Accessibility links

Бір оқу орнының ғимаратына мемлекет қалай екі шығынданбақ?


Бір оқу орынның ғимаратына мемлекет қалай екі шығынданбақ?
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:19 0:00

Бір оқу орынның ғимаратына мемлекет қалай екі шығынданбақ?

Өскеменде құрылысы аяқсыз қалған, мемлекет 2,9 млрд теңге қаржы жұмсаған оқу орнының ғимараты жеке компанияға 16 есе арзан, яғни 180 миллион теңгеге сатылды. Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігі кешенді жөнделгеннен кейін қайта сатып алмақ. Бір ғимаратқа екі рет шығындануға не себеп болды?

ШУЛЫ ТАРИХ. КҮТІМСІЗ КЕШЕН

Оқу орны болады деп басталып, аяқсыз қалған құрылыс – 13 ғимараттан тұратын алып кешен. 2012 жылы мәшине жасаушыларды даярлайтын колледж ретінде басталған ғимараттардың сырты бітіп, ішкі жұмысына көше бергенде құрылыс тоқтап қалған еді. Себебі аяқ астынан 300 орынға шақталған асханасының төбесіндегі цемент тақта құлап, тексеріс басталған.

Құрылысы аяқталмаған мәшине жасаушылар даярлайтын колледждің бас корпусы. Өскемен, 25 қаңтар, 2024 жыл
Құрылысы аяқталмаған мәшине жасаушылар даярлайтын колледждің бас корпусы. Өскемен, 25 қаңтар, 2024 жыл

Тексеріс арты ұзақ сот дауына ұласып, 2017 жылға дейін қаралды. Нәтижесінде сол кезде Білім және ғылым министрлігі деп аталған мииистрлік бөлген 2,9 млрд теңгенің 1 миллиард теңгесі ғимараттарды тұрғызуға, 900 млн теңгесі соның қажетіне жұмсалғаны анықталады. Ал тағы бір миллиард теңге "ұрланған" болып шықты. Бұған байланысты "сыбайлас жемқорлық" бабымен 2017 жылы бұрынғы білім және ғылым вице-министрі Саят Шаяхметов жеті жылға, ал мердігер компанияның өкілі Александр Пак 7,5 жылға сотталды.

Бұл шулы оқиға Қазақстан басылымдарында қызу талқыланған. Саят Шаяхметов сотта кінәні мойындамайтынын айтқан.

Аяқсыз құрылыс осыдан соң Өскемен қаласы әкімдігінің қарамағына өтті. Әкімдік күзетші жалдағанын хабарлаған. Бірақ бір жылдан кейін-ақ есік-терезесі сынып, ғимараттың өзі тозды. Бұқаралық ақпарат құралдары "кешен тоналып жатыр", "қаңғыбас адамдар тұрып жатыр" деп жазған. Бірақ әкімдік ешкімді айыптаған жоқ.

Бұдан кейін, 2021 жылы кешен облыстық әкімдіктің балансына берілді.

Құрылысы аяқталмаған мәшине жасаушылар даярлайтын колледждің ғимараттары: есік-терезесі шағылған спорт залы мен бассейн. Өскемен, 25 қаңтар, 2024 жыл
Құрылысы аяқталмаған мәшине жасаушылар даярлайтын колледждің ғимараттары: есік-терезесі шағылған спорт залы мен бассейн. Өскемен, 25 қаңтар, 2024 жыл

ІСКЕ АСПАҒАН "ЖАЙЛЫ МЕКТЕП"

Өскеменде мұндай аяқсыз ғимараттар барын қоғам 2018 жылдан кейін ұмыт қалдырған тәрізді еді. 2022 жылы үкімет "Жайлы мектеп" жобасын жария етіп, оған "Ұлттық қордан ақша бөлеміз" деп жатқанда бұл ғимаратты Шығыс Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Даниал Ахметов еске салды.

Даниал Ахметов құрылыс алаңын аралап, осы ғимараттарды "Жайлы мектеп" жобасына бейімдеуге болатынын айтты. Бір қызығы, әкімдіктен келген делегацияға кешенді Айдос Бақтыбаев деген кәсіпкер таныстырып жүрді. Ол әлі мемлекеттік сатып алу рәсімі өтпесе де, "Жайлы мектеп" жобасына сай жөндеуді бастап кеткендей сөйледі.

"Мынау – бассейні бар спорт кешені. Бірақ бұзылып қалған. Металдары кесілген. Қазір қалпына келтіріп жатырмыз" деді қолына ұзын таяқша ұстап, ғимарат картасын нұсқап, әкімдік делегациясына таныстырған Айдос Бақтыбаев.

Мәшине жасаушылар даярлайтын колледждің құрылыс аяқталмаған ғимараттары. Өскемен, 25 қаңтар, 2024 жыл
Мәшине жасаушылар даярлайтын колледждің құрылыс аяқталмаған ғимараттары. Өскемен, 25 қаңтар, 2024 жыл

Кейін Айдос Бақтыбаев Даниал Ахметовтің ұлы Талғатпен ортақ бизнес жүргізгені анықталды. Екеуі "ВостокГеоМеталл" деген компанияның ортақ құрылтайшысы болды.

Азаттық осы туралы Даниал Ахметовке сауалхат жолдаған тұста Бақтыбаев пен кіші Ахметовтің компаниясында өзгеріс болды. Екеуі бірге иелік ететін "ВостокГеоМеталл" деген компанияның құрылтайшылары қатарынан Бақтыбаев шығарылды.

Айдос Бақтыбаев 2016 жылы Талғат Ахметовтің Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданындағы "Тұрғысын" су электр станциясын салуға қатысқан еді. Екеуінің бизнестегі серіктестігі осы кезден басталған секілді. Одан кейін облысты Даниал Ахметов басқарып тұрғанда Айдос Бақтыбаевтың құрылыс компаниялары мемлекеттен бір жылда ондаған миллиард теңге тендер алып, Өскеменде көпқабатты үйлер тұрғызды. Азаттық "ұлыңыздың бизнес-серіктесіне тендер алуға ықпал еттіңіз бе?" деп сауалхат жолдағанда Даниал Ахметов жауап бермеген.

Құрылысы аяқталмаған мәшине жасаушылар даярлайтын колледждің ғимараттары: спортзал, шеберхана, гараждар. Өскемен, 25 қаңтар, 2024 жыл
Құрылысы аяқталмаған мәшине жасаушылар даярлайтын колледждің ғимараттары: спортзал, шеберхана, гараждар. Өскемен, 25 қаңтар, 2024 жыл

Бірақ колледжге арналған әлгі кешен жоғарыда айтылған "Жайлы мектеп" жобасымен жөнделмеді. Дегенмен ақыры Айдос Бақтыбаевтың VK development group компаниясына қарайтын VK Invest Company деген кәсіпорынның иелігіне өтті. Анығырақ айтсақ, 180 млн теңгеге сатылды.

"МЕМЛЕКЕТКЕ ҚАЙТА САТЫП АЛАМЫЗ"

Қарашада VK Invest Company-ға сатылған аяқсыз құрылыстар кешенін облыс әкімдігі болашақта қайта сатып алмақ. "Сату кезінде келісімшарт солай болған" деді Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұртуған Маратұлы 19 қаңтарда Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, компания кешенді 2025 жылға дейін Өскемендегі физика-математика бағытындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатқа арнап жөндемек. Өйткені дарынды балалар мектебі ескірген. Мектеп астында құбырлар болмағандықтан, су жоқ, яғни санитарлық талапқа да сай келмейді.

ғимараттары
ғимараттары

– Құрылысы аяқталғаннан кейін мемлекетке қайта сатып алып, мектеп-интернатты сонда көшіреміз. Мектеп-интернат мәселесін осылай шешу жоспарланған, – деді Нұртуған Маратұлы.

Білім басқармасының өкілі ғимаратты "мемлекеттік тапсырыспен жөндету ұзақ уақыт алар еді, сондықтан жекеге сатып, жылдам қолданысқа енгізуді ойладық" дейді.

– Егер оны бюджет ақшасына жөндетсек, құрылысқа 2025 жылы, тіпті 2026 жылы ғана кірісуші едік. Ал жекеменшік компаниялар құжатқа көп уақыт жұмсамайды, бізден гөрі тезірек істей алады, – деді.

Әкімдік жоспары бойынша, мектеп 880, ал жатақханасы 300 орындық болады.

Мәшине жасаушылар даярлайтын колледждің құрылыс аяқталмаған ғимараттары. Өскемен, 25 қаңтар, 2024 жыл
Мәшине жасаушылар даярлайтын колледждің құрылыс аяқталмаған ғимараттары. Өскемен, 25 қаңтар, 2024 жыл

Салыстырып айтсақ, Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданы Жаңа Бұқтырма ауылында 200 орындық мектеп 2 млрд теңгеге салынып жатыр.

Ал одан сыйымдылығы төрт есе артық, мектебі, жатақханасы мен спортзалы бөлек-бөлек бұл кешенді мемлекет кәсіпкерден қайта сатып алу үшін тағы қанша ақша жұмсайды? Бұл сұраққа жауап жоқ. Әкімдік өкілі "сол кезде есептелетінін" айтады.

Бір анығы – осы оқу орнының құрылысына мемлекет осылайша екі рет шығындалайын деп тұр.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG