Accessibility links

Қазақстандағы саяси тұтқындар кім?


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазанның 30-ы – Халықаралық саяси тұтқындар ынтымақтастығы күні. Бұл күннің қарсаңында Ресейде қуғын-сүргін құрбандарын еске алу акциялары өтті. Қазақстанда олар жайлы құқық қорғаушылар мен саясаткерлер ғана айтады.

Құқық қорғаушылардың бірі Қазақстанда «саяси тұтқындар бірен-саран ғана» десе, енді біреулері «жүздеген саяси тұтқын бар» екенін айтады.

Халықаралық және қазақстандық демократиялық ұйымдар елдегі саяси тұтқындардың құқығы бұзылатыны туралы жиі мәлімдеп, оларды түрмеден босатуды талап етеді. Белсендіге тағылған қылмыстық айыптың «саяси астары» бар деген кезде қазақстандық сарапшылар адамды «саяси тұтқын» деп тану өлшемдерін Еуропа кеңесінің Парламенттік ассамблеясы мен «Халықаралық амнистия» ұйымы ұсыныс-кеңестерінен алады.

ҚАЖК-МЕН СОТТАСҚАН ТҰТҚЫН

«Ар.Рух.Хақ» құқық қорғау ұйымы жетекшісі Бақытжан Төреғожина Қазақстандағы саяси тұтқындар тізімін Алматы шетіндегі Шаңырақ ауылында бір полицей қаза тапқан оқиғаларды ұйымдастырды деген айыппен 2006 жылдың шілдесінде қатаң режимдегі колонияға 18 жылға сотталған ақын әрі диссидент Арон Атабектен бастайды.

Шаңырақтағы қақтығыстан кейін, Арон Атабектің үкім шыққан күнгі суреті. Алматы, 2007 жылдың қазаны.
Шаңырақтағы қақтығыстан кейін, Арон Атабектің үкім шыққан күнгі суреті. Алматы, 2007 жылдың қазаны.

Қазір жазасын Павлодар қаласындағы тергеу абақтысында өтеп жатқан Арон Атабек қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің (ҚАЖК) үстінен Астана қаласы Алматы аудандық сотына шағым-арыз түсірген. Атабек тергеу абақтысында ұстамай, үкімде көрсетілгендей, қатал режимдегі колонияға ауыстыруды талап етеді.

Арон Атабек ҚАЖК-ға қарсы талап-арызында отбасы тұратын Алматы қаласы маңындағы түрмелердің біріне ауыстыруды,толық емделуге жағдай жасауды, тартып алған қолжазбаларын қайтарып беруді және халықаралық бақылаушылармен жолықтыруды сұрайды. Атабек «бақылаушылармен сөйлесуден бас тартты» деген уәжді «өтірік сөз» дейді.

РЕЖИМДІ ЖЕҢІЛДЕТУГЕ ТАЛПЫНЫСТАР НӘТИЖЕСІЗ

Белгілі құқық қорғаушы әрі кезінде өзі де саяси тұтқын деп саналған Евгений Жовтистің Азаттық тілшісіне айтуынша, саяси тұтқындардың жеңілдетілген режимге ауысуға тырысқан әрекеттері әдетте нәтижесіз аяқталады. Ол бұған өз басынан өткен жайттарды ғана емес, қазіргі саяси тұтқындардың талпынысынан да мысалдар келтіреді.

Оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың үкім оқылған күнгі суреті. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл.
Оппозициялық саясаткер Владимир Козловтың үкім оқылған күнгі суреті. Ақтау, 8 қазан 2012 жыл.

Мысалы, 2011 жылдың желтоқсанында «Жаңаөзен оқиғаларын ұйымдастырды» деген айыппен жеті жарым жылға сотталған адам, оппозициялық «Алға» партиясының бұрынғы жетекшісі Владимир Козлов қазір жазасын Алматы маңындағы Заречный кентіндегі жалпы режимдегі түрмеде өтеп жатыр. Оның жеңілдетілген режимге ауыстыру туралы жуырдағы өтініші «сөгісі бар» деген уәжбен орындалмады. Ол «әлі өтелмеген сөгісі барын» білмеген. Козлов Қапшағай қалалық сотына талап-арыз жолдап, түрме әкімшілігінің берген сөгісін заңсыз деп тануды сұрайды.

Азаматтық белсенді Вадим Курамшин сотта отыр. Тараз, 2 мамыр 2012 жыл.
Азаматтық белсенді Вадим Курамшин сотта отыр. Тараз, 2 мамыр 2012 жыл.

«Ақша бопсалау» айыбы бойынша сотталған құқық қорғаушы Вадим Курамшин де 2012 жылдан бері ерекше режимдегі түрмеде жазасын өтеп жатыр. Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, қазір Курамшиннің «құқығым бұзылды» деген шағымдарына байланысты тергеу алдындағы тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

САЯСИ ТҰТҚЫНДАР ҚАНША?

Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, Қазақстандағы саяси тұтқындарды «республика мақтанышы» деп атауға болады. Ол Арон Атабек, Владимир Козлов және Вадим Курамшиннен бөлек тағы бірнеше есімді атайды.

Мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаева. Жаңаөзен, 2011 жылдың маусымы.
Мұнайшылар белсендісі Роза Төлетаева. Жаңаөзен, 2011 жылдың маусымы.

«Жаңаөзен оқиғаларына қатысты» деген айыппен бес және алты жылға сотталып, жаза мерзімін жалпы тәртіптегі түрмеде өтеген мұнайшылар Роза Төлетаева мен Мақсат Досмағамбетов қазір қоныс колонияға ауыстырылған. Бірақ екеуіне мерзімінен бұрын шартты босау құқығын пайдалануға рұқсат етпеді. Қазір Мақсат Досмағамбетов Алматыдағы онкологиялық ауруханада емделіп жатыр.

«Қазатомпром» компаниясының бұрынғы төрағасы, «Коррупциялық қылмыс» бабы бойынша 14 жылға сотталған Мұхтар Жәкішевті Алматы маңындағы Заречный кентіндегі түрмеден бір жылдай бұрын Қарағанды облысындағы Долинка кентіндегі түрмеге ауыстырған. Құқық қорғаушылар мұны Мұхтар Жәкішевті қамауда ұстау режимін күшейту ретінде бағалады.

«Казатомпромның» бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев ҰҚК тергеу абақтысында «Время» газетіне сұхбат беріп отыр. Астана, 2009 жылдың шілдесі.
«Казатомпромның» бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев ҰҚК тергеу абақтысында «Время» газетіне сұхбат беріп отыр. Астана, 2009 жылдың шілдесі.

- Жіберген кітаптарымыз бен хаттарымызды алғанын білдіріп, қызы арқылы алғыс айтып жібереді. Оның қан қысымы күрт көтеріліп кететіндіктен қазір дәрігерлердің бақылауында, - дейді Бақытжан Төреғожина.

Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, қазір «мәжбүрлі түрде емделіп» жатқан балқаштық заңгер Зинаида Мухортованы да саяси тұтқын деп есептеуге болады.

Балқаштық адвокат Зинаида Мухортова. Астана, 1 қараша 2013 жыл.
Балқаштық адвокат Зинаида Мухортова. Астана, 1 қараша 2013 жыл.

Төреғожина «құқық қорғаушылар немесе журналистермен жолықтырмайтын, оның үстіне «өздігінен әрекет етуге қабілетсіз» деп танылғандықтан, құқығы шектелген Мухортованың жағдайы тіпті ауыр» дейді.

Қазір жергілікті құқық қорғау ұйымдары судьямен шыбын өлтіргіштің көмегімен «символикалық дуэль» өткізбек болғаны үшін жуырда үш жылға сотталған қарағандылық заңгер Евгений Танковты да саяси тұтқын деп тану туралы мәселені талқылап жатыр.

Саят Ибраевтың "Сенім.Білім.Өмір" ұйымының Алматы филиалының жетекшісі кезіндегі суреті.
Саят Ибраевтың "Сенім.Білім.Өмір" ұйымының Алматы филиалының жетекшісі кезіндегі суреті.

Жергілікті құқық қорғаушылар Алматыдағы қазақ ұлттық техникалық университетінің профессоры, «сопылар қауымының жетекшісі» Саят Ибраевты да саяси тұтқын деп таныған. Ол 2010 жылдың қазанында «экстремизм» бабы бойынша айыпталып, 2011 жылдың қазанында 12 жылға сотталған.

Алматыдағы Хельсинки комитетінің төрайымы Нинель Фокинаның айтуынша, қазақстандық саяси тұтқындар тізімі мұнымен шектелмейді. Фокинаның пікірінше, саяси тұтқындар тізіміне ар-ұждан тұтқыны ретінде діни көзқарасы үшін сотталғандарды да қосуға болады.

- Діни наным-сенімі үшін ешкімді соттауға болмайтыны тіпті ежелгі Рим заңдарында да жазылған. Бұл жайында Қазақстан конституциясының 19-бабында да айтылған, - дейді құқық қорғаушы.

Оның пікірінше, діни нанымның қайсысы дұрыс, қайсысы теріс екенін, әсіресе наным-сенімді қылмыстық көзқарас деп анықтауға ешкімнің құқығы жоқ. Нинель Фокина «Қазақстан тәуелсіздігі жылдары жинаған материалдарымда діни көзқарасы үшін сотталған қазақстандықтар саны мыңнан асады» дейді.

30 қазан – Халықаралық саяси тұтқындар ынтымақтастығы күні БҰҰ-ның Женевадағы кеңсесінде Қазақстан ресми делегациясының адам құқығын қорғау және адам құқығын жиі бұзуға қатысты ахуалды түзету жөніндегі халықаралық ұсыныс-кеңестердің орындалу барысы туралы есебі тыңдалмақ.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG