Accessibility links

Қазақстанда тәуелсіз журналистика өмірге қауіпті мамандыққа айналуда


Журналист Бақытжан Нұрпейісов ауруханада. Алматы, 6 ақпан, 2009 жыл.
Журналист Бақытжан Нұрпейісов ауруханада. Алматы, 6 ақпан, 2009 жыл.

Адам құқығын қорғаушылар мен қоғам қайраткерлері Қазақстанда көп жағдайда оппозициялық көзқарастағы журналистердің аяусыз шабуылға ұшырайтынын айтады. “Тіпті, бізде көрнекті саясаткерлердің де өлімі ашылмайды” дейді олар.


БАҚЫТЖАН НҰРПЕЙІСОВКЕ ЖАСАЛҒАН ШАБУЫЛ — ЖУРНАЛИСТ ӨМІРІНЕ БАҒЫТТАЛҒАН ҚАСТАНДЫҚ

Ақпанның 5-і күні, Алматының көшесінде, жұмыстан үйіне қайтып келе жатқан “Общественная позиция” тәуелсіз газетінің тілшісі Бақытжан Нұрпейісовті әлдекімдер аяусыз соққыға жығып кетті. Қаскүнемдер шамамен бесеу болған. Оларға қазір іздеу жарияланды. Жас тілші қазір Алматыдағы №7 қалалық аурухананың нейрохирургиялық бөлімінде ем қабылдауда. Дәрігерлер оған “бас сүйегінің жабық жарақаты және миына зақым келген» деген диагноз қойды.

Бұл - соңғы 35 күннің ішінде қазақстандық тәуелсіз және оппозициялық басылым өкілдеріне жасалған үшінші қастандық. «Журналистер қауіп-қатерде» атты баспасөзді қорғау қорының директоры және «Общественная позиция » газетінің аға редакторы Розлана Таукинаның айтуынша, мұндай шабуылдар тек тәуелсіз және оппозициялық БАҚ журналистеріне жасалады:

- Билікке қарсы пікір білдіретін журналистерге ғана осындай аяусыз қастандық жасалады. Олардың қатарында – «Тасжарған» оппозициялық газетінен Артем Миусов бар. Ол жаңа жыл қарсаңында соққыға жығылды (пышақталды), сіздердің әріптестеріңіз – Азаттық сайтының редакторы Ермек Болтай мен біздің Бақытжан Нұрпейісов те қастандыққа ұшырады. Қорқыту, үркіту арқылы ауызға қақпақ қою, қатардан шығаруға ұмтылу – біздің қоғамдағы келеңсіз тенденция екені анық, – деді Розлана Таукина Азаттық радиосына.

Алматы қалалық Ішкі істер департаменті тонау және шабуыл фактісі бойынша іс қозғады. Алайда, Розлана Таукина бұл оқиғаны журналисттің өміріне жасалған қастандық деп бағалайды. Бәрінен бұрын ол құқық орындарының әрекетсіздігіне күйінеді.

ҚАСТАНДЫҚ ЖАСАУШЫЛАР ҰРЛАНҒАН ҰЯЛЫ ТЕЛЕФОНДЫ СӨНДІРМЕГЕН, АЛ ОЛАРДЫ СОЛ АРҚЫЛЫ ІЗДЕЙТІН КІМ БАР?

Розлана Таукинаның айтуынша, тілші Бақытжан Нұрпейісовтің фотоаппарат, диктофон және қызмет куәлігінен өзге екі ұялы телефонын да тартып алған. Алайда тонаушылар соққыға жығылған журналистің ақшасына тиіспеген. Розлана Таукина ұялы телефон арқылы қаскөйлерді тез-ақ тауып алуға мүмкіндік болғанын айтады:

- Ең бастысы, оның ұялы телефоны сөндірілмеген, қылмыскерлер телефонды пайдаланып жүр. Біз олардан әдейі телефонды сөндірмеуін өтіндік. Мейлі, қанша сөйлессе де, сөйлесе берсін. Меніңше, бұл сұрақтың жауабы өте қарапайым. Біз телефон шалсақ, біреу трубкада тыныс алғаны естіліп тұрады. Егер полиция шындап іздейтін болса, олардың мекен-жайын анықтап, қалай ұстаудың жолын табар еді ғой. Бірақ, олар еш қозғалар емес. Тіпті, олар қылмыскерлерді табу үшін редакциямызға келіп сұрау да салған жоқ, - дейді Розлана Таукина.

Егер ұрланған ұялы телефон сөндірілмеген болса, оның мекен-жайын әлдеқашан анықтауға болатынын еді деген сөзге Ішкі істер министрлігінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов те қосылады.

«Іс бойынша тергеу жүруде, бірақ, өкінішке қарай, әзірге нәтиже жоқ. Қазіргі уақытта тергеушілер жәбір көрушіден денсаулығының нашарлығына байланысты жауап ала алмай отыр», - деді Бағдат Қожахметов.

Қазақстандағы сөз бостандығының ахуалын бақылайтын «Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева «Қазақстанда тек оппозиция журналистерін ғана емес, мемлекеттік немесе билік басылымдарының да журналистерін ұрып-соғып немесе тонап кетеді» дейді.

Ол Үкімет қарамағындағы БАҚ тілшілерін тонау фактісі бойынша екі істің ашылғанын біледі. Алайда, Тамара Калеева оппозициялық және тәуелсіз журналистерді соққыға жығу немесе тонауға қатысты бір де бір қылмыстың ашылғанын әлі кездестірген емес. Тамара Калееваны бәрінен де мына жағдай ашындырады:

- Біздің құқық органдары ешқашан журналистерді кәсіби қызметі үшін соққыға жығылды деген болжамды қарастырған емес. Соңғы оқиғаның да (Бақытжан Нұрпейісовтың аяусыз соққыға жығылуы) қылмыстық жақтары ғана қаралуда. «Бұл қылмыстан саяси астар іздеудің қажеті жоқ» деген мәлімдеулер шығып та үлгерді. Яғни, бұл тек «қылмыстық шабуыл» ғана екен.

Алайда, Ішкі істер министрінің баспасөз хатшысы Бағдат Қожахметов Тамара Калееваның пікірімен толық келіспейді.

«Осыдан бір жарым-екі жыл бұрын сіздердің радиостанцияларыңыздың ба, әлде «Свобода слова» газетінің бе (қазір анық есімде жоқ) журналист қызын Астананың қақ ортасында тонап кеткен болатын. Ол кезде де «шабуыл оның кәсіби қызметіне байланысты болуы мүмкін» деген ақпарат шыққан. Кейін ол қылмыс қыздың ұялы телефоны арқылы ашылды. Тонаушылар қыздың ұялы телефонын, ақша салынған әмиянын және басқа да заттарын алып кеткен. Бұл оқиғадан сәл бұрынырақта «Казахстанская правда» газетінің бұрын телеарнада қызмет істеген бір журналисіне шабуыл жасалды. Мәселен, осы қылмыс ашылған жоқ. Бірақ, неге екені белгісіз, осы оқиға жайлы бейресми баспасөз ешқандай артық сұрақ қойған жоқ. Көрдіңіздер ме, мәселенің бәрі тергеудің сәтті немесе сәтсіз өтуіне байланысты», - деген уәж айтты Бағдат Қожахметов.

НИНЕЛЬ ФОКИНА: «БІЗДЕ КӨРНЕКТІ САЯСАТКЕРЛЕРДІҢ ДЕ ӨЛІМІ АШЫЛМАЙДЫ»

Алайда, Алматы Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина тәуелсіз және оппозициялық журналиске немесе саясаткерге жасалған қастандық пен тонауға, тіпті олардың өліміне байланысты құқық қорғау органдарының тым болмаса бір қылмысты ашқанын есіне түсіре алмады. Ол бұл жағдайды «елдегі құқық қорғау жүйесі жұмысының нашарлығынан» деп түсіндіреді.

- Бізде әуелі белді саясаткерлердің де өлімі ашылмайды, жоғалған банкирлерді таба алмайды, - дейді Нинель Фокина.

«Журналистер қауіп-қатерде» қорының директоры және «Общественная позиция» газетінің аға редакторы Розлана Таукина өз кезегінде құқық орындарының билікке сыни көзқарастағы журналистердің соққыға жығылуына немесе олардың өліміне себеп болғандарды табуға тырыспайтындары турасында бірқатар мысал келтіреді. Оның пікірінше, полицейлер қылмыс жасаған ретінде көрсеткен кісілердің журналистерге шабуыл жасауына немесе өлтіруіне еш негіз жоқ:

"Бір де бір жағдайды және бір де бір деректі есіме түсіре алар емеспін. Кезінде журналист Асхат Шәріпжановты қаққан көлік жүргізушісін кінәлаған оқиғаны қоса айтқанда. Біз, мәселен, ол жүргізушінің кінәсі көп емес деген пікірімізден айныған жоқпыз. Ол (Асхат Шәріпжанов) көліктің алдына кеп құлаған. Көлік астына түспес бұрын оған біреулер шабуыл жасап, оны сол күйге жеткізген. Сондықтан, журналистерге жасалған қастандықтардың нағыз себепшілерін біз көре алмай отырмыз. Өйткені, біздің құқық органдары "таптық" деп, бұзақы ретінде көрсеткен жандардың сондай қылмысқа баруына еш себеп жоқ.

Ал, біз нағыз қылмыскерлерді көрмейміз. Естеріңізде ме, әлгі әйгілі істі қолдан ұйымдастырғанға дейін Сергей Дувановты да екі мәрте соққыға жыққаны? Біз бұған да түрткі болған себеп көре алған жоқпыз. Оны былай қойғанда, Асхат Шәріпжановты соққыға жыққандардың нақты кім екені табылған жоқ. Гүлжан Ерғалиеваға шабуыл жасағандардың да ешқандай өші болмай шықты. Оппозициялық «Тасжарған» газетінің жауапты хатшысы Кенжетай Айтбақиевке де екі рет шабуыл жасалды. Мұнда да қылмыскерлер табылмады және шабуылдың себебі де белгісіз",-деген Розлана Таукина әрі қарай ойын былайша жалғастырады:

"Іс билікке қарсы журналистерге қатысты болса, қылмыскер табылған емес. Мәселен, «Литер» газетінің журналисі тоналғанда қылмыскерді әп-сәтте тауып алды, қолды болған фотоаппаратты қайтарып берді. «Казахстанская правда» газетінің журналисіне шабуыл жасалғанда да кінәліні тауып алды. Тәуелсіз және оппозиция журналистері жапа шексе, нағыз кінәлілерді ешқашан таппайды", - дейді Розлана Таукина.

"БИЛІК МАҢЫНДАҒЫ ТОПТАР ЖУРНАЛИСТЕРМЕН ЕСЕП АЙЫРЫСҚЫСЫ КЕЛЕТІН СЕКІЛДІ"

Қазақстандағы тәуелсіз және оппозициялық БАҚ өкілдеріне жасалған қастандықтардың қайтадан жиілеуін Алматыдағы Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина «қорқытудың құралы» деп есептейді. «Журналистерге жасалған шабуылдардың артында кім тұр» деген сұраққа ол Азаттық радиосына берген сұхбатында былай деді:

- Белгілі бір тұжырым жасау үшін шынайы ақпарат қажет. Ал, өз болжамдарымды алға тартпай-ақ қояйын. 19 жасар журналисті аяусыз ұрып-соғуға бұйрық, мәселен, Ақордадан берілді деп ойламаймын. Шамасы, биліктегі түрлі топтар есеп айырысып жатқан болар.

Нинель Фокинаның пікірінше, Қазақстандағы қысымды тиісті заңдарды түзетуге мүмкіндігі бола тұра түзетпегенінен байқауға болады. Бірақ, әзірге сайлаудың ауылы алыс кезде жан-жақты қысым бола қоймас. Ал сайлау жақындағаннан-ақ әдеттегі осындай «қитұрқылықтар» бастала жөнеледі.

Алматы Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокина республиканың имиджіне ендігі жерде Ақорда онша бас ауыртпайды деп пайымдайды. Өйткені, іс бітті: Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі енді ешқайда қашпайды және ешкім ол мәселені қайта дауысқа салмайды. Нинель Фокинаның ойынша, осы себепке байланысты имиджге зиян келтіріп жатқан әлгіндей оқиғаларға Ақордада ешкімнің мұрты қисаймайды. Басталатын іс басталып кетті, енді оны тоқтату қиын деген ол:

"Бұны қалай түсінуге болады? Үнемі өзіме осындай сұрақ қоямын. Басыма келетін жалғыз жауап: біз билік әрекетінің қисынын өз өлшемдерімізбен пайымдауымыз арқылы түсінгіміз келеді.

Меніңше, біз Конститутцияға, құқықтық түсінікке, халықаралық құқыққа сүйенеміз, ал олардың (Ақорданың) біздің ұстанымымыз бен түсінуімізге келмейтін өз қисыны бар. Маған да бұл түсініксіз: өзіміздің жақсы жақтарымызды көрсетудің орнына, теріс қимылдайтынымыз неліктен?

Әнеки, ақпараттандыру туралы интернетке қарсы заң қылаң берді. Полицияның өкілеттілігін кеңейтетін заң да өмірге енуде – жедел іздестіру қызметі туралы заңға түзетулер енгізіліп жатыр. Бәрі де өз ретімен жүріп келеді," – дейді Нинель Фокина.

БАҚЫТЖАН НҰРПЕЙІСОВТІ ӨТЕ ЖАУЫЗДЫҚПЕН ҰРЫП-СОҚҚАН

19 жасар журналист Бақытжан Нұрпейісовтің денсаулығы әлі жақсарған жоқ. Жапа шеккен әріптесінің хал-жағдайын Розлана Таукина:

- Өкінішке қарай, компьютерлік томографияның нәтижесі аса жақсы емес. Оның миына қан құйылған. Жәбірленушінің анасы Гүлдана Нұрпейісова әзірге одан жүйке суын алуға рұқсат берген жоқ. Егер одан жүйке суын алған жағдайда миына қанның қаншалықты ұйығанын анықтауға болады.


Оны бақылауға алған дәрігерлер қатты уайымдауда. Өйткені, оның жағдайы жақсарар емес. Беті қатты ісіп кеткен, көздері мүлде көрінбейді. Бет-аузы көкпеңбек. Жігітті аяусыз ұрып-соққаны байқалады. Ең бастысы, мақсатты түрде басын көздеген. Бұл – журналистерге бағытталған нақты қастандық. Ойлана білетіндер мен жаза білетіндерге және шындықты аша білетіндерге бағытталған қаскөйлік.


Бақытжан Нұрпейісовті ұрып-соққан жердегі қарға қан көп төгілген. Полиция болса қимылсыз. Дәрігерлер қолдан келгенін жасауға тырысып бағуда. Әйтеуір, ол жансақтау бөлімінде емес, ауыр науқастарға арналған палатада жатыр, - деп сипаттады Азаттық радиосына.

«Әділ сөз» қорының президенті Тамара Калеева 2008 жылы 13 қазақстандық журналистке шабуыл жасалғанын еске салып өтті. Ол қылмыстардың ешқайсысы әлі күнге ашылған жоқ.

Қазақстанның құқық орындары журналистерге қарсы бағытталған қылмыстардың бәрін олардың кәсіби қызметіне байланыстырудан қашады, керісінше, ол оқиғаларды әдеттегі қылмыс ретінде қарауға тырысады.

Бір сөзбен айтқанда, Қазақстанда журналист мамандығы өмірге қауіпті кәсіпке айналып отыр.

XS
SM
MD
LG