Accessibility links

БАҚ: Eуроодақ Ресейдің еуропалық партиялар мен медианы қаржыландыруына тыйым салмақ


Еуропа Одағы Ресейдің еуропалық саяси партияларды, үкіметтік емес ұйымдар мен медианы қаржыландыруына тыйым салмақ. Бұл жөнінде EUobserver жазды.

Басылым танысқан 14-санкциялар пакетінде осындай шектеулер енгізу қарастырылған. Жаңа санкцияларды биылғы шілде айына дейін қабылдау жоспарланып отыр.

Құжатта Ресейдің қаржыландыруына тыйым салу Еуропа Одағының ішкі істерін "зиянды араласудан" қорғауға мүмкіндік береді деп жазылған. Одақ елдері ерекше жағдайларда әлгіндей қаржыландыруға жол бере алады, бірақ ол жөнінде Еурокомиссияны хабардар етуі керек.

EUobserver сүйенген америкалық барлау мәліметтері бойынша, 2014 жылдан 2022 жылға дейін Ресей 24-тен астам елдегі саяси партияларды қаржыландыруға шамамен 280 миллион еуро жұмсаған.

Бұған қоса жаңа санкциялар пакеті Еуроодақ порттарына үшінші елдерге тасымалданатын ресейлік сұйылтылған газды қабылдауға тыйым салады және Украинада ұрланған өнер туындылары саудасына тосқауыл қояды.

Сонымен қатар, санкциялар пакетінде ресейлік авиация мен пайдалы қазбалар импортына қатысты қолданылып жүрген шектеулер қатаңдатылған және де санкция салынған тауарлармен сауда жасады деген күдікке ілінген компаниялардың қатары кеңейтілген: бұрынғы тізімдегілерге 52 компания қосылады.

Наурыздың аяғында Чехия Украина парламентінің бұрынғы депутаты әрі Ресей президенті Владимир Путиннің "тамыры" Виктор Медведчукке, оған жақын Артем Марчевскийге және Чехияда тіркелген Voice of Europe атты заңды ұйымға (өзі аттас порталдың иесі) санкция салған. Медведчук пен Марчевский Voice of Europe көмегімен Чехия аумағында Кремльдің мүддесін көздейтін операцияларды іске асыруға тырысқан деген ақпарат тарады. Чехия премьері ондай ықпал ету операциялары Чехия мен Еуропа Одағының қауіпсіздігіне зиян келтіруі мүмкін деген.

Сәуір айында Бельгия билігі осы елдегі Еуропарламент сайлауына Ресей араласқан болуы мүмкін деген күдікпен тергеу басталғанын хабарлады.

"Оның мақсаты – Еуропарламентке ресейшіл кандидаттарды неғұрлым көбірек сайлауға көмектесу және осы институтта бәзбір ресейшіл нарративті нығайту", – деп мәлімдеген Бельгия премьер-министрі Александер Де Кро.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG