Accessibility links

Хорватия бразилиялықтарды жылатты. Аргентина Нидерландыны әрең жеңді


Бразилия құрамасының ойыншысы Неймар (10) Хорватиядан жеңілген соң көзіне жас алды. Катар, 9 желтоқсан 2022 жыл.
Бразилия құрамасының ойыншысы Неймар (10) Хорватиядан жеңілген соң көзіне жас алды. Катар, 9 желтоқсан 2022 жыл.

Футболдан Катардағы әлем кубогында жарыстың негізгі фавориті Бразилия ширек финалда пенальти сериясы бойынша Хорватиядан жеңіліп қалды. Ал Аргентина құрамасы матч соңындағы пенальтиден Нидерланд құрамасын жеңіп, жартылай финалға шықты. Енді Хорватия мен Аргентина жартылай финалда ойнайды. 9 желтоқсандағы жартылай финал матчтары қалай өтті?

"ХОРВАТИЯ ФУТБОЛ АЛПАУЫТЫН ТРАУРҒА ЖІБЕРДІ"

Бразилия құрамасы ширек финалда ғана емес бүкіл әлем кубогының фавориті саналған еді. Неймар, Ришарлисон, Каземиро, Тьяго Силва сынды мықты ойыншылары бар Бразилия ширек финалда Хорватияны еш қиналмай жеңеді деген болжам көп айтылды да. Бірақ Хорватия Бразилия құрамасының алтыншы рет әлем чемпионы атану арманын тағы төрт жылға шегерді.

Хорватия құрамасы пенальтиден жеңіске жеткен сәт. 9 желтоқсан 2022 жыл.
Хорватия құрамасы пенальтиден жеңіске жеткен сәт. 9 желтоқсан 2022 жыл.

Хорваттар топтық кезеңде Канаданы ғана жеңіп, Марокко және Бельгиямен тең түсіп; плей-офф кезеңіне әупірімдеп жүріп шыққан. Ал 1/8 финалда Жапонияны пенальти арқылы жеңген.

Бразилия керісінше топтық кезеңде Швейцария мен Сербиядан басым түсіп, плей-офф кезеңінің мәселесін ерте шешіп тастаған. 1/8 финалда да Оңтүстік Корея қақпасына бірінші таймда-ақ төрт гол салып, ширек финалға қиналмай шыққан еді.

Бірақ Бразилиямен ойында мүлде бөлек Хорватияны көрдік. 90 минут бойы екі команда бір-біріне гол сала алмады. Ал қосымша уақыттың (90 минутта жеңімпаз анықталмаса қарсыластар тағы 30 минут экстра тайм ойнайды) 105 минутында бразилиялық футбол жұлдызы Неймар гол салып, құрамасын алға шығарған. Бірақ 117 минутта хорват Бруно Петкович Бразилия қақпасынан саңылау тауып, есепті теңестіріп кетті. Қосымша уақыттың соңына дейін бұл есеп өзгермей, жеңімпаз пенальти сериясы арқылы анықталды.

Пенальти кезде Бразилия ойыншылары екі рет мүлт кетіп, ал Хорватия төрт гол салып, қорытындысында пенальтиде хорваттар 4:2 есебімен басым түсті. Осылайша Хорватия биылғы чемпионатта екі рет пенальти сериясында жеңіске жетті.

Бразилия футболшыларының өкініші.
Бразилия футболшыларының өкініші.

Жеңілістен соң бразилиялық футболшылар, соның ішінде Неймар өкініштен көз жасына ерік берді. Ал Хорватия екінші әлем кубогы қатарынан жартылай финалға шықты. Бұл елдің құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатында финалға дейін жетіп, шешуші ойында Франциядан жеңілген еді.

Бразилия 2002 жылдан бері әлем кубогын жеңе алмай жүр. Кейінгі бес әлем кубогында бұл елдің құрамасы плей-офф кезеңінде еуропалық елдерің құрамаларынан жеңіліп келеді.

Хорватиядан жеңілістен соң Бразилия құрамасын 2016 жылдан бері жаттықтырып келген бапкер Тите отставкаға кететінін мәлімдеді.

"Жеңіліс ауыр тиді, құрамадағы циклім аяқталды. Бұл жеңіліске мен жауапты шығармын, бірақ ұтылғанымызға бүкіл құрама да жауапты. Футболда жеңіліс пен жеңіс қатар жүреді" деді 61 жастағы Тите TNT Sports сайтына.

Ал оңтүстік америкалық футбол сарапшысы Тим Викери ВВС радиосына берген сұхбатында "Хорватия футбол алпауыты саналатын елді траурға жіберді. Бұл жеңілістің ащы дәмі ұзақ уақыт кетпейді. Бірақ Бразилия халқы бұл құрамадан теріс айналады дей алмаймын, себебі қазіргі құрама мұндай төменге құрметке лайық емес" деді.

Бразилияның жаңадан сайланған президенті Лула ди Силва Луис Инасу Twitter желісінде құрамаға қолдау білдіріп, "Алға жылжиық, себебі өмірде біз ешқашан берілмейміз" деп жазды. Ал бразилиялық Globo esporte сайты матчтан кейін "Арманның соңы" деген мақала жариялады.

АРГЕНТИНА ҮШІН ҚИЫН МАТЧ

Аргентина құрамасы биылғы әлем чемпионатындағы ең қиын матчтың бірін осы ширек финалда Нидерландыға қарсы өткізді. Бұл елдің құрамасы қорғанысы мығым Нидерландыға екі гол салып, алға шыққан (Молина 35 минутта, Месси 73 минутта). Бірақ Нидерланд футболшылары ойын соңына дейін есепті теңестіріп кетті (Вегхорст 83, 90+11 минутта). Кейін екі құрама экстра таймда гол сала алмады. Бұл матчта да жеңімпаз пенальти арқылы анықталып, аргентиналық қақпашы Эмилиано Мартинес Нидерланд ойыншыларының екі пенальтиін қайтарды – 4:3.

Аргентина құрамасы жартылай финалға шыққанына қуанып, Нидерланд ойыншылары жеңілгеніне өкінген сәт. 9 желтоқсан 2022 жыл.
Аргентина құрамасы жартылай финалға шыққанына қуанып, Нидерланд ойыншылары жеңілгеніне өкінген сәт. 9 желтоқсан 2022 жыл.

Осылайша 35 жастағы Месси мен бүкіл Аргентинаның әлем чемпионы атағына бір табан жақындай түсті.

Нидерланд құрамасының экс-қорғаушысы Марио Мельхиот ВВС радиосының эфирінде "қорғанысқа көп көңіл бөлу әлем чемпионы болуға жеткіліксіз екен" деп елінің құрамасының қорғанысқа көп көңіл бөліп ойнайтынына назар аударды.

Аргентина ойыншысы Месси (10) пенальти салған сәт. 9 желтоқсан 2022 жыл.
Аргентина ойыншысы Месси (10) пенальти салған сәт. 9 желтоқсан 2022 жыл.

Аргентина мен Нидерланд 2014 жылы әлем кубогының жартылай финалында бір-бірімен ойнаған. Ол матчта Аргентина пенальти сериясында жеңіске жетіп, финалға шыққан еді.

Сонымен 13 желтоқсанда жартылай финалда Хорватия мен Аргентина ойнайды.

Аргентина құрамасының экс-ойыншысы Пабло Забалета ВВС сайтына берген сұхбатында "Жартылай финалда Аргентина мен Бразилияның ойнағанын қалап едім, себебі бұл ойын әлем кубогындағы ең үздік матчтың бірі болар еді. Бірақ Хорватия да өте қауіпті команда" деді.

Бүгін, 10 желтоқсанда Португалия мен Марокко, Франция мен Англия жартылай финал жолдамаларын сарапқа салады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG