Accessibility links

"Балалар да соғыс жайлы айтады". Орталық Азия тұрғындарының Украинадағы соғысқа көзқарасы


Украин ақыны Тарас Шевченкоға арналған ескерткіш маңындағы Украинаны қолдау акциясы. Алматы, 24 ақпан 2024 жыл.
Украин ақыны Тарас Шевченкоға арналған ескерткіш маңындағы Украинаны қолдау акциясы. Алматы, 24 ақпан 2024 жыл.

Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан халқының басым бөлігі Украинадағы соғысты бақылап келеді. Қазақстандықтардың көбі Украинаны қолдайтыны айқын білінеді. Ал Қырғызстан және Өзбекстан азаматтарының басым бөлігі Ресейді қолдайды. Қазақстандық PaperLab зерттеу орталығының «Соғыс жаңғырығы: Ресей-Украина соғысына Орталық Азиядағы қоғамдық көзқарас» деп аталатын баяндамасының түйіні осы.

"Соғыс, оны бәрі айтады, тіпті балалар да. [Ұлым] Мектептен келеді де сұрайды "мама, сіз Ресейді қолдайсыз ба, әлде Украинаны ма?". "Мектепте осыны талқылайсыңдар ма?" деймін. Бесінші сынып! "Ол жақта біздегі балалар бөліседі. Украинаны қолдайсың ба?". "Бастарыңды қатырмаңдар, бұл сендер талқылайтын тақырып емес" деймін". Бұл PaperLab зерттеу орталығының сауалнамасына қатысқан 45 жастағы Астана тұрғынының сөзі. Оның пікірінше, соғыстың Қазақстанға "түк қатысы жоқ". Ол осыны ұлына да ескерткен.

Қазақстандықтар Украинадағы соғысты басқыншылық басталғалы бері бақылап келеді. Алайда Қазақстан және Қырғызстан азаматтарының да "соғысқа құлағы үйреніп қалған тәрізді".

Мысалы, Қазақстанда 2022 жылы көктемде сауалнамаға қатысқандардың 32 пайызы "соғысты мұқият бақылап отырғанын" айтса, 39 пайызы "жеткілікті дәрежеде мұқият"қарап отырғанын айтқан. Ал 2023 жылы көктемде бұл көрсеткіштер 26 және 38 пайыз болып өзгерген.

Қырғызстанда 2022 жылы көктемде респонденттердің 41 пайызы "соғысты өте мұқият бақылап отырғанын" айтса, 34 пайызы "жеткілікті дәрежеде мұқият" қадағалап отырғанын айтқан. 2023 жылы көктемде бұл көрсеткіштер 33 және 41 пайызға ауысқан.

Өзбекстанда сауалнамаға қатысушылардың 23 пайызы 2022 жылы көктемде "соғысты өте мұқият бақылап отырғанын" айтса, 25 пайызы "жеткілікті дәрежеде мұқият" қарап отырғанын жеткізген. (2023 жылы бұл елде сауалнама жүргізілмеген). Қырғызстан және Өзбекстан азаматтары арасында жүргізілген сауалнама нәтижесі Central Asia Barometer Survey зерттеу орталығынан алынған.

PaperLab зерттеушілерінің айтуынша, екі жылдан кейін Орталық Азия елдері соғысты жеке әлеуметтік мәселелерінің "призмасы" арқылы қабылдай бастаған.

Мысалы, қазақстандықтар Ресей немесе Украинада тұратын туыстарына бара алмайтынына алаңдаса, Қырғызстан және Өзбекстан азаматтары Ресейде нәпақа тауып жүрген туыстарын соғысқа алып кете ме деп алаңдай бастаған.

Қазақстандықтар арасында "Ресей басып кіруі мүмкін" немесе "елдің солтүстік аймағын жаулап алады" деп қауіптенетіндер бар. 2022 жылы қараша айында респонденттердің 26 пайызы "Ресей Қазақстанға басып кіруі мүмкін" деп болжаса, 74 пайызы "бұл мүмкін емес" деп айтқан. Осындай қауіп айтқан тұрғындар саны 2023 жылы 39 пайызға дейін жеткен.

ҚАЗАҚСТАНДА СОҒЫСТЫ АҚТАЙТЫНДАР АЗАЙДЫ

Зерттеуге сүйенсек, аймақтарда қақтығысқа көбіне 50 жастан асқан азаматтар (40–53 пайызы) қызығушылық немесе алаңдаушылық білдірген. Олар Совет одағы кезінде мемлекеттердің "бір ту астында" өмір сүргенін алға тартқан.

Зерттеушілер жастар арасында Ресей басқыншылығына деген "немқұрайлы көзқарас" басым деп тұжырымдайды. Мысалы, Қазақстан мен Өзбекстанда 30 жасқа дейінгі жастардың 15 пайызы ғана "соғысты өте мұқият" бақылап отырғанын айтқан.

PaperLab орталығының сарапшысы, зерттеуші Серік Бейсембаев
PaperLab орталығының сарапшысы, зерттеуші Серік Бейсембаев

– Майданнан бері Украинадағы жағдайды бақылап жатқандар бар. Респонденттер әртүрлі тақырыпқа қызығатынын байқадық: біріншіден, олар соғыс алыста жүріп жатпағанын біледі; соғыстан кейінгі қымбатшылық, экономикалық салдар, көші-қонның теріс әсері, – дейді зерттеуге қатысқан қазақстандық ғалым Серік Бейсембаев.

Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін Өзбекстанда соғысты ақтайтындар (44 пайыз) көп болған. 2023 жылы көктемде жүргізілген сауалнамада қазақстандықтардың 23 пайызы және Қырғызстан азаматтарының 33 пайызы соғысты ақтаған.

2022 жылғы сауалнамамен салыстырғанда соғысты ақтайтын қырғыз азаматтарының саны сол күйінше қалған. А Қазақстанда соғысты қолдайтындар 30 пайыздан 23 пайызға дейін қысқарған. Бұрын соғысты қолдаған қазақстандықтар 2023 жылы соғысқа қарсылардың қатарын толықтырған.

"РЕСЕЙ АҚПАРАТ КЕҢІСТІГІН ТОЛЫҚ БАҚЫЛАЙ АЛМАЙТЫНЫ БАЙҚАЛАДЫ"

2023 жылы көктемде жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесі Қазақстан азаматтарының 26 пайызы соғысқа Ресей жауапты деп санайтынын көрсеткен. 20 пайызы Украинаны кінәлаған. Ал 10 пайызы АҚШ-та айыптаған.

Қырғызстанда Украинаны айыптайтындардың үлес салмағы (36 пайыз) басым болып шыққан. 14 пайызы соғысқа – Ресей екенін, 13 пайызы АҚШ жауапты екенін айтқан.

2023 жылдың алғашқы алты айында жүргізілген сауалнама нәтижесі Орталық Азияда Ресей пропагандасының ықпалы әлі де бар екенін көрсеткен.

Сауалнамаға қатысқандар "Украинадағы соғысты АҚШ президенті Джо Байден бастады" және "Ресей өзінің стратегиялық мүддесін қорғап отыр", "Ресейде экономикалық дағдарыс, Путин қоғам назарын бұрғысы келеді" немесе "соғысқа Украина президенті Владимир Зеленский кінәлі" деп айтқан. Сауалнамаға қатысушылардың кейбірі "Украинадағы ұлтшылдар" туралы да сөз еткен. Бұл нарратив Ресей пропагандасының әсері.

"Барлық елдегі ресейлік БАҚ-тың ықпалын ескерсек, фокус-группа соғысқа АҚШ, ЕО және НАТО немесе "ұжымдық Батысты" кінәлайды деп күтуге болады. Кремль Ресейдің ақпараттық монополиясын уысынан шығармауға тырысқанымен Орталық Азиядағы медианы толық бақылай алмайтыны байқалады. Сол себепті Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстанда "Украинадағы соғысқа кінәлілер" туралы әңгіме күрделі және қарқынды" деп түйіндейді зерттеушілер.

2023 жылы наурызда Қазақстандағы респонденттердің 22 пайызы Украинаны қолдаса, 12 пайызы Ресейді қолдаған, ал 60 пайызы бейтарап қалған.

ДИПЛОМАТИЯ АРҚЫЛЫ БЕЙБІТШІЛІККЕ ҚОЛ ЖЕТКІЗУГЕ БОЛАТЫНЫ ЖӨНІНДЕ КӨЗҚАРАС

Зерттеуге сүйенсек, Қазақстан және Қырғызстан тұрғындарының "соғыс жайлы алаңдаушылықтары" былтыр сәл бәсеңдей бастаған. Ал жағдай барған сайын нашарлайды деп санайтын азаматтардың қатары 10 пайызға қысқарған.

2023 жылы көктемде жүргізілген сауалнама нәтижесі қазақстандықтардың 42 пайызы "соғыс дипломатиялық жолдар арқылы шешіледі" деп санайтынын көрсетсе, 18 пайызы "Ресей Украина шарттарына көнеді" деген. 18 пайызы "Ресей шегінеді" деп болжаған.

Қырғызстанда фокус-группаға қатысушылардың 55 пайызы "екі мемлекет дипломатиялық келісімдерге қол жеткізеді" деген болжам айтқан. Ал 25 пайызы "Украина Ресейдің шарттарына мойынұсынады" деп болжаған. Тек төрт пайызы ғана "Ресей шегінуі мүмкін" деген болжам айтқан.

Paperlab зерттеу орталығының әлеуметтанушысы Серік Бейсембаев осы баяндама арқылы ұйым зерттеу міндетін орындады деп санайды.

— Зерттеудің мақсаты – ғылыми негізделген ақпарат тарату арқылы қоғамдағы пікірталастың өрістеуіне көмектесу. Украина тақырыбы өте маңызды. Тіпті адам бұл мәселеде сарапшы болмаса да, кез келген адам үйінде бұл тақырыпты айналып өте алмайды. Оны талқылап отырып жаңаша ой түйіндеуі мүмкін, - дейді Серік Бейсембаев.

Оның айтуынша, зерттеуге қатысқан кей авторлар Орталық Азиядағы қысымнан қорқып өзін ашып көрсетпеген.

XS
SM
MD
LG