Accessibility links

Көрсетілмейтін дерек. Күштік құрылымдардың шығыны қанша?


Қазақстан президентін сайлау науқаны әділетсіз өткенін айтып көшеге шыққан үкіметке наразы адамдардың жолын жауып тұрған полиция. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 10 маусым, 2019 жыл
Қазақстан президентін сайлау науқаны әділетсіз өткенін айтып көшеге шыққан үкіметке наразы адамдардың жолын жауып тұрған полиция. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 10 маусым, 2019 жыл

Қазақстан полициясы кейінгі бір айда екі рет жұмысын күшейтілген режимге көшірді. 25 қазанда 20 мың қызметкері арнайы шараға жұмылдырғанын айтқан министрлік 20 қарашада тағы да күшейтілген тәртіпке өткен. Полицияның мұндай шарасы көбіне қарсылық акциялары болады деп хабарланған уақытқа дөп келеді. Екі жолы да елде қарсылық акциялары өтпегенімен, ондаған адам түрлі мерзімге әкімшілік қамауға алынды. Осындай шараларға қанша ақша жұмсалады?

Қазақстанда 2020 жылы жаңадан қабылданған "Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы" заңда митинг өткізу үшін жергілікті әкімдікті хабардар ету жеткілікті деп жазылғанымен, іс жүзінде барлығы бәз-баяғыдай: билік келісім бермеген шара заңсыз саналып, оған қатысы бар делінген адамдар жауапқа тартылады. Кейбіреуін митинг болмай тұрып үйінің маңынан торуылдап, кейде күштеп әкетеді, енді біреулерін полиция бөліміне шақыртып, биліктің рұқсатынсыз митингіге шықпауды ескертеді.

Оппозиция белгілеген қарсылық акциясы қарсаңында күштік құрылым қызметкерлері белсенді Марат Мусинді (оң жақта) полиция бөлімшесіне алып кетуге келіп тұр. Алматы, 19 қазан, 2023 жыл
Оппозиция белгілеген қарсылық акциясы қарсаңында күштік құрылым қызметкерлері белсенді Марат Мусинді (оң жақта) полиция бөлімшесіне алып кетуге келіп тұр. Алматы, 19 қазан, 2023 жыл

Үкімет күш құрылымдарын арнайы киім-кешек және құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге, билік келісім бермеген бейбіт наразылықтардың алдын алуға қанша қаржы жұмсайды? Мемлекеттік құпия болмаса да, ондай ақпарат табу оңай емес. Азаттық ашық көздерден алынған кей деректерді салыстыра отырып есептеп көрді.

15 КҮН ҚАМАУҒА 3 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ

Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің дерегі бойынша, 2023 жылы Қазақстан түрмесінде адамды бір күн қамауда ұстауға мемлекет бюджетінен 6 788 теңге (шамамен 15 доллар) жұмсалған. Бұл ақшаға оның ішіп-жейтін тамағы, гигиеналық заттар, дәрі-дәрмек, киім-кешек, коммуналдық төлемдер мен түрме қызметкерлерінің жалақысы кіреді. Осыған сүйеніп, адамдарды бейбіт митинг қарсаңында ұстап-қамауға мемлекет қанша қаржы жұмсайтынын қарапайым есеппен анықтауға болады.

Қазан айында құқық қорғаушылар елде 30 шақты белсенді әкімшілік жауапқа тартылып, 5 күннен 20 күнге дейінгі мерзімге қамалғанын хабарлады.

Бір адамды 15 күн қамауда ұстау шығыны 102 мың теңге деп есептегенде, қазанда қамалған отыз адамға 3 054 600 теңге ақша жұмсалады деген сөз. Бірақ сол ұсталғандар арасында алдыңғы әкімшілік жазасының мерзімі біткен соң босап шығып, қайтадан 15 күнге қамалғандар барын ескерсек, шығын көлемі іс жүзінде бұдан да көбейеді.

Қазақстанда "мемлекет кепілдік беретін заң көмегі" деген ұғым бар. Соның аясында мемлекет қамауға алынғандарға тегін адвокат қызметін ұсынады.

Әкімшілік іс бойынша сотта адвокат қызметінің әр сағатына айлық есептік көрсеткіштің 0,56 бөлігіне тең ақша төленеді. Ал егер сот отырысы мереке, демалыс күндеріне немесе түнгі уақытқа дөп келсе, тиісінше бұл сома 1,5 есе көбейеді. Мұның барлығын Әділет министрлігі 2023 жылғы 30 маусымда шығарған № 434 бұйрығымен бекіткен.

АРНАЙЫ ЖАСАҚТЫҢ ШЫҒЫНЫ ҚҰПИЯ МӘЛІМЕТ ПЕ?

Қазақстанда митингілерді күштеп тарату, демонстранттарды ұстау әдетте полицияның арнайы жасағына (СОБР) жүктеледі. Олардың киімі мен құрал-жабдығының бағасы мемлекеттік құпия болмаса да, ондай ақпаратты ашық дерек көздерден табу қиын.

Қазақстан азаматтары ел президентін сайлауға дауыс беріп жатқан күні арнайы жасақ қызметкерлері үкіметке қарсылық шеруі өтіп жатқан жерден ұстаған адамды полиция көлігіне күштеп отырғызуға апара жатыр. Алматы, 9 маусым, 2019 жыл
Қазақстан азаматтары ел президентін сайлауға дауыс беріп жатқан күні арнайы жасақ қызметкерлері үкіметке қарсылық шеруі өтіп жатқан жерден ұстаған адамды полиция көлігіне күштеп отырғызуға апара жатыр. Алматы, 9 маусым, 2019 жыл

2023 жылғы 2 наурызда Мемлекеттік сатып алу сайтында ІІМ полиция арнайы жасағына (СОБР) жеке қорғаныс құралдарын алуға конкурс жариялап, сол күні өтініш қабылдауды аяқтап, келісімшарт жасалғанын хабарлады, бірақ нақты саны мен бағасын көрсетпеді.

Әйткенмен оның құнын биыл дәл сондай заттарға тапсырыс берген ІІМ-нің басқа тапсырыстарында көрсетілген бағаға сүйеніп анықтауға тырысып көрдік.

  • Оқ өткізбейтін берен кеудеше – 300 000 теңгеден бастап;
  • Соққыдан қорғайтын шлем – 69 180 теңге;
  • Тактикалық көзәйнек – 7 000 теңге;
  • Қалқан – 92 552 теңге;
  • Кісен – 8890 теңге;
  • Резеңке таяқ – 18 750 теңге;
  • Тізе таңғыш – 8788 теңге;
  • Противогаз – 40 000 теңге;
  • Бәтіңке – 20 296 - 23 215 теңге аралығында;
  • Костюм – 29 464 теңгеден бастап;
  • Тактикалық қолғап – 31 177 теңге.
Наразылық акциясына шыққан адам шерудің жолын бөгеген полиция жасағына сөйлеп тұр. Алматы, 6 шілде, 2021 жыл. Азаттық архивіндегі сурет
Наразылық акциясына шыққан адам шерудің жолын бөгеген полиция жасағына сөйлеп тұр. Алматы, 6 шілде, 2021 жыл. Азаттық архивіндегі сурет

Азаматтық белсенді Айдар Байсағатов былтыр Қанды қаңтарда ұсталып, сот оны "билік өкіліне күш көрсетті" деген айыппен 1 жыл 4 айға бостандығынан айырған. Бұрын полицияда тергеуші болып қызмет істеген ол күштік құрылымдар митингілерге алдын ала дайындалатынын біледі. Ондайда жергілікті әкімдіктердің ішкі саясат басқармалары мен полиция департаментінің экстремизммен күрес бөлімі бірлесе жұмыс істейтінін айтады.

– Қазір күштік құрылымдарға билік жақсылап қаржы бөліп жатыр ғой. Мен істеген жылдары бензинді өзіміз сатып алатынбыз. Бізге жұмысқа қажет заттардың тізімін ғана беріп, қайдан алуға болатынын айтатын. Аяқ киімге дейін, бәрін өзіміз сатып алып жүрдік, – дейді ол.

2014 жылдың басында, сол кездегі ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәжілісте өткен үкімет сағаты жиынында арнайы бөлімшелердің еңбекақысы туралы хабарлаған. Ол уақытта "Арлан" арнайы бөлімшесінің қызметкерлері айына 257 мың теңге (Қазақстанның Ұлттық банкінің 2014 жылғы қаңтардағы бағамымен есептегенде 1668 доллар), "Бүркіт" арнайы жасағы – 230 мың теңге жалақы алатынын айтқан.

Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай наразылық шеруіне шыққан адамдардың жолын бөгеуге келе жатқан полицияның арнайы жасағы. Алматы, 5 қаңтар, 2022 жыл
Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай наразылық шеруіне шыққан адамдардың жолын бөгеуге келе жатқан полицияның арнайы жасағы. Алматы, 5 қаңтар, 2022 жыл

Былтыр жазда Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған салтанатты жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаев:

– Біз тәртіп сақшыларын қолдауға әрдайым ерекше көңіл бөлеміз. Кейінгі жылдары полиция қызметкерлерінің жалақысы бірнеше рет өсіп, тұрғын үйді жалға алу құнына өтемақы төлеу енгізілді. Сонымен қатар әкімдерге жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын қызметтерге 30 пайыздық үстемақы белгілеу құқығы берілді, – деген еді.

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы ақпараттан биылғы қаңтар, ақпан айларында Ұлттық ұланға 100 млн теңгеден астам сомаға қалқан мен елу миллион теңгеге жуық ақшаға резеңке таяқ сатып алғанын аңғаруға болады.

ЖАНАР-ЖАҒАРМАЙ ШЫҒЫНЫ

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы деректер Қаңтар оқиғасынан соң Қазақстан полициясының қажетіне шетелдік автокөліктер сатып алынғанын көрсетеді.

ІІМ 2022 жылғы тамыз – қыркүйек айларында жалпы сомасы 3,9 миллиард теңгеге С класына жататын, жиынтығы 194 Hyundai Tucson маркалы жеңіл автокөлікпен қамтамасыз етілген. Ал биыл 255 миллион теңгеге В класты тағы 17 Hyundai маркалы жеңіл автокөлік алынған.

Бұдан бөлек ІІМ беренді көліктер, ұсталған адамдарды таситын автофургондар, автобустар, ГАЗ маркалы автокөліктерге тапсырыс берген. Бірақ олардың бағасы мен саны көрсетілмеген.

Оппозиция митинг өтеді деп белгілеген аумақта тұрған полиция көліктері. Астана, 25 қазан, 2023 жыл
Оппозиция митинг өтеді деп белгілеген аумақта тұрған полиция көліктері. Астана, 25 қазан, 2023 жыл

2022 жылы қарашада Ұлттық ұлан жарты миллиард теңгеге автомашиналар мен автобустар сатып алған. Олардың арасында адамдарды тасымалдауға арналған ГАЗ С41Р13 маркалы автокөлігі бар. Көрші Ресейде ондай көлікті күш құрылымдары пайдаланады, мысалы, сотталғандарды тасиды.

Әдетте оппозиция митинг өтетін орын деп белгілеген жерлерде күштік құрылым қызметкерлері мінген әлгіндей автобустар мен "газельдер" келіп тұрады. Комплектациясы мен қозғалтқышы әртүрлі болғанымен, ашық дереккөздердегі мәліметтер ондай көлік 100 километрге кемінде 30 литр және одан көп бензин жағатынын көрсетеді.

Ресейде құрастырылатын Урал 4320 маркалы ауыр жүк көлігі 100 километрге 24-45 литр аралығында жанармай тұтынады. Ал Оңтүстік Корея жасайтын Daewoo BS-106 автобусы 100 шақырымға 28-30 литр жанармай жағады.

Кейінгі жылдары Қазақстанда наразылық митингілері өтеді деген жерлерде күш құрылымдары пайдаланатын осындай көліктер жиі көзге түскен.

Астана мен Алматыдағы митингілер кезінде су жаңа қытайлық Sunray фургондары көп кездесті. Іші ұсталған адамдарды қамайтын темір тормен бөлінген көліктің сипаттамасында 100 километрге 10 литр бензин жағады деп көрсетілген. Ал елдің кей өңірінде митинг өтетін жерлерде Iveco Daily маркалы фургон-автозактар сақадай-сай дайын тұрды.

Бұл автокөліктер митинг болатын орынға немесе ол жерден полиция бөлімшесіне дейін қанша шақырым жүріп баратыны белгісіз. Әйткенмен күштік құрылым қызметкерлері імитинг өтетін маңнан ұстап, автозакқа күштеп тиеген соң, тікелей эфирге шығатын белсенділер байланыста болған уақытқа қарағанда, жолға ондаған минут кететін сияқты. Ал кейде одан да көп уақыт жүреді. Мысалы, Жаңаөзенде ұсталған белсенділерді көбіне 200 шақырым жердегі Ақтау қаласына апарады. 2019 жылы маусымда Астанада үкіметке қарсылық білдіріп митингіге шыққандарды көшеден ұстағаннан кейін алыстағы Шортанды, Аршалы аудандарына, кейбірін 200 километр қашықтағы Қарағандыға алып кеткен.

"ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ" КӨЛІГІМЕН ҚАЛА КЕЗУ, ҮЙДІ ТОРУЫЛДАУ

Биыл 25 қазанда Астана қаласында митинг өткізетіні туралы жергілікті атқарушы билікті жазбаша ескерткендердің қатарында 1-топ мүгедектігі бар Ермек Бекішев те болды. Бірақ Бекішев пен ол сияқты хат тапсырған өзге адамдар "өтініш ресми талапқа сай жазылмаған" немесе "сіз көрс еткен орын жөнделіп жатыр" деген бір-біріне ұқсас жауап алған.

Ермек Бекішев Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қызметтен кетуін талап етіп отыр. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 9 тамыз, 2019 жыл. Азаттық архивіндегі фото
Ермек Бекішев Қазақстанның ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың қызметтен кетуін талап етіп отыр. Нұр-Сұлтан (қазіргі Астана), 9 тамыз, 2019 жыл. Азаттық архивіндегі фото

Бекішев әкімдікке митинг өткізгісі келетіні туралы тапсырған күні өзі тұратын жатақхананың есігін белгісіз біреулер торуылдай бастағанын айтады.

– Билікке "мүгедектерге берілетін жәрдемақыны көтерсін" деген тілегімізді жеткізгіміз келген. Мәселен, 1-топтағы мүгедек айына 89 мың теңге алады. Бұл – ең жоғарғы төлем саналады. Оған қалай күн көреміз? Дәрі-дәрмек, тамақ, киім-кешек керек. Осыны айтпақшы болғанбыз. Бірақ біз хат тапсырған күні жатақхана вахтерінің қасында бөгде екі адам пайда болып, күні-түні бізді аңдыды, – дейді ол.

Ермек Бекішев 25 қазан күні митинг өтуге тиіс болған Астананың оң жағалауындағы Кенесары хан ескерткішінің алдына бармақ болғанын, бірақ жатақхана сыртын күзеткен машинадан жасқанып сыртқа шыға алмағанын айтты.

– Полиция ұстаған адамды мүгедексің бе, басқасың ба деп қарамай, допша лақтыратынын талай рет басымнан өткергем. Тағы да сондай жағдайға тап болуды қаламадым, – дейді ол.

2022 жылғы 2 сәуірде Бекішев пен Азамат Сәдуов (оның да мүгедектігі бар) екеуін жедел жәрдем көлігіне салып алып, бірнеше сағат қаланы кезіп жүргеннен кейін полиция бөлімшесіне апарған.

– Біз кейін жедел жәрдем көлігінің полицияға қызмет етуі қаншалықты заңды екенін сұрап, Денсаулық сақтау министрлігіне арыз жазғанбыз. "Ондай мемлекеттік нөмір таққан көлік бізге тиесілі емес" деген жауап алдық, – дейді Бекішев.

Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов қазіргі билік елдегі басқару жүйесін "Ескі" және "Жаңа" деп бөлгенімен, үкіметке сын айтушыларды қудалау тәсілін бұрынғыдан мұраға алған деп сипаттайды. Қазақстанда митингілер "билікке пайдалы және қолайына жағатын" болса ғана ың-шыңсыз өтетінін айтады.

– Назарбаев жүйесінің басты мақсаты – саяси алаңды өзіне оппонент болуға ұмтылған оппозициядан тазарту болса, Тоқаев та соны қайталап отыр. Ресейдің Украинамен соғысы да біздегі ахуалдың нашарлауына әсер етті, – дейді Ағелеуов.

Ол еркіндікті басып-жаншуды Орталық Азия елдеріне ортақ үрдіс деп атап, жуырда Қырғызстан қабылдаған "шетелдік агенттер туралы" заңды мысал ретінде келтірді.

– Билік 25 қазандағы митингінің жолын кесіп, "экстремизммен күресіп жатырмыз" дегенді көрсеткісі келді. Шын мәнінде олар азаматтық белсенділікпен күресіп жатыр. "Қыбыр етсеңдер қандай қатаң әрекетке тап болатындарыңды көріңдер" деп сес көрсеткендей болды. Бірақ бұл халық қорқып, 16-17 желтоқсанда көшеге шықпайды деген сөз емес. Бұл – халық үшін ерекше мәні бар күндер және ол тәуелсіздікпен байланысты. Бұл күндері қан төгілген, – дейді Ғалым Ағелеуов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG