Accessibility links

"Өлексесі табылған малға ғана өтемақы төлейміз": су тасқынының шығыны қалай есептеліп жатыр?


Атырау облысы Құлсары қаласындағы су тасқыны. 10 сәуір, 2024 жыл.
Атырау облысы Құлсары қаласындағы су тасқыны. 10 сәуір, 2024 жыл.

Қазақстанда елді мекендерді су басқанына екі аптадан асқанда үкімет шығындарды есептеуді бастады. Зардап шеккен облыстарда арнайы комиссиялар құрылды. Бірақ тұрғындар өтемақының дұрыс берілетініне күмәнмен қарайды.

Ақтөбе облысы Қаратал ауылында тұратын Дина Исаеваның 85 жастағы анасының үйі мен дүкені су астында қалған. Оның айтуынша, үй жөндеуге келмейді, бірақ апат зардабын бағалайтын мамандар келіп, астына тас қаласа, тұруға болады деп кеткен.

– Сонда оны қалай қалайды? Үйді іліп қойып қалай ма? Үй ешқандай жөндеуге келмейді. Бұзып қайта салу керек. Комиссия жұмысына күдікпен қарап отырмыз. Комиссия үйі суға кеткендерге аудан орталығы Ойылдан үй салып береміз деді. Бірақ ол жерге барғанда жұмыспен қамтамасыз етуге кепілдік бермейміз дейді. Ауылда қалайын десек, үйіміз келесі жылы тағы да суға кетіп қала ма деп қорқып отырмыз. Себебі бізге су былтыр да келді ғой. Бірақ былтыр мынандай көп келген жоқ, шамалы келді. Шет жақта, судың басында тұрған үш-төрт үй кетті. Оларға шығынын берді де, ремонтын жасап алды. Бірақ биыл тағы да суға кетіп қалды, – дейді Дина Исаева.

Қостанай облысы Алтынсарин ауылында тұратын Зәмзагүл Сүйеубаеваның су басқан үйі.
Қостанай облысы Алтынсарин ауылында тұратын Зәмзагүл Сүйеубаеваның су басқан үйі.

Қарғын су басқан Қостанай облысындағы Алтынсарин ауылының тұрғыны Зәмзәгүл Сүйеубаева судың беті қайтқан соң комиссия келіп, үйді бағалап кетті дейді. Оның сөзінше, үйдің едәуір бөлігі тұруға жарамсыз деп танылған.

– Үйіміздің ірге тасы биік. Бірақ сонда да 70-80 сантиметрге дейін су кірген. Жиһаз, заттарымыз суда қалды. Судың күші қатты екен, есік алдындағы баспалдақты лақтырып жіберген. Бізде екіпәтерлі үй. Көршімізбен арадағы іргетасты шайып кеткен. Қалада жұмыс істейміз, мал ұстамаймыз. Тауықтарымыз бар еді, барлығы қырылып қалды. Комиссия кеше ғана келіп, үйді жөндеу керек деп жазып кетті. Үйдің іргетасын құйып, еден тұтастырғышын төсеп береміз деді. Үйім жақсы жерде тұр. Жақсылап жөндеп берсе, келісемін, – дейді Зәмзагүл Сүйеубаева.

Құлсары қаласының тұрғыны Қыдырқожа Ағисовтың суға кеткен үйі. Атырау облысы.
Құлсары қаласының тұрғыны Қыдырқожа Ағисовтың суға кеткен үйі. Атырау облысы.

Атырау облысы Құлсары қаласының тұрғыны Қыдырқожа Ағисов судың беті қайтқан жоқ дейді. Ол үйін өзі қайықпен барып көріп жүр. Су деңгейі түспегендіктен, комиссия үйге әлі келмеген.

– Әкімдікке арызды үйі суға кеткендер жазып жатыр. Ол жерде үй иесінің аты-жөні, ЖСН нөмірі және тіркеуде қанша адам тұрғаны жөнінде көрсетіп жатырмыз. Уақытша пәтер жалдап тұруға арналған бір жолдық көмекке арыз жазып кеттім. Қазір біздің көкейімізде тұрған "үйімізді қашан жасап береді?" деген сұрақ. Гуманитарлық көмек, тамағын таратып жатқаны не керек, ана үйге, мына үйге қонып, бала-шағамызбен тентіреп жүрміз, – деді Қыдырқожа Ағисов.

МАЛ ШЫҒЫНЫ ҚАЛАЙ ЕСЕПТЕЛІП ЖАТЫР?

Қостанай облысы Амангелді ауданының тұрғыны Мұрат Тұрмағанбетовтің су тасқынынан жүздеген малы қырылған. Сөзінше, облыс орталығынан келген комиссия өлексесі табылған малға ғана өтемақы төлейміз деген.

– Суға трактор мен прицеп кетті. Үш үйір жылқы, жүз бастай қой, 600 сиыр кетті. Өлексесін көрсетіп, тауып беріп жатырмыз. Қазір өлексенің 50-60 пайызы ғана табылып тұр. Жартысы жоқ енді. Алты күн болды қайықпен де, атпен де іздеп жатырмыз. 30 шақырым жерге дейін іздедік. Одан ары қарай қай жаққа дейін іздей беретінімізді білмеймін. Амангелді мен Торғайдың ортасындағы су мүмкін Торғайға дейін барып, Ақтөбеге дейін кетіп қалды ма білмеймін. Басында табылған малға төлейміз деген. Артқы жағын қалай болатынын көреміз енді. Ол малдардың барлығы су тасымай тұрғанда, көктемде қаны алынып, егілген малдар. Ветстанцияда бүкіл дәлелі бар, – деді Мұрат Тұрмағанбетов.

Ескерту! Суреттерде қан және басқа да зорлық белгілері бар.
Қостанай облысы Амангелді ауданының тұрғыны Мұрат Тұрмағанбетовтың далада қырылып жатқан малы.
Қостанай облысы Амангелді ауданының тұрғыны Мұрат Тұрмағанбетовтың далада қырылып жатқан малы.
This image contains sensitive content which some people may find offensive or disturbing - Click to reveal
Қостанай облысы Амангелді ауданының тұрғыны Мұрат Тұрмағанбетовтың далада қырылып жатқан малы.

Тұрмағанбетов қырылған мал мен келген зардаптың құнын қалай есептейтінін білмейтінін айтады. Оның сөзінше, комиссия әзірге өлексесі табылған малдың құжатын жасап алайық деген.

– Біздің түсіріп қойған қаншама камаз жеміміз бар. Қаншама материал, ағаштарымыз кетті суға. Олардың құжаттарын сұрады. Жемді егін егетіндерден тонналап сатып аламыз ғой. Ауылды жерде тұрған соң кімнен құжат сұрап жүресің... Несие шегерілмейді дейді. Асыл тұқымды малды шетелден алып келгенбіз. Осыған 12 жыл өмірімізді арнадық. Қаншама еңбегіміз, жастық шағымыздың барлығы осымен кетті. "Аграрлық несие корпорациясынан" несие алғанбыз. 2030 жылға дейін 40 миллион теңге төлеймін. Малымның 10 пайызы ғана қалды. Қазір 355 бас малдың өлексесі табылып тұр, – деді ол.

КОМИССИЯ ӨКІЛДЕРІ НЕ ДЕЙДІ?

Қостанай облысы Амангелді ауданының су тасқыны бойынша мал шығынын есептейтін арнайы комиссияның жетекшісі Абай Шөкенов осы күнге дейін бес шаруа қожалығынан өтініш келіп түскенін айтты.

– Комиссия алгоритм бойынша жұмыс істеп жатыр. Оған халықтан шағым жоқ. Комиссия барғанда иесі малдың өлексесін көрсетеді. Идентификациясы бар, тіркеуде тұрған малдарға үкіметтен бірден өтемақы төленеді. Үкіметтен бөлінетін қаржының артынан сұрауы бар. Ертең құқық қорғау органдарының тексерісі болады ғой. Сондықтан тауар түбіртегі болуы керек. Кез келген нәрсенің құжаты болады ғой, – деді Абай Шөкенов.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданының су тасқынынан келген материалдық шығынды өтеу жөніндегі комиссияның колл-орталығының маманы Аманбек Бақытов ауданда қарғын су басқан 305 үй жаңадан салынады, 24 үйге жөндеу жасалады деді. Оның айтуынша, жөндеуге келіспей, үйін жаңадан салып беруді талап етіп жатқан тұрғындар туралы дерек жоқ. Су астында қалған Екпетал ауылы толығымен аудан орталығына көшіріледі. Ал Қаратал елді мекені бойынша әлі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұған дейін аудан әкімі Асқар Қазыбаев Ойылдың жанынан 200 жаңа үй салынатынын айтқан. Оның сөзінше, 80 шаршы метрлік әр үйдің құны 22 миллион теңге болады.

РЕСМИ ДЕРЕК ПЕН ӘКІМДІК ЖАУАБЫ

6 сәуірде президент Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынына байланысты жасаған үндеуінде зардап шеккендердің барлығына өтемақы төленетінін мәлімдеді. Ол шығындарды өтеу үшін үкімет пен әкімдіктердің резервтері мен "Қазақстан халқына" қорының қаржысы жұмсалатынын айтып, бизнес өкілдерін қол ұшын беруге шақырды.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен Қостанай облысына сапарында кәсіпкерлермен және еріктілермен кездесті. 16 сәуір 2024 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев су тасқынынан зардап шеккен Қостанай облысына сапарында кәсіпкерлермен және еріктілермен кездесті. 16 сәуір 2024 жыл.

7 сәуірде өнеркәсіп және құрылыс министрлігі су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға жаңа үйлер салу жобасының екі нұсқасы әзірленгенін хабарлады. Оның бірі – 80 шаршы метрлік 3 бөлмелі жеке үй. Екіншісі – 160 шаршы метрлік жартылай жеке (двухквартирный) тұрғын үй. Ведомство мәліметінше, жоба мемлекеттік сараптамадан өтсе, осы үйлер су басқан аймақтарға салынады. Бірақ жаңа үйлердің кімдерге берілетінін арнайы құрылған комиссия анықтайды.

Өткен аптада қаржы министрлігі тасқыннан зардап шеккендерге 100 АЕК көлемінде бір реттік төлем берілетінін хабарлады. Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы Арай Дәулетқызы зардап шеккен үйлер әкімдіктер қаржысы есебінен қалыпқа келтіріледі және шығындарды есептеу су қайтқан кезде басталады деп хабарлады.

18 сәуірдегі дерек бойынша, Қостанай облысында су астында қалған 823 тұрғын үй зерттелген. Оның 520-ы қалпына келтіруге жатады деп танылған. 303 үй жаңадан салынады. Қостанай облысы әкімдігінің мәліметінше, қарғын судан келген шығынды есептейтін арнайы комиссияға мал өліміне қатысты 938 өтініш түскен. 528 өлген малдың шығынан есептеу аяқталған. Ол бойынша 51 миллион теңге бөлінеді.

Ақтөбе облысында 16 сәуірге дейін 1100 тұрғын үйге су кіріп, 273 үй құлаған. 33 үй әлі суда тұр. 18 сәуірдегі дерек бойынша, Ақтөбе облысы бойынша су тасқынынан зардап шеккендерге бір реттік әлеуметтік көмек алуға 1668 өтініш түскен. Оның ішінде 1408 отбасы 457 миллион 346 мың теңге көмек алған. Әлеуметтік көмекке 553 миллион 328 мың теңге қарастырылған.

Атырау облысындағы Құлсары қаласында 2700 үй су астында қалған. 9 сәуірдегі дерек бойынша, 31 009 адам эвакуацияланған.

Азаттық су тасқынынан келген шығандардың қалай есептеліп жатқаны жөнінде премьер-министр Олжас Бектенов пен су басқан Атырау, Ақтөбе, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдеріне хат жолдады. Атырау облысы әкімінің аппараты Жылыой ауданында шығындарды өтеу су кеткен соң басталатынын айтты.

"Қазіргі уақытта аталған ауданда келген су әлі сақталуда" деді әкімдік жауабында.

Ақтөбе облысы әкімі аппаратының мәліметінше, бүгінге дейін материалдық шығындарды өтеу туралы 3589 өтініш келіп түскен. Оны арнайы комиссия қарауда. Су тасқынынан зардап шеккендер төтенше жағдай орын алған күннен бастап 30 күн ішінде шығынды өтеу туралы өтініш беруі тиіс.

Наурыздың ортасынан бері Қазақстанның он облысын су басқан. Қарғын су салдарынан 117 мың адам, оның ішінде 40 мыңнан астам бала үйлерін тастап, көшкен. 112 мың мал қауіпсіз жерге айдалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG