Accessibility links

Қытайлықтар мен қазақ жұмысшылары төбелесті


Қытайлық жұмысшылардан таяқ жеген Бердіхан Кәкешов. Атырау, 14 тамыз 2012 жыл.
Қытайлық жұмысшылардан таяқ жеген Бердіхан Кәкешов. Атырау, 14 тамыз 2012 жыл.
Атырауда қазақ және қытай жұмысшылары арасында төбелес болды. Осы оқиғадан кейін қытайлықтармен бір жатақханада тұратын қазақ жұмысшылары бөлек жерге көшірілді.

Азаттық тілшісіне хабарласқан жұмысшылардың бірінің айтуынша, тамыздың 14-і күні Атыраудың іргесіндегі Геолог елді мекенінде орналасқан, «Евразия Строй Капитал 2007» ЖШС жатақханасынан қазақ жұмысшыларын Балықшы ықшам ауданына көшіру басталған. Азаттық тілшісіне компания жұмысшыларының бірі:

- Себебі егер ол жерде қазақтар қалса, қытайлықтардың күн бермейтіні анық, - деп түсіндірді қытайлық Sinopec Engineering компаниясының мердігер серіктестігінде жұмыс істейтін азамат.

Бұл іске тамыздың 14-інде Атырау мұнай өңдеу зауыты территориясында қазақ және қытай жұмысшылары арасында өткен төбелес себеп болды.

«ШЫДАМАЙ КЕТІП, БІР ҚАЗАҚ БАЛАНЫ АРАШАЛАЙМЫН ДЕП ТАЯҚ ЖЕДІМ»

«Евразия Строй Капитал 2007» компаниясының жұмысшылары тамыздың 14-і күні кешке қарай жұмыстан шыққан кездерінде қытайлықтардың жабылып ұрғанын айтты. Алғашқы болып таяқ жеген 38 жастағы арматурашы Рамазан Төлеуов сол күні әдеттегідей кешкі жеті жарымда жұмыстан шыққандарын еске алды.
"Евразия Cтрой Kапитал" жұмысшыcы Рамазан Төлеуов. Атырау, 14 тамыз 2012 жыл.
"Евразия Cтрой Kапитал" жұмысшыcы Рамазан Төлеуов. Атырау, 14 тамыз 2012 жыл.

- Аяқ асты, жұмыстан соң, объектіге кіру үшін берілетін рұқсат қағазымызды қытайлықтар алып қалды. Ал біз кешке қолымызға жұмыс сағаттары соғылатын табелімізді алуымыз керек. Соны алу үшін контейнерге барғанымызда кішкене терезесі жабық болып шықты. Ішіне кірсек, елу шақты қытай тұр екен. Мені біреуі итеріп қалып, алдымдағы бір қытайдың үстіне құлап кетіп едім, ол мені каскамен бетімнен бір қойды. Соның арасынша басқа қытайлықтар жабыла жөнелді, - деді ол.

Жұмысшылар «бұның бәрін ұйымдастырып отырған - бірі табелші, екіншісі бригадир болып саналатын Хо Жин Ху мен Чжэн Цу Шин деп санайтындарын» айтты.

- Қытайлықтар «Ұрыңдар қазақтарды, қырыңдар» деп қытайша айқайлады. Сол жерде қалған азын-аулақ қазақтар қашып құтылдық, - деді олар.

Төбелестің себебін әлі түсініп болмаған қазақ жұмысшылары «қақтығысты қытайлықтар бастады» дейді. Айтуларынша, қытайлық жұмысшылар төбелеске алдын ала дайындалып, арматура, күрек, ағаштармен қаруланып алған.

- Мен қашып шығып, зауыттың күзетіне барып хабарладым, полиция шақыруларын өтіндім, - дейді жұмысшы Рамазан Төлеуов.

Қарақұсынан, жауырыны мен қолынан соққы алған тағы бір бетоншы Рамазан Ақиқат өзінің «шыдамай кетіп, бір қазақ баланы арашалаймын» деп таяқ жегенін айтып берді.
"Евразия Cтрой Kапитал" жұмысшыcы Рамазан Ақиқат. Атырау, 14 тамыз 2012 жыл.
"Евразия Cтрой Kапитал" жұмысшыcы Рамазан Ақиқат. Атырау, 14 тамыз 2012 жыл.

- Табель алуды күтіп сыртта тұр едім, контейнерден бір топ қытай 214 нөмірлі каскасы бар жас жігітті сүйреп шығарып, тепкілей жөнелді. Шыдамай кетіп, ара түсіп едім, өзіме жабылды. Таяқ астында қалғандарды құтқаруға әліміз келмей, қашып шықтық қақпадан, - деді ол.

Жұмысшы Бердіхан Кәкешов «қытайлықтар арттарынан лақтырған тастың қақ желкеден тигенін» айтты.

- Полиция келіп арашалап, ауруханаға алып барды. Сол жерде басымды тігіп, дәкемен таңып берді, - деді ол.

Жұмысшылар өздері тұратын Геолог поселкесіндегі жатақханаларына жеткенде ол жердегі қытайлықтардың да қазақ жұмысшыларын соққыға жыққанын естіген.

«МЫНАДАЙ ТАЯҚТЫ ҚЫТАЙДА ЖҮРІП ЖЕМЕППІЗ»

«Евразия Строй Капитал 2007» компаниясындағы қазақ жұмысшыларының дені - Шығыс Қазақстан облысынан келгендер. Олар бірнеше жыл бұрын Қытайдан тарихи отандарына қоныс аударған.

- Енді осы төбелеске бізді кінәлі қылып отыр. Біз қытайларға қарсы бірінші болып қол көтергеніміз жоқ. Тіпті мынадай таяқты Қытайда жүріп жемеппіз, - дейді олар.

Бұдан бөлек, олар компанияда құжаты жоқ 100-ден астам қытайлық жұмысшының жұмыс істейтінін білетіндерін айтты.

- Кешегі төбелестен соң, оларды артқы есіктен шығарып алып кетті. Жалпы Атырау мұнай өңдеу зауыты территориясында бейнекамералар бар. Сол арқылы кім төбелесті бастады, кім-кімді ұрды - анықтауға болады, - дейді қазақ жұмысшылары.

Мұндағы жұмысшылар хош иісті көмірсутектер зауытын салып жатыр. Қытайлық Sinopec Engineering компаниясының мердігері «Евразия Строй Капитал 2007» ЖШС осы зауыттың құрылыс жұмыстарын жүргізу құқығын тендерден жеңіп алған.

Жұмысшылардың айтуынша, олар «жұмыстың ең ауыр бөлігін атқарады». Орташа айлық жалақылары - 60 мың теңге. Өздері сенбі, жексенбі күндерін есептегенде, қолдарына 100 мыңның үстінде жалақы алатындарын айтты.

- Айлығымыздан 30-40 мың теңге ақша ұсталады. Мен «Ұлар-Үміт» қорына түскен зейнетақы туралы қағазымды шығарып алып келіп отырмын. Былтырғы қазаннан бері көк тиын түспепті, - деді Рамазан Төлеуов.

Айтуларынша, араларында жылға жуық істесе де демалыссыз жүргендер бар. Олар демалысқа кетуге жұмыс орынын жоғалтып алудан қорқады.

Төбелес туралы жұмысшылардың айтқаны:
Қытайлықтармен қазақ жұмысшылары төбелесті
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:28 0:00

«ТӨБЕЛЕСТІ БАСТАУШЫЛАР АНЫҚТАЛЫП ЖАТЫР»

«Евразия Строй Капитал 2007» ЖШС директорының орынбасары Алтай Томақаев мекеменің тамыздың 14-і күні жұмысты тоқтатқанын растады.

- Бұның барлығы жағдайды ушықтырмау үшін жасалып отыр. Бүгін оралмандарға Балықшы ауданындағы жатақханаға көшу үшін бір күн демалыс берілді,- деді ол.

Оның айтуынша құқық қорғау органдары төбелесті ұйымдастырушыларды анықтап жатыр.

- Біз солардың жауабын күтіп отырмыз, - деді ол Азаттық тілшісіне.

Ол жұмысшылардың құжатсыз жұмыс істеп жүрген қытайлықтар мен зейнетақы қорына аударылмаған қаражат туралы шағымдарын «бос әңгіме» деп бағалады.

- Зауыт - стратегиялық объект. Оған жай адам кіре алмайды. Ал зейнетақыны тұрақты аударып келеміз. Мұны компаниямызға тексеру жасағанда анықтаған, - деді ол.
"Евразия Строй Капитал 2007" компаниясының жұмысшылары тұрмыстарына наразылық білдіріп тұр. Атырау, Балықшы ықшам ауданы, 3 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)
"Евразия Строй Капитал 2007" компаниясының жұмысшылары тұрмыстарына наразылық білдіріп тұр. Атырау, Балықшы ықшам ауданы, 3 мамыр 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Ал Атырау облыстық ішкі істер департаменті баспасөз орталығының жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарова Азаттық тілшісіне «істің ақ –қарасы тамыздың 15-і күні белгілі болатынын» хабарлады.

Атырау мұнай өңдеу зауытының хош иісті көмірсутектер өндірісі кешені - Қазақстанның 2008-2013 жылдарға арналған мұнайхимия өндірісін дамыту бағдарламасымен жүзеге асып жатқан жоба.

Қытайлық Sinopec Engineering компаниясымен Қазақстан үкіметі құрылысты толық бітіріп беру туралы келісімге қол қойған. Жоба құны - 1 миллиард 679 миллион 892 мың 520 доллар. Sinopec Engineering комапниясының мәліметі бойынша мұнда түрлі мердігерлік мекемелерде 610 адам еңбек етеді.

ЕСКІ ДАУ

2012 жылы мамыр айының алғашқы күндері "Евразия Строй Капитал 2007" жұмысшылары жұмыс жағдайын жақсарту, жалақыдағы айырмашылықты жою, жатын орын, тамақтану сияқты мәселелерді шешу сияқты талаптарды қойып, 200-дей адам болып ереуілге шыққан еді.

Олардың сол кездегі айтқан мәліметтеріне қарағанда, жұмысшылар тіпті мереке күндері де жұмыс істегенімен, жалақылары толық есептелмейді.

- Тіпті зейнетақы қорына аударылатын ақшамыз да бір жыл бойы аударылмай келген. Біз 40 күн жұмыс істеп 40 мың теңге алсақ, өзімізбен қатар жұмыс істейтін қытай азаматтарының ең төменгі айлығы - 230 мың теңге, - деген еді жұмысшылардың бірі.

Жұмысшылар компания басшысы Чин Еге 2011 жылы желтоқсан, 2012 жылы қаңтар айларында бірнеше рет өтініш жасағандарын айтты. Бірақ олардың талап арызына басшылық көңіл бөлмеген.

Жұмысшылар 5 мамыр күні компания басшылары талаптарын орындауға уәде бергенін, сондықтан ереуілді тоқтатқандарын хабарлаған.
XS
SM
MD
LG