Accessibility links

"Тұтас бір дәуірдің капитаны" Месси мен сұрмерген Мбаппе кім?


Франциялық Мбаппе (сол жақта) мен аргентиналық Месси (оң жақта) әлем кубогының финалында. 18 желтоқсан 2022 жыл.
Франциялық Мбаппе (сол жақта) мен аргентиналық Месси (оң жақта) әлем кубогының финалында. 18 желтоқсан 2022 жыл.

Футболдан Катарда аяқталған әлем чемпионатында аргентиналық Леонель Месси мен франциялық Килиан Мбаппенің ойыны жанкүйерлер арасында көп талқы туғызды. Бірі финалда екі гол салған Мессидің жеңісіне қуанса, енді бір топ жанкүйер финалда хет-трик авторы атанған Мбаппенің жеңілісіне өкінді. Месси әлем кубогының үздік ойыншысы атанса, Мбаппе ең көп гол салған сұрмерген болды. Футбол додасының негізгі ойыншыларына айналған Месси мен Мбаппені жақынырақ таныстырамыз.

МЕССИ: ГОРМОН ТАПШЫЛЫҒЫ, "БАРСЕЛОНАДАҒЫ" РЕКОРДТАР

1986 жылы Марадона бастаған Аргентина құрамасы әлем чемпионы атанғаннан соң бір жылдан кейін Росарио қаласында Леонель есімді сәби дүниеге келеді. Аргентина әлем кубогын алған соң елде футбол культі одан әрі күшейген еді. Месси де достарымен бірге доп қуғанды жақсы көрген.

Бірақ бала кезінде Мессиге "бой өсіретін гормон тапшылығы" деген диагноз қойылады. Мұндай диагноз қойылған адамдардың бойы мен бұлшықеті өспей қалады. Бала Месси гормон тапшылығынан емделе бастайды, бірақ қаржы жағы қолбайлау болады. Дегенмен бұл қиындыққа қарамастан ол футболды тастамайды. Кейін Испанияның "Барселона" футбол клубының селекторлары 13 жастағы Мессидің шеберлігін байқап қалып, оны команданың футбол академиясына алдырады. Мессидің отбасы да онымен бірге Испанияға көшеді, ал "Барселона" оның еміне де ақша бөліп, емдетеді.

Месси әлем кубогын сүйіп тұр. Қолында - әлем чемпионатының ең үздік футболшысына берілетін "Алтын доп". 18 желтоқсан 2022 жыл.
Месси әлем кубогын сүйіп тұр. Қолында - әлем чемпионатының ең үздік футболшысына берілетін "Алтын доп". 18 желтоқсан 2022 жыл.

Месси "Барселона" академиясында бапкерлердің көзіне бірден түсіп, 2003 жылы 16 жасында "Барселона" сапында алғашқы ойынын өткізді. Ал 2008 жылы ол бұл команданың негізгі футболшысына айналып үлгерді.

2004-2021 жылдары Месси "Барселона" сапында 778 ойын өткізіп, 672 голдың авторы атанды. Осы аралықта ол "Барселонамен" 35 кубок жеңіп алды: 10 рет Испания чемпионы атанды, төрт рет UEFA Чемпиондар лигасын жеңді. Бұған қоса, әлемнің үздік футболшысына берілетін "Алтын допты" жеті рет, FIFA тағайындайтын "Жыл ойыншысы" атағын алты рет иеленді.

2021 жылы Месси "Барселонамен" келісім-шартын үзіп, Францияның "Пари Сен Жермен" (ПСЖ) командасына ауысты. Қазір осы клубтың лидері. Париждің клубында Франция чемпионы атанды.

Месси (ортада) әлем кубогының финалында. 18 желтоқсан 2022 жыл.
Месси (ортада) әлем кубогының финалында. 18 желтоқсан 2022 жыл.

Месси клубтық деңгейдегі жарыстардың барлығын жеңгенімен, құрамадағы жетістігімен мақтана алмайтын еді. 2014 жылы әлем кубогының финалында Германиядан жеңіліп қалған. Америка кубогының финалында 2007 жылы Бразилиядан, 2015 және 2016 жылы Чилиден жеңілген.

Аргентина құрамасында маңызды төрт финалдағы сәтсіздіктен соң 2021 жылы Месси бастаған команда ақырында Оңтүстік Америка кубогын иеленді. Аргентина финалда Бразилияны 1:0 есебімен жеңген еді.

Кеше, 18 желтоқсанға дейін Мессиде әлем кубогының алтыны ғана жоқ болатын. Енді 35 жастағы Мессиде бұл атақ та бар. Ол бұл кубокқа өзінің алаңдағы 1003-ойынында жетті.

Месси және отбасы финалдан кейін. 18 желтоқсан 2022 жыл.
Месси және отбасы финалдан кейін. 18 желтоқсан 2022 жыл.

Катардағы жеңісіне байланысты Месси "Әлем чемпионы болғанымыз бірнеше рет түсіме кірген еді, әлі сене алар емеспін... Отбасыма, мені қолдағандарға, бізге сенгендерге алғыс. Бұл – бүкіл аргентиналықтардың арманы үшін барын салған құраманың жеңісі. Әлем кубогын алдық. Алға, Аргентина! Біз қайта ораламыз" деп жазды.

Ал бразилиялық ардагер футболшы Роналдо финалдан соң "бұл жігіттің футболы кез келген қарсыласты бұрышқа тығады. Әлем чемпионатының жұлдызы ғана емес, бүкіл бір дәуірдің капитаны болған мықты футболшы футболмен осылай қоштасуға лайық" деп жазды. Дегенмен Месси ұлттық құрамадан кетер-кетпесін әлі ашып айтпады.

Forbes рейтингі бойынша, Леонель Месси 2022 жылы әлемде ең көп табыс тапқан спортшы атанған. Оның биылғы табысы – 130 млн доллар (75 млн доллар футболдан, 55 млн жарнамалық келісім-шарттардан).

МБАППЕ: ЖАС СҰРМЕРГЕН

Катардағы әлем кубогының финалында Аргентина 2:0 есебімен жеңіп жатқан тұста франциялық Килиан Мбаппе салған екі гол Францияның үмітін қайта маздатқан. Қосымша уақытта Месси Аргентинаны 3:2 есебімен алға шығарғанда Мбаппе тағы есепті теңестірді. Бірақ Мбаппенің хет-тригі Францияға әлем кубогын алуға жеткіліксіз болған.

Дегенмен 23 жастағы Мбаппеде талай футбол жұлдызында арман болған әлем кубогы бар. Ол 2018 жылы Франция құрамасының сапында әлем чемпионы атанған. Бұған Катардағы күміс медаль қосылды. Футбол карьерасы енді ғана өрлей бастаған жас футболшының әлі де әлем кубогын алуға мүмкіндігі бар.

Мбаппе әлем кубогының сұрмергеніне берілетін "Алтын бутсаны" алған сәт. 18 желтоқсан 2022 жыл.
Мбаппе әлем кубогының сұрмергеніне берілетін "Алтын бутсаны" алған сәт. 18 желтоқсан 2022 жыл.

Мбаппе 23 жасқа дейін Францияның бес дүркін чемпионы атанып, 250-ден аса голдың авторы атанды. Ол Катардағы әлем кубогында да 8 гол салып, жарыстың сұрмергеніне берілетін "Алтын бутсаны" алды.

Месси мен Мбаппе финалда бір-біріне қарсылас болғанымен, екеуі де Париждің "Пари Сен Жермен" клубында доп тебеді. Қазір Килиан әлемдегі ең қымбат футболшылардың бірі. Transfermarkt сайтының бағалауынша, оның құны – 160 млн доллар.

Мбаппе Париждің кедейлеу шеткі ауданында туып өскен. Әкесі Вильфрид Камеруннан шыққан, ал шешесі Файза – алжирлік мигранттардың қызы. Мбаппе 5 жасында әкесі жаттықтырушы болған "Бонди" футбол мектебіне барып, жаттыға бастайды. Анасы ұлының Париждегі элиталық бизнес-мектепке түскенін қалаған, бірақ әкесі Килианды "Клерфонтен" футбол академиясына алып барады.

Мбаппе әлем кубогында.
Мбаппе әлем кубогында.

Мбаппе – футболдағы даңқы жылдам артып келе жатқан футболшы. 15 жасында Мбаппе франциялық "Монако" клубымен кәсіби келісім-шартқа қол қойып, осы командаға қабылданады. Ал 2015 жылы "Монако" сапындағы алғашқы ойынына шығады. Мбаппе, 18 жасында, 2017 жылы Францияның үздік командаларының бірі ПСЖ командасына ауысады. ПСЖ бұл футболшының 145 млн долларға сатып алады. Ал 19 жасында, 2018 жылы, Франция құрамасымен Ресейдегі әлем кубогын жеңеді.

Катардағы жеңілістен соң Мбаппе желідегі "біз әлі ораламыз" деп жазды. Месси мен португалиялық футбол жұлдызы Роналдудың жасы келіп қалған тұста футбол фанаттары жасыл алаңның ендігі үздігі Мбаппе болады деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG