Accessibility links

"Билік алалап береді". Қаңтар оқиғасында зардап шеккендерге өтемақы қалай төленіп жатыр?


Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы Республика алаңы маңында жараланып, көзіне зақым келген Ермек Әбдірешов Қаңтар құрбандарына арналған шарада отыр. 1 маусым, 2022 жыл. Азаттық архивіндегі сурет
Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы Республика алаңы маңында жараланып, көзіне зақым келген Ермек Әбдірешов Қаңтар құрбандарына арналған шарада отыр. 1 маусым, 2022 жыл. Азаттық архивіндегі сурет

Қаңтар оқиғасында күштік құрылымдардан зардап шеккендер өтемақы туралы талап арызын сот тек ішінара қанағаттандырып, ал кейбірінікін мүлде қарамайтынына шағым айтады. Құқық қорғаушылар мемлекет жазықсыз жапа шеккен азаматтары алдындағы міндетін дұрыс орындамай отыр дейді.

"КӨЗІ КӨРМЕСЕ КӨРЕТІН БОЛАДЫ ДЕП ҰРДЫ"

38 жастағы Ермек Әбдірешов Қаңтар оқиғасында көзіне қатты зақым келіп, ауруханаға түскен. Ол ауруханадан полиция күштеп алып кетіп, ұрып-соғып, азаптап, жаны мен тәнін қинағанын айтады. Қазір қос жанары көрмейтін Ермек мемлекеттен 25 миллион теңге өтемақы талап еткен. Адвокаты Маржан Аспандиярова егер оны ауруханадан күштеп әкетпегенде тым болмағанда бір көзі аман қалар еді дейді.

– Ермек 2022 жылғы 5 қаңтарда өзге де бейбіт азаматтармен бірге Республика алаңы маңында жүргенде дәл алдында шулы жарқылдақ граната жарылып, көзіне зақым келген. Есінен танып жатқан оны біреулер Алматыдағы №7 ауруханаға жеткізген. 8 қаңтарда қара киім киген әскери адамдар келіп, медбикенің "оның көзі көрмейді" дегеніне қарамастан жалаңаш күйі, аяқ киімін де кигізбестен алып кеткен. "Көрмесе көретін болады" деп көзінен, басынан, денесінен қарумен ұрған, – дейді Аспандиярова.

"Итше жетектеп, басымнан ұрды". Қаңтар көтерілісінде қос жанарынан айырылған жігіттің оқиғасы
please wait

No media source currently available

0:00 0:18:54 0:00

2023 жылғы 12 шілдеде Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты 25 миллион теңге моральдық өтемақы талап еткен Ермек Әбдірешовтің арызын ішінара қанағаттандырып, мемлекеттен оған 2 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шығарған. Мемлекет атынан жауапкер болып белгіленген Қаржы министрлігінің шағымын қараған апелляциялық сот алдыңғы шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Ермек те, адвокаты да сот белгілеген моральдық өтемақы мөлшеріне келіспейді.

– Екі көзінен айырылған адамның тән азабы мен жан азабын қалай екі миллион теңгеге бағалауға болады? Оған ем үшін әлі талай қаражат керек, көз протезі жыл сайын ауыстыруды қажет етеді. Қылмыстық қудалау органы заңсыз әрекеті үшін жауап беруі тиіс, – дейді құқық қорғаушы.

Маржан Аспандиярова "темірден түйін түйетін шебер" Ермек Қаңтар оқиғасынан кейін жұмысқа жарамай, табыссыз қалғанын айтады.

– Бұрын автомеханик болып жұмыс істеп, ай сайын 450 мың теңге (сол кездегі бағаммен 1000 доллардан астам) табыс тауып жүрген. 2022 жылғы 5 қаңтардан бергі шығынын есептей беріңіз. Қазір таяққа сүйеніп, мүгедек болып қалды. Содан бері бірнеше рет ота жасатқан. Түркиядағы емі мен жол қаражатына, Қазақстандағы дәрігерлер қызметіне 9 миллион теңгеден астам ақша жұмсады, түгелдей тиісті құжат-қағаздары бар, – дейді Маржан Аспандиярова.

27 қыркүйекте Алматының Бостандық аудандық соты Ермек Әбдірешовтың материалдық зардапқа қатысты талабын ішінара қанағаттандырып, оның пайдасына мемлекеттен 9 миллион 100 мың теңге өндіріп алу туралы шешім шығарған.

– Бұл – мемлекет тарапынан жасалған қылмыс. Әбдірешов мемлекеттің іс-әрекетінің кесірінен мүгедекке айналды. Оның ем-домына да көп қаражат керек. Ол сұраған өтем ақша оған қажет емге жұмсалатын барлық шығынды жаба да алмайды, – дейді Маржан Аспандиярова.

Қаңтар оқиғасы кезінде Республика алаңына әлеуметтік теңсіздікке наразылық білдіріп шыққан адамдарға қару кезеп жүрген сарбаздар. Алматы, 6 қаңтар, 2022 жыл
Қаңтар оқиғасы кезінде Республика алаңына әлеуметтік теңсіздікке наразылық білдіріп шыққан адамдарға қару кезеп жүрген сарбаздар. Алматы, 6 қаңтар, 2022 жыл

Бейбіт наразылық шерулерімен басталып, аяғы дүрбелеңге ұласқан Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда, ресми дерек бойынша, кемінде 238 адам қаза тапты. Күштік құрылымдарға ескертусіз атуға бұйрық берген президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін "Қазақстан халқына" қорын құрған. Билік Қаңтар кезінде қаза тапқандар мен зардап шеккен адамдарға осы қор арқылы жәрдем берілетінін хабарлаған. Аспандиярованың сөзінше, Әбдірешов қор сұратқан прокуратураның тізімінде бар, жәбірленуші болып танылғанымен, оған қордан көмек берілмеген.

– [Қаңтар кезінде зардап шеккен] полиция қызметкерлеріне жәрдем қаржыны үйіне әкеліп берген, ал мемлекеттен жапа шеккен адам әлі күнге дейін бір тиын көмек алған жоқ. Бұны қалай түсінуге болады? – дейді Маржан Аспандиярова.

"Қазақстан халқына" қоры

"Қазақстан халқына" қайырымдылық қоры "Қаңтар оқиғасында жарақат алды" деп танылған әскери бөлім, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдарының 111 қызметкерінің әрқайсысына 3 миллион теңгеден, жиынтығы 333 миллион теңге төлеген. Ал кездейсоқ оқ тиіп ауыр жараланған 222 адам мен 13 балаға 3 миллион теңгеден көмек берген. Бұдан бөлек 19 әскери бөлім, ішкі істер және ұлттық қауіпсіздік органдары қызметкерлерінің отбасына 7 миллион теңгеден барлығы 133 миллион теңге қайырымдылық көмек көрсеткен. Қор Қаңтарда әскери адамдардың оғынан қаза тапқан адамдардың тек 148-і кездейсоқ оққа ұшты деп танып, олардың әрқайсысына 7 миллион теңгеден ақша бөлген.

"ТОҚАЕВТЫ ЖАҚСЫ КӨРЕМІЗ" ДЕП АЙТУЫН ТАЛАП ЕТКЕН"

2022 жылдың басында 36 жастағы Айдар Ақан Алматыдағы жекеменшік компанияда курьер болып жұмыс істеп жүрген. 6 қаңтарда интернет өшіп, жұмысқа шықпайтыны белгілі болған соң жеке көлігімен такси қызметін көрсетіп, адам тасып жүріп қала әкімдігінің алдына барған. Сол жердегі жиналып тұрған адамдарды смартфонына түсіріп жатқан кезде атыс басталып кетіп, жауған оқ астында қалыпты.

Республика алаңында "Қарапайым халықпыз. Біз — террорист емеспіз!" деген жазу ұстап тұрған адамдар. Алматы, 6 қаңтар, 2022 жыл
Республика алаңында "Қарапайым халықпыз. Біз — террорист емеспіз!" деген жазу ұстап тұрған адамдар. Алматы, 6 қаңтар, 2022 жыл

Сол жақ жамбасына оқ тиіп, қансырап, Алматыдағы №4 ауруханаға әзер жеткен Ақанға сол мекемеде ота жасалған. Бірақ 8 қаңтарда оны да операциядан кейін емделіп жатқан жерінен басқалармен бірге күштеп алып кетіп, Алматыдағы тергеу абақтысына (ЛА-155/18 СИ мекемесі) апарып қамап, азаптаған.

– Оған құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жасағанын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. "Зорлаймыз" деп қорқытқан, "Тоқаевты жақсы көреміз" деп айтуын талап еткен. Ол сотта да, барлық жерде бұл туралы ашық мәлімдеп, Алматының орталық алаңында әскери көліктерден бейбіт адамдарға қарата оқ атылғанын көргенін, әлгілер өздерін "бітімгерміз" деп таныстырғанына назар аударуды өтінген, – дейді Айдар Ақанның құқығын қорғап жүрген Маржан Аспандиярова.

Оның сөзінше, Айдар Ақанның жарасы әлі ашық күйінде жүр, оған күрделі ота жасау үшін аса көп қаржы қажет. Ақанның кінәсіне ешқандай дәлел болмаса да, тергеу орындары істі тоғыз айға созып, кейін "қылмысына негіз табылмағандықтан" тоқтатқан деді құқық қорғаушы.

– Айдар Ақанға қатысты қылмыстық іс 2022 жылы қыркүйекте тоқтады. Бірақ оған да, жапа шеккен өзге адамдардың да ешқайсысына қылмыстық іс тоқтатылғанын бірден хабарламаған. Құқық қорғаушылар айғай-шу көтерген соң ғана бес-алты ай өткенде хабар алған. Прокуратура органдары да құқық қорғаушылардың талабынан соң "кешірім" сұрады, – дейді Аспандиярова.

Қаңтар кезінде полиция Алматы ауруханасынан жаралыларды қалай әкетті?

Полиция ауруханадан жаралыларды қалай әкетті?
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:22 0:00

Қаңтарда иығынан оқ тиіп, дәрігерлер ота жасаған Рашид Игісіновті де 8 қаңтарда ауруханада жатқан жерінен полиция жасағы алып кеткен. Игісінов те ЛА-155/18 СИ мекемесіне қамалып, қатты азапталған, ауыр соққыдан бүйрегі мен бауырына зақым келіп, 14 қаңтарда тергеу абақтысынан ауруханаға қайта түскен дейді оның құқығын қорғап жүрген Маржан Аспандиярова. Оның сөзінше, Игісіновті қаңтардың аяғында қайтадан түрмеге жапқанымен, 4 ақпанда ауруханаға екінші мәрте қайта түскен. Ішкі құрылысына зақым келіп, ішінен қан кеткен.

– Қаңтар қырғынынан жапа шеккендердің бәрінің есінде бұл азаптаулар мәңгі қалды. Олар психологиялық реабилитациядан да өткен жоқ. Жараның орны сыздап, түнде мылтық дауысы естіліп, өздерін ұрып жатқандай шошып оянатынын жиі айтады. Көбі тиісті құжат-қағаздарды жинап, материалдық шығыны мен моральдық зардаптың өтеуін мемлекеттен сұраған. Ол 23-38 миллион теңге төңірегінде. Соттың бірінші сатысында Айдар Ақанға 2.5 миллион, ал Игісіновке 2 миллион теңгеден беру туралы шешім шығарды. Бұнымен келіспей апелляцияға арызданғанымен өзгеріссіз қалдырды, – деді Маржан Аспандиярова.

"БҮЙРЕГІНЕ САЛЫНҒАН ЕКІ КАТЕТЕРДІ ЖҰЛЫП АЛДЫ"

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев Қаңтар оқиғасында зардап шеккен 15 шақты адамның құқығын қорғап жүр. Арасында апелляциялық сот "мемлекеттен өтемақы төленсін" деп шешім шығарған, бірақ күнге ондай төлем алмағандар да бар.

Ал Алматы қаласында жапа шеккен Саят Әділбекұлы мен Сүндет Түркіменбайдың денсаулығына келген зиян үшін мемлекеттен өтемақы талап еткен арызын биыл 9 тамызда Астана қалалық ауданааралық азаматтық істер соты қанағаттандырмай тастады. Жеке ұйғарым шығарған судья Сәуле Омарова мұндай шешімінің нақты себебін көрсетпеген.

– Біз қанша шағымданғанымызбен, бәрін соттың қарауына деп жібереді. Заңда жазықсыз жапа шеккендер үшін реабилитация қарастырылған. Қылмыстық іс қысқартылып, прокуратура өтемақы беру туралы шешім шығарған. Олай болса судья өтемақыны кесіп беруге міндетті, – дейді құқық қорғаушы Ерлан Қалиев.

Ол Қаңтар оқиғасы кезінде билік "антитеррорлық операция" жүргізгенін ресми мәлімдегенін айтады. Ал "Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы" заңда антитеррорлық операциядан жазықсыз зардап шеккендерге келтірілген зиян мемлекеттік бюджет есебінен өтелетіні жазылған. "Ол заңда атап көрсетіліп, қосымша ережелермен бекітілген" дейді Қалиев.

Алматылық Саят Әділбекұлы Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп жараланып, кейін тергеу абақтысында азапталғанын айтады.
Алматылық Саят Әділбекұлы Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп жараланып, кейін тергеу абақтысында азапталғанын айтады.

31 жастағы Саят Әділбекұлы 2022 жылғы 5 қаңтарда кішкентай қызына дәрі алуға бара жатқанда оқ тиіп жараланған. Айтуынша, 8 қаңтарда оны ауруханадан күштеп әкетіп, 30 шақты адаммен бірге бірнеше сағат суық асфальтқа жатқызып қойған. Кейін СИ-18 (тергеу абақтысы) мекемесіне апарып, суық әрі лас камерадағы еденге жалаңаш жатқызып, ұрып-соғып азаптаған. Бүйрегіне жасалған операциядан кейін қойылған екі катетерді жұлып алып, лақтырып тастаған. Саят Әділбекұлы мемлекеттен өзіне келген моральдық шығынның және денсаулығына келген зиянның өтемі ретінде жиынтығы 50 миллион теңге төлеуді талап еткен.

– Біз бұны көбірек ақша алайық деп сұрап отырған жоқпыз. Саят жай жарақат алған жоқ, оқ оның омыртқасына тиіп, бүйрегін қақ бөлді, қабырғасын сындырды. Мұндай ауыр жараларды емдеп жазуға Қазақстан медицинасының қауқары жетпейді. Сондықтан Израиль клиникасына хабарласып, олардан ем-дом шарасы 100 мың доллар тұратыны туралы құжат алып, оны сотқа өткіздік. Ал судья оның арызындағы осы талаптарын кесіп тастады да, түрмеде жатқаны үшін 700 мың теңге моральдық өтемақы беру туралы қаулымен шектелді. Итке сүйек лақтырғандай болды, – дейді Ерлан Қалиев.

Сүндет Түркіменбай да 2022 жылғы 5 қаңтарда оң жамбасына оқ тиіп жараланған. Сол бір ызғарлы күндері азаптауға ұшыраған басқа адамдар тәрізді оны да 8 қаңтарда ауруханадан алып кетіп, 31 қаңтарға дейін СИ-18 абақтысында қамауда ұстап, ұрып-соққан. Ол да мемлекеттен 50 миллион теңге талап еткенімен, сот оған 700 мың теңге өтемақы төлеу туралы шешім шығарған. Құқық қорғаушы сот қаулысына келіспейтіні туралы шағым түсіргенмен апелляциялық сот оның арызын қанағаттандырмады.

"ОҚ АТҚАНДАР АНЫҚТАЛМАСА ЕШКІМ ЕШҚАЙДА ШАҒЫМДАНА АЛМАЙДЫ"

Құқық қорғаушылар Қаңтар оқиғасында зардап шеккендерді үш топқа бөліп қарайды: жазықсыз ұсталып, ісі қысқартылғандар; оқ тиіп қаза болса да, "жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп танылғандар (олардың ісі қысқартылған); бейсауат оқтан қаза тапқандар мен зардап шеккендер. Бірақ олардың ешбірі осы күнге дейін үкіметтен өтемақы алмаған.

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиев өтемақы туралы талап арыздардың көбі қаралмай, шағым берушілер ауыр жараланып, өмірлік мүгедек болып қалғанына қарамастан мемлекет өз жауапкершілігін мойындамай отырғанын айтады.

 Қаңтарда оқ тиіп, жүре алмай қалған азамат өтемақы ала алмай жүр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:46 0:00

58 жастағы семейлік Дәулет Мұқажанов Қаңтарда омыртқасы сынғаннан кейін мүгедек болып қалды. Өзін атқандарды тауып жазалауды және ем-домына қажет қаражат беруді талап еткен арызын сот қанағаттандырмады. Израиль клиникасында оны емдеу құны 60 мың доллар тұрады. Мұқажанов көлігін сатып, туыс-жақындары көмектессе де ондай ақша жиналмайды.

– Сот оның өтемақы сұраған арызын қайтарып, кінәлілерді табу талабын түсініксіз жағдайда ұстап тұр. Бір жарым жылдан асты, сот ол істі не жаппайды, не қарамайды, – дейді Ерлан Қалиев.

Құқық қорғаушының сөзінше, Семей қалалық соты биыл 26 сәуірде Айдын Қатпұшев, Шолпан Бектақымова, Фарит Ишмұхаметов, Нұржан Сембаев, Толқын Шәуалиеваның өтемақы туралы талап арызын ішінара қанағаттандырған. Қаңтардан соң "жаппай тәртіпсіздік жасады" деген күдікке ілінген Қатпұшев – 7 ай, Бектақымова, Сембаев пен Шәуалиева – 3 ай, Ишмұхаметов 9 ай қамауда болды. 2022 жылғы 2 желтоқсанда олардың кінәсі жоқтығы дәлелденіп, қылмыстық іс тоқтатылған. Сот оларға 2 миллион теңгеден 4 миллион теңгеге дейін өтемақы төлеу туралы шешім шығарған. Бірақ өтемақыны әлі төленбеген.

– Мысалы, өтемақы ретінде 20 миллион теңге талап еткен Фарит Ишмұхаметовке 4 миллион теңге төлеу туралы апелляциялық сот қаулысы шыққалы сегіз ай өтті. Бірақ ол әлі алған жоқ. Қаржы министрлігі оның шағымына "үкімет қаулысын күтіп отырғанын, оны кезекке қойғаны" туралы жауап берген. Егер дәл осындай сот шешімін бір қарапайым адам орындамаса, мемлекет оның мүлкін баяғыда тәркілеп алушы еді. Мемлекеттік органның өзі сот шешімін орындамай отыр, – дейді Ерлан Қалиев.

Ол Қаңтарда Алматыда өз шаруасымен кетіп бара жатқанда оққа ұшып, омыртқасына зақым келіп, мүгедек болып қалған Бибігүл Дүйсенова деген адамды мысалға келтірді. Тергеу орны Дүйсенованың да "жаппай тәртіпсіздікке" қатыспағанын анықтаған. Құқық қорғаушының сөзінше, ол өзін кім атқаны анықталмағандықтан басқа да жазықсыз зардап шеккендер тәрізді ешқайда шағымдана алмайды.

– Оқ атуға қатысты істердің барлығы құпияға айналдырылған және кейін қысқартылған. Сондықтан оқ атқандар белгісіз саналған соң жараланғандар ешкімге қарсы азаматтық арыз да бере алмайды. Кімге шағымданады? "Терроризмге қарсы күрес" заңына сүйеніп арыздансақ, қылмыстық сотқа жазыңдар дейді. Сот әділ әрі бейтарап болуы керек. Бірақ Қаңтар ісін билік саясиландырып отыр. Сол себепті сот "егер арыз иесінің мүддесін қорғап шешім қабылдасақ, президенттің саясатына қарсы шықпаймыз ба" деп қорқатын болу керек, – дейді құқық қорғаушы Ерлан Қалиев.

Қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина (оң жақта) Қаңтар оқиғасы туралы "Ескертусіз қасақана оқ ату" баяндамасын көпшілікке таныстырып отыр. Алматы, 5 маусым, 2023 жыл
Қазақстандық құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина (оң жақта) Қаңтар оқиғасы туралы "Ескертусіз қасақана оқ ату" баяндамасын көпшілікке таныстырып отыр. Алматы, 5 маусым, 2023 жыл

Қаңтарда жазықсыз жапа шеккендердің құқығын қорғап жүрген "Ар. Рух.Хақ" қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина өтемақы туралы талап арыздар алғаш түсе бастағанда, 10 миллион теңгеге дейін беру туралы сот қаулысы шыққанын, кейін оның мөлшері үш есеге дейін кемігенін еске салды. Төреғожина Бас прокуратура Қаңтарда оқ тиіп өлгендерді жазықсыз санап, кешірім сұрағанымен олардың ешқайсысы мемлекеттен өтемақыға қол жеткізе алмайтынын айтады. Төреғожина сот жазықсыз құрбандардың мемлекеттік ғимараттарды басып алуға қатысы жоқ деп таныса да, олардың отбасы өтемақы ала алмайды, өйткені заңда мұндай өтемақыны тек күштік құрылым қызметкерлері алады деп жазылған дейді.

2023 жылғы 3 тамызда Астананың Есіл аудандық соты Қаңтарда оқ тиіп қаза тапқан Дархан Пірманов, Марат Мұсабеков, Нұрлыбек Тұраров пен Амангелді Жарақашовтың туыстарының өтемақы туралы талап арыздарын қанағаттандырудан бас тартқан. Істі қараған судья Даржан Хакимова "олардың туыстары – анасы, ағасы, ұлы күштік құрылым қызметкерлері емес және олар антитеррорлық операцияға қатысқан жоқ, мұрагер ретінде өтемақы талап етуге де құқы жоқ. Антитеррорлық операция кезінде бейбіт адамдардың қаза табуына байланысты моральдық шығынды өтеу Азаматтық кодекстің 951-бабында [Моральдық зиянды өтеу] көрсетілген тізімде қарастырылмаған" деп түсіндірген.

Қаржы министрлігі Қаңтар оқиғасына қатысты осы кезге дейін қанша адамға мемлекеттен өтемақы төленгені туралы Азаттықтың сауалына: "Қаңтар оқиғасы аясында қылмыстық жауапкершілікке тартылып, кейін ақталған азаматтардың сотта қаралған талап арыздары бойынша шығарылған сот шешімдерімен, қазіргі таңда, республикалық бюджеттен 2022-2023 жылдары 64 талапкердің пайдасына 125 млн 624 мың 611 теңге көлемінде моральдық және материалдық зиян өндірілді" деп жауап берді.

Қазақстанның түрлі өңірінде Қаңтар кезінде заңсыз қамалғанын айтқан азаматтар мемлекеттен "заңсыз қамауда ұстағаны үшін" моральдық өтемақы талап еткен. Кейбірінің өтініші ішінара орындалды.

Ақтөбеде "Қаңтар ісі" бойынша бір жылдан астам уақыт қамауда болып, кейін ақталып шыққан Ернұр Әжниязов "заңсыз қамағаны үшін" мемлекетті сотқа беріп, моральдық өтемақы ретінде 30 млн теңге талап еткен. Биыл тамызда сот оған моральдық өтемақы ретінде 6 млн теңге төлеуге шешім шығарды. Мамыр айында Астана соты Қаңтар оқиғасы кезінде азапталғанын мәлімдеп, 30 миллион теңге моральдық өтемақы талап еткен өскемендік Ренат Жұбақовтың арызын ішінара қанағаттандырды. Сот оған 5 миллион теңге өтемақы беру жөнінде шешім шығарған. Бұған келіспеген Жұбақов апелляцияға шағым берген. 2 тамызда апелляциялық сот алқасы Жұбақовқа белгіленген моральдық өтемақы мөлшерін 5 миллион теңгеден 2 миллион теңгеге азайтты.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG