Accessibility links

Си Цзиньпин Парижге барды. Келіссөздерде Украинадағы соғыс та талқыланбақ


 Эммануэль Макрон (сол жақта) мен Си Цзиньпин. Пекин, 2023 жыл.
Эммануэль Макрон (сол жақта) мен Си Цзиньпин. Пекин, 2023 жыл.

Қытай президенті Си Цзиньпин жексенбі, 5 мамыр күні Францияға мемлекеттік сапармен барды. Ол кейінгі бес жылда Еуропа Одағына алғаш рет барып отыр. Франциядан кейін Қытай лидері Венгрияға, Еуроодаққа кірмейтін Сербияға да барады.

Қытай мен Франция арасында дипломатиялық қатынас орнағанына 60 жыл толар қарсаңда Парижге барған Си Цзиньпинді әуежайдан Франция премьер-министрі Габриэль Атталь қарсы алды. Қытай басшысы мен Франция президенті Эммануэль Макронның келіссөздері дүйсенбі, 6 мамырда Парижде өтпек, оған Еурокомиссия жетекшісі Урсула фон дер Ляйен де қатысады. Сейсенбіде Макрон мен Си Пиренейге барып, келіссөздерді сол жақта жалғастырады.

France Presse агенттігі Қытай басшысының бұл жолы Еуропа Одағы елдері арасынан Францияға баруы кездейсоқ емес деп жазды. Пекин мен Париж қатынасы Қытай-Германия байланысымен салыстырғанда жақынырақ. Былтыр Макрон Пекинге сапармен барып қайтқан.

Франция президенті таяуда The Economist журналына берген сұхбатында әлемдік тәртіп тұрақтылығын сақтауда Қытайдың рөлі өте маңызды екенін және бейбітшілік жолында Пекинмен байланыста болу қажет екенін айтқан. Макрон Қытайды дұшпан және қарсылас тараптың өкілі ретінде қарастыруға болмайды деп ескертті. АҚШ пен Еуроодақ елдерінің көптеген өкілі Пекин мен Мәскеу арасындағы жақын қарым-қатынасқа алаңдайды. Олар Украинада соғыс болып жатқанда Қытай Ресейге қару-жарақ жеткізіп, қолдау танытуы мүмкін деп санайды.

Макрон мен Си Цзиньпин келіссөздерінде Украинадағы соғыс тақырыбы да талқыланады деген ақпарат бар. Францияда шығатын Le Figaro газетінің жазуынша, Қытай лидері Пекиннің "дағдарысты шешудің дұрыс жолдарын табу үшін Франциямен және бүкіл халықаралық қауымдастықпен жұмыс істеуге ниетті" екенін айтқанын жазды (Қытай Украинадағы жағдайды "соғыс" деп емес, "дағдарыс" деп атайды).

Келіссөздердегі тағы бір тақырып - Қытай мен Еуроодақ арасындағы халықаралық саудаға байланысты даулар. Human Rights Watch сияқты адам құқығын қорғайтын ұйымдар Макронды келіссөздерде Қытайдағы адам құқықтарының жай-күйін, атап айтқанда тәуелсіз журналистерді қудалау мен ұйғырларды қуғын-сүргінге салу мәселесін көтеруге шақырды.

Си Цзиньпин Еуропадан оралған соң Қытайға Ресей президенті Владимир Путин сапармен бармақшы. Путин Қытайға өзінің инаугурациясынан соң, мамырдың ортасында баруы мүмкін.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG