Accessibility links

Ленин шахтасындағы апат: айыптаушы тарап сотталушыларға қатаң жаза сұрады


Ленин атындағы шахтада болған жарылыстан қаза тапқан және зардап шеккен кеншілердің туыстары, адвокаты сотта отыр. Шахтинск, 22 сәуір, 2024 жыл.
Ленин атындағы шахтада болған жарылыстан қаза тапқан және зардап шеккен кеншілердің туыстары, адвокаты сотта отыр. Шахтинск, 22 сәуір, 2024 жыл.

2022 жылы қарашада Қарағанды облысындағы Ленин атындағы шахтадағы жарылыстан қаза тапқан бес кеншінің өлімі бойынша өтіп жатқан сот процесінде прокурор айыпталушыларға жаза сұрады. 22 сәуірде Шахтинск қалалық сотында жарыссөз басталды.

Прокурор айып тағылған адамдарды – Ленин шахтасындағы техникалық қызметтің бас инженерін жеті жылға, ал тағы үшеуін – желдету және қауіпсіздік техникасы учаскесінің басшысы міндетін уақытша атқарушыны, ауаға қауіпті заттар тарайтын учаскелерді болжау қызметі басшысының орынбасары міндетін уақытша атқарушыны, өндірістік қызмет ауысымының басшысын алты жылға бас еркіндігінен айыруды сұрады.

– Қайғылы оқиғалар Қазақстан халқын ғана дүр сілкіндірген жоқ, – деді прокурор. – Айыпталушылар сотты адастырғысы келді. Олар қоғамнан оқшау ұсталған кезде ғана түзелуі мүмкін.

Мемлекеттік айыптаушы сотталушыларды сот залында қамауға алуды, олардан талап арыз түсірген жәбірленуші тараптың пайдасына тең үлеспен 20 миллион теңге өндіріп алуды сұрады. Жәбірленушілер арасында шахтада болған жарылыс салдарынан қаза тапқандардың туыстары мен зардап шеккен кеншілер бар. Прокурордың сөзінше, төрт кенші физикалық және психологиялық жарақат алып, газдан уланған.

Айыптаушы тарап төрт сотталушыға тау-кен және құрылыс салаларында басшылық қызметте жұмыс істеуге үш жылға тыйым салуды сұрады. Оларға "тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзды" деген айып тағылған.

Прокурор сотталушылар бұрғылау жұмыстарын "өз білгенінше" жүргізді деп есептейді. Куәгерлер сөзіне сүйенген прокуратура мәліметінше, сол кезде шахтаға иелік еткен "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы көмір департаментінің басшылығы жұмыс жоспарын көбейткен.

Айыптау нұсқасына сәйкес, 2022 жылдың 29 қазаны мен 2 қарашасы аралығында, яғни жарылыс болар күннің қарсаңында, газ-дренаж ұңғымаларын бұрғылау кезеңінде алты нүктеге газ тұнып қалғаны тіркелген. Газ көбейіп кеткенін арнайы датчиктердің көмегімен білген. Бірақ, айыптау мәліметінше, сондай жағдайға қарамастан, жұмыс тоқтамаған, ал қайғылы оқиға болған күні тау-кен шеберлері мен болжау қызметі болмаса да, жұмыс істеуге келісім берілген.

Бұған дейін сотта жәбірленуші кеншілер басшылыққа газ тарап жатқаны жөнінде есеп бергенін, бірақ оларға "мәселені шешеміз" деп жауап айтылғанын мәлімдеген.

Жәбірленушілер айыптаушы тараптың айтқанына келісті. Прокурор айыптау актісін оқығанда жәбірленушілердің сотталушыларды "қатаң түрде" жазалауды сұрағанын айтты. Сотта прокурор шахтадағы жарылыстан қаза тапқан және тірі қалған кеншілердің жарақатын сипаттаған кезде марқұмдардың туыстарының денсаулығы сыр беріп, көзіне жас алды.

Бұған дейін сот процесі кезінде төрт сотталушы да (олар журналистерден өздерін фото-видеоға түсірмеуді сұрады) тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген. Олар да, адвокаттары да журналистерге пікір бермеді. Кейін сот процесінің ортасында сотталушылардың кейбір туысы журналистер мен блогерлерге жүгініп, айыптаушы тарап "жауапкершілікті жүктейтіндерді" тапты деп мәлімдеді.

Бұл – кейінгі жылдары бұрынғы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясы кеншілерінің өлімі бойынша сотқа жеткен жалғыз қылмыстық іс. Бұған дейін мұндай істер тергеу кезеңінде жабылып қалатын. Қазір жекелеген материалдарды тергеу жалғасып жатыр.

2022 жылғы 3 қарашаға қараған түні Ленин атындағы шахтада жарылыс болып, 5 адам: 24 жастағы Марғұлан Ынтымақов, 29 жастағы Арман Қашкей, 31 жастағы Дмитрий Бойченко, 38 жастағы Денис Инкин және 42 жастағы Андрей Санжаров қаза тапты. Тағы төрт шахтер қатты зардап шекті.

Бұған дейін 2021 жылы "Абай" шахтасында болған алты кеншінің қазасы туралы іс жабылды. Компания шахталарындағы адам өліміне қатысты басқа да істер сотқа жетпей қалды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, кейінгі 30 жылда шахтада қаза тапқандар саны 180 адамнан асады.

Былтыр желтоқсан айында Костенко шахтасындағы жарылыстан кейін шахталар мен АМТ металлургия комбинатының иесі өзгерді. Отыз жылға жуық компанияға Ұлыбританияда тұратын миллиардер Лакшми Миттал иелік етіп келген. Қазір кәсіпорын Qarmet деп аталады, оның иесі – қазақстандық кәсіпкер Андрей Лаврентьев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG