Accessibility links

Ресейшіл бүлікшілер азаптауды жиі қолданады


Украинадағы Новоградовка қаласының тұрғыны Александр Гуров. 16 мамыр 2014 жыл.
Украинадағы Новоградовка қаласының тұрғыны Александр Гуров. 16 мамыр 2014 жыл.

Украина қарулы күштері ел шығысын бақылауға алу үшін күш сап жатыр. Ал ресейшіл бүлікшілер қолына түскендерді азаптауды дағдылы іске айналдырды.

Александр Гуров – Украинаның шығысындағы Новоградовка қаласының тұрғыны. Ол әкімшілік төбесіне сепаратистер орнатып қойған жалауды алып тастаған кезде бұл әрекетінің жауапсыз қалмасын білген. Бірақ осыншалық аяусыз түрде жәбір көрем деп ойламаған. Екі аптадан соң 36 жастағы шахтер Киевтегі ауруханаға түскен. Жәбірлеушілер оның жағы мен мұрнын сындырған, қолының сүйегін үгітіп, қабырғасын күйреткен.

"Олар мені тоқтамастан соққылады, - дейді ол Азаттық радиосына берген сұхбатында. - Жерде сұлап жатқанымда мені бүгіп алып, басымнан автоматпен ұрды. Бірі қолымнан созып ұстап тұрғанда, екінші біреуі қолымды жаншып секірді. Мен есімнен ауық-ауық танып қала бердім, бұл жақсы болған да шығар, себебі сол уақытта ауырғанымды сезбедім".

Гуров жәбірлеушілер оны «сатқын» деп атағанын айтады. Олар Гуровтың иығындағы «Украина жасасын! Батырлар жасасын!» деген татуаж жазуларды әйнек сынығымен тілгілеген.
Украинский шахтер о пытках сепаратистов
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:14 0:00


АЗАПТАУ ЖӘНЕ АДАМ ҰРЛАУ

Гуровтың басында болған жан түршіктіретін жағдай – Украинаның шығысындағы көп оқиғаның бірі ғана. Бұндағы аймақты қолына алғысы келетін ресейшіл сепаратистерді «адамдарды ұрлап әкетіп, азаптайды» деп айыптайды.

Олар мұны мойындап отыр. Бұл науқан біріккен Украинаны қолдайтын жергілікті шенеуніктер мен белсенділерге, журналистерге, шетелдік шолушыларға, гуманитарлық көмек көрсетушілерге қарсы бағытталған. Донецк пен Луганск қалаларында өткен айда өз бетінше құрылған «халық республикаларына» сын көзбен қарайтындардың кез-келгені «азаптау науқанына» ілігіп кетуі мүмкін.

Сепаратистік қозғалыс барынша ұйымдасып жатыр. Ал адамдарды ұрлап әкету фактілері жүйелі сипатқа ие болды.

Human Rights Watch ұйымының қызметкері Анна Нейстат аталмыш фактілерді
Өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасын» қолдаушы адам. Донецк, 12 мамыр 2014 жыл.
Өзін өзі жариялаған «Донецк халық республикасын» қолдаушы адам. Донецк, 12 мамыр 2014 жыл.
зерттеу үшін Донецк облысына барған еді.

"Мен бұларды байланыссыз оқиғалар демес ем. Арасында айқын ұқсастықтар бар. Күн сайын тағы бір адамның ұрлап әкетілгені не тұтқында азапталған адамның табылғаны жайлы хабар аламын" дейді ол.

Нейстат өзі сөйлескен азаптау құрбандарының адам шошитын зорлық-зомбылыққа ұшырағанын баяндап берді. Көбі аса ауыр жарақат алған. Human Rights Watch ұйымы қазіргі уақытта бүлікшілердің ондаған адамды тұтқында ұстап отырғанын айтады.

Антон – бұрынғы сепаратист. Азаттық радиосына берген сұхбатында HRW-дің айыптауын растап отыр. 25 жастағы жігіт қудалаудан сескеніп, тек есімін ғана атады. Ол Украинаның тұтастығын жақтайтындардың қалай азапталғанын өз көзімен көргеннен кейін бүлікшілерден бас тартқанын айтады.

"Олар Донецк аймақтық кеңесінің (қазір сепаратистердің штаб-пәтері) баспалдағында үсті-басы қан, қиналған және көздері таңып тасталған күйде отырды" дейді Антон.

Оның айтуынша, бүлікшілер ұсталғандарды «жөнге салу» үшін соққыға жыққан.

"Оларға «Украина» дегенді аузына алуға және украин тілінде сөйлеуге тыйым салды. Оларға «енді бұл – Ресей» деп мәлімдеді. Тұтқындарды ұрып, азаптайды. Сосын қала сыртына шығарып, босатып жібереді" дейді ол.

Алайда азаптаудан бәрі бірдей аман қалмайтын көрінеді.

Соңғы айда өзеннен азаптап өлтірілген екі ер адамның денесі табылған. Бұл – Украина шығысындағы Славянск қаласының маңында болған оқиға.

Табылған екеудің бірі жергілікті мемлекеттік қызметкер Владимир Рыбак екені айтылды. Сепаратистік жалауды алып тастағаны үшін ресейшіл бүлікшілер, алдымен оған шабуыл жасап, кейін тал түсте ұрлап әкеткен. Жоғалған адамдардың көбінен бірнеше апта бойы еш хабар-ошар болмаған. Олар әлдеқашан мерт болды ма деген күдік бар.

«ҚАРА ҚҰРДЫМ»

Славянск қаласындағы сепаратистер АҚШ журналисі Симон Островскийді үш күн қамауда ұстаған. Ол «қазір бүлікшілер бақылауындағы Украина қауіпсіздік қызметі (СБУ) қалалық бөлімінің жертөлесінде ондаған тұтқынды көргенін» айтады. Бұл ғимаратты Нейстат «қара құрдым» деп атап отыр, себебі оған кірген көп адам із-түзсіз жоғалып кеткен.
Америкалық журналист Саймон Островский сепаратистер тұтқынынан босағаннан кейін. Донецк, 24 сәуір 2014 жыл.
Америкалық журналист Саймон Островский сепаратистер тұтқынынан босағаннан кейін. Донецк, 24 сәуір 2014 жыл.
Островскийдің айтуынша, кей тұтқындардың қамауда отырғанына екі апта болған.

Гуров өзін тапа-тал түсте бастан-аяқ қаруланған маскалы адамдар ұрлап әкеткенін айтады. Тұтқында болғандардың көбісі осылай қолға түскен дейді.

Оны украинашыл бес белсендімен бірге ұстап әкеткен. Арасында тағы бір шахтер мен Новоградовка қаласының Киевтегі үкіметті қолдайтын шенеуніктері болған. Олар мамырдың 4-і күні қаладағы сепаратистерден құтылудың жолын талқылауға жиналған.

Гуров өз тобының бейбіт әрекет еткенін айтады. Олар негізінен ғимараттарға орнатылған сепаратистік жалауларды алып тастаумен ғана айналысқан. Белсенділерді микроавтобусқа салып, Донецкідегі аймақтық кеңеске алып келген. Бұл 11 қабатты ғимарат – қазір "Донецк халық республикасының" штаб-пәтері.

Баррикадалармен және тікенек сыммен қоршалған осы ғимарат сепаратистік қозғалыстың орталығы ретінде танылып үлгерді.

Сыбыс бойынша тергеу мен азаптаулар бесінші және алтыншы қабаттарда жүргізілетін көрінеді. Куәгерлер уақытша госпиталь екінші қабатта орналасқан дейді. Онда операциялар жасалатын бөлме мен бірнеше кезекте істейтін 50 шақты медициналық қызметкерлер бар сияқты.

Гуровтың сөзінше, ұрлаған адамдар оның басына Украина жалауын орап, сыртқа біраз уақыт көрсеткен. Сосын бесінші қабатқа апарған.

"Олар мені кабинетке кіргізді. Маған көрші кабинеттерден достарымның айғайлаған дауыстары естіліп жатты" дейді ол.

Кеншінің айтуынша, оны қайта-қайта соққыға жыққан, қорлап, "өлтіреміз" деп қорқытқан. Бұдан соң денесіне әлдебір сұйық зат салған. «Одан өзімді әлсіз әрі дел-сал сезіндім» дейді Гуров.

Оны келесі күні босатқан. Ұсталған сепаратистерге айырбас ретінде деп түсіндіреді. Белсенділердің қалған бесеуі де босатылған. Барлығы аса ауыр жарақат алған. Антон бесінші және алтыншы қабаттарда жұмыс істейтін адамдар - Украинаның шығысынан екенін айтады.

"Олардың бәрі – тергеу ісінің шебері. Құқық қорғау және барлау қызметкерлеріне ұқсайды" дейді ол.

«БҮЛІКШІЛЕР РЕСЕЙДЕН КЕЛГЕН»

Антон бүлікшілердің Ресейден келгені туралы сыбысты рас деп отыр. «Олардың арасында казак құрылымдары да бар, олар сепаратистерге көмектесу үшін келген» дейді ол.

Бұған қоса ол Донецк аймақтық кеңесінің ғимаратында уақытша госпиталь ұйымдастырылғанын да растады. Ондағы медицина қызметкерлері жараланған бүлікшілерді емдеп, арасында тұтқындардың да жарасын таңып беретін көрінеді.

Антонның айтуынша, бүлікшілер өткен аптада Донецкідегі Қызыл крест кеңселерін тінтіп шыққан. Олар гуманитарлық көмек қызметкерлерін жеті сағат
Баррикада қасында тұрған рсейшіл қарулы сепаратист. Славянск, 14 мамыр 2014 жыл.
Баррикада қасында тұрған рсейшіл қарулы сепаратист. Славянск, 14 мамыр 2014 жыл.
ұстаған. Сондағы мақсаттары – сепаратистер госпиталі үшін дәрі-дәрмек тартып алу болған.

Ал "Донецк халық республикасының" баспасөз хатшысы Қызыл крест қызметкерлері «тыңшылық әрекет жасады» деген күдікпен ұсталды деп мәлімдеді. Олардың бірі ауыр соққыға жығылған.

Бүлікшілер ортасын тастап шыққалы бері Антон «бұрынғы қарулас жолдастарым мені де тәртіпке сала ма» деген үрейден арылар емес.

"Егер олар бұны білер болса, олар мені кешірмейді" дейді ол.

Гуров та өзінің, әйелі мен баласының өмірі үшін алаңдайды. Оның отбасы қоқан-лоққы көрген соң, отағысының артынан Киевге барған. Шығыс Украинаға қайтып оралу ойында да жоқ.

"Донецк халық республикасы" мені өлім жазасына кескен" дейді ол.

Болашаққа жоспары жайлы сұрағанда Гуров абдырып қалды. Алайда ауруханадан шыға салып анық кірісетін екі ісі бар. Бірі – біртұтас Украина үшін күресін жалғастыру. Екіншісі – қолындағы татуажды қалпына кетіру.

"Мен бұрынғыдан да келбетті әрі жарқын болам деп сөз берем. Тыртық қалса, оны түзетуге болады. Барлығы дұрыс болады" дейді ол.

Клэр Биггтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан.
XS
SM
MD
LG