Accessibility links

СІМ: Ресей түрмелеріндегі Қазақстан азаматтарын соғысқа әкеткен жоқ


Қазақстан СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Қазақстан СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров 29 сәуірдегі брифингте Ресей түрмелерінде отырған қазақстандықтардың бірде-бірі соғысқа әкетілген жоқ деп мәлімдеді. Ол мұны "100 пайыз растай алатынын" айтты.

Сәуірдің басында Қазақстанның әр өңірінен жиналған бір топ ата-ана Ресей абақтысына түскен балаларына араша сұрап, бас прокуратураға барған. Түрмеде отырған Тахир Динаимовтың анасы Зүлфира Исмаилова "түрмедегілердің арасында соғысқа жіберілгендер де бар, бірақ оны Қазақстан жасырады" деген.

Ал адвокат Мейірман Шәкеев "Ресей түрмесінде отырған Қазақстан азаматтарының саны жүзге жетуі мүмкін" деген. Бірақ СІМ өкілі бұл сөзді де жоққа шығарды.

"Жүзден астам деген жалған ақпарат, ары кетсе оннан да аспайды. Ол фактілердің бәрін біз білеміз. Айта кетейін, бұл азаматтар жұмысты телеграм-арналардан немесе әлеуметтік желілерден тауып алған, қайда бара жатқанын, не істеп жатқандарын өздері білген. Туған-туыстарымен біздің консулдар байланыста, бірнеше рет барып, олармен кездесіп келді. Ресей тарапымен, соның ішінде Ресейдің сыртқы істер министрлігімен де, жергілікті билікпен де байланыстамыз" деді Смадияров.

Астанаға барған ата-аналар балаларын елге алдыруды сұрап, бас прокуратураға арызданған. Сол кезде олармен кездескен прокуратура өкілі жұмысты жандандырып, дер кезінде ақпарат беріп отыруға уәде еткен.

"Бұл - тек шу көтеріп, елге қайтарып алу… Егер басқа елдің заңын бұзса, сол елдің заңымен жауап беруі керек. Сол елдің заңымен жаза тағайындалып, түрмеге ауысқаннан кейін прокуратура іске кірісіп, бері қарай жазасын өтеуге ғана ауыстыра алады. Біздің сотпен соттай алмаймыз" деді Смадияров.

СІМ өкілі Ресей тарапынан әлеуметтік желілерде ұсынылған жұмыстарды мұқият тексеру керек деді.

Көмек сұраған ата-аналардың балалары 6-10 жылға сотталған. Оларға Ресей Қылмыстық кодексінің 228-бабы бойынша "заңсыз есірткі тасымалдады, таратты" деген айып тағылған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG