Accessibility links

"Жалғыз еместігімізді көрсету керек". Грузия президенті ЕО елшілеріне қайырылды


Грузия президенті Саломе Зурабишвили
Грузия президенті Саломе Зурабишвили

Грузия президенті Саломе Зурабишвили 4 мамырда ЕО елшілерін елдің "Еуропаға бағытын" қолдауға шақырды. Сенбі күні Тбилиси орталығында жұрт Пасхаға орай жинала бастаған кезде Зурабишвилидің мәлімдемесі жарияланды.

Мыңдаған адам Руставели алаңына жиналды. Олар Грузия мен ЕО туларын ұстап тұрды. Азаттықтың Грузин қызметінің хабарлауынша, наразылар Пасхаға ерекше дайындалып келген: жұмыртқаларды түрлі түске бояп, пасхалық тоқаштар пісіріп әкелген. Осыған ұқсас акциялар Кутаиси, Зугдиди және Батуми қалаларында да өткен.

Ресейлік стильдегі "шетел агенті туралы" заңын қабылдау бойынша грузин үкіметінің жоспарына қарсы шыққан наразыларды қолдайтын президент Зурабишвили ЕО дипломаттарына қайырылды. Оның пікірінше, ЕО дипломаттары Батысқа ұмтылған және Кремльдің кез келген ықпалынан алшақтағысы келетін грузиндерге "жалғыз еместігін" көрсетуге көмектесе алар еді.

Батыс елдерінің жетекшілері басқарушы "Грузин арманы" партиясының заңын сынаған, ал ЕО өкілдері аталған заң елдің ЕО-ға қосылу ниетіне "балта шабады" деп санайды.

Қоғамдық пікірді зерттейтін сауалнама грузиндердің басым бөлігі ЕО-ға қосылу туралы бастаманы қолдайтынын көрсеткен. Былтыр бұл көрсеткіш шамамен 90 пайыз болған.

"Бүгін және ертең болатын оқиғаларға үкімет жауапты, себебі оқиғаларға солардың әрекеті түрткі болып отыр" деді ол.

Өткен аптада Тбилиси көшелеріне мыңдаған адам шығып, "шетел агенті туралы" заңға наразылық білдірген.

Зурабишвили аталған заң жобасы толық мақұлданса, оған вето қоятынын айтқан. Бұл 17 мамырда болуы мүмкін. Алайда оның сөзінше, "Грузин арманында" кез келген ветоны еңсере алатындай жеткілікті дауыс бар.

Наразылардың айтуынша, полиция жұртты тарату үшін тек су немесе жас ағызатын газ шашпаған, резеңке оқ та қолданған.

Заң жобасын қолдап келген премьер-министр Ираклий Кобахидзе аталған құжат "тиісті ұйымдардың ашықтығын арттыруға ғана бағытталған" деді. Кобахидзе сонымен бірге "шетелден қаржыландырылатын" елдегі ұйымдарды Грузияда 2020-2023 жылдар аралығында екі революция жасамақ болды деп те айыптады.

3 мамырда Еуропа кеңесінің жетекшісі Шарль Мишель Грузия билігінің заң жобасына қатысты "нақты пікірталасқа қатысқысы келмейтіндігінен" көңілі қалғанын айтты.

Мишельдің 3 мамырда X желісіндегі парақшасындағы жазбасына қарағанда, Кобахидземен телефон арқылы сөйлескен кезде Еуропа кеңесінің жетекшісі өз болашағын Еуропамен байланыстыратын және соны бірінші орынға қоятын грузиндерді толық қолдайтынын мәлімдеген.

Грузия ЕО және НАТО-ға мүшелікке өтініш берген ел.

XS
SM
MD
LG