Accessibility links

Түпнұсқа емес, биосимиляр. Қазақстан Қытайдан сатып алған инсулинге пациенттер секеммен қарайды


Қазақстан диабетпен ауыратын адамдарға салуға Қытайдан сатып алған инсулин дәрісі.
Қазақстан диабетпен ауыратын адамдарға салуға Қытайдан сатып алған инсулин дәрісі.

Қазақстан үйреншікті еуропалық инсулиннің орнына Қытайда шығарылған инсулин сатып алған. Қытайда бір ғана зерттеуден және Қазақстанда тек шектеулі клиникалық бақылаудан ғана өткен жаңа препаратқа пациенттер секеммен қарайды. Сарапшылар мен депутаттардың көкейінде де оған қатысты сұрақ көп. Денсаулық сақтау министрлігі жұрттан жаңа препаратқа қатысты шағым түскен жоқ дейді.

Қытайда шығарылатын "Рапилин" атты жаңа инсулин секем туғызатынын 18 наурызда алғаш болып мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова айтты. Палата отырысында депутат қазақстандық пациенттерге арналған жаңа инсулин клиникалық зерттеулерден өтпегенін мәлімдеді. Алайда Денсаулық сақтау министрлігінің шенеуніктері препарат пациенттерге тегін медициналық көмек ретінде беруге болатындай сапалы деп есептейді.

"Оның қаншалықты тиімді екені белгісіз, әлі клиникалық сынақтан да өтпеген. Дәрігерлер де, науқастар да наразы. Азаматтарымыздың денсаулығы жөнінде айтып отырмыз ғой. Неге еуропалық сапалы препарат сатып алуға болмайды?" – деп сұрады Гүлдара Нұрымова мәжіліс отырысы кезінде.

Азаттықтың сұрағына жауап берген "Аманат" партиясының депутаты бұл препаратқа пациенттер де, дәрігерлер де секеммен қарайтынын айтты. Ол солардың шағымы бойынша осындай сауал жолдаған.

– Бізді толғандырып отырған маңызды нәрсе – бұл препарат қолданғаннан кейін қалай әсер етеді, салдары қандай болуы мүмкін? Өйткені жеткілікті зерттелмеген инсулиннің жағымсыз әсері жоқ екеніне, толықтай тиімді нәтиже беретініне ешқандай кепілдік жоқ. Биосимилярлардың кез келген жағымсыз әсер болуы мүмкін, – деді депутат Нұрымова.

Әдетте биосимилярлар [түпнұсқа дәріден] кем дегенге 15 пайыз арзан болады. 2023 жылы өткізілген мемлекеттік сатып алу тендерін Қытайда жасалған инсулин жеңіп алғаны соған байланысты болса керек. Мамандар биосимилярды "түпнұсқаға жақын" препарат дейді.

"АТЫ-ЗАТЫ ЖОҚ ИНСУЛИН"

Әли Аманов "бірінші типтегі диабет" диагнозымен өмір сүріп жатқанына 24 жыл болғанын айтады. Алғаш рет диагнозын естіп, инсулинге "басыбайлы" болған күн – 2000 жылғы 28 ақпан жадында өшпестей сақталған.

Әли Аманов инсулин препаратын қолданып келе жатқанына ширек ғасырға жуықтағанын айтады.
Әли Аманов инсулин препаратын қолданып келе жатқанына ширек ғасырға жуықтағанын айтады.

– Әу бастан инсулинге тәуелді болдым. Алғашқы кезде шошқа инсулині еді, кейін адамдыкі пайда болды. Әрине, [препаратты шетелден] жеткізу өте қиын, – дейді ол.

Айтуынша, сапасыз инсулинді алғаш рет 2019-2020 жылдары, Денсаулық сақтау министрлігі Үндістанда жасалған препаратты сатып алған кезде көріпті. Пациенттер өзіне дәрі салғанда қолданатын қалам-шприцтер "тура мағынасында уатылып" қалған. Содан кейін Аманов инсулинді өз ақшасына сатып алуға мәжбүр болған.

Денсаулығымды ойлағандықтан қазір де солай істеймін дейді ол. Оның үстіне, инсулин препаратын басқасына алмастырған кезде дәрігерлер қадағалап, мұқият бақылауы керек. Әйтпесе, белгісіз инсулин қант диабетімен ауыратын науқастың қанындағы қант мөлшерін күрт көтеріп, күтпеген жағымсыз салдарға әкеп соғуы мүмкін дейді пациент.

– Қазір ондай жоқ, препаратты жайдан-жай бере салады. Ол адам ағзасына қалай әсер ететініне ешкім қарап жатқан жоқ, – деп ашынады Әли Аманов.

Препарат түпнұсқа емес екеніне "Диабетиктердің ата-аналар комитеті" қоғамдық қорының директоры Руслан Закиев те назар аударған. Оның айтуынша, Қазақстанда биосимилярларды қолдану алгоритмі жоқ.

Ол қытайлық инсулин тек Қытайда, оның өзінде бір-ақ рет сынақтан өткенін, соның нәтижесі бойынша, препарат Еуропада өндірілетін түпнұсқа инсулинге сәйкес келеді деген байлам жасалғанын айтады.

– Бірақ басқа елдердегі ірі халықаралық орталықтар мен килинкаларда сынақ жүргізілмегендіктен, бұл инсулинді салмақты фармреттегіштер мақұлдамағандықтан, әлбетте, біз де пациент ретінде оған секеммен қараймыз. Бүгінде әлемдік тәжірибеде салмақты реттеу жүйесі бар елдерде автоматты түрде алмастыруға рұқсат етілген биосимилярлар саны өте аз. Ал "Рапилин" (қытайлық инсулин) бұл тізімде жоқ екендігі күмәнді күшейтеді. Әлбетте, сондықтан қазақстандықтар Қытайда жасалған өнімнің тиімді екеніне сенбейді, – дейді Руслан Закиев.

"ХАЛЫҚТАН ШАҒЫМ ТҮСКЕН ЖОҚ"

Гүлдара Нұрымованың сұрағына жауап берген денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қытайлық инсулин қазақстандық пациенттерге жағымсыз әсер еткен жоқ деді.

"Бірінші партиясы былтыр сатып алынды. Жыл бойы халықтан шағым түскен жоқ", – деген министрдің сөзін "Власть" басылымы жазды.

Руслан Закиев министрдің сөзінде дәлдік жоқ дейді, себебі препарат 2023 жылдың аяғында ғана сатып алынған және пациенттер оны енді ала бастамақ. Қытайдан әкелінген инсулиннің алғашқы партиясы – осы, сондықтан оның ағзаға әсері жөнінде айтуға әлі ерте дейді ол.

"Дибетиктердің ата-аналар комитеті" қоғамдық қорының директоры Руслан Закиев.
"Дибетиктердің ата-аналар комитеті" қоғамдық қорының директоры Руслан Закиев.

Бұған қоса Закиев Қытайдың инсулин өндірушілердің Қазақстан нарығына кіруге талпынысы бірінші рет емес дейді. Мысалы, алғаш рет 2022 жылы кірмек болғанда қоғам белсенділері шу шығарып, ол препаратты сатып алуға тосқауыл қойған екен. Кейін қытайлық препарат тендерге қатысуға қайта өтініш беріп, қоғам белсенділері Денсаулық сақтау министрлігімен жаңа инсулин тек 18 жастан асқан науқастарға беріледі деген келісім жасаған дейді Закиев.

Былтыр Қазақстан қытайлық препаратқа ішінара клиникалық бақылау жүргізгені белгілі болды. Қытайда жасалған инсулинді біраз пациентке салып, сынақтан өткізген, бірақ оны зерттеу деп атауға келмейді дейді Руслан Закиев.

– Қазақстандық дәрігерлер Қытай инсулині түпнұсқаға сәйкес келеді деген қорытынды шығарды. Бірақ ол кең көлемде қолданысқа енген жоқ. Енді ғана басталып жатыр, – дейді Закиев.

"МИНИСТРЛІК ӨЗГЕРІС ЕНГІЗДІ, ТЕНДЕР – ЗАҢДЫ"

"СК Фармация" медициналық құрал-жабдықтар мен дәрі-дәрмектердің бірыңғай дистрибьюторі Азаттықтың сұрағына берген ресми жауабында 2023 жылғы 28 желтоқсанда Денсаулық сақтау министрлігі Бірыңғай дистрибьютор тізбесіне өзгерістер мен толықтырулар, оның ішінде "Инсулин аспарт" аталымын да енгізгенін, сөйтіп қытайлық препарат "заңға сәйкес сатып алынғанын" жазды.

Бірыңғай дистрибьютор тізбесіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген соң іле-шала сатып алу жөнінде тендер өткен. Қытай инсулинін сатып алуға 1,3 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалған. Тендерді "Ақ ниет" ЖШС жеңіп алып, Gangan Medical Technology Jiangsu Co. LTD. компаниясының "Рапилин" инсулин аспартын [Қазақстанға] жеткізген.

Емханада Қытай препаратын алғандардың бірі – алматылық Дамира Ауғамбаева. Ол екінші типті қант диабетіне шалдыққан.

"29 наурызда емханадан жаңа инсулин алдым, бірақ оны қалай қолдану керегін мүлде білмеймін. Тек картридждері бар, шприці жоқ. Дозаны қалай есептеу керегін де түсінбеймін. Ешкім түсіндірмеді", – деді Дамира.

Бір атап өтер жайт, "СК-Фармация" Азаттыққа берген жауабында қалам-шприцтер мен картридждер сатып алғанын айтты.

Дамира бұрын инсулинмен бірге үш дәріні инъекция түрінде алғанын және бірқатар дәріні таблетке түрінде ішкенін айтады. Енді ол жаңа препарат алып, қолдануға қорқып қалған. Ол бұрынғы үйреншікті дәрі-дәрмектерін өз ақшасына сатып алуға мәжбүр екенін айтып қынжылды.

Китайский препарат, по данным единого дистрибьютора, кроме Казахстана одобрен в Бангладеше, Иране и Индонезии.

Бірыңғай дистрибьютордың дерегінше, қытайлық препаратты Қазақстаннан өзге тағы үш ел – Бангладеш, Иран және Индонезия мақұлдаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG