Accessibility links

Амстердамда полиция палестинашыл демонстранттарды күштеп таратты


Студенттер наразылығы. Амстердам, 6 мамыр, 2024 жыл.
Студенттер наразылығы. Амстердам, 6 мамыр, 2024 жыл.

7 мамырда Амстердамда Палестинаны жақтайтын демонстранттар мен полиция арасында қақтығыс болды. Соның алдында полиция Амстердам университетінде лагерь орнатып алған Палестинаны қолдайтын белсенділерді күшпен таратқан деп хабарлады Reuters.

Сейсенбі күні таңертең қалалық полиция баррикаданы жоюға бульдозер қолданған және қақтығыс кезінде 170 адамды ұстаған. Сол күні кешке полиция бөлімшелерінде әлгі ұсталғандардан төрт адам ғана қалған.

Полицияның іс-әрекетіне наразы болған университет оқытушылары мен қызметкерлері сейсенбі күні түстен кейін жұртты тағы бір қарсылық акциясына шығуды ұйғарған.

"Студенттер мен қызметкерлер полицияның демонстранттарға бұрыш бүркіп, [резеңке] таяқ қолданып, ит қосқанын айтты. Шамадан тыс күш қолдану кесірінен наразылар арасында жарақат алғандар бар", – деп жазылған өзін "Палестинаны қолдайтын голланд ғалымдары"деп атайтын топ таратқан мәлімдемеде.

"Біз студенттер мен ғалымдардың наразылық акцияларына қатысу құқы барын табанды түрде мәлімдейміз. Амстердам университетінің әкімшілігі студенттердің қисынды талаптарын орындаудың орнына зомбылыққа жол бергенін айыптаймыз", – деген мәлімдеме авторлары.

Қызметінен кетіп жатқан білім министрі Робберт Дейкграф университеттер диалог пен пікірталас алаңы екенін, полицияның араласуға мәжбүр болғанын көріп қынжылғанын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG