Accessibility links

"Мектеп әжетханасында әлімжеттік жасаған". Жамбыл облысындағы оқушы қазасының мән-жайы


Марқұм оқушы Мирас Мәліктің әкесі Тоқтасын Ормановпен түскен фотосы. Отбасы архивіндегі сурет.
Марқұм оқушы Мирас Мәліктің әкесі Тоқтасын Ормановпен түскен фотосы. Отбасы архивіндегі сурет.

Жамбыл облысы Байзақ ауданы Құмжота ауылы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектептің 8-сынып оқушысы Мирас Мәлік мектеп ауласындағы әжетханада көз жұмды. Оның қазасына күдікті ретінде осы мектептің 9-сынып оқушысы үйқамаққа алынды. Марқұмның және күдіктінің ата-анасы оқиғаға бірнеше баланың қатысы болуы мүмкін дейді. Мектеп әкімшілігі бұрын-соңды оқушылар арасында әлімжеттік болмағанын алға тартады.

"ҚЫРШЫНЫНАН ҚИЫЛДЫ..."

Мектеп ауласындағы әжетханада қаза болған Мирас Мәліктің отбасы қара жамылған. 14 жасар ұлынан қапыда айрылып, жоқтаған марқұмның анасы Раушан Құдасованың зары сай-сүйектен өтеді. "Қыршынынан қиылып кетті", "Неткен жауыздық бұл?", "Жүрегім тілініп, қанталап барады. Күйіп, өртеніп барам", "Сап-сау жүрген балам еді, сап-сау... Жұлдыздай жарқ етіп көріндің де, жоқ болдың-ау!" дейді өзегі өртенген ана. Көңіл айтып келген жұрт боздаған ананы жұбатып, сабырға шақырады. Балалары "мама, жыламашы" деп қайта-қайта құшақтайды. Ал қара жамылған әйел терең демалып, ауыр күрсіне береді.

– Бір ұрған соң жетеді ғой. Өлтіру керек пе еді баланы... Екінші рет ұрғанда қолқа күретамыры жарылып, тіл тартпай кеткен ғой, – дейді ол етегі жасқа толып.

Марқұм Мирас Мәліктің анасы Раушан Құдасова баласын жоқтап отыр. 3 мамыр, 2024 жыл.
Марқұм Мирас Мәліктің анасы Раушан Құдасова баласын жоқтап отыр. 3 мамыр, 2024 жыл.

Раушан Құдасованың сөзінше, баласы Мирас 30 сәуір таңертең сабаққа кеткен. Екі сағаттан соң сынып жетекшісі "балаңыз талып қалды, тез жетіңіз" деп хабарлаған. Анасы алып ұшып жеткенде Мирастың мектеп сыртында жол жиегінде әлдекімнің көлігінде ес-түссіз сұлқ түсіп жатқанын көрген. Баланың денесі жылы болғанымен, екі қолы көгеріп, жүрек соғысы тоқтағанын байқаған. Өз көзіне сенбей, абдырап қалған Раушан жедел жәрдем дәрігерлеріне ауруханаға неге жеткізбегенін сұраған. Жедел жәрдем жүргізушісі оған "өлген адамды алмаймыз" дегенде барып баласынан айрылғанын түсінген.

Жамбыл облыстық полиция департаменті Мирастың қазасына байланысты осы мектептің 9-сынып оқушысы күдікке ілінгенін, оның үстінен "Абайсызда адам өлтіру" бабымен қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ал 2 мамырда Байзақ аудандық соты 15 жастағы күдіктіні екі айға үйқамаққа алу туралы қаулы шығарды.

– Баламның үсті су, ары-бері сүйреген, қорлаған. Мектеп директоры "Балаңыздың жүрегі ауырады ғой деймін. Дене шынықтыру сабағынан шығып, алқынып тұрып мұздай су ішіп, әжетханаға барып, кіші дәрет сындырып тұрып құлап, жүріп кетіпті" деді. Оқиға мектеп ауласындағы әжетханада болған, баламның денесін бір шақырымдай жердегі мектеп сыртындағы жол жиегіне шығарып тастаған, – дейді марқұм оқушының анасы қапаланып.

Марқұм Мирас Мәліктің отбасына көңіл айтып келген жұрт. 3 мамыр, 2024 жыл.
Марқұм Мирас Мәліктің отбасына көңіл айтып келген жұрт. 3 мамыр, 2024 жыл.

Мектепке аман-сау кеткен баласының сүйегін алып келген отбасы әуелі оған әлімжеттік жасалғанынан бейхабар болып, жаназаға дайындалған. Сыныптастары "Мирасты ұрып өлтірді" деп куәлік берген соң, баласының сүйегін қайтадан сот-медициналық сараптамадан өткізуді сұраған. Ертеңіне мәйіттің бірнеше жерінен соққы ізі көрініп, көгеріп кеткен. Қара жамылған отбасы полицияға арыз жазғаннан кейін күдікті ұсталған. Сот қаулысына қарағанда, бұрын сотты болмаған жасөспірім "тағылған айыпты растаған және өкінген".

"ҰРЫП-СОҚҚАН, АҚША СҰРАҒАН"

Мирастың ата-анасы 7-сыныпқа дейін әлімжеттік туралы сөз болмағанын айтады. Раушан Құдасованың сөзінше, ұлы 8-сыныпқа өтіп, таңғы ауысымда оқи бастағанда мектепке барғысы келмей, түрлі сылтау айтатынды шығарған.

Кейіннен әкесіне жоғарғы сынып оқушылары үйінде жұмыс істететінін, қарсылық көрсетсе, ұрып-соғатынын айтқан. Құдасова бұл туралы мектеп әкімшілігіне ескерткенін, бірақ мектеп директоры мен оның орынбасарлары құлақ аспай, шара қолданбағанын алға тартады.

– Мектеп директоры баламмен сөйлесті. "Балаңыздың өміріне мен жауап беремін" деп ешқайда арыз жазбауды өтінді. Бірақ ешқандай шара қолданбады. Баламды ұрып өлтіргенде де жасырмақ болды, – дейді Раушан Құдасова ашуланып.

Мирас Мәлікке "әлімжеттік жасалған орын" деген мектеп әжетханасы. 3 мымыр, 2024 жыл.
Мирас Мәлікке "әлімжеттік жасалған орын" деген мектеп әжетханасы. 3 мымыр, 2024 жыл.

Оның айтуынша, қайғылы оқиға болған күні таңертең баласын қосқанда 8-сыныптың 12 оқушысын мектеп ауласындағы әжетханаға жинап, 9-сыныптың он шақты оқушысы ұрып-соққан. Оқушылардың кеудесінде соққы іздері әлі бар. Ал марқұм баланың әкесі мектеп әкімшілігі мән-жайды жасыруға тырысты деп есептейді.

– Мирасты соққыға жыққан сәтті көрген оқушыларға мұғалімдер қысым жасап, әке-шешесін айқай-шу шығармауға шақырған. Баламның жанында тұрған, оқиғаның қалай болғанын айтамын деген оқушыны мектепте қамап ұстаған. Кешке оқушылардың үйіне жеке-жеке барып, әке-шешесіне қысым жасаған. Бұл топ болып қылмысты жасыру емес пе? Ауыл шетінде қалың терек бар. Естуімізше, оқиғадан бір күн бұрын жоғарғы сынып оқушылары 8-сынып оқушыларын сол жерге жинаған. Ұрып-соққан, ақша сұраған. Ол күні Мирас бармаған. Ертеңіне терекке бармаған оқушылардың бәрін мектеп ауласындағы әжетханаға жинап, жоғарғы сынып оқушылары әлімжеттік жасаған, – дейді марқұм Мирас Мәліктің әкесі Тоқтасын Орманов күйініп.

Тоқтасын Орманов баласының суретін смартфоннан көрсетіп отыр. 3 мамыр, 2024 жыл.
Тоқтасын Орманов баласының суретін смартфоннан көрсетіп отыр. 3 мамыр, 2024 жыл.

Тоқтасын Орманов қайғылы оқиғадан кейін оқушылардан "ақша жиналатынын" естіген. Ол мектептегі әлімжеттіктің бір себебін осыдан көреді. Орманов "бұл ақшаны кім, не үшін жинағанын анықтау керек" деп есептейді.

Азаттық тілшісі оқиға болған әжетхана алдына барғанда ол жерде мектеп күзетшісі мен екі қызметкер жүрді. Олар "оқиға әжетхананың жол жақ бетінде болғанын" айтты.

МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ҮСТІНЕН ДЕ ІС ҚОЗҒАЛДЫ

Мирастың өлімі Құмжота ауылын есеңгіретіп жібергені байқалады. Тұрғындар үрейленіп, жүрексініп қалғандай. Әр жерде бала өлімімен аяқталған оқиғаны талқылап жатты. "Ұрып-соққан бірнеше бала болса да, бірі мойындапты. Ішіндегі момыны кетті", "Обал болды, обал-ай. Ата-анасына сабыр берсін. Дым көрмей кетті, байқұс бала" дейді аялдамада тұрған әйелдер.

"Әлімжеттік деген қашан тоқтайды? Таяқ жеген оқушылардың бәрінің көкірегінде жұдырық ізі қалыпты" дейді дүкен ішіндегі адамдар. "Былтыр да баланы ұрып, мүгедек еткенде істі жауып тастап еді, соны жаппағанда бала өлмес еді" дейді таксидегі жолаушылар уайымдап. Енді бірі "әлсіз балалар қорқып, суицид жасауы мүмкін" деп алаңдайды.

Қайғылы оқиғадан кейін полиция мектеп директоры мен қызметкерлеріне қатысты "Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау" бабымен қылмыстық іс қозғады. 2 мамырда Жамбыл облыстық білім басқармасы тергеу амалдары аяқталғанша мектеп директоры Қанат Бәйтенді жұмыстан шеттетті. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, директордың құқық істері жөніндегі орынбасары, директордың шаруашылық істері жөніндегі орынбасары және мектеп психологы "өз еркімен жұмыстан кеткені" айтылды.

Жамбыл облысы Байзақ ауданы Құмжота ауылы. 3 мамыр, 2024 жыл.
Жамбыл облысы Байзақ ауданы Құмжота ауылы. 3 мамыр, 2024 жыл.

Азаттық тілшісі болған оқиғаның мәж-жайын сұрамақ болып мектеп директорына телефон шалды. Директор "ауырып тұрғанын, қазір пікір білдіре алмайтынын" айтты.

Қазір директордың міндетін уақытша атқару Байзақ аудандық білім бөлімінің әдіскері Ғазиз Рысқұлбековке жүктелген. Оның сөзінше, мектептен аудандық білім бөліміне әлімжеттік туралы ақпарат түспеген.

Рысқұлбеков мектепте сабақ әдеттегідей, кестеге сай өтіп жатқанын айтады. Оқиғаға байланысты ауданнан арнайы психологтар келіп, оқушылармен жұмыс жүргізген. Марқұм оқушының да, күдікті баланың да сабақ үлгерімі орташа болған. Екеуі де бұған дейін бұзақылық қылығымен көзге түспеген, тіркеуге алынбаған. Күдікті оқушы спортпен айналысып, түрлі жарыстарға қатысқан.

– Жағдайға байланысты күдікті деп танылған 9-сынып оқушысының білім алу құқығы сақталады, оны қашықтан оқытуды ұйымдастырамыз, – деді Рысқұлбеков.

Ол 8-сынып оқушылары мен сынып жетекшілерін аудандық полиция бөлімі тергеп жатқанын да айтты.

"БАЛАДАН АЙЫРЫЛУ ОҢАЙ ЕМЕС"

Марқұм Мирас Мәліктің ата-анасы күдікті оқушыны соттың қамаудан үйқамаққа жібергеніне келіспейді. Олар күдіктіні қамауға алуды талап етіп шағым түсірген, бірақ облыстық сот арызды қанағаттандырмаған.

Мирастың анасы Раушан Құдасова оқиғаның мән-жайын айтып, мектептегі әлімжеттікті әшкерелеген баласының сыныптастарының өміріне алаңдайды. Оның сөзінше, жоғарғы сынып оқушылары оларға қоқан-лоқы жасап, ата-аналарының полицияға жазған арызын қайтарып алуды, әлімжеттік туралы сөз қозғамауды талап еткен. Азаттықта оқушылардың осы жөнінде өзара жазысқан WhatsApp-жазбалардың скриндері бар.

Мектептегі әлімжеттік. Жамбыл облысында оқушы қалай көз жұмды?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:53 0:00

"Абайсызда адам өлтіру" бабымен күдікке ілінген оқушының ата-анасы Мирастың ата-анасынан кешірім сұраған. Марқұм баланың әке-шешесі "кешірім бермейміз" дейді.

Күдіктінің ата-анасы (аты-жөндерін көрсетуден бас тартты) Азаттыққа "оқиғаның қалай болғанын тергеу көрсетеді" деді. Әкесі "ол кісілерді де түсінемін, баладан айрылу оңай емес" деді жанарын төмен салып. Анасы "бұл жерде бір бала емес, бірнеше бала қатысқан, ортада бір нәрсе айтылмай тұр, оны өзіміз де білмейміз" деп жауап қатты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG