Accessibility links

Маралды халқының назы. Алтын фабрикасының артында кім тұр?


Маралды ауылының халқы елді мекен іргесінде алтын өндіретін фабрика салуға қарсы болып отыр. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы. 28 наурыз 2023 жыл
Маралды ауылының халқы елді мекен іргесінде алтын өндіретін фабрика салуға қарсы болып отыр. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы. 28 наурыз 2023 жыл

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылының халқы бір жылдан бері ауыл маңында алтын өндіретін фабрика салуға қарсы болып жүр. 26 сәуірде облыс әкімі Даниал Ахметовке бейнеүндеуінде олар өңірдің табиғатын ойлап дабыл қаққан халықтың пікіріне құлақ асуды сұрады. Олар "біз олигархтармен күресіп жатырмыз, әкімдік байлардың мүддесін қорғап отыр" дейді. Азаттық фабриканың артында Даниал Ахметовтің ұлы Талғаттың бизнес-серіктесі мен бұрынғы туризм министрінің ұлы тұрғанын анықтады.

"ЖЕРІМІЗДЕН АЙЫРДЫ"

Маралды облыс орталығы Өскеменнен 300 шақырым, ал аудан орталығы Күршімнен 100 шақырым қашықта. Жол қатынасы қиын. Ауданнан ауылға дейінгі аралықтың жартысынан астамында асфальт жоқ. Жан-жағын биік асу қоршаған бұл өлкеден Алтай тауы басталады. Орманды атырап шығысында Катонқарағай ұлттық паркі мен Марқакөл қорығына ұласады.

– Фабрика салады дегеннен бастап жүрегім ауырып... Мынадай табиғатты бүлдірмекші. Ел бірауыздан қарсы шығып жатыр. Соны басшылар неге тыңдамайды? Әлде Қазақстанға мұндай табиғат керегі жоқ па? Алтын ғана керек пе? – дейді ауыл тұрғыны Нұржақып Қабылбаев.

Маралды ауылының тұрғыны Нұржақып Қабылбаев, Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы. 28 наурыз, 2023 жыл
Маралды ауылының тұрғыны Нұржақып Қабылбаев, Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы. 28 наурыз, 2023 жыл

Алтын өндіретін фабрика ауыл іргесіндегі таудың үстіне салынбақ. Қазір онда ауыр техника жұмыс істеп жатыр. Компания күзетшілері құрылыс орнына маңайлатпайды. Қоршау сыртындағы жолмен өтіп бара жатқан көліктерді де тоқтатып, тексеруге тырысады.

Ауыл адамдары фабрика салатын және оған қатысы бар кәсіпорындардың кенді ашық әдіспен өндіретініне, алтынды кеннен ажыратуға цианид қоспасын қолданатынына наразы. "Бұл экологиялық апатқа себеп болады" деп уайымдайды.

– Жан-жақтан жайылымымызды алып бітті. Малмен жан сақтап отырған халықпыз ғой. Енді ауамыз бен ішіп отырған суымызды былғаса, басқа не қалады? Бізден жоғары 12 шақырым жерде Алтай деген ауыл болған. 70-тей үйі бар еді. Айналасын қазып бітті. Не мал жайылатын, не шөп шабатын жері жоқ. Сары топырақтан басқа ештеңе қалмады. Енді бізге ауыз салғалы жатыр. Бұлардың қазбаған жері қалмады. Ақырын-ақырын қысас қылып, үндемей, күш көрсетпей көшірудің амалын істеп отыр, – дейді тағы бір тұрғын Тоқтар Мұрсалиев.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылының тұрғыны Тоқтар Мұрсалиев. 28 наурыз, 2023 жыл
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылының тұрғыны Тоқтар Мұрсалиев. 28 наурыз, 2023 жыл

Ауыл адамдарының айтуы бойынша, фабрикаға белгіленген таудың іргесінен жеті бұлақ бастау алатын. Біреуінің көзін "кеншілер бітеп тастаған". Қалған бұлақтардың екеуі "құрылыс орнына тым жақын".

Ауыл ішінен Маралды өзені ағып өтіп, ауыл сыртында Күршім өзеніне құяды. Ал Күршім – Ертісті қоректендіретін ірі өзендердің бірі. "Өзеніміз өте таза. Еңкейіп, суын іше береміз. Енді бұған химиялық қоспалар құйылып, Ертістің бойындағы Өскемен, Семей, Павлодар сынды ірі қалаларға да зардабы тиеді" деп қауіптенеді адамдар.

"ЖАУАБЫ ЖОҚ" ҚОҒАМДЫҚ ТЫҢДАУЛАР

Маралды ауылдық округіндегі Маралиха және Маралиха кен алқабы деген кеніштер өткен ғасырда шахталық тәсілмен пайдаланылып, алтын алынған. Қазір онда Maralicha және Maralicha-Gold тау-кен компаниялары барлау жүргізеді. Кәсіпорындар кенді ашық әдіспен алмақ.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылы. 28 наурыз, 2023 жыл
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылы. 28 наурыз, 2023 жыл

Ал алтын фабрикасын "ВСАМ Продакшн" деген компания салмақ. Олар сол кенді өңдеп, алтын-күміс қорытпасын алады. Жылына 250 мың тонна кен өңдемек. Қорытпаны ары қарай тазалап, ұлттық "катодты алтын" стандартына сәйкестендіру үшін "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қорының Астанадағы "Тау-Кен Алтын" аффинаж зауытына жөнелтеді.

Алтын фабрикасын салғалы жатқан "ВСАМ Продакшн" компаниясы Азаттыққа берген жауабында су көзі 500 метрден астам жерде, яғни ортада "рұқсат етілетін" қашықтық бар дейді. Олардың айтуынша, алтын өндірісі әлі басталған жоқ, тек Maralicha мен Maralicha-Gold тау-кен компаниялары "белгіленіп берілген жерлерде барлау жүргізіп", "кенді тәжірибелік-өнеркәсіптік мақсатта өндіріп жатыр".

Маралды ауылының іргесінен алтын фабрикасын "ВСАМ Продакшн" деген компания салмақ. Компания жылына 250 мың тонна кен өңдемек.
Маралды ауылының іргесінен алтын фабрикасын "ВСАМ Продакшн" деген компания салмақ. Компания жылына 250 мың тонна кен өңдемек.

28 наурызда ауылда өткен қоғамдық тыңдауда тұрғындар фабрика су көзіне жақын екенін, ауылға қарасты жерлер бүлініп жатқанын айтып, дабыл қаққан. Оған облыстық экология департаментінің басшысы, аудан әкімі және компания өкілдері қатысқан.

Ауыл адамдары жиналыста "фабрикаға қарсымыз" деп айқайлаған және сол күні үйлерінің сыртына "экологиялық апатқа жол жоқ" деген плакат іліп, наразылық білдірген. Тұрғындар жиын соңында сұрақтарына жауап ала алмағанын айтқан. Аудан әкімі Алмат Ақышов "бұл жолғы қоғамдық тыңдауда жауап берілмейді, тек сұрақтарды жазып алып кетуге келдік, алдағы уақытта келіп жауап береміз" деген.

Маралды ауылының халқы фабрика салуға қарсы екенін айтып, үйінің сыртына "экологиялық апатқа жол жоқ" деген жазу іліп қойған. 28 наурыз, 2023 жыл
Маралды ауылының халқы фабрика салуға қарсы екенін айтып, үйінің сыртына "экологиялық апатқа жол жоқ" деген жазу іліп қойған. 28 наурыз, 2023 жыл

Кейін Бірыңғай экологиялық порталда "қоғамдық тыңдау өткізілді деп танылды" деген белгі шықты. Белсенді Талғат Исиннің айтуынша, бұдан кейін халық алданғандай болып, "ендігі қоғамдық тыңдауларға қатыспаймыз" деген ұйғарымға келген.

"Былтырдан бері 10-ға жуық қоғамдық тыңдау болды. Бірақ наразылығымыз ескерілмеді. Билік тек қоғамдық тыңдау өтті деп хаттама толтырумен келеді" деді Исин.

Расымен, 7 сәуірде халық тағы бір қоғамдық тыңдауға қатысудан бас тартып, әкімдік алдына жиылып, наразылық білдірді. Ауыл әкімі бұл жағдайдан кейін Азаттыққа "қоғамдық тыңдау өткізілмеді деп танылғанын" хабарлады.

"ПРЕЗИДЕНТ ДЕҢГЕЙІНДЕ ШЕШІЛЕТІН МӘСЕЛЕ"

"ВСАМ Продакшн" жер учаскесін былтыр Күршім ауданы әкімінің қаулысымен 10 жылға жалға алған. Фабрика шамамен жеті жыл жұмыс істеуді көздейді.

Облыстық жер ресурстарын басқару департаментінің анықтауы бойынша, фабрикаға деген жер егін шаруашылығына жарамды. Бірақ әкімдік оның нысаналы мақсатын "кен өндіруге арналған жер" деп өзгерткен. Департаменттің ұстанымы бойынша, бұл заңсыз, себебі ауыл шаруашылығына жарамсыз жерлер ғана құрылысқа берілуі керек. Осылайша, департамент "жер беруде заңсыздық болды" деп акт толтырған.

Маралды өзені. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы. 28 наурыз, 2023 жыл
Маралды өзені. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы. 28 наурыз, 2023 жыл

Тұрғындар осыны алға тартып, Күршім ауданы әкімі Алмат Ақышовтан араша сұрады. Ақышов қаулыны өзінен бұрын болған әкім шығарғанын, өзі ештеңе істей алмайтынын айтты.

– Менің деңгейімде бұл мәселе шешілмейді. Бұл – министрліктің, президенттің деңгейінде шешілетін мәселе, жерлестер. Ұнаса да, ұнамаса да – осындай жауап, – деді Ақышов 28 наурызда өткен қоғамдық тыңдауда.

Жер ресурстарын бақылау департаменті мәселені сот арқылы шешуге тырысқан. Аудан әкімдігі мен компания арасындағы келісімшартты тоқтатуға талап арыз берген. Сот Жер кодексінде аталған департаменттің "талап қоюға өкілеттігі көрсетілмеген" деп, арызды қараудан бас тартты.

Ал "ВСАМ Продакшн" сол департаментке қарсы арыз түсіріп, жеңіп шықты. Сот шешіміне қарағанда, жер ресурстарын бақылау департаменті "заңсыз әрекет етті" деп аудан әкімінің аппаратын көрсетеді. Ал әкім аппаратының ондай құзыреті жоқ, ол – әкімнің қызметін қамтамасыз ететін мекеме. Заң бойынша, жер мәселесін әкім аппараты емес, әкімдік шешеді. Сондықтан департамент тергеу нысанын "дұрыс таңдамаған". Осылайша, сот департамент актісінің күші жойылсын деген шешім шығарды.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылы. 28 наурыз, 2023 жыл
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылы. 28 наурыз, 2023 жыл

Сотқа мүдделі тұлға болып қатысқан Маралды ауылының тумасы Талғат Исин департамент "болар-болмас қате жіберді" деп есептейді. Айтуынша, талап арыздың кіріспесінде ғана "әкімдік" дегенді "әкім аппараты" деп "қате" жазған. Ал фабрикаға берілген жерде бұрын ауыл адамдары егін еккені рас.

Талғат Исин жер ресурстарын бақылау департаменті талап арыз кіріспесіндегі қатені түзеп, сотқа қайта жүгінеді деп үміттенетінін айтады.

ҚҰПИЯ ҚҰРЫЛТАЙШЫ ЖӘНЕ ОНЫҢ КІШІ АХМЕТОВКЕ ЖАҚЫНДЫҒЫ

Алтын фабрикасын салғалы жатқан компанияның құрылтайшысы – "Астана" халықаралық қаржы орталығында тіркелген WSAM Group Ltd деген кәсіпорын. Билік халықаралық қаржы орталығында тіркелген, құрамында "шетелдік инвесторы бар" мұндай кәсіпорындардың түпкі бенефициарын жасырын ұстайды.

Дегенмен Egov порталында WSAM Group Ltd-ның бірінші жетекшісі туралы ақпарат бар. Ол – Айдын Рамазанов. Кейінірек ол үш құрылтайшының бірі екені де мәлім болды. Бұл туралы мақаланың аяғында айтамыз.

Маралды ауылының сыртындағы алтын фабрикасы салынады деп белгіленген жерде жұмыс істеп жүрген трактор. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы. 28 наурыз, 2023 жыл
Маралды ауылының сыртындағы алтын фабрикасы салынады деп белгіленген жерде жұмыс істеп жүрген трактор. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы. 28 наурыз, 2023 жыл

Азаттық тілшісінің анықтауынша, Айдын Рамазанов пайдалы қазба, құрылыс материалдары, алюминий өнімдері, мұнай шикізаты мен ілеспе газ алу және тұрғын үй құрылысы салаларында 10-ға жуық компанияға иелік етеді. Ол – солардың ішінде алюминий өнімдерін өндіретін "Малая металлургия РК" деген кәсіпорын арқылы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің ұлы Талғат Ахметовпен бірге бизнесте серіктес. Кіші Ахметов "Малая металлургия РК" компаниясына Engineering Supply Company кәсіпорны арқылы иелік етеді.

"Малая металлургия РК" компаниясында үш құрылтайшы бар. Бірі – Айдын Рамазанов, екіншісі – "Флога" компаниясы және үшіншісі – Engineering Supply Company кәсіпорны.

"Флога" компаниясы жаратылыстану, техника ғылымдары бойынша зерттеу жүргізіп, ғылыми кеңес береді. Электрон үкімет порталында оның иелері Георгий Ксандопуло (марқұм), Галина Ксандопуло және Татьяна Пыльнева деп көрсетілген.

Алтын фабрикасы салынады деп белгіленген ауыл сыртындағы аумақ қоршалған. Маралды, Күршім ауданы, ШҚО. 28 наурыз, 2023 жыл
Алтын фабрикасы салынады деп белгіленген ауыл сыртындағы аумақ қоршалған. Маралды, Күршім ауданы, ШҚО. 28 наурыз, 2023 жыл

Ал Engineering Supply Company-дің иелері – Талғат Ахметов (ШҚО әкімінің ұлы) пен Марат Омаров деген азамат. Egov порталында бұл кәсіпорынның жұмысы жөнінде "пайдалы қазбаларды өндіруге ықпал ететін қызмет көрсетеді" деп жазылған.

Астанада тіркелген кәсіпорынның Өскеменде де филиалы бар. Бөлімше Талғат Ахметовтің тағы бір бизнес-серігі Айдос Бақтыбаевтың VK development group деген компаниясына тиесілі жер теліміндегі ғимаратта (мекенжайы: Базовая көшесі, 3) тіркеуде тұр. Азаттық Айдос Бақтыбаев құрылыс компаниялары арқылы мемлекеттен миллиардтап тендер алып отырғаны туралы зерттеу жариялаған.

Талғат Ахметов 2017 жылы 32 жасында Forbes журналы тізімдеген ең бай 50 қазақстандықтың қатарына кірді. Журнал оның байлығын 145 миллион доллар деп бағалаған. Оның бизнесі әкесі екі рет әкім болған Павлодар өңірінде басталған. Қазір әкесі басшылық етіп отырған тағы бір облыс – Шығыс Қазақстанда да сәтті жалғасып жатыр.

Алтын фабрикасы салынады деп белгіленген жерде жүрген ауыр жүк көліктері. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылы. 28 наурыз, 2023 жыл
Алтын фабрикасы салынады деп белгіленген жерде жүрген ауыр жүк көліктері. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылы. 28 наурыз, 2023 жыл

Оның "ВостокГеоМеталл" деген компаниясы Семей қаласының іргесіндегі Жарқын елді мекеніне жақын аумақта карьер қазып, жер қойнауына барлау жүргізіп жатыр. Мақсаты – дизель отыны мен құрылысқа қолданылатын сазбалшыққа шикізат алу. Компания кеніштен алтын да іздейді. Барлауға рұқсат алған кезде Семей Шығыс Қазақстан облысының құрамында болған еді.

Сонымен бірге осы компания мемлекеттік индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында Өскеменде "Катодты алтын өндіретін гидрометаллургия зауытын" салып жатыр. Құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланған.

Ал "Maralicha мен "ГРК "aralicha-Gold тау-кен компанияларына Шыңғыс Досмұхамбетов деген азамат иелік етеді. "Время" және Abai.kz басылымдары Шыңғыс Досмұхамбетовті бұрынғы туризм және спорт министрі, Астананың экс-әкімі, бұрынғы президент іс басқарушысы, марқұм Темірхан Досмұхамбетовтің ұлы деп жазады.

Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылы. 28 наурыз, 2023 жыл
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылы. 28 наурыз, 2023 жыл

Бұл екі компания 2013 жылы тіркелген. Басында оларға облыс әкімдігінің "Ертіс" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы мен "КЭМП-Восток" деген жекеменшік компания қатар иелік еткен. "КЭМП-Востоктың" құрылтайшылары қатарында Досмұхамбетов те болды. 2019 жылы "Ертіс" корпорациясы мен Досмұхамбетов қана құрылтайшы болып қалды. Ал былтыр күзде Maralicha мен Maralicha-Gold компаниялары толықтай жекеге, Досмұхамбетовтің иелегіне өтті. Азаттық тілшісі бұл екі серіктестікті жекешелендірілген компаниялар тізімінен таппады. Олардың толық жекеге өтуінің себебі белгісіз.

Айта кету керек, "Ертіс" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы барлық облыстағы корпорациялар тәрізді бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған. Мақсаты – өнім өндіріп, табыс табу, табысты "халық қажетіне" жұмсау. Оның директорлар кеңесіне Даниал Ахметовтің өзі төраға.

"ЕШТЕҢЕ БІЛМЕЙТІН" ӘКІМ

Азаттық тілшісі облыс әкімі Даниал Ахметовтен "алтын фабрикасын салатын компания жетекшісімен ұлыңыздың бизнесте серіктес болуы мүдде қайшылығын туғызбай ма, WSAM Group Ltd-ның құпия құрылтайшылары кім?" деп сұрады. Ахметов бұл сұрақтарға "ештеңе білмеймін", "танымаймын" деп, жауапты қысқа қайырды.

"Барлығы заң шеңберінде болса, іс болады. Ал егер заңға қайшы нәрсе болып жатса, онда барлығы тоқтайды" деді ол Азаттық тілшісіне.

Маралды ауылының іргесінде жұмыс істеп жатқан техника. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы. 28 наурыз, 2023 жыл
Маралды ауылының іргесінде жұмыс істеп жатқан техника. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы. 28 наурыз, 2023 жыл

Ал "ВСАМ Продакшн" компаниясы Азаттыққа берген жауабында мына үш азаматты WSAM Group Ltd-ның құрылтайшылары деп көрсеткен: Рамазанов Айдын Саматұлы, Ли Вунг, Lee Hyelan. Жауапқа қарағанда, кейінгі екі адам – Корея азаматтары.

"Малая металлургия РК" компаниясы іс жүзінде 2019 жылы жұмысын тоқтатқан" деп жазылған "ВСАМ Продакшнның" жауабында. Бірақ Statsnet сайтында компанияның 2020-2021 жылдары да салық төлегені тіркелген.

Сонымен бірге жауапта "Айдын Рамазанов Талғат Ахметовпен бизнесте серіктес емес, "Малая металлургия РК" кәсіпорнының қожайыны – Рамазанов пен Engineering Supply Company деген компания" деп көрсетілген. Бірақ, жоғарыда Egov порталынан дерек келтіргеніміздей, Engineering Supply Company-ге иелік ететін екі адамның бірі – Талғат Ахметов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG