Accessibility links

Минималист, экофермер: Суды үнемдеу үшін канализациядан бас тарттым


Лейла Мұхитдинова.
Лейла Мұхитдинова.

Экофермер, экобелсенді Лейла Мұхитдинованы Алматы қаласында экологияға бейжай қарамайтындардың көбі біледі. Ол ескі көлігімен әр апта сайын қала тұрғындарды аралап, тағам қалдықтарын қабылдайды. Бұған қоса, артық киім, пластик, әйнек, бөтелке жинайды. Оның бәрін тиісті жерлерге өткізеді. Киімдерді жағдайы нашар отбасыларға таратады. Тамақтың жарамдыларын өз фермасындағы малға, үй құстарына береді, қалғандарын компостайды.

EcoKundeliк-тің 4-эпизодында экобелсендімен минималистік өмір салты, ресурс үнемдеу, пермәдениет және өзге де мәселелер бойынша сөйлескен едік.

Екі жоғары оқу орнын бітірген, мамандығы инженер биотехнолог, бұрынғы бизнесвумэн Лейла Мұхитдинова тұтынатын заттарын саналы түрде қысқартып, минимализм және аскетизмге бет бұрған. Ол суды үнемдеу үшін канализациядан бас тартқан. Экобелсенді "бір тамшы суды шашпаймын, көкөніс жуған суды ағаштарға құямын, суды қайта пайдаланбай төкпеймін. Алматы қаласының тым болмағанда 10 пайызы осылай пайдаланса, қалада оазис пайда болар еді. Канализацияға да салмақ азаяды" дейді. Ол "унитазда ауыз су тұрғанда судың тапшы бола бастағаны заңды, қол шайған суды унитазға апаратын жүйе орнату керек, су үнемдеу технологияларын енгізу керек" деп санайды.

Минималист, экофермер: Жаңа киім алмағаныма 20 жылдан асты
please wait

No media source currently available

0:00 0:12:17 0:00

Ол фудшерингмен тамақтанады. Оның жаңа киім алмағанына 20 жылға жуықтаған. Азық-түлік дүкендеріне де өте сирек бас сұғады. Ол заттарды әбден тозығы жеткенше қайта пайдалануды, ақылмен тұтынып, барынша үнемдеуді қолдайды. Ол табиғатпен үндесе үйлесе отырып, жер игеруді яғни, пермамәдениет бойынша түрлі эксперимент жасап жүрген белсенді.

"Қазір киілген киімдерді кию сән, тренд болуы керек. Қымбат көйлек сатып алу сән болмауы керек. Пафос, понт, жарысу бізді құртады. Өз басым мысалы, ұзақ жылдардан бері, тіпті қанша жыл екенін де нақты айта алмаймын, 20 жылдан астам шығар, іс жүзінде ештеңе сатып алмаймын. Киіп жүргенім, үйдегі заттарымның бәрі қолданылған заттар. Бәлкім, тіс щеткам ғана жаңа шығар".

Ескі матадан тігілген сөмке. Экобелсенді Лейла Мұхитдинованың парақшасынан алынған.
Ескі матадан тігілген сөмке. Экобелсенді Лейла Мұхитдинованың парақшасынан алынған.

Эко белсенді 4 жыл бұрын WhatsApp-тан топ құрған. Қазір онда 100-ден астам адам бар. Өздерін "экогвардияшылдар" деп атайтын топ өкілдері заттарды дұрыс утилизациялау, экоізді барынша азайту және өзге де мәселелер бойынша тәжірибелерімен бөлісіп отырады.

Экобелсендінің ақпаратынша, осы төрт жылға жуық уақыт ішінде осы топтың арқасында 40 тоннадан астам органика яғни, тағам қалдығы полигонға тасталмай, пайдаға жаратылған. Киім, аяқ киім, жихаз, техника және өзге де қолданылған заттар тиелген 100 машина тиісті жерлерге өткізілген немесе сол заттарға зәру отбасыларына таратылған. "Осылайша сол заттарға екінші өмір сыйладық" дейді ол. "Соның арқасында көп ақша да үнемделді" дейді ол.

"Шамамен айына екі рет бір микроавтобус толы зат шығарамын. Есептеп көрсем, 4 жылға жуық уақыт ішінде 100 шақты машина шығарылып, таратылған екен. 100 машина! Адамдарға осыншама затты алу үшін қаншама ақша, қанша уақыт керек болды екен. Мен үнемі пайдаланылған заттарды алыңдар, жаңа затқа кеткен уақыт пен ақшаны отбасыларыңа жұмсаңдар, бау-бақшада істеңдер, өзге де істермен шұғылданыңдар деп айтып жүремін. Ауылдағы адамдар бәрін түсініп, заттарды үлкен алғыспен қабылдайды" дейді ол.

Экобелсендінің айтуынша, оның Алматыдан шамамен 30 шақырым жерде шағын фермасы бар. Онда ешкі сияқты ұсақ малдар ұстайды. Қала тұрғындарынан жинаған тағам қалдықтарының жарамдыларын сол малдарға береді, қалғандарын компостайды. Ол “көршілерім бастапқыда маған жынды адамша қарады, ал қазір құрметпен қарайтын болды, кейде саған саясатқа бару керек деп айтады” дейді.

"Кейде маған жастар келіп, немен айналысу керек деп сұрайды. Екі-ақ нәрсемен айналысу керек деп айтамын. Бұл таза тамақ өндіру. Екіншісі қалдық мәселесін шешу. Қалған нәрсемен айналыспасақ, аспан айналып, жерге түспейді. Жаңа айфон шығармаса, ешкім өлмейді. Жаңа машина шығармаса немесе жаңа джинсы тікпесе, ешкімге ештеңе болмайды. Егер сапалы тамақ болмаса, егер қалдық мәселесі шешілмесе, ерте ме, кеш ме бәріміз өлеміз" дейді ол.

Экобелсенді ұсынған әдістердің бірі тағам қалдығын үйде кептіру. Бір күннен соң ол 10 есе кішірейеді, сол кезде экодорбаларға жинап, экобелсенділерге өткізуге болады деп санайды.
Экобелсенді ұсынған әдістердің бірі тағам қалдығын үйде кептіру. Бір күннен соң ол 10 есе кішірейеді, сол кезде экодорбаларға жинап, экобелсенділерге өткізуге болады деп санайды.

Қазір көкөніс пен жемістің дәмі жоғы жөнінде жиі айтылады. Тоңазытқыштан қысы жазы алма, помидор, қияр үзілмегенмен олардың сапасына қатысты шағым көп. Топырақ эрозиясы, сортаң жерлердің көбеюі адамдарды ауыл шаруашылығына басқаша қарауға мәжбүрлеп жатыр. Экобелсенді пермамәдениетпен айналыса бастаған.

Пермамәдениет дегеніміз бұл табиғаттың өзінен сабақ ала отырып, ғалымдар тілімен айтқанда “табиғатпен әріптестік орната отырып” жерді игеру. Онымен айналысатындар синтетикалық тыңайтқыш, пестицид, стимулятор, гені өзгертілген тұқым қолданбайды. Пермамәдениетпен айналысатын фермер үшін зиянды жәндік, арамшөп деген ұғым жоқ. Ол табиғаттың ресурстарын ұтымды пайдаланады. Мысалы, бір жерге картоп пен бұршақты қатар отырғызса, өсімдіктер бір бірін көмектеседі. Бұршақ картопқа келетін колорадо қоңызын келтірмейді. Осылайша оған улы дәрі шашудың қажеті болмайды.

"Пермамәдениет бұл тұрақты ауыл шаруашылығы. Ол неге негізделеді? Мен ылғи, мынадай қарапайым мысал келтіріп жүрмін. Мысалы, орман. Ол жерде біреу бір нәрсе отырғызып жатыр ма? Біреу әрбір ағаштың түбін отап жатыр ма? Тыңайтқыш беріп жатыр ма? Ешкім ештеңе істеген жоқ. Ол өзінен өзі өсіп жатыр. Неге? Себебі бұл экологиялық тұрақты жүйе. Өткен ғасырдың ортасында Австралия, Жапония, Америкада пермамәдениетпен айналысатындар пайда болды. Олар "адам отырғызған нәрсенің бәрінің өсуі неге қиын" деген сұрақ қояды. Оларды суғару керек, отау керек, гербицид, пестицид беру керек. Комбайн керек. Бұдан кейін жер құнарсызданып, керісінше сортаңға айналады. Себебі біз үнемі табиғатқа қарсы жүріп келеміз. Біз бәрінен жақсы білеміз деген нәрсені өзімізге сіңіріп алғамыз. Шын мәнінде ештеңе білмейміз. Қазір мен өзім пермакультуралық дизайн дамытып жатырмын. Оның ерекшелігі неде? Мысалы, менің фермамда жаңбыр бар. Бірақ жер тегіс болмағандықтан жаңбырдың бәрі ағып кетеді. Құдды ештеңе жаумағандай. Арнайы арық жүйесі бар. Волоканав деп атайды. Жаңбыр суын тиімді пайдалану үшін сондай арықтарды пайдаланғым келеді. Мұндай арықтарды табиғаттың өз деңгейіне қарап жасайды. Өте терең қазбайды. Одан кейін сол арықтарға қарағаш, күнбағыс дәндерін шашамын. Олар өздері-ақ өсіп кетеді. Күні түні су құюдың да қажеті жоқ. Неге? Себебі олар жылдар бойы осы жерге өсіп келеді. Міне, тұрақты деп осыны айтамыз. Бір рет өсірдің бе. Бітті. Қалғаны жағдайды табиғаттың өзі жасайды" дейді экобелсенді.

Экобелсенді биыл осындай тәжірибе жасап, қарағаш өсіріп көргенін, қаулап шығып жатқанын айтты. Ол пермамәдениетке қызыққан кез келген адамды фермасын көруге шақырады. Ол Алматы қаласы маңында осындай пермамәдени белдеу жасаса, қала бір оқпен екі емес, бірнеше қоянды ататын еді дейді. Оның пікірінше, мұны тіпті ұлттық деңгейге де көтеруге болады.

Экофермер бір тиын шығармай ақ қоршаған ортаға оң әсер ететін қадамдар туралы айтты. Біріншіден, өңделмейтін пластик (пластиктің 6 және 7 түрлерін) әкелуге тыйым салу, екіншіден, пакет құнын 100 теңге ету.

EcoKundelik-тің қалдықсыз өмір салты және пермамәдениет жайлы эпизодын подкастан тыңдаңыз. Азаттық сайтынан, Apple, Google podcast, Азаттықтың Youtube парақшасынан, Spotify-дан тыңдай аласыз.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG