Accessibility links

Сарапшылар цензура күшейетінін болжайды


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Сарапшылар мен тәуелсіз журналистердің айтуынша, «цензура» сияқты антиконституциялық ұғым Қазақстанда әлі күшінде. Олар президент сайлауы науқаны тұсында БАҚ-ты бақылау күшейе түседі деп есептейді.

Жуырда «Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымы сайты «Өкілетті орган мемлекеттік емес БАҚ-тарға арналған «кеңестерін» жолдады» деген хабарлама жариялады. «Әділ сөздің» хабарлауынша, байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетіне қарасты баспа ақпарат құралдары және интернет-ресурстармен жұмыс басқармасы жекеменшік ақпарат құралдарына нені және қалай жазу керек екені туралы нұсқаулар жіберген.

«Әділ сөз» баспасөз еркіндігін қорғау ұйымы жетекшісі Тамара Калеева Азаттық тілшісіне бұл ақпаратты сенімді адамнан алғанын әрі бірнеше басылым басшысы өздеріне осындай нұсқаулық келгенін растағанын айтады.

«Жас алаш», Adam bol, «Қоғамдық позиция» (ДАТ), «Трибуна», Zonakz сияқты бірнеше оппозициялық және тәуелсіз БАҚ басшылары мұндай нұқсаулық алмағанын айтады. «Время» газеті бас редакторы көмекшісі «редакцияға түскен жалпы хаттардың арасынан мұндай нұсқаулықты көрмедім, ал бас редактордың тікелей өзіне қандай хаттар түскенін білмеймін» дейді.

Байланыс, ақпараттандыру және ақпарат комитетіне қарасты баспа ақпарат құралдары басқармасымен хабарласу мүмкін болмады. Бірақ Қазақстан журналистер одағы президенті Сейітқазы Матаев Азаттыққа мұндай хабарлама алмағанын, бірақ басқарма басшылығымен нұсқаулық жөнінде сөйлескенін айтты. Оның айтуынша, басқарма басшылығы әлдебір нұсқаулық жібергенін теріске шығарған.

Сарапшылар бұл жағдайға қатысты Азаттық тілшісіне комментарий берді.

«ХАБАР» АРНАСЫН ӘДЕЙІ ҚАРАДЫМ»

Тәуелсіз журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дувановтың айтуынша, қазір совет заманындағыдай ашық цензура болмағанымен, жасырын цензура бар. Ол «тікелей немесе жанама түрде шенеуніктерге тәуелді БАҚ-тар мұндай құжаттарды тікелей жарлық деп түсінеді» дейді.

Құқық қорғаушы әрі журналист Сергей Дуванов. Алматы, 28 қаңтар 2015 жыл.
Құқық қорғаушы әрі журналист Сергей Дуванов. Алматы, 28 қаңтар 2015 жыл.

- Мұны өз тәжірибесінен білетін журналистер БАҚ жұмысын бақылаушы мемлекеттік органның мұндай сипаттағы хаттарын «Қиындыққа тап болғыларың келмесе, айтқанды орындаңдар. Әйтпесе ертең бірдеңе болып жатса, өздеріңнен көріңдер. Ескертті деген осы» деп түсіну керегін біледі, - дейді Сергей Дуванов.

Құқық қорғаушы мұның жуырдағы мысалы ретінде «асаулық танытқан» Adam bol журналын келтіреді.

Сергей Дуванов мұндай нұсқаулардың оппозициялық басылымдарға жолданбауын да цензураның бір түрі деп бағалайды. Өйткені, оның айтуынша, оппозициялық басылымдар «құнды нұсқаулардың» мазмұнын жұртқа бірден жариялап жіберер еді. Дуванов «ал ұғымтал билікшіл БАҚ-тың жөні бөлек» дейді. Оның пікірінше, бұл нұсқаулардың кезектен тыс президент сайлауын өткізу туралы «режиссерленген» науқан қарсаңында жолдануы кездейсоқ емес.

- Әдетте теледидардан берілетін кешкі жаңалықтарды қарамаушы едім. Бірақ бүгін «Хабар» арнасын әдейі қарадым. Телеарна Қазақстан халқы ассамблеясы кеңесінің бастамасы «бүкілхалықтық қолдау тапқаны» туралы 20 минутқа жуық айтты. Ертең билікке бүйрегі бұратын кез келген газет немесе сайтты ашып көріңізші, бәрі халықтың «жаппай құлшынысын» жазады. Олардың ешқайсысы бұл сайлауды таяу арада өткізу қажеттігінің негіздемесін - ұлттық валютаны тезірек девальвация жасау қажеттігі жөнінде айтпайды, - дейді Сергей Дуванов.

«ТАРИХИ ШОЛУ»

Тәуелсіз журналист Андрей Свиридов совет заманында алдын ала цензура ашық қолданылғанын еске алады. Оның айтуынша, 1990 жылдардың басында Қазақстанда цензура мүлде дерлік болмаған, бірақ қазір жасырын постцензура практикасы бар. Свиридов «мемлекеттің органның ақпарат құралдарына нұсқаулық таратуы әбден мүмкін» дейді.

- 1990 жылдардың аяғында - ұлттық валюта құнсызданған кезде осыған ұқсас құжат шыққан. Қаржы министрлігі бүкіл ақпарат құралдарына «дағдарыс», «девальвация» сияқты сөздерді қолданудан бас тартып, оларды «реттеу», теңгені «нығайту» сияқты сөздермен ауыстыруға кеңес берген, - дейді баспасөз тарихшысы.

Жалпы, цензуралау - белгілі бір сөздерге, түсінік-ұғымдарға, тақырыптарға тыйым салу және белгілі бір авторларды жариялауға тыйым салу, яғни нені жазбау керек екенін нұсқау. Андрей Свиридовтың айтуынша, қазір таратылған «циркулярда» нені және қалай жазу керек екені көрсетіледі, ал бұл - классикалық цензурадан да сорақы.

Свиридовтың пікірінше, Қазақстанда цензура әсіресе интернет-басылымдарға қатысты ашық қолданылады.

Журналист Андрей Свиридов. Алматы, 11 ақпан 2015 жыл.
Журналист Андрей Свиридов. Алматы, 11 ақпан 2015 жыл.

- 1990 жылдардың аяғында интернетте оппозициялық БАҚ – әуелі «Еуразия», кейін «КУБ» сайты пайда болып, бірден бұғаттауға ұшырай бастады. Бұғаттау – интернет кеңістіктегі цензураның «химиялық» таза көрінісі. Мемлекеттік органдар бұғаттау әрекетін ешқашан мойындамағандықтан, бұғаттау фактісін дәлелдеу көпке дейін мүмкін болмады. Бірақ қолданушылар сайттарды кім бұғаттайтынын жақсы біледі, өйткені сайт толық ашылмайды немесе кейбір материалдары ашылмай қалады. Айтпақшы, Сарығаштағы оқиға сияқты өзекті материалдар жарияланған кезде Азаттық сайты да жиі ашылмай қалады, - дейді Андрей Свиридов.

Кейбір авторлардың үстінен қылмыстық іс қозғау және сот шешімімен сайттарды жабу сияқты интернеттегі цензураны қазір мемлекет іс жүзінде мойындайды.

- Бірақ сайттарды жабуға қатысты сот болғаны жұртқа сайттарды жапқан соң ғана мәлім болады, - дейді Свиридов.

Оның айтуынша, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев «Живой журнал» интернет-порталында парақшасын ашқандықтан Қазақстан билігі оны бұғаттап тастаған.

- Қазір Рахат Әлиев Австрия түрмесінде отырғанымен, билік «Живой журнал» порталын сол күйі ашпай қойды, - дейді Андрей Свиридов.

2012 жылы «Республика» бірыңғай БАҚ» деп танып, сот үкімімен ондаған оппозициялық ақпарат құралын жапты. Мұны Андрей Свиридов цензураның ең ауқымды көрінісі деп санайды.

2014 жылдың жазында билік Қазақстандағы адам құқығы бюросына сайтының «Өзге БАҚ-тардан» деген айдарында сот үкімімен жабылған «Республика» сайтының материалдарын қайта басуға болмайтыны туралы ескерту жолдаған.

- Біз бұл тыйымды заңсыз деп есептейміз, бірақ шу шығармадық. Цензураны шамамыз келгенше айналып өтуге тырысамыз, - дейді Андрей Свиридов.

Андрей Свиридов «Әділ сөз» сайтында жарияланған өкілетті органның мемлекеттік емес БАҚ-тарға арналған «кеңестері» туралы хабарламаны таңертең оқығанын, ал кешкісін оны Қазақстандағы адам құқығы бюросы сайтында жарияламақ болған кезде ашылмай қалғанын айтты.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG