Accessibility links

"Ресейден кеткені – жеңіс". Қазақстанның ең қымбат футболшысы Зайнутдинов Түркияда доп тебеді


Қазақстан құрамасының ойыншысы Бахтияр Зайнутдинов.
Қазақстан құрамасының ойыншысы Бахтияр Зайнутдинов.

Футболдан Қазақстан құрамасының ойыншысы Бахтияр Зайнутдинов Мәскеудің ЦСКА командасынан Стамбулдың "Бешикташ" клубына ауысты. Түркиялық клуб 25 жастағы футболшыны 4,5 млн еуроға сатып алғаны хабарланды. Бұл – Қазақстан футболы үшін рекорд баға. Азаттық Қазақстан тарихындағы ең қымбат трансфердің жай-жапсарына үңіліп көрмек.

"ЖЫЛЫНА 1,2 МЛН ЕУРО ПАЙДА ТАБАДЫ"

Transfermarkt сайтының мәліметінше, Бахтияр Зайнутдинов қазір Қазақстанның ең қымбат ойыншысы әрі ол "Бешикташ" тарихындағы ең қымбат үшінші футболшы. Стамбул клубы осыған дейін португалиялық Жедсон Фернандешті (12 млн еуро) және босниялық Амир Хаджиахметовичті (7,5 млн еуро) ғана қымбатқа сатып алған.

Қазақстандық футболшы Бахтияр Зайнутдинов Стамбулдың "Бешикташ" клубымен келісімге қол қойған сәт. 21 тамыз 2023 жыл. (Сурет "Бешикташ" клубынан алынды).
Қазақстандық футболшы Бахтияр Зайнутдинов Стамбулдың "Бешикташ" клубымен келісімге қол қойған сәт. 21 тамыз 2023 жыл. (Сурет "Бешикташ" клубынан алынды).

Бахтияр карьерасын Қазақстанның "Тараз" және "Астана" командасында (осы клуб сапында Қазақстан чемпионы атанған) бастады. Ал 2019 жылдан бері Ресей премьер-лигасында ойнап жүрген еді. Алдымен "Ростов" командасында доп тепті. Кейін 2020 жылы Мәскеудің ЦСКА клубы қазақстандық футболшыны "Ростовтан" 2 млн еуроға сатып алған.

Transfermark мәліметінше, 21 тамызда Зайнутдинов "Бешикташпен" 4 жылға келісім-шарт жасасқан. Ақпараттарға қарағанда, ол бұл клубта жүріп жылына 1,2 млн еуро табыс табады.

Бахтияр ЦСКА сапында жартылай қорғаушы, шабуылшы болып ойнап, алаңға 64 рет шығып, 5 гол салды. Биыл маусым айында ЦСКА клубымен Ресей кубогын иеленді. Ал жазда Зайнутдинов ЦСКА-дан "Бешикташқа" ауысады деген сыбыс шыққан.

Зайнутдинов сұхбаттарында Түркияны Еуропаға шығатын жол ретінде қарастыратынын айтқан еді.

"Арманым – ТОП-5 чемпионатта ойнау. Меніңше, Ресей мен Түркия чемпионаттары деңгейлес. Санкциялар бар, сондықтан Түркиядан Еуропаға шығу қазір оңайырақ" деген еді ол Sports.ru сайтына берген сұхбатында.

Футболда ТОП-5 чемпионат қатарына Англия, Франция, Испания, Италия және Германия біріншіліктері кіреді.

ЗАЙНУТДИНОВ ӨЗІН ТҮРКИЯДА КӨРСЕТЕ АЛА МА?

Ресей Украинаға соғыс ашқан соң FIFA мен UEFA Ресей құрамасы мен осы елдің клубтарын халықаралық жарыстардан шектеген. Қазір Ресей командалары Еуропа чемпиондар лигасы, Еуропа лигасы және Еуропа конференция кубоктарында ойнай алмайды. Ал Зайнутдинов ЦСКА сапында ойнап жүріп, еуропалық жарыстардан тыс қалған.

Бахтияр Зайнутдинов (ақ формада) Мәскеудің ЦСКА командасының сапында алаңға шыққан сәт. 26 қараша 2020 жыл.
Бахтияр Зайнутдинов (ақ формада) Мәскеудің ЦСКА командасының сапында алаңға шыққан сәт. 26 қараша 2020 жыл.

Зайнутдинов "Астана" клубында ойнаған тұста осы команданың баспасөз хатшысы болған спорт сарапшысы Асқар Хамиден "Бахтиярдың Ресей чемпионатынан кетуі – үлкен жеңіс" деп санайды.

- Зайнутдинов перспективасы өте жоғары ойыншы екенін Ресей чемпионатында және Қазақстан құрамасында дәлелдеді. Ресей клубтары Украинадағы соғысқа байланысты Еуропадағы жарыстарға қатыса алмай жатқанда бұл елден кеткені өте маңызды болды. Ресей клубтары еурокубоктарда ойнамаған соң ойыншыларда мотивация түсіп кетті, ойын темпі де түсті. Ал Бахтияр Түркияға ауысу арқылы еурокубоктарда өзін дәлелдеуге мүмкіндік алмақ, - дейді ол.

Ал ЦСКА клубының бас бапкері Владимир Фетодов ресейлік "Матч тв" телеарнасына "мұндай футболшының бізден кеткені өкінішті. Ғажап адам, ғажап футболшы, бірақ футбол деген – осы. Бахтияр басқа чемпионатта ойнағысы келді, біз қарсы болмадық" деген.

"Бешикташ" жанкүйерлерінің арасында Зайнутдиновтің клубқа келгеніне қуанғандар да, қарсы болғандарды бар. Қарсылары клубтың "Еуропада доп теппеген футболшыны қымбатқа сатып алғанын" сынап жатыр. Дегенмен түркиялық журналист Корай Челикер "көп сынға қарамастан Бахтияр Зайнутдиновті трансферін пайдалы болады деп ойлаймын. Бастысы оны клуб дұрыс позицияда ойнатуы тиіс" деді. Ал қазақстандық сарапшы Асқар Хамиден "басында Бақтиярға жанкүйерлер тарапынан қысым болатыны анық" деп есептейді.

- "Бешикташ" жанкүйерлері командаға бразилиялық Талиска мен испаниялық Серхио Рамостың келгенін қалады, бірақ олардың бағасы қымбат. Бахтиярды "Бешикташ" фанаттарының 50-60 пайыз қабылдауы мүмкін. Ал Бахтияр Түркия чемпионатына, еуротурнирлерге өзін тезірек бейімдеп, жаттығу мен ойын темпіне тезірек ілесіп кетуі керек. Ал түріктер мен қазақтардың менталитетінің ұқсас, сондықтан Бахтиярдың Түркия чемпионатына бейімделуі Ресейден қарағанда жылдам болады деп ойлаймын, - дейді Асқар Хамиден.

Бахтияр Зайнутдинов (19) Қазақстан-Беларусь матчында. 22 қыркүйек 2022 жыл.
Бахтияр Зайнутдинов (19) Қазақстан-Беларусь матчында. 22 қыркүйек 2022 жыл.

Бахтияр – қазір Қазақстан құрамасының лидері. 2018 жылдан бері ұлттық құрамада 29 ойын өткізіп, 12 голдың авторы атанды. Еуро-2024 жарысына іріктеу турнирі аясында биыл 26 наурызда өткен Даниямен ойында Қазақстан 3:2 есебімен басым түскен. Астанада болған матчта Бахтияр бір гол салып, ұлттық құраманың жеңісіне себепкер болған еді.

Спорт журналисі Абылайхан Жасан "Зайнутдиновтің Түркия чемпионатында доп тебуі басқа да қазақстандық футболшыларға жол ашуы мүмкін" деп санайды. Себебі Түркияда Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Әзербайжан футболшылары легионер саналмайды.

Бахтиярдың жаңа клубы "Бешикташ" былтыр Түркия суперлигасында үшінші орын алған. Бұл команда Түркия чемпионатында 16 рет топ жарған. Соңғы рет 2021 жылы чемпион атанып әрі Түркия кубогын иеленген еді. "Бешикташтың" Түркиядағы басты қарсыласы – "Галатасарай" мен "Фенербахче" (екеуі де – Стамбулдан) және "Трабзонспор" (Трабзон).

Түркияда биылғы чемпионат енді ғана басталды. Сондықтан Зайнутдинов жақын күндері жаңа клубтағы алғашқы ойынына шығуы тиіс. Сондай-ақ "Бешикташтың" биыл Еуропа конференция кубогына шығуға мүмкіндігі бар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG