Accessibility links

Журналиске қастандық жасауға «тапсырыс беруші» 14 жылға сотталды


Тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедьяров Азаттықтың бюросында. Алматы, 22 қазан 2012 жыл.
Тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедьяров Азаттықтың бюросында. Алматы, 22 қазан 2012 жыл.

Орал қаласында тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедьяровқа қастандық жасауға қатысты іс бойынша тағы бір үкім шықты. Жәбірленуші істі қосымша тергеуге жіберуді сұрайды.

Орал қаласындағы ат спорты мектебінің бұрынғы директоры Нұрлан Тахамбетов «тәуелсіз журналист Лұқпан Ахмедьяровтың өміріне қастандық ұйымдастырды» деген айыппен 14 жылға сотталды. Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Ғалымжан Қайырбеков бұл шешімді сәуірдің 24-і күні шығарды. Бұрын бұл іс бойынша прокуратура «қылмысты орындаушы» деп болжаған төрт адам сотталған.

«Уральская неделя» газетінің тілшісі Лұқпан Ахмедьяровқа қарулы шабуыл 2012 жылы 19 сәуір күні түнде жасалған. Журналист бірнеше жерден пышақталып, травматикалық тапаншадан екі жарақат алған. Ахмедьяровқа жасалған шабуылды журналистің өзі және әріптестері оның азаматтық белсенділігі мен кәсіби қызметімен байланыстырады. Ол оппозициялық жиындарда сөйлеп, 2011 жылдың желтоқсан айында болған Жаңаөзендегі қанды оқиғалар мен оған іле-шала басталған оппозиция мен өзгеше ойлайтын жандарды қудалауға қарсы наразылығын ашық мәлімдеген.

ҮКІМ ШЫҒАРДА

Сот процесі кезінде сотталушы Нұрлан Тахамбетов тағылған айыптардың бәрін терістеп, өзінің кінәсіз екенін айтты. Сәуірдің 23-і күні – үкім шығару қарсаңындағы соңғы сөзінде де ол осы позициясынан таймады.

Тахамбетов «егер соттаса, Қазақстан азаматтығынан бас тартамын» деп мәлімдеді. Азаттық тілшісімен сөйлескен оның жұбайы Айгүл «күйеуім бұл сөздерді қызбалықпен айтқан болуы мүмкін, оған мән бермеу керек» дейді.

Күйеуінің екі бап бойынша ақталғанына қуанған Тахамбетовтың әйелі «үкімге қатысты міндетті түрде шағым береміз, күйеуімнің журналистің өміріне қастандық жасады деген айыбы сотта дәлелденген жоқ» дейді. Оның айтуынша, бұл іс бойынша құпия куәгерлер үш рет қосымша тергеліп, үшеуінде де әртүрлі түсінік берген.

ҚАСТАНДЫҚ СЕБЕПТЕРІ

Зардап шеккен журналист Лұқпан Ахмедьяров үкіммен келіспейді. Тараптардың жарыссөзінде ол: «Сотталушы Нұрлан Тахамбетовтің кінәсі дәлелденген жоқ. Өйткені қастандық ұйымдастырды деген дәлел сотқа әкелінбеген әрі лақап атпен
Дәрігерлер жаралы Лұқпан Ахмедьяровты әкетіп барады. Орал, 19 сәуір 2012 жыл.
Дәрігерлер жаралы Лұқпан Ахмедьяровты әкетіп барады. Орал, 19 сәуір 2012 жыл.
түсінік берген үш құпия куәгердің түсінігі негізінде құрылған» деп мәлімдеді. Ол істі қосымша тергеуге жіберуді сұрады.

Ахмедьяровтың айтуынша, қастандықтың себептері туралы тергеу барысына қарап қорытынды жасауға болады. Әуелі «қастандық жасаған» деген күдікпен Батыс Қазақстанның түкпіріндегі кентте тұратын 19 және 21 жастағы екі жігіт тұтқындалды.

Екеуі қастандықтан кейін екі апта өткенде – 2012 жылдың 6 мамырында тұтқындалды. Ол кезде Орал қаласы прокуратурасы: «Ұсталған күдіктілер облыстағы оқу орындарының бірінде оқиды. Журналистке шабуыл жасар алдында біреуі бақылау жұмысынан төмен баға алып, жолында кездескен алғашқы адамнан өшін алмақ болған. Осы мақсатпен және бұзақылық ниетпен екеуі Орал қаласына келіп, журналистке шабуыл жасаған» деп хабарлаған.
Ал нағыз қылмыскерлерді полиция 2012 жылдың қараша айында ғана ұстады.
Лұқпан Ахмедьяров.


– Әріптестерім ұсталғандар тұратын кентке ерінбей барып келді. Журналистік тексерудің арқасында прокуратураның алдағаны, ал қамауда жазықсыз жандардың отырғаны анықталды. Ал нағыз қылмыскерлерді полиция 2012 жылдың қараша айында ғана ұстады. Тұтқындалған төрт адамның екеуі – шабуыл жасағандар, көлік жүргізушісі және қастандықты «ұйымдастырушы», – дейді Лұқпан Ахмедьяров Азаттыққа.

2013 жылдың шілдесінде Лұқпан Ахмедьяровты өлтіру мақсатында қастандық жасады деген айыппен төрт азамат ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды. Олардың ішінде тікелей шабуыл жасаған екеуі, олардың қылмыс орнынан қашып кетуіне көмектескен көлік жүргізушісі және Нұрлан Тахамбетовтың бауыры Асхат бар. Сот қастандықты «ұйымдастырушы» деп тапқан ол 15 жылға сотталды. Бірақ Лұқпан Ахмедьяровтың болжамынша, ол кезде сотталған төртеудің ешқайсысы қылмысты нақты кім ұйымдастырып, тапсырыс бергенін айтпаған.

Ахмедияровтың айтуынша, бүгін ғана аяқталған сотта және қылмыстық іс материалдарында жәбірленуші «арнайы тапсырыспен жасалған қастандық журналистің кәсіби қызметімен байланысты» деген бір себеп аталған.

– Қылмысты орындаушылардың берген түсінігінде: «Асхат Тахамбетов бізге «Ағаларымды ренжіткен бір жігіт бар. Соны жазалап, аузын жабу керек» деген сөздер бар, – дейді Ахмедияров.

Журналист Лұқпан Ахмедьяров батыл мақалаларымен қазақстандық оқырмандарға жақсы таныс. Мақалалары үшін талай рет биліктің қудалауына да ұшыраған. 2012 жылдың тамызында Лұқпан Ахмедьяров Питер Маклер атындағы сыйлықтың лауреаты болды. «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы бұл сыйлықты сөз еркіндігі құқығына кепілдік бермейтін немесе оны орындамайтын елдегі оқиғалар туралы әділ әрі батыл жазатын азаматтарға береді.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG