Accessibility links

Бассауғалап келген донбастық бойжеткен Оралдан баспана ала алмады


Донецк облысынан келген 17 жастағы Виктория Аврамченко. Орал.
Донецк облысынан келген 17 жастағы Виктория Аврамченко. Орал.

Донецк облысы Марьинск ауданындағы Новоукраинка селосының 17 жастағы тұрғыны Виктория Аврамченко Батыс Қазақстан облысындағы Орал қаласында тұратын таныстарына қашып келген. Бірақ билік оған баспана бермей отыр.

Виктория Аврамченконың айтуынша, биыл көктемде ол тұратын аудан орталығында ресейшіл сепаратистер мен Украина армиясы арасында соғыс басталған.

- Ол жақта тұру қорқынышты әрі қауіпті. Әуелі селоға Киевтен әскерилер келді де, бір айдан кейін атыс басталды. Ауылдықтар бәрінен қорқады. Қайткенмен әскери адамдар ғой. Қазір ешкімге сенуге болмайды. Қазақстанда босқын мәртебесін алуға көмектесетін шығар деп үміттеніп едім, - дейді Виктория.

Оның айтуынша, қызының амандығына уайымдаған ата-анасы оны әкесінің Оралда тұратын досына жіберген. Ал ата-анасы түрлі себептерге байланысты Викториямен бірге кете алмаған. Әкесінің денсаулығы жарамаған, ал анасын төленбеген несиесі үшін елден шығармайды.

Виктория Аврамченко Оралға қалай келгенін айтты:

Донбастан келген қыз
please wait
Embed

No media source currently available

0:00 0:00:29 0:00

Викторияны құқық қорғау органдары Ресейдің Қазақстанмен шекаралас Саратов қаласында ұстаған. Ол сол жерде 20 күн арнайы қабылдау орнында болған. Кейін әкесінің досы оны Оралға алып кетіп, қызға босқын мәртебесін беруді сұрап жергілікті көші-қон полициясына өтініш берген.

Үш айдан кейін «өміріңе ешқандай қауіп төнген жоқ» деген уәжбен оған босқын мәртебесін беруден бас тартқан. Ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының қазанның 15-індегі хатында Қазақстанның «Босқындар туралы» заңының 12-бабы 1-тармағына сәйкес, «адамның нәсіліне, ұлтына, діни сеніміне, азаматтығына немесе саяси көзқарасына байланысты қудалау құрбаны болуы мүмкін деген қауіп болмаса, босқын мәртебесі берілмейді» деп жазылған.

Виктория Қазақстандағы адам құқығы бюросының жергілікті филиалы директоры Павел Кочетковтан көмек сұраған соң, оның ісімен құқық қорғаушылар айналыса бастаған.

- Оның тұратын жері - кескілескен шайқас жүріп жатқан жер. Нағыз соғыс болып, адамдар жоғалып жатыр. Оның өміріне нақты қауіп төніп тұр. Ертең оны біреу ұрлап, өлтіріп немесе зорлап кетпесіне ешкім кепілдік бермейді. Көші-қон комиссиясының шешімі нақты жағдайды ескермей, ойланбай шығарылған. Адамның өміріне қауіп төніп тұр, ал олар «қауіп жоқ» деген уәж айтады, - дейді Павел Кочетков.

Виктория Аврамченконың ісіне қатысты заңгер комментариі:

Донбастық қыздың ісі туралы заңгер комментариі
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:31 0:00

Құқық қорғаушы Викторияның қамқоршысы атынан ІІМ көші-қон департаменті бастығына, босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссар басқармасына, облыс прокуратурасына шағым жолдағанын әрі босқын мәртебесін беруден бас тартуды заңсыз деп тануды сұрап, сотқа жүгінгенін айтады. Шағымықаралып біткенше Виктория Қазақстанда бірнеше ай тұра алады, ал ресми түрде босқын деп танылса, тағы бір жылға қала алады.

- Оны мына соғыс қимылдары тоқтағанша біраз уақыт осында қалдыру мәселесін шешіп алу керек. Жоқ дегенде өмірі мен денсаулығына төнген қауіп сейілгенше, оның қауіпсіз елде қала тұрғаны жөн, - дейді Кочетков.

Виктория Украинадан келгелі ресми қамқоршысы - әкесінің Оралдағы досының үйінде тұрып жатыр.

Қала ұнады, шаштараздың оқуын оқып, бітіргесін осында қалып жұмыс істегім келеді.

- Өтінішіміз орындалып, маған босқын мәртебесін берер деп үміттенемін. Қала ұнады, шаштараздың оқуын оқып, бітіргесін осында қалып жұмыс істегім келеді, - дейді жоспарымен бөліскен Виктория.

Ал оның туған жерінде жүріп жатқан екі жақтың соғысы Киев пен Мәскеудің Минск келісіміне қарамастан басылмай тұр. Қырымды аннексиялағаннан кейін басталған соғыстың кесірінен жүздеген мың адам туған жерін тастап, босып кеткен. БҰҰ дерегінше, Украинаның өз ішінде жер ауғандар саны 450 мыңға жуықтаған. Украина билігінің дерегіне сәйкес, аннексияланған Қырымнан 20 мыңдай, ал антитеррорлық операция жүріп жатқан аудандардан 435 мың адам басқа аймақтарға көшіп кеткен.

  • 16x9 Image

    Санат ОРЫН ӘЛИ

    Санат 2014 жылы қарашада Азаттықтың Батыс Қазақстандағы тілшісі ретінде қызметке кірісті. 2005 жылы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Қызмет жолын "Уральская газета" басылымында бастаған. 2006-2014 жылдары Алматы мен Астанадағы түрлі БАҚ-тарда жарияланып тұрған.

XS
SM
MD
LG