Accessibility links

Рафахтағы операция АҚШ-тың Израильге қару жөнелтуін кідіртті


Израиль қорғаныс армиясының танкілері елдің оңтүстігіндегі Газа секторымен шекара бойын бақылап жүр. 7 мамыр, 2024 жыл.
Израиль қорғаныс армиясының танкілері елдің оңтүстігіндегі Газа секторымен шекара бойын бақылап жүр. 7 мамыр, 2024 жыл.

АҚШ өткен аптада Газа секторының оңтүстігіндегі Рафах қаласындағы операция кезінде қолдануы мүмкін деген қауіппен Израильге үш жарым мың бомба жеткізуді кідірте тұруды ұйғарған. The New York Times пен Associated Press дерек көздеріне сүйеніп, осылай деп хабарлады.

БАҚ сұхбаттасқан адамдардың сөзінше, қазір Вашингтон болашақта бермекші болған қару-жарақтарды, соның ішінде нысана дәлдеу кешендерін жөнелтуді тоқтата тұруды қарастырып жатыр.

Осы аптаның басында Axios дереккөздері Израильге қару-жарақ жеткізу кешігетінін айтты, бірақ мұны растайтын ресми ақпарат болған жоқ. CNN сұхбаттасқан адамдар Израильге қару-жарақ жеткізудегі кідіріс Рафахтағы операциямен байланысты емес деді.

АҚШ пен Еуропа Одағы террористік деп таныған ХАМАС тобы былтыр 7 қазанда Израильдің оңтүстігіне шабуыл жасаған. Салдарынан 1200-ден астам бейбіт адам қаза тауып, ХАМАС 250-ден астам адамды кепілге алып, Газа секторына әкеткен. Осыдан кейін Израиль Газа секторында әскери операция бастап, оның мақсаты – ХАМАС тобын түбегейлі жою деп мәлімдеген. Израиль билігі Рафах – жихадшылардың соңғы тұрағы деп есептейді.

АҚШ Израильге Газаның оңтүстігінде әскери операция жүргізбеуді ескертті. Вашингтон Рафахта миллионға жуық босқын барына назар аударды.

Сейсенбі, 7 мамырда Израиль қорғаныс армиясы Египетпен шекарадағы "Рафах" тексеру-өткізу бекетіне Газа секторы жағынан бақылау қойды. Әскерилер құрлықта жүргізілген операция барысында ХАМАС тобының 20 мүшесі өлтірілді деп мәлімдеді.

Израиль Рафахқа техника мен әскер енгізгеннен кейін ХАМАС тобы Газада атысты тоқтатуға келісетінін мәлімдеген. Топ өкілдері араағайын міндетін атқарушы Қатар мен Египетті осы жөнінде хабардар еткен.

Көп ел Израильді бейбіт адамдарға шамадан тыс қатыгездік жасады деп айыптайды. Израиль әскері ХАМАС-тың инфрақұрылымын ғана нысанаға алып жүрміз деп мәлімдеген. Және де ХАМАС тобын халық тығыз орналасқан жерге нысандарын орналастырады, ал бейбіт тұрғындарды тірі қалқан ретінде пайдаланады деп айыптады.

ХАМАС тобының бақылауындағы Газадағы денсаулық сақтау министрлігі соғыс қимылдары басталғаннан бері 34 мыңнан астам палестиналық қаза тапты деген мәлімет келтіреді. Мұны тәуелсіз дерек көздерінен растау мүмкін болмай отыр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG