Accessibility links

Батыс Қазақстан облысында 455 үй, 17 әлеуметтік нысан су астында қалған. Ақтөбеде жүздеген үйді су басты


Жұмысшылар су тасыған аумақтарға құм толтырылған қаптарды төсеп жатыр. Батыс Қазақстан облысы, 28 наурыз 2024 жыл.
Жұмысшылар су тасыған аумақтарға құм толтырылған қаптарды төсеп жатыр. Батыс Қазақстан облысы, 28 наурыз 2024 жыл.

Батыс Қазақстан облысында 455 тұрғын үй, 17 әлеуметтік нысан су астында қалды деп хабарлады төтенше жағдай министрлігі.

Қаратөбе ауданында құтқару жұмыстарына екі тікұшақ жұмылдырылған.

"Қазіргі уақытта Қоржын ауылындағы мектепке 350 адам эвакуацияланды. Ақсу кентінде 46 үйден 150 адам эвакуацияланды" деп жазылған министрлік хабарламасында.

Су басқан ауылда тұрғындар бір трактор және бір қайықпен өздері эвакуация жасап, мектепке жиналған. Айтуларынша, бүкіл ауыл суға кеткен. Тұрғындар суықтан балалар ауырып қалды дейді.

Зардап шеккендерге Оралдағы қарапайым азаматтар қол ұшын созып, көмектесіп жатыр. Жүк көлігінде азық-түлік, киім-кешек бар.

Су тасқынына қарсы шараларға 953 адам, 411 техника қатысып жатыр. Облыс бойынша 351 мың текше метр еріген қар суы сорылып, инертті материалдары бар 21440 қап төселген.

Ал Ақтөбе облысында 29 наурызға қараған түні таңғы сағат 4-ке дейін Елек өзені жағалауынан 1193 адам (468-і — бала) көшірілген.

Бау-бақша ұжымдарынан эвакуацияланғандар Ақтөбедегі 35 мектепке орналастырылған. Тұрғындарды көшіруге әкімдік бөлген 80 автобус пен құтқарушылардан өзге қарапайым қала тұрғындары, таксистер де атсалысқан.

Өткен түні Ақтөбедегі Елек өзені тасып, саяжай ұжымдарындағы жүздеген үйді су басқан. Қанша үйдің су астында қалғаны нақтыланып жатыр деп хабарлады Ақтөбе қаласының әкімдігі.

Қаланы қатерден сақтау үшін Ақтөбе су қоймасынан Елек өзеніне секундына 600 текше метр су жіберу туралы шешім қабылданған. Елек — шағын өзен, арнасындағы мұз толық еріген жоқ. Сондықтан өзен арнасына сыймай, тасыған су жағалаудағы бау-бақша ұжымдарын басып жатыр.

Ақтөбе су қоймасының сыйымдылығы — 245 млн текше метр. Тасқын салдарынан қоймаға 260 млн текше метр су жиналған.

Ал Абай облысында Боғас және Аягөз өздері тасып, еріген қар суы автомобиль жолының маңына жиналған. "Қазавиақұтқару" тікұшағымен Кіндікті ауылына азық-түлік, дәрі-дәрмек жеткізілген.

Абай, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда облыстарында республикалық маңызы бар 11 жолға тасқын қатеріне байланысты шектеу енгізілген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG