Accessibility links

Тоғыз айда өзгерген Таяу Шығыс картасы


«Ирак пен Шам ислам мемлекеті» (ИЛИМ) ұйымының туын ұстап тұрған қарулы адам. Мосул, Ирак, 23 маусым 2014 жыл.
«Ирак пен Шам ислам мемлекеті» (ИЛИМ) ұйымының туын ұстап тұрған қарулы адам. Мосул, Ирак, 23 маусым 2014 жыл.

Исламшыл күштер Иракқа тамыр жая бастаған қазіргі сәтте аймақтағы және әлемдегі державалар жаңа қатерден сақтану үшін сыртқы саясатын қайта қарап жатыр.

2013 жылғы қыркүйекте Азаттық радиосы Таяу Шығыстың интерактивті картасын жасап, аймақтағы жағдайдың тым шиеленісіп тұрғанын айтқан еді.

Ол сараптамадан бір айдай бұрын азаматтық соғыс отына оранған Сирияда Башар Асад режимі химиялық қару қолданып, 1400-дей адам опат болды. Сол тұста АҚШ-та Сириядағы үкіметке қарсы күштерді қолдау мақсатында әуеден соққы берейік деген ұсыныстар жиі айтыла бастаған.

Сараптама жарық көрерден екі айдай бұрын Египетте генерал Әбдел Фаттах әл-Сиси президент Мұхаммед Мурсиді және оның «Мұсылман бауырлар» партиясын биліктен тайдырды. Бұл өзгеріске Түркия сияқты елдер сескене қараса, Сауд Арабиясы мұны қуана құптаған еді.

Тоғыз айдан соң әл-Сиси сайлаушылардың 97 пайызының қолдауына ие болып, Египет президенті болып жарияланды, ал Башар Асад біраз уақытқа дейін биліктегі орнын нығайтып алды. АҚШ алдымен Сирияға әуеден шабуыл жасауға оқталды да, кейін Мәскеудің ұсынысын қолдап, Дамаскіні химиялық арсеналынан айыру жөніндегі халықаралық жоспарды мақұлдады.

«ИЛИМ» ИРАКҚА КӨЗ ТІКТІ

Осы аралықта әуелде «әл-Қаида» ұйымының Ирактағы бөлімшесі болып бастап, кейін Сириядағы ең ықпалды экстремистік топқа айналған «Ирак пен Шам ислам мемлекеті» ұйымы Иракқа тамыр жая бастады. Бұл ұйым Ирактың солтүстігі мен батысындағы ауқымды аймақты, соның ішінде елдің екінші ірі қаласы – Мосулды басып алды.

ИЛИМ тобына қарсы күресу үшін Ирак ұлттық армиясы қатарына қосылған еріктілер. Ан-Наджав, 19 маусым 2014 жыл.
ИЛИМ тобына қарсы күресу үшін Ирак ұлттық армиясы қатарына қосылған еріктілер. Ан-Наджав, 19 маусым 2014 жыл.

Бұл топ Ирак пен Сирия аумағында Ислам халифатын құруды көксейді. Ал жақын арада елдегі аз санды сүнниттер мен басым көпшілікті құрайтын шииттер арасында от тұтануы мүмкін. Шииттер бақылап отырған үкімет сүнниттерді сыртқа теуіп келеді, ал олар болса «Ирак пен Шам ислам мемлекеті» тобына іш тартады.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри бұл ұйымды «әл-Қайдадан да асып түсетін экстремистер» деп атады. Демек, АҚШ-тың аймақтағы басымдылықтарына тез арада өзгеріс енеді деген сөз.

АЛМА-КЕЗЕК ДҮНИЕ

Жақында АҚШ президенті Барак Обама 2011 жылғы Ирактан әскер әкету шешімін өз әкімшілігінің үлкен жетістігі деп атаған. Ол Башар Асадты биліктен кетуге шақырғанымен, кейіннен АҚШ аймақта және бір соғысқа килікпеуі үшін химиялық қаруды жою келісімін қолдауды ұйғарды.

Сирия президенті Башар Асад әйелімен бірге сайлау учаскесінде дауыс беріп тұр. Дамаск, 3 маусым 2014 жыл.
Сирия президенті Башар Асад әйелімен бірге сайлау учаскесінде дауыс беріп тұр. Дамаск, 3 маусым 2014 жыл.

Енді ол Иракқа 300 әскери сарапшы жіберіп, «Ирак пен Шам ислам мемлекеті» ұйымының нысандарына әуеден соққы беру мәселесін қайта қарастырмақ. Кеше ғана бір-біріне бітіспес жау болып отырған Асад пен Обаманың енді ортақ жаулары пайда болды. Дүние алма-кезек деген – осы.

Түркияны Сириядағы Асад режимі қайта толғандыра бастады. Ирак және Сирия шекараларынан төніп тұрған тұрақсыздық Түркияның дегбірін қашырып отыр. 2011 жылы Сирияда азаматтық соғыс басталғалы әскери жасақтар Түркияның шекарасын емін-еркін кесіп өте беретін болған. Бірақ қазір Түркия бақылауды күшейтті, ал маусым айында «әл-Қаидаға» жақын «әл-Нусра майданы» тобын «терроршыл ұйым» деп жариялады. Батыс елдері оны әлдеқашан терроршыл ұйым қатарына қосып қойған.

ИРАН МЕН АҚШ ОДАҚТАСА АЛА МА?

Ирактағы шииттер үстемдік ететін үкіметке ықпалын күшейту үшін ресурсын аямай жұмсаған Иран да қобалжып отыр.

Осы күрмеулі мәселелер Иранды АҚШ-пен бірлесе жұмыс істеуге мәжбүрлей алуы мүмкін бе? Иранның рухани көсемі әли Хаменеи бұл елді әлі күнге «үлкен шайтан» деп отырғаны белгілі. Тегеранның қарсылығына қарамай, түрлі дін өкілдерінен тұратын аралас үкімет құруды Ирактан талап етіп отырған АҚШ бүлікті тоқтату үшін Иранмен бірлесе жұмыс істеуге әзір ме?

Ирактағы ИЛИМ жихадшыларын айыптап шеруге шыққан ирандықтар. Тегеран, 24 маусым 2014 жыл.
Ирактағы ИЛИМ жихадшыларын айыптап шеруге шыққан ирандықтар. Тегеран, 24 маусым 2014 жыл.

АҚШ-тың Таяу Шығыстағы ең жақын одақтасы Израиль болса Иранмен қандай да бір ынтымақтастықты қолдамайтынын ашық айтты.

Иранның аймақтағы бақталасы Сауд Арабиясы да жақын одақтасы – АҚШ-тың өзіне қырын қарап отырғанына наразылық білдірді. Бұл ел «Ирак пен Левант ислам мемлекетін» тікелей қаржыландырмағанымен, Сириядағы басқа да бүлікші топтарға қаржылай, әрі әскери көмек көрсету арқылы исламшыл топтардың, соның ішінде «әл-Нусра» және «Ирак пен Шам ислам мемлекеті» ұйымдарының қанат жаюына ықпал еткен делінеді.

Осыдан тоғыз ай бұрын Таяу Шығыстағы қарым-қатынас күрделі болатын. Осы аралықта бұл түйін күрмелген үстіне күрмеле түсті.

Глэн Кейтстің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG