Accessibility links

Полиция зәбір көрген әйелдерге кеңес береді


Ақтөбе облыстық ІІД ғимаратында отбасындағы зорлық-зомбылық туралы интернет-конференция өткізіп отырған мамандар. Ақтөбе қаласы, 11 қыркүйек 2013 жыл.
Ақтөбе облыстық ІІД ғимаратында отбасындағы зорлық-зомбылық туралы интернет-конференция өткізіп отырған мамандар. Ақтөбе қаласы, 11 қыркүйек 2013 жыл.

Ақтөбе полициясы онлайн-конференция өткізіп, зорлық-зомбылық көрген әйелдерге кеңес беріп жатыр. Облыста соңғы үш айда әйелдер шағымы бойынша үш мыңнан астам ақтөбелік жауапқа тартылған.

Ақтөбелік 26 жастағы Ақмарал есімді келіншек Азаттық тілшісіне үйде көрген қысымнан соң әйелдерді қолдау орталығының сенім телефонына хабарласуға мәжбүр болғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, күйеуі былтыр «дін жолына бет бұрған». Содан бері ол шариғатты желеу етіп, Ақмаралдың өз мамандығы бойынша жұмыс істеуіне рұқсат етпей қойған.

- Күз түсті. Сөйте тұра мен әлі жұп-жұқа көйлекпен дірдектеп жүрмін. Киер киімім жоқ. Күйеуім қолыма соқыр тиын да ұстатпайды. Рұқсатсыз үйден шығуым да қиын. Мұндай өмірден жалығып кеттім. Маған көмек керек, - дейді Ақмарал.

Әйтсе де Ақмаралдың полицияға күйеуінің үстінен шағым айтып барғысы жоқ. Психологтардан күйеуін райынан қалай қайтаруға болатынын сұрап білмекші.

Ақтөбе облыстық ІІД әйелдер құқын қорғау жөніндегі инспекторы Марина Нұрымжанованың сөзіне қарағанда, күн сайын полицияға 20-дан астам әйел хабарласып, көмек сұрайды.
Зәбір көрген әйел. Көрнекі сурет
Зәбір көрген әйел. Көрнекі сурет

- Отбасында зорлық-зомбылық көретін әйелдердің тең жартысы кейін арыздарын қайтарып алып жатады. Мысалы, Шалқар қаласының 1967 жылы туған тұрғыны жылдар бойы 80 жастағы анасы мен қарындастарын соққыға жығып келеді. Мен бұл отбасын 4-5 жылдан бері білемін. Әлгі азаматтың тетелес қарындасы жан азабын жеңілдету үшін ішкілікке салынып, ақыр соңында үсіп өлді. Үнемі полицияға шағымданып, ізінше арызын қайтарып алатын тағы бір қарындасының айтуынша, қарт аналары ұлының мас болып келе жатқанын көрсе, кіші дәретін жіберіп қоятындай жағдайға жеткен. Ол отбасындағы жалғыз ұл екен. Сондықтан анасы мен қарындасы сан рет өлімші етіп соққыға жықса да, «жұрттан ұят» деумен келеді, - дейді Марина Нұрымжанова.

Отбасындағы зорлық-зомбылық фактілері жиілеген соң Ақтөбе облыстық ІІД қыркүйектің 11-12 күндері арнайы онлайн-конференция өткізіп, арыз-шағымдарды онлайн режимде қарап, кеңес беріп жатыр.

Интернет-конференцияға хат жолдаған Рания есімді ақтөбелік әйел: «Бұрынғы күйеуім мас күйінде келіп маза бермейді. Тілдеп, қоқан-лоқы көрсетеді. Балаларымның оны көргісі жоқ. Не істеуіме болады?» деп кеңес сұраған. Сауал қоюшылардың бірі көршісінің үйінде үнемі ұрыс-керіс болатынын айта келе, бұған қарсы қандай әрекет етуге болатынын білгісі келеді. Енді бір ақтөбелікті өз баласын ұратын ата-аналарға қатысты қолданылатын жаза түрі қызықтырады.
Күйеулері соққыға жыққан әйелдердің шағымы бойынша соңғы 3 айда 3266 ақтөбелік әкімшілік жауапқа тартылыпты.

Ақтөбе ІІД онлайн-конференцияда шағымданушы әйелдерге қысымға ұшыраған сәтте қайда хабарласып, қандай құқықтарын талап етулері тиіс екенін түсіндіреді. Жауаптардың бірінде бірден 102 телефонына қоңырау шалып, полиция нарядын шақыру туралы кеңес беріледі. Ері әйеліне қол көтерген кезде әкімшілік кодекстің қандай баптары бойынша жазаға тартылатыны туралы ақпарат та келтірілген.

Ақтөбе полициясы әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғап, құқықтық көмек беру үшін болашақта мұндай онлайн-конференцияларды тұрақты түрде өткізіп тұрмақшы.

Ресми мәліметке сәйкес отбасында қаржылық, я психологиялық қысым көретін, немесе күйеулері соққыға жыққан әйелдердің шағымы бойынша соңғы 3 айда 3266 ақтөбелік әкімшілік жауапқа тартылыпты. Осыған байланысты 7 азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғалған.
XS
SM
MD
LG