Accessibility links

Ресейдің "ойындарына" Қазақстанның қатысуы қаншалық қауіпті?


2022 жылғы Пекин олимпиадасына Ресей спортшылары тусыз және әнұрансыз қатысқан
2022 жылғы Пекин олимпиадасына Ресей спортшылары тусыз және әнұрансыз қатысқан

Украинаға басқыншылық жасағаны үшін халықаралық спорт жарыстарының көбінен шеттетілген Ресей өз "ойындарын" ұйымдастырып, оған "дос елдерін" тартқысы келеді. Бұл "ойындарға" араласу Қазақстан мен Орталық Азия елдеріне қалай әсер етуі мүмкін?

РЕСЕЙДІҢ "БОЛАШАҚ ОЙЫНДАРЫН" ҚАЗАҚСТАНДА ӨТКІЗУ

21 ақпанда Ресейдің Қазан қаласында басталған "Болашақ ойындарына" Қазақстан командасы да қатысып жатыр. Жарыстың ашылу салтанатына барған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путинге келесі "Болашақ ойындарын" Қазақстанда өткізуді ұсынған.

"Шын мәнінде, "Болашақ ойындары" – IT интеллект пен спорт ұштасқан бірегей формат. Біз мұнда мықты команда әкелдік. Жақсы нәтиже көрсетеді деп үміттенеміз" деген Тоқаев Путинге.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Болашақ ойындарының" ашылуы салтанатына қатысу үшін Қазанға келген сәт. Татарстан, Ресей, 21 ақпан, 2024 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Болашақ ойындарының" ашылуы салтанатына қатысу үшін Қазанға келген сәт. Татарстан, Ресей, 21 ақпан, 2024 жыл.

Ресей билігі 3 наурызға дейін жалғасатын "Болашақ ойындарына" 107 елден спортшы қатысатынын мәлімдеген. Қазандағы жарыс негізінен киберспорт, жасанды интеллект, ақпараттық технология, виртуал әлем, дрон жарысы және физикалық спорт бойынша болмақ. Мысалы, ойындар бағдарламасындағы фиджитал-хоккей жарысында спортшылар алдымен компьютерде хоккей ойнап, одан соң мұз айдынға шығып бәсекені жалғастырады.

Бұл жарыстың идеясын 2023 жылы мамырда Путин үсынған еді. Ол үкіметке "Мир танков", "Мир кораблей" сынды онлайн ойындарды қамтитын бүкілресейлік киберспорт турнирін ұйымдастыруды тапсырған. Сол кезде Ресейдегі онлайн ойындар жасайтын Lesta Games өкілі Гаухар Алдиярова бұл ойындарға "Ресейдің дос елдері" де қатыса алатынын айтқан (Ресейдің коммуникацияны дамыту ұлттық институты Қазақстанды "дос елдер" қатарына қосқан).

2022 жылғы 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кірген соң Халықаралық олимпиада комитеті (ХОК) мен Халықаралық паралимпиада комитеті Ресей мен Беларусьті спорт жарыстарынан шеттеткен. Ал 2022 жылы наурызда Пекинде басталған паралимпиада ойындарына Ресей мен Беларусь делегациясы барғанымен, жарысқа қатыстырылмаған еді. Осы шектеуден соң Ресей мен Беларусь билігі бірігіп түрлі жарыстар ұйымдастыра бастаған.

"САЯСИ ЖАРЫС"

Былтыр Мәскеу өз "ойындарын" өткізетінін жариялады. Мәселен, Ресей биыл 15-29 қыркүйекте 8 млрд рубльге (39 млрд теңге) Мәскеу мен Екатеринбургте "Бүкіләлемдік достық ойынын" ұйымдастыруға дайындалып жатыр. Ресейлік спорт сайттары бұл "ойынды" "биылғы ең ауқымды жарыс" деп сипаттайды.

Ресей Париж олимпиадасынан бір ай өткенде болатын "достық ойындарына" 70 елден 7900-ге жуық спортшы қатысып, 33 спорт түрінен сынға түседі дейді. Мәскеу жарысқа келетін шетелдік спортшылардың жол және жатар орын шығынын төлемек. Жүлде алғандарға ақшалай сыйлық та бермек. Ресей билігі "ақшалай сыйақы, шығындарды өтеу шетелдік спортшыларға мотивация болады" деп үміттенеді. Бірақ жарысқа қатысатын 70 ел қай елдер екені белгісіз.

"Достық ойындары" екінші рет өтпек. Қырғиқабақ соғыс кезінде Совет одағы мен социалистік елдер 1984 жылы Лос-Анжелес олимпиадасына бойкот жариялап, өздері "Достық ойынын" өткізген еді.

Ал биыл Кремль "достық ойынын өткізетінін" жариялаған бетте ХОК президенті Томаш Бах "Ресей билігі саяси жарыс ұйымдастырмақ" деп сынады. Ал ХОК-тың Ұлттық олимпиада комитеттермен байланыс бөлімінің басшысы Джеймс Маклауд "әлем елдерін Ресейдің бұл бастамасына сақтықпен қарауға" шақырып, оған қатысқандарға шара қабылдануы мүмкін екенін меңзеген.

ХОК басшысы Томас Бах Кремль Украинаға қарсы соғыс бастаған күннің ертеңіне Ресейді барлық жарыстан шектеуді ұсынған.
ХОК басшысы Томас Бах Кремль Украинаға қарсы соғыс бастаған күннің ертеңіне Ресейді барлық жарыстан шектеуді ұсынған.

"Кез келген Ұлттық олимпиада комитетінің Бүкіләлемдік достық ойынына қатысуы ХОК-тың 2022 жылғы 25 ақпандағы Ресей мен Беларусьте ұйымдастырылатын жарыстарға қатыспау туралы ұсынысына қарсы келеді" деп ескерткен Маклауд.

Бүкіләлемдік антидопинг агенттігі (WADA) бас директоры Оливье Ниггли "Ресейдің спортшыларды допингке тексеру жүйесіне күдік келтіріп, Мәскеудің мұндай ойын өткізуге құқығы жоғын" айтқан.

"ҚАЗАҚСТАННЫҢ БЕДЕЛІНЕ ӘСЕР ЕТЕДІ"

Қазақстандық спорт журналисі Ақырыс Сейітқазы Қазақстанның Ресей ұйымдастыратын кез келген "ойынға" қатысуы елге зияны тие ме деп алаңдайды.

– Қазақстанның мұндай ойындарға қатыспағаны, қосалқы құрам да жібермегені дұрыс. Себебі қазір Ресейде өтетін кез келген жарысты ХОК пен әлемдік ұйымдар мойындамайды. Ал Ресейдегі мойындалмаған жарысқа қатысса Қазақстан репутациясын бұзып алады, әлемдік ұйымдармен арасы нашарлап кетуі де мүмкін. Себебі Ресейдегі барлық жағдайды әлемдік ұйымдар бақылап отыр, – дейді ол.

Қазақстан спорт және туризм министрлігі спорт комитетінің баспасөз хатшысы Аян Төлеген Азаттыққа Ресей ұйымдастыратын "Бүкіләлемдік достық ойындарына Қазақстанның қатысатын я қатыспайтыны бойынша ештеңе белгісіз екенін" айтты.

– "Достық ойындары" бойынша қазір ештеңе белгісіз. Мемлекеттік құраманың күнтізбесіне енгізген жоқпыз. Бұл жарыс бойынша нақты ештеңе белгісіз. Біз үшін биылғы басты жарыс – Париждегі олимпиада мен паралимпиада, – деді ол.

Ал спорт шолушы Ақырыс Сейітқазы Қазақстан "Достық ойындарына" келгенде "сақ қимылдауы мүмкін" деп ойлайды.

– "Болашақ ойындарындағы" компьютерлік жарыстар олимпиада бағдарламасында жоқ. ХОК "Болашақ ойындарына" қатысты ештеңе айтпағаннан кейін [президент Тоқаев] бұл "ойынды" келесіде бізде өткізейік деп отыр. Ал "Достық ойындарына" келгенде бәрі мүмкін. Қазақстан Ресейге бола ХОК-пен арасын суытады деп ойламаймын. Егер "Достық ойындарына" қатыссақ позициямызды анық көрсетіп қоямыз, – дейді ол.

Ресейді Париж олимпиадасынан шектеуді талап еткен наразылық шарасы. Лозанна, Швейцария, 25 наурыз, 2023 жыл.
Ресейді Париж олимпиадасынан шектеуді талап еткен наразылық шарасы. Лозанна, Швейцария, 25 наурыз, 2023 жыл.

Ал Қазанда өтіп жатқан "Болашақ ойындарының" ашылу салтанатына Путин мен Тоқаевтан бөлек Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Тәжікстан президенті Эмамоли Рахмон қатысты.

Қырғызстандық саясаттанушы Эмиль Жураев Азаттыққа "Ресей мұндай жарыстарына Орталық Азия елдері президенттерін шақыру арқылы өздері ойлап тапқан шараны әлем алдында легитимді қылғысы келеді" дейді.

Ресей бұдан бөлек биыл 12-23 маусымда Қазанда БРИКС ұйымына (Бразилия, Ресей, Үндістан, Қытай, ОАР) мүше елдердің ойындарын өткізбек. Мәскеу БРИКС ойынына кез келген ел қатыса алатынын мәлімдеген.

Ресей билігі "ойындарының" бәрін биылғы Париж олимпиадасына дейін және одан кейін өткізбек. ХОК Ресей мен Беларусь спортшыларын Париж олимпиадасына бейтарап статуста қатысуға рұқсат берген. Бірақ спортшылар бейтарап статус алу үшін Ресейдің Украинадағы басқыншылығын қолдамауы тиіс және елдің әскери клубтарына мүше болмауы керек.

Кремль Ресей спортшыларының халықаралық жарыстардан шеттетілуін, ресейлік спортшылардың турнирлерге бейтарап статуста қатысуын "алалау", "спорт саясаттан бейтарап болу керек деген принципке қарсы" деп санайды.

Бұдан бөлек, Ресей олимпиада комитеті Париж олимпиадасына "бейтарап статуста қатысатын спортшыларды" қаржыландырмайтынын да мәлімдеген.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG