Accessibility links

Су тасқыны кезіндегі коммуникация: ақпарат министрінің ескертуі орынды ма?


Су басқан үйлерді күзетіп тұрған полиция көлігі. Ақтөбе, 29 наурыз, 2024 жыл.
Су басқан үйлерді күзетіп тұрған полиция көлігі. Ақтөбе, 29 наурыз, 2024 жыл.

Қазақстанда елді мекендерді су алып, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жауапты тұлғалармен шұғыл жиын өткізген тұста ақпарат министрі Аида Балаева жұртты жалған ақпарат таратпауға шақырып, ондай адам "жауапқа тартылады" деді. Министрдің бұл мәлімдемесі әлеуметтік желіде сынға қалды. Шенеунік сөзін журналистер де құптамады.

Қазақстанда наурыздың аяғына қарай 12 облыста ауыл-аймақты қарғын су басып, жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланып жатқанда Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлімдеме жасады.

"Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан нақты ақпарат қана емес, арандатушылық сипаттағы жалған ақпараттар да тарап жатыр... Бұл онсыз да су тасқынының бел ортасында апатпен күресіп жатқан төтенше жағдайлар қызметінің жұмысын қиындата түседі… Сондықтан ақпарат тарату кезінде оның дұрыстығына көз жеткізуге шақырамыз. Жалған ақпарат таралуына жол берілмейді, кінәлілер анықталып, жауапкершілікке тартылады" деді ол Facebook платформасында.

Министрдің сөзіне пікір жазғандарға қарағанда, "жалған ақпарат" жайлы уәжге наразылар аз емес.

"Тасқынға жол бергендерді жазалау керек. Ақпарат таратқандарды емес" дейді журналист Диас Нұрақын.

"Су басып жатқан видеолар ауылдардан келіп жатыр. Ол қалай жалған ақпарат?" дейді Нұрлыбек Қуанбаев есімді азамат.

"Жалған ақпарат таратуға тыйым салып жатырсыз. Дұрыс. Алайда… біз сияқты қарапайым халыққа #РЕСМИ ақпарат көздерін нақтылап көрсетіңізші… Мысалы, Қазақстан Ұлттық арнасы – мемлекеттік арна. Ал бұл каналдың бүгінгі бағдарламасын қарап көрейік: 2 концерт, 2 түрік сериалы, әзіл әңгіме, "Махаббат" атты Серік Ибрагимовтың концерті" дейді Алмагүл Исина телеарнаның бағдарламалар кестесінің скриншотын қоса жариялап.

Бұдан бөлек, өз парақшасында бөлек пікір жазып жатқандар бар. Солардың бірі – Elmedia жобасының жетекшісі, журналист Гүлжан Ерғалиева.

"Балаева әрдайым керісінше ойлайды. Мұндай форс-мажор жағдайда баспасөз коммуникация институты ретінде қолдап, ақпарат алуға көмектесудің, іс-әрекеттерді үйлестірудің орнына журналистерді жауапкершілікпен қорқытып отыр" деді ол.

КОММУНИКАЦИЯ МӘСЕЛЕСІ ҚАЛАЙ БАСТАЛДЫ?

Қарғын судың елді әбігерге сала бастағаны көктемнің алғашқы күндері-ақ белгілі болды. Наурыздың алғашқы жартысында Алматы, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарында су тасып, үйлер мен жолдар бүлінді.

26 наурызға қарай үй ауласы суға толған көріністер бар видеолар Ақмола, Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарындағы тұрғындардан да келе бастады. Көп ұзамай Қостанай, Атырау, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында жағдай күрделі екені белгілі болды.

Осы тұста бүкіл республика бойынша төтенше жағдай жариялап, билік назарын тұтастай тасқын мәселесіне аударуды сұрайтындар көбейді. Бірақ апатқа республикалық статус беріле қоймады, тек жекелеген аудандарда ғана төтенше жағдай режимі енгізілді.

Бұл уақытта Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайда жүрген. Ол елге оралғанда жағдай одан әрі ушығып жатқан еді. Сөйтіп 30 наурызда президент шұғыл жиын өткізіп, халықтан кешірім сұрады, бірқатар шенеунікке сөгіс жариялады.

Осыдан кейін су тасқыны мәселесіне мемлекеттік БАҚ та басымдық бере бастады. Бірақ халыққа ақпарат беруді оған дейін бастап кеткен журналистер жалған ақпараттан гөрі ақпараттың аздығы көбірек қиындық тудырғанын айтады.

Ulysmedia басылымының журналисі Аян Өрібай "ресми мәлімет аз болса, оның орнына вакуум қалыптасып, өсек-аяңға толуы ғажап емес" екенін, бірақ жалған ақпарат кең етек жая қоймағанын айтады.

– ТЖМ-нан неше күннен бері таратқан ақпарат жұтаңдау болып, құтқарушылардың адам арқалап немесе ит-мысықты көтеріп келе жатқан позитив материалдары көбірек тарады. Жалпы ақпаратты бүгін үкіметте естігендей болдық, – деді журналист 2 сәуір күні Азаттыққа.

– Әлбетте, құтқарушылар неше күннен бері күн-түн демей, толарсақтан су кешіп, өз міндетін адал атқарып жүр. Бірақ олардың есіл еңбегін мемлекеттік органдардың "әсіре мобилограф құмарлығы" құртып жібермесе игі. Себебі өткенде Арқалықта түнгі үште дірдектеп тұрған әйелге бір мобилограф келіп, "бізді мақтап отзыв беріңіз" дегені қызық екен, – деді Аян Өрібай.

Өрібай мысалға келтірген мобилограф туралы видео TikTok желісінде тарады. Онда жабық жердегі жиналыста сөз сөйлеген әйел құтқару жұмысын сынап, құтқарушылар елге көмектесуден гөрі "мақтау сөз" сұраумен айналысқанын сынайды.

ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас редакторы Әмір Қасенов де төтенше жағдай министрлігі таратқан ақпараттың сапасына көңілі толмағанын айтады.

– Төтенше жағдайлар министрлігі тек өздері қандай жұмыс атқарғанын ғана хабарлайды, бірақ халыққа қай жерде қауіп барын, қандай жағдайға дайындалу қажет екенін айтпайды. Қандай жұмыс істеліп жатқанын сол жердегі халық онсыз да көріп отыр ғой. Басқа жақтағы адамдар не істеуі керек? Мүмкін малын түгендеп, бір жерге шығаруы керек болар, мүмкін киім-кешегін, мүмкін құжатын дайындауы қажет шығар. Мұндай ақпаратты байқамадым, – дейді ол.

Әмір Қасенов те жалған ақпарат тарағаны жайлы бірділі-екілі фактілер барын, бірақ олардың ауқымы елеулі емес екенін, жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық қудалау барын көпшілік білетінін айтады.

"ФЕЙКТІ ТЖМ ДА ТАРАТТЫ"

Медиасарапшы Қалима Тәжіқұл жалған ақпараттың бірін төтенше жағдайлар министрлігінің өзі таратқанын айтады. Оның сөзінше, 14 наурыз күні ТЖМ төтенше жағдайлардың алдын алу департаменті басшысының міндетін атқарушы Алтай Мырзабаев жергілікті атқарушы органдар су тасқынына қарсы іс-шараларға 7 млрд теңгеден астам қаражат бөлгенін айтқан. Ал 2 сәуір күні төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов әріптесінің сөзін түзеп, "7 млрд теңге қарастырылған, ал бөлінгені 3 млрд теңге" деді.

– Бұл жерде қате ақпаратты ТЖМ өкілі айтты, БАҚ оны таратты. Кейін сол 7 млрд теңге қайда, қалай жұмсалып жатыр деген сұрақ қойылғанда, ТЖМ вице-министріне әріптесінің екі жарым апта бұрын брифингте айтқан қате ақпаратын түзетуіне тура келді. Егер журналистер сол қаржы қалай жұмсалып жатқанын сұрамаса, су тасқынына қарсы іс-шараларға 7 млрд теңге емес, 3 млрд теңге бөлінгенін білмей кетуіміз мүмкін еді. Себебі министрлік 14 наурызда айтылған қате деректі дер кезінде түзетуге тырыспады, – дейді Қалима Тәжіқұл.

Медиасарапшының сөзінше, желіде бірнеше жыл бұрынғы су тасқыны бейнеленген видеоны қазіргі жағдай деп таратып жатқандар да бар. Тағы бір қате ақпаратты БАҚ ретінде тіркелген басылым жариялады дейді ол.

– Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы екінші деңгейлі банктердің су тасқынынан зардап шеккен азаматтар мен кәсіпкерлердің несие қарызын кейінге қалдыруға дайын екенін мәлімдегені туралы хабарлаған еді. Осы ақпаратты "тасқыннан зардап шеккендердің қарызын кешіреді" деп хабарлап жіберген әріптестеріміз бар. Қарызды кешіру мен кейінге қалдыру – екі бөлек нәрсе – деді медиасарапшы.

"ЖҮЙЕДЕГІ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ МӘСЕЛЕ"

Саясаттанушы Димаш Әлжанов төтенше жағдай кезінде биліктің халықты дер кезінде ақпараттандыра алмауын орталықтандырылған билік жүйесімен байланыстырады. Оның сөзінше, облыс және жауапты орган басшылары кәсібилігіне қарай емес, жүйеге адалдығына қарай тағайындалады.

– Бұл әу баста жүйедегі құрылымдық мәселе. Бізде облыс және түрлі дағдарыс жағдайларында халықты ақпараттандыруға міндетті органдардың басшылары кәсіби біліктілігіне байланысты емес, жүйеге адалдығына қарай тағайындалады. Бұл жерде министр Аида Балаеваның "жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылады" деген мәлімдемесі қисынсыз. Ол халықтың наразылығын басып, мемлекет басқарудағы президенттің сәтсіздіктерін жасырудың амалы. Себебі, заң бойынша әкімдер тікелей президенттің өкілдері. Қоғамдық пікір, блогерлер мен журналистерге осылай қысым жасау арқылы халықтың наразылығын басудан өзге Тоқаев тарапында түсінікті стратегия жоқ сияқты, – деді Димаш Әлжанов Азаттыққа.

Парламент мәжілісінің депутаты Ермұрат Бапидің пікірінше, облыс әкімдері мен министрлер жауапкершілік алудан қорқады. Олардың баспасөз қызметінде кәсіби мамандар жоқ. Салдарынан сынның барлығы президент Тоқаевқа айтылады.

– Бізде жергілікті әкімдер ғана емес, облыс әкімдері, тіпті министрлердің өзі жауапкершілікті мойнына алудан қорқады. Олар жоғарыға жалтақтап отырады. Себебі бізде қалыптасқан бюрократиялық жүйе сондай. Айналып келгенде қоғам тарапынан шыққан тоқпақ сөздің барлығы Тоқаевқа келіп тиеді. Әкімдер әлі күнге дейін қоғамға ақпарат бере алмай отыр. Тағы да сол жауапсыздық. Жауапкершілікті мойнына алудан қашу. Бізде әрбір әкімшілікте, ведомствода баспасөз қызметі бар. Бірақ олар дайын пресс-релизді таратып қояды да, отырады. Ал эфирге шығатын, қоғамның алдында жағдайды ашық түсіндіретін мамандар жоқ. Бар болса да "бір нәрсені бүлдіріп аламын ба" деп қорқады, – дейді Ермұрат Бапи.

Депутат "жалған ақпарат таратқандар жауапқа тартылады" деген сөз министрдің ауызынан шығатын сөз емес деп есептейді. Ондай сөзді Бас прокуратура немесе Ішкі істер министрлігінің лауазымды өкілі айтуға тиіс дейді ол.

"ӘКІМДІКТЕР ЕСКЕРТУГЕ НАЗАР АУДАРМАҒАН"

Үкіметтің 2 сәуірдегі отырысы биылғы су тасқыны мәселесіне арналды. Премьер-министр жауапты министрлер мен аймақ басшыларының баяндамасын тыңдады. Баяндамашылардың бірі – Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев еді. Ол су тасу қаупі барын орталық мемлекеттік органдар мен облыстағы әкімдіктерге желтоқсаннан бері айтып келе жатқанын, бірақ әкімдіктер мұндай болжамдарға тиісті деңгейде назар аудармағанын айтты.

Осы отырыста сөйлеген төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов сегіз облыста су тасқынына байланысты 20 аймақтық төтенше жағдай жарияланғанын, бес облыс әлі де қарғын су астында қалып отырғанын айтты. Оның сөзінше, жиынтығы 16 мыңға жуық адам эвакуацияланған, оның төрт мыңнан астамы уақытша паналау орнына жайғастырылған.

Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов үкімет отырысында су тасқынымен күрес шаралары жайлы баяндап тұр. Астана, 2 сәуір, 2024 жыл.
Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов үкімет отырысында су тасқынымен күрес шаралары жайлы баяндап тұр. Астана, 2 сәуір, 2024 жыл.

"Адам шығынына жол берілген жоқ" деді вице-министр.

Бауыржан Сыздықов кісі өлімі болған жоқ десе де, бірнеше күн бұрын жоғалып, әлі табылмаған адамдар бар.

26 наурыз күні Абай облысы Аягөз ауданы Қарағаш ауылы іргесінде Борлы өзенінен өтпекші болған екі адам мінген трактор су ортасында тұрып қалған. Шалқар Қажегереев пен Қуанышбек Мырзағанин трактордың үстіне шығып, сол күйі таңнан кешке дейін отырған. Ауыл адамдары дабыл қағып, көмек сұрағанымен құтқарушылар келмегенін, ал өздерінің талпыныстары сәтсіз аяқталғанын айтты. Кейін су деңгейі көтеріліп, трактор мен оның үстіндегі екі адамды ағызып әкеткен. Олар әлі табылған жоқ.

Осы жағдайдың өзі құзырлы органдардың бұқарамен коммуникациясы талапқа сай келе ме деген сұрақ тудырды. Облыстағы төтенше жағдайлар департаменті "жоғалған азаматтардың көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарына еш қатысы жоқ" деп хабар таратты. Азаттық Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметіне сауал жолдап, коммуникация мәселесіндегі сынға қатысты министрлік ұстанымын және хабар-ошарсыз кеткен адамдардың "тасқынның алдын алу жұмыстарына қатысы жоқ" деген сөзі қандай мағына білдіретінін сұрады.

Азаттық бұған қоса Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне де сауал жолдап, министр Аида Балаева жалған ақпарат тарату жөнінде айтқанда қандай фактілерді меңзеді деп сұрақ қойды. Мақала шыққанға дейін екі министрліктен де жауап келмеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG