Accessibility links

Телібеков Мәмбетәлин мен Нарымбаев ісі бойынша тергелді


Азаматтық белсенді Мұрат Телібеков.
Азаматтық белсенді Мұрат Телібеков.

Үш күнге қамалған белсенділер Серікжан Мәмбетәлин мен Ермек Нарымбаевтың ісіне қатысты куәгер, өзін «Қазақстан мұсылмандары одағы басшысы» деп атайтын Мұрат Телібеков полицияда тергеуде болды. Ал қамаудағы белсенділердің жақтастары интернетте қол жинай бастады.

Азаматтық белсенді әрі жанжал тудырған, бірақ жарияланбаған «Ветер с улицы» диссиденттік кітабының авторы Мұрат Телібеков бүгін полициядағы тергеуге дейін Алматыдағы АҚШ елшілігіне барған. Мұрат Телібеков Facebook желісінде жарияланған «кітап үзінділерінің» оның қолжазбасына ешқандай қатысы жоқ деп мәлімдегенімен, қазанның 12-сі күні Серікжан Мәмбетәлин мен Ермек Нарымбаевты тұтқындау себебін әлеуметтік желілерде «осы кітап үзінділерін» жариялаумен байланыстырады.

Екеуі қамалған күні интернетте «ұлттық-патриоттық» деп сипатталатын екі қоғамдық ұйымның «Мұрат Телібековтің кітабындағы қазақ халқын қорлайтын үзінділерді әлеуметтік желі арқылы таратқан екі белсендіге қатысты мәлімдемелері тарағандықтан, Мәмбетәлин мен Нарымбаевтың жақтастары ол екеуін қамауды «сценарий бойынша сөз тасу» факторымен байланыстырады.

Мұрат Телібеков бүгін түске дейін – тергеуге бармас бұрын Алматыдағы АҚШ консулдығына барған.

– Бұл мәселені конструктивті тұрғыдан шешуге ықпал ете алатын күштерді тартуды кітап авторы ретіндегі парызым деп санадым. АҚШ демократия жолынан айнымай келе жатыр әрі бүкіл әлемде адам құқығын қорғайды, сондықтан мына жағдайда халықаралық күштер мен дипломаттардың қолдауы қажет, – деді ол Азаттыққа.

Белсендінің айтуынша, саясат және экономика мәселелері жөніндегі консул Тимоти О'Коннор ақпаратты АҚШ елшілігі қызметкерлеріне жеткізуге және істің барысын бақылауға уәде еткен. Консул Телібековтің келгенін растағанымен, азаматтық белсендімен не жайлы сөйлескенін айтпады.

Азаматтық белсенді Серікжан Мәмбетәлин.
Азаматтық белсенді Серікжан Мәмбетәлин.

Мұрат Телібеков бүгін Серікжан Мәмбетәлинмен көзбе-көз беттестіру болатынын хабарлады.

Мұрат Телібеков азаматтық белсенділерді қамауға алуды бұрын-соңды болмаған жағдайға балайды. Оның пікірінше, әлемдегі және Орталық Азиядағы шиеленістердің себебі – адамдардың билікпен дұрыс диалог орната алмай, проблеманы бірден күш қолданып шешуге кірісіп кетуінде.

Мәжіліс депутаты Тұрсынбек Өмірзақов үш күнге қамалған белсенділерді танымайтынын айтып, мұндай жағдайда «мән-жайды анықтау қажет» деп санайды.

– Екеуінің аты-жөнін бірінші рет естіп тұрмын. Өз басым адамды бұлай ұстап әкетуге қарсымын. Бірақ бір жағынан біз ұлтаралық келісімді қадірлеп, Қазақстан халқы ассамблеясын құрып жатсақ, әлгі екеуі сияқты «әртістер» жарыққа шықпаған дүниені жариялап жіберген. Ал ертең Телібеков «менің қатысым жоқ» десе не болмақ? – дейді депутат Азаттыққа.

Тұрсынбек Өмірзақов Мұрат Телібековті «онша түзу адам емес», «мүшелері де, өзі де түсініксіз ұйымның» жетекшісі деп атайды.

Бұдан сәл ертеректе «Желтоқсан қоғамы» мен «Қазақ ұлттық кеңесі» белсенділері «Ветер с улицы» кітабы үшін Мұрат Телібековті және әлеуметтік желілерде ол кітаптан үзінді таратқан белсенділерді жауапқа тартуды талап етіп, Алматы прокуратурасына арызданған. Олар кітапта қазақ халқын, оның дінін қорлайтын сөздер бар деп көрсеткен. Мұрат Телібеков «кітабым сол күйі шықпағандықтан интернетте әлгі кітаптан үзінділер деп жарияланған мәтіндерге қатысым жоқ» деп мәлімдейді.

Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев.
Азаматтық белсенді Ермек Нарымбаев.

Қазанның 12-сі күні азаматтық белсенділер Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбетәлин процессуалдық шешім қабылдағанға дейін үш тәулікке тергеу абақтысына қамалған. Полиция екеуін ұстауға «әлеуметтік желілерде ұлт араздығын қоздыру, ұлттың қадір-қасиеті мен ар-намысын қорлау белгілері айқын көрінетін деректер таратты деген ақпарат түрткі болды» деп мәлімдейді.

Ресейде қуғында жүрген азаматтық белсенді Айнұр Құрманов интернетте жариялаған мақаласында Мәмбетәлин мен Нарымбаевты қамауға алуды Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстанға сапары қарсаңындағы үгіт-насихат сценарийінің бір бөлігі және Франция үкіметінің қуғындағы оппозициялық саясаткер әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовті Ресейге беру туралы шешімінен «қоғам назарын аудару технологиясы» деп атаған. Қамалған белсенділердің жақтастары билікшіл екі ұйымның мәлімдемесі жариялаған күнгі биліктің шұғыл әрекетін сынап, Ермек Нарымбаев пен Серікжан Мәмбетәлинді дереу босатуды талап етіп, интернетте қол жинауды ұйымдастырды.

XS
SM
MD
LG