Accessibility links

Қазақстан мен Қырғызстан одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы келісімге қол қойды


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (сол жақта) және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 19 сәуір 2024 жыл.
Қырғызстан президенті Садыр Жапаров (сол жақта) және Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Астана, 19 сәуір 2024 жыл.

19 сәуірде ресми Астана Қырғызстанмен одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы келісімге қол қойғанын жариялады. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдеуінше, бұл құжат "Қазақстан-Қырғызстан байланысын дамытуға жаңа серпін" береді.

Тараптар сонымен бірге қазақ-қырғыз шекара бекетінде автомобиль пунктерін дамыту бойынша 2024-2027 жылдарға арналған шаралар жоспарына (жол картасы) да қол қойды. Оның мақсаты шекаралық тексерістерді қысқартып, көлік кептелісін азайту деп түсіндірілді.

Екі ел президенттерінің келіссөзі және Қазақстан мен Қырғызстан жоғарғы мемлекетаралық кеңесінің отырысынан кейін жеті құжатқа қол қойылған. Арасында инвестицияны қолдау және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісім де бар.

"Екі ел арасында шешілмеген мәселе болмауға тиіс деген ортақ қорытындыға келдік. Сауда-экономикалық байланысты нығайтуға ерекше көңіл бөлдік. Қазақстан Қырғызстанның сауда және инвестиция саласы бойынша негізгі серіктестерінің бірі" деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев келіссөзден кейін өткен брифингте.

Оның сөзінше, былтыр екі ел арасында тауар айналымы 1,5 млрд долларға жеткен.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың сөзіне қарағанда, жоғары мемлекетаралық кеңес отырысы кезінде тараптар су-энергетика ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне де ерекше назар аударған.

Ақорданың жазуынша, Астанада Қырғызстан президенті бірінші дәрежелі "Достық" орденімен марапатталған. Марапаттау рәсімі кезінде Тоқаев Қырғызстанды "бауырлас ел" және "жақын әрі сенімді стратегиялық әріптес" деп атаған.

Қазақстан президентінің сөзінше, шекара арқылы жүк өткізу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған нақты шаралар қолданылып жатыр.

"Мысалы, еліміз «Қарасу», «Бесағаш», «Ауқатты», «Сартөбе» «Айша бибі», «Сыпатай батыр», «Кеген» бекеттерін жаңартуға кірісті. Осы бекеттердің бәрінде цифрлық технология енгізіледі. Бұл ауқымды жұмысты 2028 жылға дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз" деді ол.

Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында жүк көліктерінің кептелісі жиі пайда болады. Кейде олардың ұзақтығы бірнеше шақырымға созылады. Шекарадағы бақылаудың күшеюі екі ел арасындағы дауға жиі түрткі болады.

Былтыр тамызда Қырғызстан Жамбыл облысына су беруді тоқтатқан. Қазақстан жағының түсіндіруінше, соның салдарынан ауыл шаруашылығы дақылдары күйіп кете жаздаған. Егістігі күйіп кеткен төрт жүздей шаруа миллиардтаған теңге зиян шеккен. Су жетіспегендіктен бірқатар аудандарда төтенше жағдай режимі жарияланды. Жыл соңында үкімет 9 облыста 20 жаңа су қоймасын салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG