Accessibility links

Адвокаттар Мұхаммедкәрім мен Тілеужанға қысым жасалып жатқанын айтты


Қамаудағы журналистер Думан Мұхаммедкәрім мен Әйгерім Тілеужанның туыстары және адвокаттары баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 22 сәуір, 2024 жыл.
Қамаудағы журналистер Думан Мұхаммедкәрім мен Әйгерім Тілеужанның туыстары және адвокаттары баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Алматы, 22 сәуір, 2024 жыл.

Қамауда аштық жариялап отырған журналистер Думан Мұхаммедкәрім мен Әйгерім Тілеужанның туыстары және адвокаттары 22 сәуірде Алматыда баспасөз мәслихатын өткізді. Олар биліктен Мұхаммедкәрім мен Тілеужанға қысымды тоқтатуды талап етті.

Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің сөзінше, қазір Думан Мұхаммедкәрімнің үстінен "экстремизмді қаржыландыру, тыйым салынған ұйымның ісіне араласу" баптары бойынша айып тағылған қылмыстық іс уақытша тоқтап тұр. Оған "азаптау" жөнінде түсірген шағымынан кейін қозғалған өзге іс себеп.

Мұхаммедкәрім ақпанда Талдықорғаннан Қонаев қаласындағы сот залына жеткізілгенде "полиция суық көлікке отырғызды, дөрекілік көрсетті" деген және оны "азаптау" деп атаған. Қазір бұл іс бойынша сот-психиатриялық сараптама тағайындалған. Думан Мұхаммедкәрім істің баяу жүріп жатқанына қарсылық танытып, он күн бұрын аштық жариялаған.

"Азаптау істерінде басты мәселе – дәлелдеу. Біз бұл жөнінде жиі дауласамыз. Құқық қорғау органдарының ішінде прокурорлар "азаптау болғанын дәлелдеңдер" дейді. Не себепті біз оны дәлелдеуіміз керек? Мен бұл жерде "сіздер біздің арызымызды жоққа шығарыңыздар" деп айтамын. Олар оны жоққа шығара алмайды. Себебі бұл жерде Думан айтқан жағдайлардың бәрі шын мәнінде болған. Олар оны жоққа шығара алмайды", – дейді адвокат Ғалым Нұрпейісов.

Думан Мұхаммедкәрімнің ашық соты жабық өтетін болды
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:38 0:00

Алматы облысы Жауғашты елді мекеніндегі әйелдер колониясында отырған журналист Әйгерім Тілеужан да 13 күннен бері аштық жариялап отыр. Ол қазір тәртіптік изоляторда. Түрме әкімшілігі адвокатқа оны "аштық жариялағандарға арналған жеке орын жоқ" деп түсіндірген. Бірақ журналист мекеме тәртібін бұзбаған. Ол қамауда ұстау режиміне қарсылық білдіріп аштық жариялаған.

"Қарапайым дүниелер туралы айтқым келеді. Тіпті бейнебақылау камераларының өзі дәл дәретхана үстіне орнатылған. Біз бұны азаптау деп есептейміз. Ол шыдауға немесе сыртқа шығаруға сұрануға мәжбүр. Бұл қарапайым дүниелер. Ол жөнінде тіпті айтқың да келмейді" дейді Әйгерім Тілеужанның адвокаты Айнара Айдарханова.

Думан Мұхаммедкәрім қамауда отырған мекеме әкімшілігі Азаттыққа журналистің денсаулығы жақсы екенін, ешқандай шағымы жоғын айтты. Ал Әйгерім Тілеужан қамауда отырған колония әкімшілігі пікір беруден бас тартты.

Журналист, белсенді Әйгерім Тілеужан "Қаңтар оқиғасында Алматы әуежайындағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деген айыппен былтыр шілдеде 4 жылға сотталған. Ол істі "саяси тапсырыс" деп атап, айыпты мойындамаған.

Журналист Думан Мұхаммедкәрім де сондай ұстанымда. Оған қарсы қылмыстық іс 2022 жылдың желтоқсан айында шетелдегі оппозиционер, қуғындағы банкир Мұхтар Әблязовтан алған сұхбатынан соң қозғалған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG