ішінен Джерутоны АҚШ-тағы әлем чемпионатындағы фавориттің бірі деп санайды.

– Медаль қалтада деп айтуға келмейді, себебі спортта, соның ішінде жеңіл атлетикада түрлі жағдай болуы мүмкін. Бірақ Қазақстанның 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден медаль алуға мүмкіндігі бары – факт, – дейді спорт комментаторы.

Каролин Кипкируи (сол жақта бірінші) Юджиндегі әлем чемпионатында 10000 метрге жүгіруден жетінші орын алды. 16 шілде 2022 жыл.
Каролин Кипкируи (сол жақта бірінші) Юджиндегі әлем чемпионатында 10000 метрге жүгіруден жетінші орын алды. 16 шілде 2022 жыл.

Каролин Кипкируи әйелдер арасында 10000 метрге жүгіруден жарысқа қатысып, 7-орыннан көрінді (30 минут 17,64 секунд). Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы мен Ұлттық олимпиада комитеті Киприкуи медаль ала алмаса да, оның "Қазақстан рекордын жаңартқанына" баса назар аударды.

КЕНИЯЛЫҚТАР ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАЛАЙ КЕЛДІ?

Үш атлет Кения құрамасының сапына ене алмаған соң 2018 жылы Қазақстанға келген. Алдымен бұл атлеттерді ШҚО әкімі әрі Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы Даниал Ахметовтің бастамасымен Өскеменде құрылған "Алтай Атлетикс" клубына шақырған. Өскеменге келе сала олар Қазақстан азаматтығын алды. Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының Азаттыққа берген ресми жауабында кениялықтар бұл клубта айына 350-750 мың теңге жалақы алғаны айтылады.

Бірақ Әлемдік жеңіл атлетика ұйымы (World Athletics) ережесіне сай, азаматтығын ауыстырған атлеттер үш жыл "карантинде" болып, одан соң ғана жаңа ел атынан жарысқа қатысуға рұқсат.

World Athletics 2022 жылы қаңтарда үш кениялықты "карантиннен" шығарып, Қазақстан атынан жарысқа қатысуға рұқсат етті. Кениялық үш атлетті өздерімен еріп келген бапкері Кеннет Ротич жаттықтырады.

3000 метрді кедергілер арқылы жүгіруден жарысқа қатысқан Дэйзи Джэпкимэй (оң жақта) финалға шыға алмады. 16 шілде 2022 жыл.
3000 метрді кедергілер арқылы жүгіруден жарысқа қатысқан Дэйзи Джэпкимэй (оң жақта) финалға шыға алмады. 16 шілде 2022 жыл.

Кениялық атлеттердің Қазақстан атынан жарысқа қатысуы елде шетелдік спортшыларды шақыру айналасында түрлі дау болып жатқан уақытпен тұспа-тұс келді. Шілденің басында Ресейден Қазақстанға келген теннисші Елена Рыбакина Wimbledon жарысында жеңіске жеткен соң қазақстандықтар арасында оның елге тек ақша үшін келгенін айтып, жеңісі Қазақстанға ештеңе бермейді деген сыңайда пікір білдіргендер де болды. Кейін Рыбакина астанадағы баспасөз мәслихатында Қазақстан паспортын көрсетуге мәжбүр болған.

Жыл басында кениялықтар Қазақстан азаматтығын алды деген хабар тарағанда да жанкүйерлер арасында пікір екіге жарылған.

Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы атқарушы Павел Кукин Азаттыққа берген жауабында кениялықтарды шақыртудың себебін "кениялықтардың жоғары нәтижелері отандық басқа атлеттердің нәтижесін жақсартуға және жас балалардың жеңіл атлетикаға келуіне ықпал етеді, осылайша жеңіл атлетиканың бұқаралық сипаты артады" деп түсіндіреді.

- Кениялық атлеттер Қазақстанда жоғары нәтижелер көрсетіп, отандық жас спортшылар мен жаттықтырушыларды жоғары ынталандыруға жол ашты. Елде пайда болған бәсекелестіктен орта және ұзақ қашықтықта Қазақстан рекордтары жаңарды. Кейбір рекордтан 20 жылдан бері жаңармай тұрған еді, - дейді ол.

"ЕЛДЕ БАЛАЛАР ЖАТТЫҒАТЫН ЖЕР ЖОҚ"

Ал спорт комментаторы Сергей Райлян кениялық атлеттердің жетістігі Қазақстандағы жеңіл атлетиканың дамыта алмайды деп есептейді.

- Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы кениялықтарды жай ала салды. Жыртықты жамау үшін алды ма? Меніңше, федерация Қазақстаннан әлем чемпионы шықты деп есеп беру үшін алған да болар.

- Кениялықтардың Қазақстанға келуі елдегі жеңіл атлетиканың дамуына оң әсер ете ме?

Спорт комментаторы Сергей Райлян (Сурет Facebook парақшасынан алынды).
Спорт комментаторы Сергей Райлян (Сурет Facebook парақшасынан алынды).

- Джеруто биылғы әлем чемпионатында алтын алса да, Қазақстанда балалар жаппай жеңіл атлетика секциясына жазылмайды. Мысалы, теннис пен жеңіл атлетика арасында параллель жүргізіп көрелік. Қазақстан 2007 жылдары елге шетелден теннисшілер шақыра бастады да, ұлттық құрама Дэвис кубогының ширек финалында ойнады, Рыбакина биыл Wimbledon жарысында жекелей сында, Ярослава Шведова 2010 жылы Wimbledon мен US Open жарысында жұптық сында жеңіске жетті. Елде көп теннис корты ашылып, балалар келе бастады. Қазақстандық балалар 14 жасқа дейінгілер арасында халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп жүр. Ал жеңіл атлетикада мұндай жағдай жоқ. Бізде жеңіл атлетикаға арналған инфраструктура жоқ. Өскеменде Ольга Рыпакова атындағы манеж, астанада жабық манеж ашылды. Болды. Халықаралық жарыс өткізуге тек Алматыдағы орталық стадион жарайды. Балалар қайда жаттығады? Жаттығатын жері жоқ.

- Жеңіл атлетиканың дамуы тек инфраструктураға байланысты ма әлде басқа да факторлар бар ма?

- Инфрақұрылымнан бөлек бұл спорт бұқаралық сипат алуы тиіс. Ұлттық құрама мен жастар құрамасының бапкерлерге резерв керек. Ал резервтер дайындау үшін спортшы көп болу тиіс. Мектептер ашып, балалар жеңіл атлетикаға келу үшін спортты насихаттау қажет. 20 жылдың ішінде секциялардың көбі жабылды, соның салдарынан Токио олимпиадасына тоғыз жолдама алдық. Бұл басқа олимпиадалармен салыстырғанда өте аз (Лондон мен Рио олимпиадасына Қазақстан жеңіл атлетикадан 24 лицензия алған – Ред.).

"КЕНИЯЛЫҚТАРҒА СЕНІМ АРТУ ЖҮЙЕСІ"

Әдетте жеңіл атлетикадан әлем чемпионатына, олимпиадаға бір қашықтықта бір елден екі-үш спортшы ғана қатыса алады. Осыдан соң алыс қашықтыққа жүгіру жақсы дамыған Кения, Эфиопия, Судан, Уганда (бұл елдер олимпиададағы медальдарының көбін 3000, 5000, 10000 метрге және марафоннан иеленген) елінің спортшылары спорттағы карьерасын жалғастыру үшін әрі жақсы табыс үшін басқа елдердің азаматтығына алады.

Мәселен, 2018 жылы Азия ойындарында Кения, Эфиопия, Марокко, Нигериядан келген жеңіл атлеттер Бахрейн он алтын, алты күміс, алты қола медаль әперген. Сондай-ақ Катар, Түркия, Әзербайжан жеңіл атлетика құрамасында африкалық атлеттер бар.

Спорт сарапшысы Бек Төлеуов Қазақстан африкалық атлеттерге арқа сүйейтін басқа елдердің жүйесін пайдалануға көшті деп санайды.

- Кейінгі кезде көп елдерде африкалық жеңіл атлеттерді алу трендке айналды. Қазақстан да сол Азиядағы Бахрейн, Катар, Әзербайжан, Түркия сияқты кениялықтарға сенім артатын жүйеге өтті. Осы арқылы Қазақстан да жеңіл атлетикадан ірі жарыстарда медаль алуды көздейтін сияқты. Дегенмен Қазақстанға келген кениялықтар әлем чемпионатында және Париж олимпиадасында жақсы нәтиже көрсетсе еңбек ақталар. Бір ескерер жайт, кениялық жеңіл атлеттерге теннисшілер, футболшылар, хоккейшілердей көп ақша кетті дей алмаймын, - дейді ол.

Нора Джеруто әлем чемпионатында 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден іріктеу жарысына қатысып жатқан сәт. Юджин, 16 шілде 2022 жыл.
Нора Джеруто әлем чемпионатында 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден іріктеу жарысына қатысып жатқан сәт. Юджин, 16 шілде 2022 жыл.

Ал "Спорт министрі" Youtube каналының авторы, спорт журналисі Аслан Қаженов кениялық атлеттердің әрбір жеңісі елде қызу талқыға түрткі болып, халық тарапынан қарсылыққа ұшырауы мүмкін деп топшылайды.

- Шенеуніктерге жылдам және жарқын нәтиже, медаль керек. Соны алып жүр де. Бірақ миллиардттаған қаржы шетелдік спортшыларға кетіп жатыр. Футбол, хоккей, күрес, дзюдо, ауыр атлетикадан шетелдік спортшыларды шақырдық, енді жеңіл атлетикаға көшіпті. Шетелден спортшы шақыру спорттың басы-қасындағылар үшін ғана керек. Ал халыққа мүлде қажеті жоқ. Себебі елдегі балалар жарытып жаттығуға бара алмайды, барайын десе зал жоқ, зал болса бапкер жоқ, бапкер болса бағасы қымбат. Оның бер жағында қаншама әлеуметтік мәселе бар, - дейді ол.

15 шілдеде Юджинде басталған жеңіл атлетикадан әлем чемпионатына Кениядан келген үш спортшыдан бөлек Қазақстанның өзінен шыққан алты атлет қатысады. Олардың арасында былтыр Белградта (Сербия) өткен жабық алаңдағы жеңіл атлетикадан әлем чемпионатында биіктікке секіруден қола медаль алған Надежда Дубовицкая бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG