Accessibility links

"Баланы ұрған". Сарыағашта заңсыз діни дәріс берген адам күдікке ілінді. Ата-аналардан шағым түспеген


Түркістан облысы Сарыағаш кентіндегі Аманжол мешітінің сыртқы көрінісі. 22 ақпан, 2024 жыл.
Түркістан облысы Сарыағаш кентіндегі Аманжол мешітінің сыртқы көрінісі. 22 ақпан, 2024 жыл.

Түркістан облысы Сарыағаш ауданында мешіт жанында заңсыз "діни сауат ашу" курсын жүргізген ер адамға қарсы кәмелетке толмаған балаларды ұру дерегі бойынша іс қозғалды. Балаларға "ашумен қол жұмсағанын" мойындаған ол "құйрығынан ұруға ата-анасы рұқсат еткен" деп ақталады. Балалардың әке-шешесінен шағым түспеген. Қоғам өкілдері бала ұру – қылмыс дейді.

"ҮШ АЙ ТАЯҚ ЖЕДІМ"

Ақпанның ортасында әлеуметтік желіде денесінде соққыдан түскенге ұқсайтын іздер қалған балалардың видеосы тарап, жұрт оны қызу талқылады. Видеоны түсіріп тұрған адамдар 8-10 жас аралығындағы балаларға "ешкім ұрған жоқ па?" деп сұрақ қояды. "Иә, ұрды" деген жауап қатқан балалардың үстіндегі киімінің етегін түріп, арқасы мен бөксе тұсындағы соққы ізіне ұқсайтын көгерген жерлерін көрсетеді.

- Қанша рет таяқ жедің?

- Көп. Мен дәрісті октябрь, ноябрьден бері тапсырмағам. Үш ай таяқ жедім.

- Денеңде іздері қалды ма?

- Иә.

- Көрсетші.

Сарыағашта балаларға діни дәріс беріп, "ұрып жазалаған" адам тергеліп жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:05:33 0:00

Ішкі істер министрлігі бұл видео 30 қаңтарда Сарыағаштағы Аманжол мешітінің ауласындағы екі қабатты ғимаратқа жүргізілген рейд кезінде түсірілгенін айтты. Полиция 38 жастағы Мәулен Пердешов былтырғы наурыз айынан бері сол жерде кәмелетке толмаған 19 балаға "діни сауат ашу" курсынан дәріс берген деген ақпарат таратты.

Видеода Пердешов "кейде ашуға беріліп, балаларды құйрығынан шыбықпен ұрғанын" мойындап сөйлейді. Анықталған дерекке байланысты Мәулен Пердешов "балаларды ұрып-соққан" деген күдікке ілінді деп хабарлады Ішкі істер министрлігі. Бұған қоса, 4 баланың ата-анасына перзентінің құқығы мен мүддесін қорғау міндетін орындамағаны үшін айыппұл салынған. Полиция балаларды ұрып-соғу дерегі бойынша іс қозғағанымен, ешбір баланың ата-анасы шағым түсірмеген.

Аманжол мешітінің ауласындағы екі қабатты ғимаратта (оң жақта) ашылған "діни сауат ашу" курсы заңсыз жұмыс істеген. Түркістан облысы Сарыағаш кенті, 22 ақпан, 2024 жыл.
Аманжол мешітінің ауласындағы екі қабатты ғимаратта (оң жақта) ашылған "діни сауат ашу" курсы заңсыз жұмыс істеген. Түркістан облысы Сарыағаш кенті, 22 ақпан, 2024 жыл.

"ӘКЕ-ШЕШЕСІ ҰРУҒА РҰҚСАТ ЕТКЕН"

Мәулен Пердешовті Сарыағаштағы Аманжол мешітінің ауласындағы ғимаратта жолықтырдым. Қасында 4-5 жасар екі бала жүр екен.

Пердешов демеушілер қаржысына салынған екі қабатты ғимаратқа 2023 жылдың қыркүйегінде отбасымен көшіп келгенін айтты. Екінші қабаттағы екі бөлмеде 20 шақты төсек-орын бар екен. "Діни сауат ашуға" ниетті балалар сонда жатып оқыпты. Мен барғанда бөлмелер бос тұрды.

Мәулен Пердешов Аманжол мешітінің жанындағы "діни сауат ашу" курсында өзі дәріс берген балаларды "ұрып-соққан" деген күдікке ілінді. Сарыағаш кенті. 22 ақпан, 2024 жыл.
Мәулен Пердешов Аманжол мешітінің жанындағы "діни сауат ашу" курсында өзі дәріс берген балаларды "ұрып-соққан" деген күдікке ілінді. Сарыағаш кенті. 22 ақпан, 2024 жыл.

Пердешов былтырғы қыркүйектен бері төрт балаға – олардың ата-анасының рұқсатымен, кейбірінің сенімхатымен – діни дәріс бергенін айтты. Ата-анасы Жетісай, Келес аудандарында тұратын үш бала сол ғимаратта жатып, біреуі үйінен қатынап "діни сауат ашқан". Төртеуі де Сарыағаштағы "Дарын" жеке меншік мектебінде оқиды.

– Бәрі тамыр-таныс, туыстарымның 8-10 жасар балалары. "Балаға бас-көз болып, бос кезде Құраннан сабақ беріңіз" деп өтініш жасады. Бірі мешітке, төсегіне, бөлмеге дәрет сындыра берді. Мұғалімдерінен де шағым түсті. Осыны әке-шешесіне айттым. "Жаза ретінде құйрығынан ұрып қой" деді. Екі-үш рет құйрығынан ұрғанымды мойындаймын, – деді ол.

Пердешов өзі жөнінде полиция таратқан "19 балаға діни дәріс бергені үшін әрбірінен айына 20 мың теңге ақы алған" деген ақпаратты "жала" деп атады. "Ешкімнен ақы алмадым" дейді ол. "Бұрын бала оқыту тәжірибеңіз болды ма, арнайы біліміңіз бар ма?" деген сұраққа Пердешов жауап беруге құлық танытпады.

Мәулен Пердешов "діни сауат ашу" курсында өзі дәріс берген балалар жатқан бөлмеде тұр. Сарыағаш, 22 ақпан, 2024 жыл.
Мәулен Пердешов "діни сауат ашу" курсында өзі дәріс берген балалар жатқан бөлмеде тұр. Сарыағаш, 22 ақпан, 2024 жыл.

Пердешовтен "діни сауат ашқан" балалардың арасында Сарыағаш ауданының тұрғыны 30 жастағы Таңшолпан Сапарованың 8 жасар ұлы да бар. Таңшолпан баласын полиция мешіттен ескертусіз алып кетіп, ата-анасының қатысуынсыз түсініктеме алғанына наразы. Ол баласын медициналық сараптамадан өткізуден бас тартқан.

– Ұлымды таңертең осында алып келеміз. Түсте мектепке алып кетемін. Мектептен шыққаннан кейін тағы осында келеді. Мұнда діни сауатын ашып жүрді. Мешіт қой, ұстаздық білімі болған соң осы кісіге (Пердешовты айтады – ред.) тапсырдық. Ұлым араб тілін тез меңгерді. Ұрса да үндемейміз, – дейді Сапарова.

Өзге үш баланың ата-анасы Сарыағаштан басқа жерде тұратындықтан, олармен сөйлесудің сәті түспеді.

"БАЛА ОҚЫТУҒА РҰҚСАТ БЕРІЛМЕГЕН"

Қазақстанда мектеп жасындағы балаларды діни сауат ашу үшін медресеге беру – қалыпты үрдіс саналады. Сарыағаш аудандық орталық мешітінің наиб имамы Нұрмахамбет Бижанов мешіт, медреселерде бала оқытудың белгіленген тәртібі барын, діни дәріс беретін әр ұстаз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан (ҚМДБ) арнайы рұқсат алуы шарт екенін айтты.

Мәулен Пердешов Аманжол мешіті жанындағы ақсақалдар алқасының ұйғарымымен мешітте күзетші болып істеген әрі балаларға діни дәріс берген, алайда ҚМДБ рұқсатынсыз бала оқытқан дейді Бижанов. Оның сөзінше, Сарыағаштағы орталық мешіт Аманжол мешітінде бала оқытуға рұқсат берілмеген деп бірнеше рет ескерту жасағанымен, діни сабақ беру тыйылмаған.

– ҚМДБ бекіткен діни сауат ашу курсы бағдарламасы бар. Ол бойынша Құран, тәжуит, ақида, ғибадат сияқты сабақтар өтеді. Заң бойынша, басқарма рұқсат еткен адам ғана сабақ бере алады. Бұл кісіге (Пердешовке – ред.) рұқсат берілмеген, – деді Сарыағаш аудандық орталық мешітінің наиб имамы Бижанов.

Сарыағаш кентіндегі Аманжол мешітінің ауласындағы екі қабатты ғимаратта ашылған "діни сауат ашу" курсы заңсыз жұмыс істеген.
Сарыағаш кентіндегі Аманжол мешітінің ауласындағы екі қабатты ғимаратта ашылған "діни сауат ашу" курсы заңсыз жұмыс істеген.

ҚМДБ-ға қарасты Шымкент медресе колледжі директорының орынбасары Анарқұл Сырманов баланың оқу үлгерімі я мінез-құлқы нашар екен деп ұрып-соғуға ешкімнің хақы жоғын айтады. Ресми тіркелген, заңды рұқсат етілген медреседе баламен жұмыс істеу арнайы білімі бар педагог-психологтарға жүктеледі.

– "Молдалар баланы ұрып-соғады" деген ұғым 19-ғасырдан қалған шығар. Қазіргі 21-ғасырда баланы ұрып оқыту мүмкін емес. Ондайға жол берілмейді. Бала оқытудың әдісі бар. Мамандар оны меңгермесе балаға сабақ бере алмайды. Діни басқарманың жарғысында бала оқыту тәртібі жан-жақты жазылған. Соған сай жұмыс істейміз, – дейді Сырманов.

"ПЕРЗЕНТІН ҚОРЛАҒАН АДАМ АТА-АНА ҚҰҚЫҒЫНАН АЙЫРЫЛАДЫ"

Шымкенттік белсенді мұғалім Өмір Шыныбекұлы жасына қарамастан кез-келген адамды ұрып жазалау – заңға қайшы, қылмыстық жауапкершілік жүктелетін іс-әрекетке жататынын айтады. Ол мектеп жасындағы баланың діни сауатын ашу мәселесінде абай болу керектігін ескертеді. "Баланы діни фанатизмге бой ұрудан қорғап-сақтау маңызды және кез-келген адам бала ең алдымен зайырлы білім алу қажет екенін ескергені абзал" дейді тәжірибелі ұстаз.

Сарыағаштағы "баланы ұрып жазалау" оқиғасына байланысты Түркістан облысы бойынша бала құқы жөніндегі уәкіл Динара Игембердиеваға хабарласуға тырыстық. Бірақ бала омбудсмені телефон қоңырауына да, WhatsApp мессенджері арқылы жолдаған сауалымызға да жауап бермеді.

Пердешовтен "діни дәріс" алған балалар оқитын "Дарын" жеке меншік мектебі әкімшілігінен пікір білмек болған талпынысымыз нәтиже бермеді.

Түркістан облыстық білім басқармасының өкілі Еркін Бекжанов "ата-ана өз міндетін орындамай, керісінше баланың құқығын бұзса, күш қолданса немесе ондай әрекетке жол берсе жауапқа тартылатынын" айтты.

Бекжановтың сөзінше, мемлекеттік органдар ондай іс-әрекеттен жапа шеккен баланы ата-анасынан оқшаулап, өмірде қиын жағдайға тап болған балаларға арналған орталыққа уақытша орналастырады. Ол жерде балаға әлеуметтік, психологиялық көмек көрсетіледі. Ата-анасы өз қателігін түсініп, дұрыс жолға түссе, оларға баласы қайтарылады. Егер баланы қайтадан жәбірлеп, қорлауды жалғастырса, сот шешімімен ата-ана құқығынан айырылып, бала мемлекет қамқорлығына алынып, балалар үйіне жіберілуі мүмкін.

– Бүгінде балаға зорлық-зомбылық көрсету көкейкесті мәселеге айналды. Баланы ұрып-соғу, ондайға ата-анасының рұқсат беруі – қылмыс, – дейді Бекжанов.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG