Accessibility links

Соттан зәбір көргендер судьяға жақтасты


Айыпталушы Күлпәш Өтемісова адвокаты Владимир Поповпен сөйлесіп отыр. Алматы, 5 мамыр 2014 жыл.
Айыпталушы Күлпәш Өтемісова адвокаты Владимир Поповпен сөйлесіп отыр. Алматы, 5 мамыр 2014 жыл.

Бұрынғы судья Өтемісова төрт жарым жылға сотталды. Әлденеше шулы істерге төрелік еткен судьяның өзінің істі болуы Қазақстандағы сот тәуелсіздігі мәселесіне жаңаша назар аудартты.

Алматы қалалық сотының бұрынғы судьясы, «әділетсіз үкім шығарды» деп айыпталған Күлпәш Өтемісоваға қатысты сот үкімін мамырдың 5-і күні Алмалы аудандық сотының судьясы Гүлшаһар Шыныбекова оқыды. Сотталушының туған-туыстары, қоғамдық ұйымдар мен ақпарат құралдары өкілдері қатысқан отырыс тез арада аяқталды.

«СУДЬЯНЫ ДА ӘДІЛ СОТТАУ КЕРЕК»

Сотқа қатысқан бір топ адам бұрынғы судья Күлпәш Өтемісоваға шыққан үкімге наразы екендерін айтты. Олар өздерін бұрын соттардан әділетсіздік көріп, «Әділет үшін» қоғамдық ұйымына мүше болған адамдармыз деп таныстырды.

– Талайымыздың тағдырымызға әсер еткен әділетсіз судьяларды жауапқа тарту үшін кейбіреуіміз жеті-сегіз жылдан бері жүгіріп жүрміз. Қазақстанда судьяны жауапқа тарту – сенсация. Бірақ мынадай сенсацияның керегі жоқ. Өйткені осы сотқа басынан бастап қатысып келе жатқанда сотталушы Күлпәш Өтемісованың жазықсыз екеніне көзіміз жетті, – дейді осы ұйымның мүшесі Роза Раева Азаттық тілшісіне.

«Соттан зардап шектім» дегендердің енді бірі Елшат Кензин заңгер болмаса да
Судьяның сотына қатысқан "Әділет үшін" қоғамдық ұйымының мүшелері. Алматы, 5 мамыр 2014 жыл.
Судьяның сотына қатысқан "Әділет үшін" қоғамдық ұйымының мүшелері. Алматы, 5 мамыр 2014 жыл.
заңның баптарын жақсы білетінін айтады. Оның сөзінше, «заң бойынша судья нақты шешім үшін жауап бермейді».

– Судья қате шешім шығарған күнде де әкімшілік шара қолданылуы тиіс. Ал Күлпәш Өтемісованы орнынан босатып қана қоймай, енді оған қоса соттап жіберді. Біздің фемида – ауру. Бірақ оны емдейтін ешкім жоқ, – дейді ол.

Күлпәш Өтемісоваға жақтас адамдардың енді бірі – өзге бір судьяның қате шешімі салдарынан үйінен айрылып қалу қаупі төніп, бірнеше жылдан бері соттасып келе жатқан Зейіш Қоржынбай.

– Сотта жалғыз келсең, жеңе алмайсың. Осындай қоғам болып, көпшілік болып келмесең сенімен ешкім санаспайды. Егер айналамдағы жанашыр көпшілік болмағанда әділетсіз судьяның шешімімен баяғыда үйімнен айырылып қалар едім, – деп түсіндірді ол Өтемісованың сотына келу себебін.

Өздерінің бұрынғы судьяны қолдауын парадокс деп сипаттаған бұл азаматтар «судьяны соттаса да әділ соттау керек» дейді.

АДВОКАТ: «БҰЛ ІС ТАПСЫРЫСПЕН ЖАСАЛҒАН»

Күлпәш Өтемісованың адвокаты Владимир Попов үкімнің оқылуы тез болғанына наразылық білдіріп, «асығыс оқылған үкім толық дайындалмағанға ұқсайды» деген болжамын айтты.

– Заң бойынша бірінші инстанциядағы сот үкімі толық оқылуы керек. Мұнда тек қорытынды бөлігін ғана оқыды. Қаралған істе сотталушылар көп болғанда ғана қорытынды үкімді оқиды. Ал жалғыз адамды соттап, қысқаша үкім оқи салуды бірінші рет көріп тұрмын, – дейді Күлпәш Өтемісованың адвокаты Азаттыққа.

«Бұл іс тапсырыспен жасалған, өйткені істің өзі әуел бастан заң
Бұрынғы судья Күлпаш Өтемісова. Алматы, 5 мамыр 2014 жыл.
Бұрынғы судья Күлпаш Өтемісова. Алматы, 5 мамыр 2014 жыл.
бұзушылықтармен басталған» деген адвокат үкімді алған соң қалалық сотқа апелляциялық шағым жазатындарын айтты.

Азаттық тілшісі сотқа қатысқан прокурормен үкім туралы сөйлесе алмады.

Күлпәш Өтемісова – Азаттықтың түрлі даулы қылмыстық істер туралы жазған материалдарында бас кейіпкерлердің бірі ретінде аталып, құқық қорғаушылар мен қарапайым азаматтардың наразылығын тудырған үкім шығарып жүрген қазақстандық судьялардың бірі. 1997 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Алматы қалалық сотының судьясы болып тағайындалған Өтемісоваға қатысты сот ісі биыл наурыздың 26-сында басталған еді. Оған «әділетсіз сот үкімін, шешімін немесе өзге де сот актісін шығару» бабы бойынша айып тағылған.

Жергілікті ақпарат құралдары судьяның бұған дейінгі сотта «эмоцияға ерік беріп, көзіне жас алып», өзіне «басшылық тарапынан қысым жасалғанына» меңзегенін жазған.

Қазақстандық құқық қорғаушылар көп жағдайда тәуелсіздігіне күмән келтіретін жергілікті судьялардың кәсіби қызметіне қатысты қылмыстық жауапқа тартылуы – сирек болатын оқиға.
XS
SM
MD
LG