Accessibility links

"Что? Где? Когда?". Ресейлік телевикторина пропаганда құралына қалай айналды?


"Что? Где? Когда?" халықаралық деңгейде танымал, әлемнің түрлі елінде бағдарламаның көшірмесі пайда болды.
"Что? Где? Когда?" халықаралық деңгейде танымал, әлемнің түрлі елінде бағдарламаның көшірмесі пайда болды.

Совет дәуірінен бері эфирге шығып келе жатқан ресейлік "Что? Где? Когда?" телебағдарламасы көрерменнің ой-өрісін дамытатын сұрақтарымен, қатысушылардың тапқырлығымен, сөздерді әдемі ойнататын тапсырмаларымен танымал еді. Бірақ зияткерлік ойын Кремльдің пропаганда құралына айналып отыр.

Бұл бағдарлама Совет дәуірінен бері көрсетіледі. Телевикторинада смокинг киген қатысушылар казиноға ұқсайтын студияда отырып, әдеби, тарихи, мәдени сұрақтарға жауап береді.

"Что? Где? Когда?" бағдарламасының танымал болғаны соншалық, оның көшірмесі басқа елдерде де ашылды. Оның ішінде АҚШ та бар.

АҚШ-та осындай телевикторина басталып, бүкіл әлем көрермендерінің ықыласына бөленді. Бағдарлама жанкүйерлері әр елде "ЧГК спорт" деп аталатын жарыстар өткізе бастады. Шоудың кей қатысушылары танымал әрі бай тұлғаларға айналды, кейбірі саясатқа кетті. Бірақ әу бастан бағдарламада "ойынға саясатты араластырмаймыз" деген ереже болатын.

Енді ше? Мемлекеттік Бірінші арнадан көрсетілетін "Что? Где? Когда?" бағдарламасы күннен күнге Ресейдің Украинаға басып кіруін насихаттайтын пропагандаға айналып барады.

2022 жылы ақпанда соғыс басталғанда, шоудың сарапшылар деп аталатын бұрынғы қатысушылары арасына жік түсті. Танымал ойыншылардың бірқатары шоудан шығып кетті. ЧГК турнирлерін өткізумен айналысатын клуб мүшелері Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылығын сынады.

Кей адамдардың айтуынша, бағдарлама 2014 жылы Ресей Украинадан Қырымды тартып алған кезден бастап біртіндеп Кремль позициясын насихаттауға көшкен.

– Сол кезден бері мен үшін Ресей де, ресейлік телеарна да өлді. Бағдарлама агрессияға жұмыс істейтін пропагандистік машинаға айналды, – дейді ЧГК бұрынғы қатысушысы, украиналық тележүргізуші Игорь Кондратюк.

Қыркүйекте шоудың белді қатысушысы Екатерина Мереминская өз атынан жазба жариялады. Онда шоудың "Саясатқа жол жоқ" деген ережесі бұзылғаны айтылады.

iStories жариялаған мақалаға сәйкес, Мереминскаяға бағдарламаның жүргізуші-продюсері Наталья Стеценко хабарласып, Facebook-тегі "Соғысқа жоқ де!" деген жазбасын өшіруді сұраған.

Мереминская оның өтінішін орындаудан бас тартып, шоудан шығып кетті.

Екатерина Мереминская.
Екатерина Мереминская.

– Қатысушылар өздігінен пропаганда тыңшысына айналды деп ойламаймын. Мүмкін шоудың өзі шығар? Солай сияқты. "Саясатты араластырмаймыз" деген ереже біржақты жұмыс істейді. Ресей билігінің саясатына қарсы ештеңе айтуға болмайды, бірақ Кремльді қолдаймын деу саясатқа жатпайды екен, – дейді ол.

Шоу арқылы танылған қатысушылар қатарында белгілі адвокат Илья Новиков та бар. Ол бағдарламаға 14 жыл қатысып, 2 жыл Ресей түрмесінде отырған украин ұшқыш Надя Савченконы қорғауына алған кезде ойыннан шығып кетті.

Ол кезде ресейлік пропаганда украиндерді "бандерашылар", "нацистер" деп атай бастаған. Бұл тенденция қазір де жалғасып жатыр. "Бандерашылар" ұғымы Екінші Дүниежүзілік соғыс кезіндегі националист көшбасшы Степан Бандераның атымен байланысты. Ресей билігі оны кезінде нацистермен байланыста болғаны үшін ұлтшыл деп сөгеді.

– Кешке галстук тағып, бірінші арнаға шығу – бір бөлек, ал эфирден "бандерашылар" мен "нацистерді" қорғау – мүлде басқа нәрсе, – деді Новиков.

Осы айда Ресейдің Федералды қауіпсіздік қызметі қазір Украинада тұратын Новиковқа мемлекетке сатқындық жасады деп айып тақты.

Илья Новиков (оң жақта) пен оның қорғауындағы Надежда Савченко сотта. Мәскеу, 2016 жыл.
Илья Новиков (оң жақта) пен оның қорғауындағы Надежда Савченко сотта. Мәскеу, 2016 жыл.

"БҰРЫНҒЫДАЙ ТІКЕЛЕЙ ЭФИР ЖОҚ"

"Что? Где? Когда?" ашылған сәттен бастап бірте-бірте таныла бастады. Ойынға қатысушы командалар жүлдеге таласады. Мереминскаяның айтуынша, Совет одағы тұсында жеңімпаздарға сирек кездесетін кітаптар беретін. Кейін ақшалай жүлделер табыстайтын болды. Ойында көрермендер де сұрақ қоя алады. Сұрақ қойған көрермендерге сыйақы төленеді.

1975 жылы бағдарламаны ашқан Владимир Ворошилов – советтік және ресейлік телевизияның аты аңызға айналған тұлғаларының бірі. Ол 2001 жылы көз жұмды.

Бұрынғы ойыншылардың айтуынша, ойынның форматы сәл өзгерген. Мысалы, "знатоки" (зияткер) сөзі Z әрпімен жазылады. Кремль бұл таңбаны Украинаға қарсы соғыс символына айналдырған.

Ойын жүргізушілері Украинаның оккупацияланған ауданынан келген қатысушыларды Ресей тұрғыны деп таныстырады. Кремль Қырым мен Украинаның тағы төрт ауданын өзіне қосып алған. Бағдарлама үстінде Украина мен соғыс туралы пропагандалық фильмге жарнама жасалады.

Мереминская ойында "Еліміздегі бір ауданның сызбасын көріп тұрсыз. Осы ауданды атаңыз" деген сұрақ болғанын айтады. Бұл территория Қырым еді.

Тағы бір бұрынғы қатысушы Ровшан Аскеровтің сөзінше, қазір эфирлер алдын-ала жазылып, кейін редакциядан өтеді. Бұрын шоу тікелей эфирден көрсетілетін.

– Продюсерлер қорқып, тікелей эфир жүргізбейтін болды, – дейді ол.

2022 жылы мамырда Мәскеу соты қазір Украинада тұратын Аскеровке қарсы "нацизмді қайта жаңғырту" айыбымен қылмыстық іс қозғады. Айыптау Аскеровтің эссесіне негізделген. Онда бұрынғы ойыншы совет маршалы Георгий Жуковты "ұры" деп атаған.

Ворошилов қайтыс болғаннан кейін Стеценко "Что? Где? Когда?" ойынына иелік ететін "Игра ТВ" продюсерлік компаниясын өз қолына алды.

Шоудың америкалық нұсқасы "Миллион доллар үшін ақыл-ой жарысы" деп аталады. Бұл ойын 2011–2012 жылдары жүрді.

Ресей Украинаға басып кірмей тұрып, компания "Что? Где? Когда?" ойынының тұрақты қатысушыларының көңілін қалдырды. 2012 жылы компания желі атауын тауар белгісі ретінде тіркетіп, жергілікті турнирлер мен сайыстар өткізуді шектеуге тырысты.

Беларусь ойыншысы Дарья Соловей 2020 жылы елде болған жаппай наразылық кезінде басқа қатысушылармен жиі сөйлесетін. Мұны байқаған редакторлар қатысушыларға "Саясатты талқыламаймыз" деп ұрысқан.

Дарья елдегі саяси жағдайға байланысты Минскіден Украинадағы Одесса қаласына көшкен. Ресей Украинаға қарсы соғыс ашқанда Дарья бомбадан қорғайтын жертөлелерде отырған. Кейін ол ойыннан біржола шығып кетті.

Ресей Украинаға басып кіргенде "Что? Где? Когда?" желісінің 2000 мүшесі ашық хат жазып, Кремль арнаулы әскери операция деп атаған соғысты сынаған.

Бағдарламаның белді қатысушыларының бірі Максим Поташев бағдарламадағы өзгерістерді қолдайды.

– Ғаламдық кикілжіңге араласпай, шетте қалу, геосаяси мүдделеріңнен бас тарту мүмкін емес, – дейді ол.

– Ғаламдық жікшілдік басталғанда, әр ел ойыншы немесе біреудің одақтасы болуы керек. Мықты болып, сол күшімізді, өз мүддемізді қорғауға дайын екенімізді көрсетуге тиіспіз, – деді ол Кремльдің сөзін қайталап.

Адвокат Новиков бұл пікірге қосылмайды.

– Біреулер кішкентай қайығын үлкен әскери кемеге байлап қояды. Кеме суға батқанда одан ажырап үлгермейді. Бағдарлама бірінші арна, ресейлік тележелі және Ресеймен бірге құрдымға кеткенін қаламаймын. Бірақ жағдай солай болып тұр. Сендердің әрекеттерің мен әрекетсіздіктеріңнің құны – осы. Бұл соғыс ойын тарихындағы соңғы эпизод болуы мүмкін, – дейді Новиков.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG