Accessibility links

Ресейдің Ставрополь өлкесінде Ту-22М3 әскери ұшағы құлады


Апатқа ұшыраған Ту-22М3 әскери ұшағы. Ставрополь, 19 сәуір, 2024 жыл.
Апатқа ұшыраған Ту-22М3 әскери ұшағы. Ставрополь, 19 сәуір, 2024 жыл.

Ресейдің Ставрополь өлкесінде алыс қашыққа ұшатын Ту-22М3 зымыран-тасығыш әскери ұшағы апатқа ұшырады. Ресей қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, апат жауынгерлік тапсырманы орындап, аэродромға қайтып бара жатқанда болған. Экипаждың бір мүшесі қаза болды.

Апат техникалық ақаудан болды деген алдын ала болжам айтылды. Қорғаныс министрлігінің ақпараты бойынша, үшақ бортында оқ-дәрі болмаған және ол адам жоқ жерге құлаған. Жер бетінде ештеңе бүлінбеді деп хабарлады министрлік.

Украина қарулы күштері ұшақты атып түсіргенін мәлімдеді. Соғыс басталғалы украин әскерилері Ресейдің стратегиялық әскери ұшағын атып түсіргенін бірінші рет айтып отыр. Бұл ақпаратты растайтын тәуелсіз дерек жоқ.

Ресей қорғаныс министрлігінің мәліметі бойынша, экипаж катапульта жасап үлгерген. Төрт адамның үшеуі табылды, оның ішінде біреуі көз жұмған деп хабарлады Ставрополь өлкесінің губернаторы Владимир Владимиров.

Украина әуе күштерінің қолбасшысы Николай Олещук "әуе күштерінің зенит бөлімшелері" Украина қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасымен бірге "бірінші рет алыс қашыққа ұшатын Ту-22М3 стратегиялық әскери ұшағын жойды" деп хабарлады. РБК-Украина сайтының Украинаның бас барлау басқармасындағы (ГУР) дереккөзі апатты ГУР-дың операциясы" деп мәлімдеді. Оның айтуынша, ұшақ Украина аумағынан 300 шақырым қашықта болған және бұрын ол Украинаға соққы жасаған.

Украиналық NV басылымының әскери барлау қызметіндегі дереккөз ұшақты С-200 зениттік-зымыран кешені құлатқан болуы мүмкін деді. 300 шақырым — зениттік кешен зымырандарының шекті қашықтығы. Бұған дейін Украина әскери күштері осы кешенмен Азов теңізінің аспанында ресейлік А-50 ұшағын атып түсіргенін мәлімдеген. Ресей қорғаныс министрлігіне жақын блогерлер ұшақты Ресей әскерилері қателесіп атып түсіруі мүмкін деп хабарлады.

19 сәуірге қараған түні ресейлік стратегиялық әскери ұшақтар Украинаға зымыран атқылады. Украина әскерилері зымырандардың бір бөлігін атып түсіргенін хабарлады.

  • Украинада соғыс басталғалы Ту-22М3 ұшағы бірінші рет құлап отыр. Ақпаратқа қарағанда, былтыр Украина дрондарының шабуылынан осындай ұшақтардың бірі аэродромда бүлінген.
  • 2023 жылы 12 тамызда Калининград облысында Су-30 жойғыш ұшағы апатқа ұшырап, экипаж мүшелері қаза тапты. Апаттың алдын ала себебіне техникалық ақау болды деп айтылды.
  • 12 қыркүйекте Волгоград облысында Су-24 әскери ұшағы құлады. Бір аптадан кейін Воронеж облысында Су-34 әскери жойғыш ұшақ апатқа ұшырады. Екі жақта да экипаж мүшелері катапульта жасады. Сол кезде Ресей қорғаныс министрлігі бұл оқу-жаттығу кезінде болды, ішінде оқ-дәрі болмады, ұшақтар адам жоқ жерге құлады деп хабарлады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG