Accessibility links

"Твоя вода" жобасының кураторы: Климат емес, адамдар өзгеруге тиіс


Жер шарын қоқысқа толтырмауға үндеген экобелсенді Меруерт Салықованың перформансы.
Жер шарын қоқысқа толтырмауға үндеген экобелсенді Меруерт Салықованың перформансы.

Экологиялық қарыз күні деген не? Slow fashion (“Баяу сән”) тренді неге үндейді? "Твоя вода" жобасы қалаңызда бар ма? EcoKundelik-тің кезекті эпизодында экобелсенді Меруерт Салықовамен экоәдеттер мен экотрендтер жөнінде әңгімелесеміз.

Алматы тұрғыны, екі баланың анасы Меруерт Салықова жұртты ақылмен тұтыну, пластикті барынша аз қолдану, экоәдеттерді сіңіруге үндеп жүрген экобелсенді.

"Твоя вода" жобасының Қазақстандағы кураторы елдегі дәмханалар мен мейрамханалар неғұрлым осы жобаға көбірек кіріксе, соғұрлым пластиктер де азая түсер еді деп санайды. Белсенді әлеуметтік желідегі перформанстарының бірінде "климат емес, адамдар өзгеруге тиіс, көл-көсір тұтыну әдетінен арылуға тиіспіз" дейді.

Подкасты тыңдаңыз:

Эпизод қонағы Меруерт Салықова айтқан ойлардың маңызды тұстарын мәтін түрінде де ұсынамыз.

"ҚАЛДЫҚ СҰРЫПТАУҒА 4 ЖАСАР ҰЛЫМ ЫҚПАЛ ЕТТІ"

“Негізі мен сұрыптауды ұлыммен бірге бастағанмын. Батарейканы қоқысқа лақтырып жатқан кезде "мама, мұны лақтыруға болмайды, мен мультфильмнен көрдім, егер де мұны лақтырсаң, айнала ластанады. Мұны тапсыру керек" деді. Сүйтіп, менің өзіме сабақ берді. Ол кезде ол кішкентай болатын. Үш-төрт жас па екен. Екеуіміз батарейканы сұраптай бастадық. Осылайша қалдық сұрыптауға ұлымның ықпалы тиді. Айтқан сөздері әсет етті. Пластикті қайда тапсыруға, макулатураны қайда тапсыруға болатынын іздей бастадым. Экоәдеттер бойынша балаларыммен қиындық болған жоқ. Жолдасым болса басында "өзің істегің келсе, істей бер, мені араластырма. Ертеңгі күні "мына нәрсені жинап қойдым, сен өткізбейсің, мына нәрсені сатып алмадың" деп ренжіме" деп алдын ала өзінің шекарасын реттеп алды. Сүйтіп келістік. Басында сұрыптау пунктіне өзім апаратынмын. Кейін жолдасым да соған үйреніп, қазір жолдасым да сұрыптау пунктіне апарады, қандай бөтелкелерді алуға болатынын біледі, қайсысын алмау керектігін біледі” дейді экобелсенді Меруерт Салықова.

Экобелсенді әлеуметтік желідегі парақшаларында Zero waste (қалдықсыз) өмір сүру салты, бір реттік заттардан бас тарту амалдары сияқты неше түрлі лайфхактар жариялап отырады. Төменде Алматыдағы қалдықты сұрыптау зауытына барған сапарынан видео жариялаған.

"ТВОЯ ВОДА" ЖОБАСЫ

"Бұл жобаны Санкт-Петербургтегі программист балалар жасаған. Жобаның мақсаты – пластик бөтелкелер санын қысқартуға ықпал ету. Оны қалай қолдану керек? Бізде Телеграмда "Твою воду наполним заново" (Суыңызды қайтадан толтырып береміз) деген бот бар. Сол ботқа кіріп, өзіңнің локацияңды жібересің. Сол кезде сізге жақын дәмхана және мейрамханалардың мекенжайын береді. Осылайша сіз дүкеннен пластик бөтелке сатып алмай-ақ сол пунктілерге барып, бөтелкеңіздегі суды толтыра аласыз. Қазір Алматыда 20-дан астам мейрамха/дәмхана аталған жобаға қатысады. Бірақ олардың саны әлі де болса аз. Олардың санын көбейтуге атсалысатын еріктілер керек. Ерікті болғысы келетін азаматтар маған хабарласа алады. Неғұрлым мейрамханалар мен дәмханалар аталған жобаға қатысса, соғұрлым пластик бөтелкелерге сұраныс азая түседі. Бұл еріктілер жобасы, коммерциялық мақсатты көздемейді" дейді ол.

"Климат емес, адамдар өзгеруге тиіс". Экобелсенді Меруерт Салықованың перформансы.
"Климат емес, адамдар өзгеруге тиіс". Экобелсенді Меруерт Салықованың перформансы.

"ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ҚАРЫЗ КҮНІ"

"Биыл экологиялық қарыз күні 2 тамыз күніне келіпті. Бұл күн бізге берілген қайта қалпына келетін ресурстардың барлық көлемін қолданып тастаған күн. Жер шары белгілі бір көлемде ресурс (ағаш, су, шикізат және тағы басқа) өндіреді. Биыл сол көлемді 2 тамызға дейін қолданып тастаптық. Әрі қарай 31 желтоқсанға дейін қарызға өмір сүреміз. Қаншама жыл бойы біз осылайша табиғаттан қарызға алып өмір сүріп келдік. Былтыр бұл күн шілденің соңында болған. Биыл екі үш күнге алға жылжыған екен. Егер мемлекет жағынан келсек, биыл бірінші орында Катар тұр. Ол 10 ақпанға дейін өзінің ресурстарын бітіріп қойған. Ал Қазақстан 27 сәуірде бүкіл ресурстарын бітіріп қойған. Бұл дегеніңіз біз қазір болашақ ұрпақтың есебінен өмір сүріп отырмыз дегенді білдіреді. Мұндай өлшемді Global Footprint Network ұйымы жасаған. Оны ғалымдар есептеп шығарған. Бұл жүйені сынаушылар да бар. Алайда біз шамадан тыс тұтынып жатқанымызды естен шығармауға тиістіміз. Бұл өлшемнің ар жағында "бәрінің есебі бар, сұрауы бар" деген ой тастау жатыр" дейді белсенді.

“ЭКОӘДЕТ ҚАЛЫПТАСУ ҮШІН ОЛ ОҢАЙ БОЛУЫ ТИІС”

"Жаңа экоәдетті қалыптастыру үшін оның оңай механизмін жасау керек. Мысалы, мен дүкеннен келгеннен кейін экосөмкелерімді бірден босатып, қайтадан көлікке салып қоямын. Келесіде оларды ұмыттым демейсіз... Әдет қалыптасу үшін уақыт, тәртіп, алдын ала жоспар керек. Басында ұмытып кетесің. Ол үшін өзіңді жазғырудың қажеті жоқ. Тәжірибеден сабақ ала отырып, бірте-бірте қалыптасады" дейді ол.

Экобелсенді эпизод барысында төмендегідей экоәдеттері туралы айтты:

  • Өзіңмен бірге ылғи су құйылған бөтелке, экосөмке алып жүру;
  • Сирек қолданатын заттарды (мысалы, палатка, манеж, үстел ойындары және тағы басқа) сатып алудың орнына біреуден уақытша пайдалануға сұрап алу немесе арнайы қызметтер арқылы жалға алу;
  • Сусын, балмұздақ және өзге өнімдерді үйде дайындау: қазір интернетте олардың рецептісі өте көп, есесіне оларды сатып алудың қажеті жоқ, сәйкесінше қалдық та шықпайды;
  • Бұзылған не бүлінген заттарды лақтырмай, жөндеу, қалпына келтіру;
  • Slow fashion принциптерін ұстану: сапалы киім алып, оны ұзақ кию;

Подкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан, Spotify-дан тыңдай аласыздар.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG