Accessibility links

"Екі жақтың көңілінен шығатын үкім". Самат Әбіштің шартты жазасы нені білдіреді?


Самат Әбіштің ҰҚК-да қызмет істеп жүрген кезі.
Самат Әбіштің ҰҚК-да қызмет істеп жүрген кезі.

Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере-інісі Самат Әбішке шыққан 8 жылдық шартты жаза нені білдіреді? Бұл қазіргі президент Тоқаев пен экс-президент Назарбаевтың арасындағы саяси сауда ма? Азаттық Қаңтар оқиғасына қатысты істерді бақылап жүрген құқық қорғаушылармен, депутатпен және әлеуметтанушымен ҰҚК-дағы ықпалды адамдардың бірі болған Самат Әбішке шыққан үкімді талқылады.

Астанадағы сот бұрынғы президенттің немере-інісін "Қаңтар оқиғасы кезінде билігін асыра пайдаланды" деген айыппен 8 жылға шартты жазаға соттаған. 26 ақпанда шыққан үкім жайлы алдымен мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи 19 наурызда Facebook желісінде "Дат" газетіндегі ақпаратты бөлісіп, хабарлады.

Осыдан соң үкім желіде қызу талқыланып, 20 наурызда Астанадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот Самат Әбіштің қылмыстық іс бойынша 8 жыл шартты жаза алғанын растады. Судья "сотталушының жас балаларының барын және шын жүректен өкінгенін ескеріп, шартты жаза берген. Сот қысқа ақпаратында Самат Әбіштің 10 жылға лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынғаны, мүлкі тәркіленгені жайлы айтылған.

Азаттық сөйлескен сарапшылар ауыр қылмысқа айыпталған Самат Әбішке шартты жаза берілгені заң үстемдігіне көлеңке түсіріп, қоғамда көп сұрақ туындататынын айтады.

"ТОҚАЕВ ПЕН НАЗАРБАЕВ АРАСЫНДАҒЫ САУДАЛАСУ"

238 адамның өмірін алған 2022 жылғы Қаңтар оқиғасына қатысты істерді бақылап жүрген "Ар. Рух. Хақ" құқық қорғау ұйымының төрайымы, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина билік бұл үкімді шығарғанда қоғамның пікірімен мүлде санаспады деп есептейді.

Бақытжан Төреғожина
Бақытжан Төреғожина

– 8 жылдық шартты жаза ақылға сыймайды. Себебі Қаңтар оқиғасына байланысты "билігін асыра пайдаланған" деп айыпталғандарға осыған дейін түрме жазасы кесілді я ақтау үкімі болды. Ал 8 жылға шартты жазаны түсіну қиын. Бұл үкім арқылы кезекті рет біздің пікірімізден манипуляция жасады. Қоғам шындықты білуге лайықты емес деп санайды. Біріншіден, жабық сот болды. Екіншіден, біз бұл жолы да "билік ойына келгеннің бәрін жасайды, қоғамның пікірімен келіспейді" деген месседжді алдық.

Қоғам күтпеген үкім шыққанда қоғамда қандай да бір "сауда жүргені" жайлы айтылатыны анық. "Сауда жүргенін" дәлелдеу қиын болса да, Самат Әбіштің айналасындағы жайттардың өзі осыны меңзеп тұр. Қаңтар оқиғасынан соң ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарлары ұсталғанда Самат Әбішке тиіспеді. Бұдан қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев арасында "саудаласу жүргенін" аңғаруға болады. ҰҚК маңындағылардың бәрін соттап, кезек Самат Әбішке келгенде екі тараптың да көңілінен шығатын ортақ үкімге келген сияқты.

"ТОҚАЕВТЫҢ ЗАҢ ҮСТЕМДІГІ ДЕГЕН СӨЗІН ЖОҚҚА ШЫҒАРАДЫ"

Қаңтар оқиғасынан соң түрлі әлеуметтік зерттеу жүргізген PaperLab зерттеу орталығының әлеуметтанушысы Серік Бейсенбаев үкім жайлы құрғақ ақпарат азаматтардың ақпарат алу деген конституциялық құқығын бұзды деп есептейді.

Серік Бейсембаев
Серік Бейсембаев

– Самат Әбіштің ісі қоғам назарындағы басты іс болды. Ал оған 8 жыл шартты жаза берілуі – қоғамның күткені емес. Егер билік айтқандай бұл "мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыныс" болса, Самат Әбішке шыққан үкім әділетке балта шабады. Президент Тоқаевтың заң үстемдігі деген сөздерін жоққа шығарады. Экс-президенттің туыстарына келгенде заң жүрмейді деген түсініктің таралуына әкеледі. Конституциядағы барлық адамның құқығы тең деген сөзге балта шабады. Бұл үкімді қоғам нормадағы үкім деп қабылдамайды.

Самат Әбішке шыққан үкім ашықтық жоғын да көрсетті. Ақпаратты мейлінше жасырды, сот жабық өтті. Самат Әбіштің нақты не үшін сотталғаны жайлы да ешқандай ақпарат жоқ. Тағы да халықтың ақпарат алу деген конституциялық құқығы бұзылды. Екіншіден, үкім туралы ақпараттың шығуы Тоқаевтың президенттігінің бес жылдығымен байланысты болуы мүмкін. Қоғамда "Тоқаев бес жылда не істеді?" деген сұрақ туындауы мүмкін. Сондықтан қоғамға осы ақпаратты ұсыну арқылы "Тоқаев әділетті Қазақстанды орнатып жатыр" деген месседж таратқысы келетін сияқты. Бұдан бөлек, үкім туралы ақпарат Наурыз мейрамына байланысты 21-25 наурыз арасындағы бес күндік демалыс алдында тарауы қоғам талқылауы басылып қалсын деген әрекет те болуы мүмкін. Бұлай жасау – ақпараттық манипуляция әрі ақпараттық пропаганда. Бірақ Самат Әбіштің үкімі Қаңтар оқиғасына қатысы болғандықтан ұмытылмайды, күн тәртібінен түспейді.

"ЗАҢ ҮСТЕМДІГІНІҢ ЖОҚТЫҒЫН КӨРСЕТТІ"

Қазақстандағы адам құқықтары бюросының жетекшісі, Қаңтар оқиғасына қатысты істерді бақылап жүрген құқық қорғаушы Евгений Жовтис Әбіштің үкімі "сот пен органдардың билік бағынатынын айшықтап берді" дейді.

Евгений Жовтис
Евгений Жовтис

– Бұл үкім Қазақстандағы қазіргі сот жүйесінің ахуалын көрсетеді. "Самат Әбіш айыбын мойындады, тергеумен бірге жұмыс істеп, бәрін айтты" десе де біз не айтқанын да, үкім мен дәлелдер жайлы да ештеңе білмейміз. Қаңтар оқиғасы кезінде Самат Әбіштің, Кәрім Мәсімовтің (Қаңтар оқиғасына байланысты 18 жылға сотталды – ред.) қандай рөл ойнағанынан да хабарымыз аз. Барлық істі жабық өткізді. Осыдан соң қоғам олардың Қаңтар оқиғасындағы орны жайлы тек топшылаумен шектеледі. Бұл – Қазақстанда құқық пен саясат деген екі бөлік бар екенін көрсетеді. Ал іс ішкі элиталарға қатысы болса билік сотты жабық өткізеді. Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы мен айналасының Қаңтар оқиғасындағы рөлі жайлы да тек болжам жасауға мәжбүрміз. Бір жағынан, бұл сот жүйесі мен құқық қорғау органдарының билік жүйесіне бағынатынын көрсетеді. Бұл билік тармағының бөлінбегенін, заң үстемдігінің жоқтығың белгісі.

"ЖЕҢІЛ ЖАЗА"

Қаңтар оқиғасына байланысты істермен белсенді айналысқан заңгер, мәжіліс депутаты Абзал Құспан үкімге қатысты көп ақпараттар анық болмағандықтан бас прокуратураға Самат Әбіштің ісіне қатысты депутаттық сауал жолдағанын айтады.

Қазақстан азаматы ретінде, заңгер ретінде көпшілік айтып жатқан наразылыққа қосыламын. Бірақ бір ескеретін жайт, Самат Әбішке тағылған "Билігін асыра пайдалану" бабы ауыр қылмыс санатына жатады және оған бір айып қана тағылды. Ал Кәрім Мәсімовке "мемлекетке опасыздық жасады", "билікті күшпен басып алмақ болды", "билігін асыра пайдаланды" деген бірнеше айып тағылды. Сот Әбішке тағылған бір айыптың шеңберінен асып шыға алмайды. Бірақ осы бір айып негізінде де жеңіл жаза тағайындалып отырғанын заңгер ретінде жоққа шығару мүмкін емес. "Билігін асыра пайдалану" бабы "сыбайлас жемқорлық" санатындағы қылмыстық істер категориясына жатады. Мұндайда шартты жаза тағайындалмайды.

Самат Әбіш 8 жылға сотталды. Бірақ түрмеде отырмайды.
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:47 0:00

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG