Accessibility links

Тоқаев су тасқынына байланысты кейбір ауылдар басқа жаққа көшірілетінін айтты


Су тасқынынан зардап шеккен Ойыл ауданының тұрғындары. Ақтөбе облысы, сәуір 2024 жыл.
Су тасқынынан зардап шеккен Ойыл ауданының тұрғындары. Ақтөбе облысы, сәуір 2024 жыл.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тасқын аяқталған соң кейбір ауылдар басқа жаққа көшіріліп, жаңадан бой көтереді деп мәлімдеді.

Тоқаев мұны 25 сәуірде Қазақстан халқы ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысында айтты.

"Жол салынады, су тартылады. Ауылдарымыз мүлде жаңа келбетке ие болады. Жалпы әлемдегі үлкен дағдарыстардың қарқынды дамуға жол ашатыны белгілі" деді президент.

Тоқаев тасқын аяқталғаннан кейін зардап шеккен аймақтарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетінін алға тартып, оның мерзімін де белгіледі.

"Ең алдымен азаматтарға шығындарын өтеу үшін тиісті өтемақы төленеді. Үй-жай құрылысы басталады, баспана беріледі, бүлінген инфрақұрылым жөнделеді. Осы қыруар жұмыс өте аз уақытта, яғни жаз бен күздің 5-ақ айында аяқталуға тиіс. Бірақ біз бірлесіп, бұл шаруаны абыроймен атқарып шығамыз деп сенемін" деді ол.

Тоқаев тасқыннан мыңдаған адам мал-мүлкінен айырылып, табыссыз қалғанын атап өтті. Оның сөзінше, мемлекет азаматтарды қолдау мақсатында нақты шаралар қабылдап жатыр.

"Зардап шеккен әр шаңыраққа бір реттік көмек беріледі. Бұдан бөлек, шығынды санағаннан кейін жойылған немесе зақымдалған мүлік үшін де өтемақы беріледі. Мемлекет бүлінген баспаналарды жөндейді, қирап қалған үйлердің орнына жаңасын салады" деді Тоқаев.

Тоқаев нақты қай аудандар көшетінін атамады, бірақ "өзен жағасына үй салу қауіпті, оны қайтадан су шайып кетуі мүмкін екенін ескерген жөн" деді.

Оның айтуынша, "құрылыс салатын жерді таңдағанда елді мекеннің гидрологиялық және географиялық ерекшелігін ескерген жөн.

Наурыздың ортасынан бері Қазақстанның он облысында елдімекендер су тасқынынан зардап шеккен. Тоқаев тасқынды кейінгі 80 жыл ішіндегі ең ірі табиғи апат деп атаған.

25 сәуір күнгі ресми мәлімет бойынша, Солтүстік Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстарында шамамен 6 мың үй мен 2,5 мынан астам ауладан су сорылып жатыр.

31 416 адам үйлеріне оралған. Эвакуация пунктерінде 8560 адам тұрып жатыр, 3717-сі бала. 11,9 млн шаршы метрден астам еріген қар суы сорылған. 5,6 млн қап және 1,5 млн тонна инертті материал төселген.

XS
SM
MD
LG