Accessibility links

Хостелдегі өрт: кемінде 13 адам қаза тапқан


Өрт болған хостелдің сырты қоршалған, маңында полиция тұр. Алматы, 30 қараша, 2023 жыл
Өрт болған хостелдің сырты қоршалған, маңында полиция тұр. Алматы, 30 қараша, 2023 жыл

30 қарашада Алматыдағы хостелдердің бірінде өрт шықты. Төтенше жағдай қызметі кемінде 13 адам қаза тапқанын хабарлады. Олардың 9-ы қазақстандық, екеуі Өзбекстан азаматы, тағы екеуі Ресейден келген дейді полиция. Жергілікті билік өрт шыққан жылжымайтын мүлік Халық банкте кепілде тұрғанын айтты.

ӨРТ ҚҰРБАНДАРЫ

Сәрсенбі, 30 қарашада таңғы мезгілде Алматының орталығындағы Almaty Hostel деп аталатын хостелде шыққан өрт салдарынан оннан астам адам опат болды деп хабарлады қалалық төтенше жағдай департаменті.

"30 қарашада сағат 5:33-те Әди Шәріпов көшесінде өрт болып жатқаны туралы хабар түсті. Өрт сөндірушілердің алғашқы тобы оқиға орнына 7 минут ішінде жетті. Олар барған кезде үш қабатты тұрғын үйдің жертөлесінің жанып жатқанын көрген. Ғимараттың бірінші қабаты мен жертөлесі хостел ретінде жабдықталған. Өртті барлау және сөндіру кезінде 13 адам өлі табылды, олардың аты-жөні анықталып жатыр" деп хабарлады Алматы қалалық төтенше жағдай департаментінің баспасөз қызметі.

Түске қарай полициясы қаза тапқандардың 9-ы қазақстандық, екеуі Өзбекстан азаматтары, тағы екеуі ресейліктер деп хабарлады. Содан бірнеше сағат бұрын қала әкімі Ерболат Досаев басқаша дерек айтқан еді.

Бейсенбі күні таңертең өрт болған жерге барған Азаттық тілшісі сөйлескен адамдардың айтуынша, қаза тапқандардың бірі – 15 жастағы ұл бала. Ал төтенше жағдайлар қызметі өрттен мерт болғандар арасында "қарт адамдар, әйелдер мен балалар жоқ" деп хабарлаған болатын.

Өрттен зардап шеккен бірнеше адам ауруханаға түскен. Олардың біреуіне иіс тиген, жағдайы орташа ауыр деп хабарланды.

Әди Шәріпов көшесіндегі бұл үш қабатты көппәтерлі тұрғын үй 1956 жылы салынған. Оның бірінші қабаты мен жертөлесінде Almaty Hostel атты хостел болған.

Азаттық тілшісі бірінші қабаттағы кейбір терезелердің сынғанын, сырт жақта әйнектер сынығы жатқанын көрді. Хостелде тұрған кейбір адамдар өрт шыққан кезде терезені сындырып далаға шыққанын айтты.

Өрттің неден тұтанғаны әзірге белгісіз. Өртенген ғимараттағы адамдар түтінге тұншығып қайтыс болған болуы мүмкін деген жорамал айтылып жатыр.

Билік таратқан ақпаратта хостелде барлығы 72 адам болғаны, өрт басталғаннан кейін 59 адам далаға шығып үлгергені жазылған.

Төтенше жағдай қызметі аумағы – 30 шаршы метр болатын өрт сағат 6:22-де сөндірілді деп хабарлады.

Алматы қаласының төтенше жағдай жөніндегі департаменті Қылмыстық кодекстің "Өрт қауіпсіздігі талабын бұзу" деп аталатын 292-бабы бойынша іс тіркелгені туралы ақпарат таратты.

Алматының Алмалы ауданы әкімдігінің өкілі Айдар Жақыбаев журналистерге өрт шыққан кезде хостелде болғандардың көбі - студенттер, арасында медицина университетінде оқитын Үндістан, Пәкістан азаматтары бар екенін айтты.

Билік өкілдерінің айтуынша, өрт болған хостелден сыртқа шығып үлгерген 59 адамның үшеуі ауруханаға жеткізілген. 56 адам жақын маңдағы мектепке уақытша орналастырылған. Олар ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі, медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі деп хабарлады Алматы қаласының әкімдігі.

30 қарашада Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов Алматыдағы көп адамның ажалына себеп болған өрттің себебін анықтау жөнінде үкімет комиссиясын құру туралы өкім шығарды. Комиссияға жетекшілік ету жүктелген Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрі Сырым Шәріпханов Алматыға шұғыл аттанды деген ақпарат тарады.

"ХОСТЕЛ РҰҚСАТСЫЗ ЖҰМЫС ІСТЕГЕН"

Алматы қалалық төтенше жағдай жөніндегі департаменттің басшысы Нұрлан Атығаев өрт болған хостел осыдан бір жарым ай бұрын ашылғанын, бірақ осы қызмет түрімен айналысуға рұқсат алмағанын айтты.

Оның сөзінше, хостелде өрт сөндіретін құрал-жабдық болмаған, алайда дабыл қағатын құрылғы өрт шыққан кезде іске қосылып, белгі берген.

Қала әкімінің айтуынша, хостел заңға қайшы жұмыс істеген.

"Денсаулық сақтау министрлігінің құқықтық-нормативтік актілері бойынша, жертөлені адам тұратын бөлме ретінде пайдалануға тыйым салынған. Ондай жерлерді қосалқы орын, қойма ретінде ғана жабдықтауға болады", – деді Досаев.

Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі өрт шыққан тұрғынжай Халық банкте кепілде тұрған мүлік екенін хабарлады.

"Бұл хостел Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарымен студенттерді жатын орынмен қамтамасыз ету туралы меморандум жасамаған. Студенттерден осы хостелде тұратыны жөнінде өтініш түспеген, оларды бұл хостелге орналастыру бойынша жұмыстар жүргізілмеген", – деп жазылған әкімдік таратқан ақпаратта.

"Власть" басылымы қыркүйекте Алматы мен Астанадағы хостелдер туралы көлемді мақаласында оларда тұратын адамдардың түгелге дерлігі үлкен қалаларға басқа аймақтан келгенін жазған. Басым көпшілігі құрылыста және басқа салаларда жұмыс істеуге келген бұл адамдар тұрғын жайды жалға алуға шамасы келмегендіктен, бағасы арзанырақ, тек жатын орын ұсынатын хостел қызметін пайдалануға мәжбүр дейді басылым.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG