Accessibility links

21 жылын ВИЧ дертімен өткізген әйел тағдыры


ВИЧ дертіне шалдыққан ерікті Наталья Минаева. (Фото оның жеке мұрағатынан алынған.)
ВИЧ дертіне шалдыққан ерікті Наталья Минаева. (Фото оның жеке мұрағатынан алынған.)

ВИЧ дертіне шалдыққанына 20 жылдан асқан теміртаулық әйел ВИЧ жұқтырған адамдарды диагнозын жасырмауға шақырады. Оның өзі тәрізді жандардың қоғамға бейімделуіне көмектесіп, құқығын қорғап жүргеніне бірнеше жыл болған.

"ТҮРМЕДЕ СПИД-БАРАКТА ЖАТТЫМ"

Репортажымыздың кейіпкері ВИЧ жұқтырған өзге адамдарды осы ауруға шалдыққаны жайлы, әсіресе туыстары мен төсектес адамға қорықпай хабарлауға шақыру үшін өз бет-жүзін жасырмай, ВИЧ дертімен өмір сүріп жатқан тағдыры жайлы көпшілікке жариялау үшін айтып беруге келісті. Кейіпкеріміз өзі тәрізді жандардан жұрттың сырт айналмауын сұрайды.

Наталья Минаеваның жасы 49-да. Кейінгі 21 жыл бойы ВИЧ инфекциясымен өмір сүріп жатыр. Ол ВИЧ жұқтырғанын 1996 жылы – елді нашақорлық эпидемиясы шарпыған тұста білген. Жас шағында есірткіге тәуелді болып қалған Наталья дертті кімнен жұқтырғанын анық білмейді, өйткені ол кезде күйеуі және ағзасында ВИЧ бары бірінші анықталған оның бауыры үшеуі бір инені бірге пайдаланатын. Бірақ Наталья ағзасында вирус болғанымен инфекция таратушы емес екенін бірден ескертеді, өйткені оның ағзасындағы вирус деңгейі анықталмайды.

Анам есірткіні тамырыма салып жүргенімді білетін, жаныма келіп, "тамырыңнан қан ал да, маған құй, өлсек бірге өлейік" деді.

- Ол кезде дәрігерлердің арасында да, халық арасында да ВИЧ туралы білетіндер некен-саяқ болатын, сондықтан мен енді өлемін деген оймен ажалымды күтумен болдым. Дәрігерлер ата-анама мені СПИД-ке шалдыққан деп хабарлап, ол кісілерден қан талдамасын алып, кетіп қалды. Анам есірткіні тамырыма салып жүргенімді білетін, жаныма келіп, "тамырыңнан қан ал да, маған құй, өлсек бірге өлейік" деді. Яғни ол кезде мұндай жағдайға тап болған адамның енді не істеуі керегін ешкім білмейтін де, ешкім түсіндірмейтін де, бірден өлесің деп қорқытатын, - деп еске алады Наталья Минаева.

Есірткі кесірінен Натальяның өмірі көпке дейін қиюласпаған. 1998 жылдан бастап (әлі жас кезі) үш рет түрмеге – Көксу кентіндегі әйелдер колониясына түскен. Ол жер елдің түрлі аймақтарындағы сотталған, ВИЧ-ке шалдыққан әйелдерді жеке баракта қамауда ұстаған алғашқы әйелдер колониясы болатын.

- Біз әлгі СПИД-барактың алғашқы "тұрғындарымыз". Әуелгіде ол жерде ВИЧ жұқтырған бес әйел жаттық. Біз биік дуалмен қоршалған жеке бөлмеде тұрдық, бізді жұрттың бәрі "тірі өліктер" деп атайтын. Бәрі бізден қорқатын, жанымызға жоламайтын, тіпті барагымызға колония әкімшілігінің өзі кірмейтін. Бізді колонияға, ортақ территорияға шығармайтын, бұл тәртіпті өрескел бұзу болып саналатын. Біз де ешқайда шыға алмайтынбыз, өзге сотталған әйелдер де біздің территорияға келе алмайтын. Әлгі қоршаулы барағымыздың ішінде ғана болып, тіпті бөлек бақшада жұмыс істейтінбіз. Өзімізбен өзіміз болдық. Кейін бізге Қазақстанның өзге аймақтарында тұратын ВИЧ жұқтырған әйелдер қосыла бастады. Нағыз кемсітушілікті сол кезде алғаш рет басымнан өткердім. Мен тәрізділерден жұрттың көбі әлі күнге қорқады, қан құрамының бөлектігі болмаса, мен де сіздер сияқты адаммын, - дейді Наталья.

Наталья Минаева 2011 жылы ғана есірткіден түпкілікті арыла алғанын мойындайды. Оның айтуынша, түрмеде "ломка" (есірткіге тәуелді адамның ағзасының оны іздеп аласұратын жай-күйі) болған, сондай қиын кезде камералас әйелдер көмектескен. Ол "Вирус дендеп кетпес үшін СПИД орталығы беретін таблеткаларды ішпегенде, мұншалықты ұзақ өмір сүруім неғайбыл еді" дейді.

ВИЧ дертіне тексерілуге қан тапсыру. (Көрнекі сурет.)
ВИЧ дертіне тексерілуге қан тапсыру. (Көрнекі сурет.)

Сонымен бірге Наталья бала сүймегеніне қатты өкінеді, бұл да әуелі есірткінің, сосын түрменің кесірі, ал кейін дәрігерлер мен айналасындағы адамдар ВИЧ жұқтырған әйелдің бала көтеруіне болмайды деп қорқытып тастаған. Қазір, яғни талай жылдан кейін әлгі қорқынышты аңыз сейілді, ВИЧ жұқтырған әйелдер де дүниеге дені сау бала әкеле алады, бірақ ол үшін қатаң талаптарды бұлжытпай орындауы тиіс. Наталья вирустың кесірінен әлдебір қосымша дерттер қозып, өлімге душар етпеуі үшін ВИЧ жұқтырғандар денсаулығын мұқият күтіп, арнайы дәрі-дәрмекті уақытылы ішіп, тұрақты түрде талдама өткізіп тұруы керек дейді. Қазір Натальяның айналысатын сүйікті ісі және жақсы көретін адамы (ол да ВИЧ жұқтырған) бар.

ТАҒДЫРЛАС ЖАНДАРҒА КӨМЕКТЕСУ

Теміртауда нашақорлар мен ВИЧ жұқтырғандарға өмірді қайтадан бастауға көмектесетін орын мен адамдар бар дегенді Наталья соңғы жазасын өтеген колонияда естіген. Ол жаққа сотталған әйелдерді қолдауға арналған жобамен "Менің үйім" қоғамдық бірлестігінен Елена Билоконь барып, көмек қажет болса, хабарласыңдар деп телефон нөмірін қалдырған. Наталья әуелі жаңа өмірге өзі бейімделіп, кейін еріктілер командасына қосылған. Қазір ол – "Менің үйім" даму және халыққа әлеуметтік көмек көрсету орталығы" мен Қазақстанда тұратын ВИЧ жұқтырған әйелдер қорының жұртшылықпен байланыс орнату жөніндегі маманы, бұған қоса, Еуразия зиянды азайту қауымдастығының белсендісі.

Адамдардың көбі ВИЧ-статусы туралы шындықты туыс-жақындарына айтпайды. Олар ұрсып, жазғырады деп қорқады, бұған қоса, бізде менталитет сондай ғой.

- Маған кездесіп жүрген жігіті бар, жақын қатынас кезінде сақтық үшін презерватив пайдаланатын жас қыздар жиі көмек сұрап келеді, бірақ олар жігітіне өзінің ВИЧ дерті туралы айтпайды. Мен оларды төсекті бөліскен адамға айтуға міндеттісің деп иландыруға тырысамын. Бізде – Теміртауда өзінің ВИЧ-статусын біле тұра әйелдерге қасақана вирус жұқтырған бір жігіт бірнеше жылға сотталды емес пе. Адамдардың көбі ВИЧ-статусы туралы шындықты туыс-жақындарына айтпайды. Олар ұрсып, жазғырады деп қорқады, бұған қоса, бізде менталитет сондай ғой. Колониядан шыққаннан кейін қайда барарын білмей маған телефон соққан ВИЧ-статусы бар қыздарға ақыл-кеңесімді айтамын, мамандарға жіберемін, тиісті жерлерге апарамын, яғни аяғына тұруға көмектесемін, - дейді Наталья Минаева.

"Менің үйім" даму және халыққа әлеуметтік көмек көрсету орталығы" ашық ұйымының миссиясы – халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарына, оның ішінде ВИЧ жұқтырған және нашақорлыққа салынған адамдарға демеу болып, көмектесу. Бұған қоса, ұйым ВИЧ жұқтырған бұрынғы және қазіргі тұтқындарға көмектесуге тырысады. Қазақстанның түрлі қалаларынан уақытында емдеуді, денсаулығында кінәрат болса тексеруді, уақытында талдама алып, вирус деңгейін хабарлау мәселесін шешуге көмектесуді сұраған тұтқындардан шағымдар түседі. "Менің үйім" ұйымы өкілдері қоғам белсенділері мен құқық қорғаушылар араласқаннан кейін мұндай проблемалар шешіледі дейді.

РЕСМИ СТАТИСТИКА

2017 жылғы қазанның 1-індегі есеп бойынша Қарағанды облысы бойынша ВИЧ жұқтырған 4968 адам ресми тіркеуде тұр, оның 996-сы СПИД-ке шалдыққан. Қазір Теміртау қаласында ВИЧ жұқтырған бір жарым мыңдай адам тұрады. Биыл Теміртауда ВИЧ дертін жаңадан жұқтырған 143 адам анықталған.

Егер бұрын ВИЧ көбінесе есірткіні тамырға инемен салатындар арасында жиі тіркелсе, қазір инфекция көбінесе жыныстық жолмен жұғатын болған. Жаңа тіркелген адамдардың көбі әйелдер, оның ішінде инфекцияны жыныстық қатынас арқылы жұқтырған жас қыздар көп. СПИД орталығының дерегінше, анықталған адамдардың 76 пайызы вирусты жыныстық жолмен жұқтырған.

2017 жылдың тоғыз айында Теміртау қаласында ВИЧ инфекциясымен өмір сүріп жатқан адамдардың 57-сі қайтыс болған, оның 14-і СПИД-тен өлген. Сондықтан дәрігерлер адамдарды ВИЧ-статусын тексеріп тұруға және егер ағзада инфекция бары анықталса, ем қабылдауды елеусіз қалдырмауға шақырады.

Қазақстан - пациенттер ВИЧ-инфекциядан бүтіндей мемлекет қаржысы есебінен емделетін Орталық Азиядағы жалғыз ел.

XS
SM
MD
LG