Accessibility links

"Пәлен-түген демейміз, болары болды, мойындаймыз". Қазақстанның Азиадада ондыққа ене алмауына не себеп?


Қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев (қызыл формада) +92 келіде финалда өзбекстандық Бахадор Жалиловке есе жіберді. Қытай, Ханчжоу, 5 қазан, 2023 жыл.
Қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев (қызыл формада) +92 келіде финалда өзбекстандық Бахадор Жалиловке есе жіберді. Қытай, Ханчжоу, 5 қазан, 2023 жыл.

Қазақстан алғаш рет Азия ойындарында үздік ондыққа ене алмады. Қытайдың Ханчжоуында аяқталған Азиадада қазақстандық спортшылар 10 алтын, 22 күміс, 48 қоламен жалпы есепте 11-орын алды. Жанкүйерлер Қазақстанның Үндістан мен Өзбекстаннан қалып қойғанына қапалы. Спортқа көп қаржы бөліп, спорттағы нәтижелерін елдің ішкі және сыртқы имиджін көтеруге пайдаланатын елдің халықаралық жарыстардағы нәтижесі неге түсіп кетті?

"Пәлен-түген демейміз, болары болды, мойындаймыз. Келесі жолы екі бас, тіпті үш бас жоғары болуға бар күш салып, айқын жеңуге тырысамыз" деді қазақстандық боксшы Қамшыбек Қоңқабаев Азия ойындарының финалында өзбек Бахадор Жалиловтан жеңіліп қалған соң.

Қоңқабаевтың бұл сөзі – Азия ойындарына барған бүкіл Қазақстан делегациясының нәтижесіне айтылған сөз сияқты.

2018 жылдан бері ұлттық құрамаларға бюджеттен ақша бөлетін Қазақстанның халықаралық жарыстардағы нәтижесі күрт төмендеп, әлі бұрынғы деңгейіне шыға алмай келеді. Әдетте Азия ойындарында кемі 18-24 алтын алатын Қазақстан 2018 жылы Джакартадағы Азиадада 15 алтынмен 9-орын алып қалды. Артынша Токио-2020 олимпиадасында алтын медальсіз (8 қола), 2022 жылы Пекинде өткен қысқы олимпиадада мүлде жүлдесіз қалды.

Бұл жолы Қытайдағы жарысқа 500-ден аса спортшы апарған Қазақстан 10 алтын медальді әупірімдеп алды. Әдетте Қазақстан 1994-2014 жылдардағы Азия ойындарында үздік бестікке еніп жүрген еді. Ел жанкүйерлері Ханчжоудағы Азия ойындарында Қазақстан 48 қола жүлде алып, бұл көрсеткіш бойынша жеке рекордын орнатқанын әзілге қосып, Үндістан (28 алтын), Өзбекстан (22), Бахрейн (19), Иран (13) және Тайпейдің (12) озып кеткені жайлы көп айтып жатыр.

Қазақстан спортшылары Азиаданың ашылу салтанатында. Ханчжоу, 23 қыркүйек, 2023 жыл.
Қазақстан спортшылары Азиаданың ашылу салтанатында. Ханчжоу, 23 қыркүйек, 2023 жыл.

1994 жылы Қазақстан Хиросимада (Жапония) өткен Азия ойындарында 27 алтын иеленгенде Өзбекстан 11 алтын, ал Үндістан 4 алтын еншілеген еді. Әдетте спортшылардың нәтижесін Өзбекстанмен жиі салыстыратын қазақстандық жанкүйерлер екі Азия ойындары қатарынан Өзбекстаннан қалып қалғанына қапалы.

"СӘТСІЗ НӘТИЖЕ – ЗАҢДЫЛЫҚ"

Азия ойындарын жүргізген спорт комментаторы Есей Жеңісұлы Қазақстанның екі Азия ойындарындағы сәтсіз нәтижесі "заңдылық" деп санайды.

Азиада алтынын кімдер алды?

  1. Стенд атудан Қазақстан әйелдер құрамасы (Әсем Орынбай, Зоя Кравченко, Ольга Панарина) - скит бағдарламасынан командалық жарыс.
  2. Әсем Орынбай мен Едуард Ещенко - стенд атудың скин жаттығуы микст жарыс (ер мен әйел спортшы).
  3. Зухра Ирназарова - 10 метрлік жүгірмелі нысананы мылтықпен ату.
  4. Сергей Емельянов пен Тимур Хайдаров - 500 метрге жұптасып каноэ есу.
  5. Алексей Луценко - велоспорттан ерлер арасында жекелей жарыс.
  6. Евгений Федоров - велоспорттан ерлер арасында топтық жарыс.
  7. Софья Берульцева - каратэ, +68 келі.
  8. Нұрқанат Әжіқанов - каратэ 75 келі.
  9. Қайсар Алпысбай - каратэ 60 келі.
  10. Нұржан Батырбеков - джиу-джитсу, 69 келі.

"Біздің спортта 2016 жылдан бері қатты шегініс бар. Ал құрлықта Үндістан, Өзбекстан спортында қатты серпіліс байқалады. Өзбекстан спорты, әсіресе олимпиадалық спорт түрлерінен қатты өрлеп отыр. Біз сол бұрынғы нәтижелерге малданып жүр екенбіз. Қазақстанның осы Азиадада алған он алтынының үшеуі ғана олимпиадалық спорттан. Бұл да бізді қатты ойландыру керек" дейді ол.

Бұрын бірнеше рет Азия ойындарына барып хабар таратқан спорт сарапшысы Ардақ Тоғымов Өзбекстан спортының дамуының бір себебі жүйелі жұмыс пен таланттарды дұрыс іріктеуінде деп біледі.

"Ал Қазақстанда ұлттық құрамаларға жыл сайын бар жағдай жасалып жатыр, бірақ нәтиже өспеді. Бір спорт дамып жатса, бір спорт құлдырауға жақын. Бірақ кейбір спорт федерациялары жұмысын дұрыс атқармай, тек мемлекетке алақан жайып отыр. Азия ойындарынан кейін мемлекет әр спорттағы сәтсіздікке үңіліп нәтиже шығарар" дейді Тоғымов.

Есей Жеңісұлы Азия ойындарындағы сәтсіздікке спорттағы резервтің жоқтығы да себеп деп есептейді.

– Биыл жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионатында әйелдер арасында 100 метрлік жарысқа алты-жеті спортшы қатысқан. Ал резерв болмаса қандай нәтиже күтеміз? Астанада жүргенде біраз бапкерден сұрап көргенде жергілікті жерлерде жастарды спортқа қосу өте аз деп отыр. Мысалы, ел чемпионатында күрес пен бокстың өзінде бір салмақта сегіз-тоғыз қатысушы болады. Бұл тым аз. Демек балалар мен жастар спортына көңіл бөлмей болмайды, – дейді спорт комментаторы.

Тоғымов та жеңіл атлетикадан олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова, жүзуден Дмитрий Баландин кеткен соң олардың орнын басатын жеңіл атлет пен жүзгіш шықпағанын, жалпы елдегі спортта резерв жоғын атап өтті. Спорт сарапшысы кейбір спорт федерациялары жүлде алу мәселесін шешу үшін шетелден спортшы шақырып жатқанымен, бұл қадамның да сәтсіздікке ұшырағанын айтады.

Бұл Азия ойындары Қазақстанда тек каратэ және ату спортының (екі алтын иеленді) нәтижесі жақсарғанын көрсетті. Каратэ кумитеден Қазақстан Қытайға сегіз спортшы апарып, сегіз медаль (үш алтын, үш күміс, екі қола) иеленді. Каратэ құрамасын бірнеше жылдан бері франциялық маман Тарек Абдесселем жаттықтырады.

Қазақстандық Нұрқанат Әжіқанов Азиада ойындарында каратэден чемпион болған сәт. Қытай, Хуанчжоу, 5 қазан, 2023 жыл.
Қазақстандық Нұрқанат Әжіқанов Азиада ойындарында каратэден чемпион болған сәт. Қытай, Хуанчжоу, 5 қазан, 2023 жыл.

Ал жеңіл атлетикадан Қазақстан алғаш рет Азиадада алтын медальсыз қалды. Бокс құрамасы екінші рет Азия ойындарында алтын жүлде ала алмады. Грек-рим күресі, дзюдодан Азиада чемпионы шықпады. Еркін күрес балуандары алтынды былай қойып, қола медаль да ала алмады.

Балуандардың нәтижесін қадағалап, күрес статистикасын жүргізіп жүрген жанкүйер Анық Көкенайұлы да балуандардың төмен нәтижесі резервтің жоқтығы мен ескірген жаттығу әдісінен деп біледі.

– Биыл сәуірде Астанадағы Азия чемпионатында Қазақстанның еркін күрес құрамасы төрт алтын алған еді. Ал Азия ойындарында жүлдесіз қалды. Демек Астанадағы төрт алтын кездейсоқтық болғаны ғой. Астанаға Иранның, басқа да елдердің мықтылары келмеген. Грек-рим күресі балуандарының функционалды және тактикалық тұрғыдан әлсіз екені байқалады. Әйелдер күресінен Азиадада күміс алған Жәмила Бақбергенова ғана құраманы алға сүйреп келеді. Басқа қыздардың деңгейі төмен, күресі баяу. Күреске үлкен ғылыми реформа керек. Өзгенің күрес мәнеріне жалтақтамай, өзіміздің жаңаша стильді ойлап табу қажет, – дейді ол.

Грек-рим күресінен қола медаль алған Азат Садықов нәтижесіне көңілі толмай тұр. Ханчжоу, 4 қазан, 2023 жыл.
Грек-рим күресінен қола медаль алған Азат Садықов нәтижесіне көңілі толмай тұр. Ханчжоу, 4 қазан, 2023 жыл.

Азаттық сөйлескен спорт сарапшыларының көбі нәтижені төмендеуіне елде спорт саясатының дұрыс жүргізілмеуі, спорттың Ұлттық олимпиада комитетіне (ҰОК) өтуі, кейін қайта спорт министрлігіне ауысуы, спортқа жауапты министрлердің жиі ауысуы да себеп дейді.

2012 жылдан кейін Қазақстанда спортқа бөлінетін қаржы экс-президент Назарбаевтың күйеубаласы, миллиардер Тимур Құлыбаев басқаратын ҰОК-қа өткен еді. Ал мемлекеттік спорт комитеті ақшаны бюджеттен алып ҰОК беру функциясын атқарып келген. 2022 жылы Пекин олимпиадасында Қазақстан жүлдесіз қалған соң билік спортты Құлыбаев басқаратын ҰОК-тан спорт комитетіне қайтарған.

Есей Жеңісұлы "осы спорт саясаты нәтиженің төмендеуіне кінәлі" деп санайды. Ал Ардақ Тоғымов "ұлттық құраманың бәрі ҰОК-ға өтуінің осындай төмен нәтижеге әкелді" дейді.

Жеңіл атлетикадан биіктікке секіруде Надежда Дубовицкая алтынға басты үміткердің бірі еді. Бірақ ол қола медальмен шектелді. 3 қазан 2023 жыл.
Жеңіл атлетикадан биіктікке секіруде Надежда Дубовицкая алтынға басты үміткердің бірі еді. Бірақ ол қола медальмен шектелді. 3 қазан 2023 жыл.

Ханчжоудағы Азия ойындарына барып хабар таратқан спорт журналисі Бек Төлеуов "билікті спорт саласын туризмнен алып мәдениетке қосқаны, мәдениет және спорт министрлігінің басшылары да жиі ауысқаны" да нәтиженің төмендеуінің бір себебі деп есептейді.

Биыл Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласын мәдениеттен бөліп, спорт және туризм министрлігін құрған. Тоқаев бұл министрлікке карьерасын мектепте дене шынықтыру мұғалімі, бокс жаттықтырушысы болып бастаған Ермек Мыржықпаевты тағайындады. Спорт сарапшысы Ардақ Тоғымов "министрлікке спортты білетін адамның келуі нәтижені жақсартады" деп үміттенеді.

Толықтыру: 11 қазанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдағанда "нәтиже мемлекеттен бөлініп жатқан қаражаттың барынша тиімді жұмсалмайтынын көрсетті" деп көрсеткішті сынға алды. "Барлық спорт түрі бойынша кеткен қателіктерді түзету үшін ауқымды жұмыс атқару қажет. Спорт саласына түбегейлі өзгерістер, яғни реформа қажет. Тиісті министрлік осы мәселені жан-жақты қарап, спортты дамытудың мүлде жаңа жолдарын ұсынуы керек" деді Тоқаев.

Енді Қазақстан спортшылары үшін келесі ірі жарыс келер жылы жазда Парижде өтетін олимпиада ойындары болмақ.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG