Accessibility links

Каспийдің ащы суы Маңғыстауды жұттан құтқара ала ма?


Маңғыстау облысының тұрғыны Абдулла Мұрзаев (сол жақта бірінші) және оның ұлы Данияр және бұрынғы су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев Каспий суына өсірілген жүгері алқабының жанында тұр. 2020 жыл.
Маңғыстау облысының тұрғыны Абдулла Мұрзаев (сол жақта бірінші) және оның ұлы Данияр және бұрынғы су шаруашылығы министрі Нариман Қыпшақбаев Каспий суына өсірілген жүгері алқабының жанында тұр. 2020 жыл.

Маңғыстау – климаты құрғақ, жауын-шашын өте аз түсетін, өзен-көлі жоқ Қазақстанның батысындағы облыс. Бірнеше жыл бұрын мұнда қуаңшылық болып, малдар қырылды, жұрт күн көріп отырған малдарынан айырылып қиналды. Облыс әлі күнге дейін жем-шөптің негізгі бөлігін өзге аймақтардан тасиды. Облысқа көкөніс, азық-түлік түрлері өзге облыстардан келетіндіктен мұнда бәрі қымбат. Кей белсенділер Каспийдің ащы суын пайдаланып, облысты тұтас жем-шөппен қамтамасыз етуге болады деп санайды. Осы сумен кейбір дақыл түрлерін егіп, егін шаруашылығымен де айналысса болады дейді. EcoKundelik-тің кезекті эпизодында Каспийдің ащы суы Маңғыстауды жұттан құтқара ала ма деген сұраққа жауап іздейміз.

Маңғыстау облысының шамамен 1400 шақырымы Каспиймен шектеседі. Каспийді бойлай, содан бір шақырым төңірегіндегі жерді қаза берсе, ыза су шығады. Оны ғылымда "әлсіз минералданған су" деп атайды. Ол судың тұздылығы Каспийге қарағанда әлдеқайда аз – кәдімгі тұшы суға қарағанда тұзы бар. Оған да дақыл егіп, мал суғарса болады дейді жергілікті белсенділер. Бұл суы тапшы, жауын-шашын аз Маңғыстау облысы үшін үлкен артықшылық дейді.

Подкасты тыңдаңыз:

Каспийдің ащы суы Маңғыстауды жұттан құтқара ала ма?
please wait

No media source currently available

0:00 0:17:04 0:00

ФЕРМЕРДІҢ ТӘЖІРИБЕСІ

Маңғыстау облысының тұрғыны, ардагер сушы Абдулла Мұрзаев осыдан бірнеше жыл бұрын Каспийдің сондай суына жүгері мен арпа өсіріп көрген. "Нәтижесі сәтті шықты" дейді ол.

Оның сөзінше, Каспийге жақын жерден ұңғыма қазылып, бір гектар жерге жүгері, жарты гектар жерге арпа егілген. Бұған қоса, жарты гектар жер қоршалып, табиғи шөптердің шығуына жағдай жасалған. Бұлардың барлығында тамшылатып суғару әдісі қолданылған.

Маман осындай тәжірибенің нәтижесінде бір гектар жерден 5 тонна жүгері алғанын, жарты гектардан 2 тонна арпа алғанын айтады. Мамандардың айтуынша, жеміс пен көкөністің басым бөлігін сырттан таситын Маңғыстау үшін жүгерінің өсуі сирек жағдай.

“Тәжірибеміз оң нәтижесін берді. Маңғыстау облысының сол кездегі ауыл шаруашылығы басшыларын, аудан басшыларын шақырып тәжірибеміз туралы айттық, көрсеттік. Мақсатымыз – құдық суын пайдаланып Маңғыстау облысының өз жерінде мал азығын дайындау. Бірақ, біздің бұл бастамамызға облыс басшылығы, ауыл шаруашылық басшылығы, аудан әкімдіктері тарапынан қолдау болмады” дейді Абдулла Мұрзаев EcoKundelik-ке жолдаған жазбаша жауабында.

Тамшылатып суғару әдісімен өсірілген жусан мен ештеңе егілмеген жер арасындағы айырмашылық. Маңғыстау облысы, 2020 жыл.
Тамшылатып суғару әдісімен өсірілген жусан мен ештеңе егілмеген жер арасындағы айырмашылық. Маңғыстау облысы, 2020 жыл.

Кей мамандар егер бірнеше жыл бұрынғы қуаңшылық кезінде облыстың осы артықшылығы пайдаланылған болса, талай малды аман алып қалуға болар ма еді деген пікір айтады.

Жергілікті белсенді Жәнібек Қожық егер ащы суды дұрыс пайдаланса, батыс өңірін тұтас жем-шөппен қамтамасыз етуге болады деп санайды. Ол бірнеше жыл бұрын Facebook-тағы парақшасында сол кезде өсірілген жүгері мен жусан, арпаның видеосын да салды. Видеодан бітік өскен жүгері алқабы мен ұзындығы тізеге дейін келетін жусанды көруге болады.

"Каспийдің жағасында табиғи тұщы судың мол қоры бар. Теңізден 1-5 км жерден құдық қазса 20-30 метрден мол су ("ыза су" табиғи жолмен тұщытылған) шығады, судың тұздылығы 1 литрге 0,4 грам бұл мал ішуге, егін егуге толық жарайды. Теңіз жағалауы 1400 км, оның 400 км егін егуге жарамсыз деп алып тастағанның өзінде 1 мың км қалады. Бұл шамамен 1 миллион гектар жер деген сөз. Сол 1 миллион гектар жерге құдықтар қаздырып, арпа, сұлы, жүгері, жоңышқа егіп, жердің табиғи жусанын да тамшылатып суару арқылы өсіруге болады. Сол кезде Мағыстау облысы өзге аймақтардан қымбат бағаға жем-шөп сатып алмайтын болады. Сол кезде малдың санын да, сапасын да артыруға мүмкіндік туады" деп жазды сол кезде белсенді сол кездегі ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Тұрымовқа.

Бұл тұста мамандарды алаңдатып отырған нәрсе – ащы суды қатарынан 4-5 жыл пайдаланған кезде ол жер сорға айналмай ма деген сұрақ. Ол үшін зерттеу жүргізіліп, өзге елдердің тәжірибесі пайдаланылуы керек дейді.

Мысалы, БҰҰ-ның Еуропа экономикалық комиссиясының мәліметінше, ауыл шаруашылығы дамыған, суы тапшы Израильде осындай әлсіз минералданған суды кейбір көкөніс, дақыл түрлерін өсіруге пайдаланады. Алайда тұз өсімдіктің тамырына жиналып алмас үшін тамшылатып суғару әдісін пайдаланады және оларды жеңіл топырақ немесе арнайы субстратта өсіреді.

"Қазір соғыс болып жатқан Израильдің ауыл шаруашылығында пайдаланатын жері біздегі аудандардың да аумағына жетпейді. Кіп-кішкентай жер. Ол жақта су жоқ. Жері құнарсыз. Соған қарамастан тамшылатып суғару арқылы Израиль ауыл шаруашылығынан жыл сайын 6 млрд доллар пайда көреді. Біз әлемде территория жағынан 9-орын аламыз – ауыл шаруашылығынан 700 млн пайда көреміз. Егер біз ғылымды, жоғарыда айтылған мүмкіндіктерді пайдалансақ, біз де әрине сондайға жете аламыз. Маңғыстауға қазір көкөністің бәрі Өзбекстаннан, Ираннан, Әзербайжаннан келеді. Облыс Қазақстандағы ең қымбат өңір" дейді Жәнібек Қожық.

Подкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, Apple Podcasts, Google Podcasts платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан, Spotify-дан тыңдай аласыздар.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG