Accessibility links

"Мешіт салуға, қажыға баруға биліктен рұқсат керек". Қытай Шыңжаңдағы дінді жеке ережемен бақыламақ


Қытайдың Шыңжаң өлкесінде қала көшесінде жүрген жұрт.
Қытайдың Шыңжаң өлкесінде қала көшесінде жүрген жұрт.

1 ақпаннан бастап Қытайда тек Шыңжаң өлкесіндегі діни-наным сенімдерді бақылайтын "Діни іс-әрекеттер ережесі" деп аталатын құжат күшіне енеді. Шыңжаңға арналған ережеде мешіт салу, қажылыққа бару, діни білім берудің бәрі орталық биліктің рұқсатымен жүрмек. Ұялы телефонға, компьютерге діни файлдар сақтауға да тыйым салынады. Сарапшылар Қытай осы ереже арқылы Шыңжаңдағы қылмысын заңдастырмақ деп санайды.

"ДІНИ ОРЫНДАРДА ҚЫТАЙЛЫҚ СТИЛЬ БОЛУЫ ТИІС"

Қытай билігі қабылдаған бұл жаңа ережеде "киім үлгісіне, үйлену тойына, жерлеу және басқа да ұлттық салт-жоралғыларға" дін араласпауы керек деп көрсетілген. Ал "қайта салынған, жөнделген, кеңейтілген я жаңадан тұрғызылан діни орындардың архитектурасында қытайлық стиль болуы шарт". Енді Шыңжаңда діни орындарды салуға, жөндеуге жергілікті биліктің дін істері жөніндегі департаментінің я одан да жоғары билік органының рұқсаты керек.

Діни еркіндік пен адам құқығы туралы жазатын Bitter Winter сайты "Пекин осы заңды және қытайландыру саясатын желеу етіп, мешіттердегі вандализмді ақтап алмақ" деп жазады.

Қашқардағы базар. 2011 жылғы сурет.
Қашқардағы базар. 2011 жылғы сурет.

"Шыңжаң өлкесіндегі діни іс-әрекеттер ережесіне" сай, Меккеге қажыға бару сапарын тек билік бақылауындағы "Қытайдың ислам қауымдастығы" ұйымдастыра алады, басқа ұйымдар я жеке тұлғалар жұртты қажыға апара алмайды. Ал 18 жасқа толмаған балаларды діни жиындарға апаруға және діни оқу оқытуға тыйым салынады.

Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы тұрақты комитетінің Шыңжаңдағы өкілдері 2023 жылғы 22 желтоқсанда қабылдаған жаңа ережеде негізінен мынандай талаптар бар:

діни топтарды құру, өзгерту я тарату үшін жергілікті биліктегі дін істері жөніндегі департаментке өтініш тапсыру керек. Олар өтінішті қарап, тексеріс жүргізген соң ғана шешім шығарады. Діни мектептер ашу да "ұлттық ереже" бойынша жүзеге асады;

діни шаралар ұйымдастыру, мешіт, шіркеу, храм салу үшін де жергілікті биліктегі дін істері жөніндегі департаменттің рұқсат алу қажет;

жаңадан салынған, жөнделген діни орындардың архитектурасы, суреттері, безенділіруі қытайлық стильде болуы шарт;

діни және мәдени зерттеулер жасау, діни идеологияны жүзеге асыру, діни зерттеулер мен бағыттарды түсіндіру Қытайдың дәстүрлі мәдениеті арқылы жүруі тиіс;

діни колледждер мен университеттер қытайлық бағытпен басқарылуы тиіс. Діни оқу орындар жергілікті биліктің ережесімен жұмыс істейді. Халықтық үкімет оқу орындарына тексеріс жүргізіп, бақылайды;

діни топтар, мешіттер, шіркеулер, храмдар үш айдан артық діни оқу оқытатын болса дін істері департаментінен рұқсат алуы тиіс. Ал оқу үш айдан аз болса, жергілікті билікке шараны тіркетуі керек;

діни тақырыптағы мақалалар, ақпараттар және кітаптарды басып шығаруға да діни істер жөніндегі департаменттің рұқсаты керек;

адамдар мен ұйымдарға ұялы телефонда, гаджеттерде діни мазмұндағы аудио, видео, мәтіндерді сақтауға, тыңдауға, таратуға тыйым салынады. Интернетке қандай да бір діни мазұмндағы аудио, видео, мәтінді жариялау үшін де биліктен рұқсат алу керек.

Қашқар қаласындағы күзет. 15 шілде 2023 жыл.
Қашқар қаласындағы күзет. 15 шілде 2023 жыл.

Құжатта діни орындардың басшыларына (имамдар, шіркеу, храмдардың жетекшілері) арналған бірнеше бап бар. Мәселен, бұл ережеде сай олар "патриот, заңды бұзбайтын, дұрыс жолмен жүруі және "экстремизмге қарсы тұруы" тиіс". Енді Шыңжаңдағы діни орындардың жетекшілері шетелден қандай да бір көмек, құрметті атақ алмауы керек. Оған қоса, шетелдегі діни шаралар мен оқу бағдарламаларына қатысуына да тыйым салынады. Егер діни жетекшілер бұл ережені бұзса, діни қызметкер мен діни орталық билік берген жұмыс істеу рұқсатынан айырылады.

Ереже бұзған діни топтар, адамдарға айыппұлдан бастап қылмыстық жаза қарастырылған.

"ШЫҢЖАҢДА КӨП АДАМНЫҢ ЖАНАЗАСЫ ШЫҚПАЙДЫ"

Шыңжаңдағы қазақтар мәселесін көтеріп жүрген тіркелмеген "Атажұрт" ұйымының жетекшісі Бекзат Мақсұтханұлы "Қытай осы заң арқылы Шыңжаңдағы дінге қысымын заңдастырмақ" деп есептейді.

– Шыңжаңда діни әрекет жоқтың қасы. 2016 жылдан бастап діни оқу орнын ашу, діни жоралғылар жасау мүмкін емес. Қытай өзі оқытып дайындаған имамдардың көбі лагерьге қамалды. Қамалып шыққандарының көбінің денсаулығы нашар я діни жоралғы жасауға қорқады. Бір ауылдың имамы екінші ауылға барып құран оқи алмайды. Қазір Шыңжаңда көп жағдайда қайтыс болған адамның жаназасы шықпайды, себебі имамдар жоқ я құқығы шектелген. Бізде бір ауылдың имамы екінші ауылға келіп жаназа шығарса қудаланатыны жайлы фактілер бар. Қытай арнайы заң шығармаса да, Шыңжаңда діни құқық бұрыннан шектелген. Бұл заң – бұрынғы әрекеттің бәрін заңдастыру, – дейді ол.

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде мешіт алдында отырған ұйғыр қарттары. 2002 жылғы сурет
Қытайдың Шыңжаң өлкесінде мешіт алдында отырған ұйғыр қарттары. 2002 жылғы сурет

Шыңжаң қазақтарының мәселесімен айналысып жүрген тағы бір топ – "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Ербол Дәулетбекұлы да "Шыңжаңда бұрыннан діни еркіндік болмағанын, Қытай жаңа ереже арқылы Шыңжаңдағы әрекеттерін ақтап алуға тырысып жатқанын" айтады.

– Қытай 2017 жылдан бері Шыңжаңда ұлт жоюды дінмен байланыстырды, ал дінді терроризмен байланыстырды. Миллиондаған адам терроризм айыбы тағылып, идеологиясы дұрыс емес деп жазықсыз лагерьге, түрмеге қамалды, ақысыз жұмысқа жегілді. Қазір Қытай әлемнің, халықаралық қауымдастықтың алдында Шыңжаңдағы қылмыстарын ақтап алуға, қылмысын заңды етіп көрсетуге тырысып жатыр. Мына ереже соның бірі. Бұған қоса, шетелден журналистер, блогерлер шақырып, Шыңжаңдағы "бақытты өмірді" көрсетуге тырысып жатыр. Бірақ Шыңжаңда лагерь, түрмеге қамау, жұмысқа жегу әлі бар. Діни іс әрекет бұл құжат шықпай тұрып та бақыланатын, – дейді ол.

Шыңжаңға арналған бұл ереже Қытай басшысы Си Цзиньпиннің Шыңжаңдағы "исламды қытайландыру" тапсырмасынан кейін қабылданып отыр. Си былтыр 26 тамызда Щыңжаңның орталығы Үрімжіге барғанда өлке шенеуніктеріне "исламды қытайландыру саясатын әрі қарай жалғастыруды" және "заңсыз діни әрекеттерді бақылауда ұстауды" тапсырған.

Шыңжаңдағы жағдай 2017 жылдан кейін қиындаған. БҰҰ дерегінше, Қытай 2017 жылдан бері Шыңжаңда бір миллионнан аса ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылман халықты саяси лагерьге қамаған. Халықаралық ұйымдар Қытайдың бұл әрекетін мұсылмандарға жасалған қысым деп сынаған. Пекин Шыңжаңдағы саясатын "экстремизммен күрес" деп, ал саяси лагерьлерді "кәсіп үйрету орталығы" деп атайды.

Лагерьден шыққан ұйғырлар мен қазақтар ол жерде өздерін азаптап-қинағанын, зорлағанын, белгісіз дәрілер бергенін, қытай тілін, Си Цзиньпин саясатын оқуға мәжбүрлегенін, жұмысқа жеккенін айтқан.

АҚШ пен Батыс елдері Қытайдың Шыңжаң халқын сотсыз қамауға алуын, азаптауын, әйелдерге күштеп стерилизация жасауын, адамдарды жұмысқа шегуін геноцид әрі адамзатқа қарсы қылмыс деп бағалаған еді.

Былтыр Human Rights Watch ұйымы Қытай Шыңжаңдағы қысымын жалғастырып жатқанын, өлкедегі мешіттердің үштен екісін жапқанын, ашық тұрған мешіттердің мұнаралары мен күмбездерін алып тастағанын айтқан. Ұйым Қытай елдегі мешіттерге бақылау камерасын орнатқанын да мәлімдеген.

Қытай Шыңжаңға БҰҰ мен Батыс елдерінің сарапшыларын кіргізбей отыр. Пекин Шыңжаңға өзінің ықпалы бар елдерден дипломаттарды, журналистерді шақырып, бақылаумен экскурсия жасатады. Мұндай сапарға Қазақстаннан да дипломат пен журналистер барған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG