Accessibility links

"Балам қайтып келмейді". Түркістанда Алматы хостелінде қайтыс болған жігітті жерледі


Марқұм Бейбарыс Әлдибектің жақындарын жұбатып жатқан жұрт. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы, Сынтас ауылы. 1 желтоқсан 2023 жыл.
Марқұм Бейбарыс Әлдибектің жақындарын жұбатып жатқан жұрт. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы, Сынтас ауылы. 1 желтоқсан 2023 жыл.

Өткен жұма күні Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Сынтас ауылында «Алматы хостелінде» газдан уланып қайтыс болған 20 жастағы Бейбарыс Әлдибекті туыстары ауыл маңындағы зиратқа жерледі. Бейбарыс Алматыға үйіне газ тартып, жылу жүргізу үшін ақша табуға 2 ай бұрын кеткен. Марқұмның ата-анасы хостелдің заңсыз жұмыс істеуіне жол берген адамдарды жазалауды сұрайды.

Бейбарыстың үйі Сынтас ауылының бір шетінде орналасқан. Оған апаратын қара жолға асфальт төселмеген. Үйге жақындай бергенде естілген азалы жұрттың зар жылап, жоқтаған дауысы сай сүйегіңді сырқыратады. Үй ауласында беліне ақ шыт ораған еркектер тізіліп тұр. Үй ішінде әйелдер зар илеуде. Олар бірінен соң бірі «Балам», «Бауырым», «Келмеске кеттің ғой», «Арманда кеттің ғой», «20 жасыңда қыршын кеттің» деп аңырайды.

Марқұм Бейбарыс Әлдибектің жаназасына жиналған жұрт. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Сынтас ауылы. 1 желтоқсан 2023 жыл.
Марқұм Бейбарыс Әлдибектің жаназасына жиналған жұрт. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Сынтас ауылы. 1 желтоқсан 2023 жыл.

Үй ішіндегі жиырма шақты әйел кеудесін өксік қысып, қайғысын баса алмай отырған марқұмның анасын не деп жұбатарын білмей жүр. «Байқұс-ай», «Обал-ай» деген дауыстар шығады. Қапыда баласынан айырылған ана басын қайта-қайта шайқап, кеудесін ұрады. Бірақ дауысы шықпайды, жылай да алмайды.

Бейбарыс отбасында төрт баланың кенжесі болған. Үш ағасы үйленген. Ата-анасы ІІІ-топ мүгедегі. Құлағы естімейді, сөйлей алмайды. Өзі колледжде архитектура мамандағын бітіріп, Астанада жалданып жұмыс істеген. Екі ай бұрын суық түспей үйіне жылу жүргізу мақсатында Алматыға жұмыс іздеп кеткен. Қалада фаст-фуд дайындайтын асханада аспаз болып жұмыс істеген.

Видео: "Кінәлілер жазасын алсын!" Алматыда өрттен қаза тапқан жігітті ақтық сапарға шығарып салды (1 желтоқсан 2023 жыл).

"Кінәлілер жазасын алсын!" Алматыда өрттен қаза тапқан жігітті ақтық сапарға шығарып салды
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:10 0:00

Бейбарыс Әлдибек – 30 қараша күні «Алматы хостелінде» газдан уланып қайтыс болған 13 адамның бірі. Ол хостел жертөлесінде орналасқан 16-бөлмедегі 10 төсектің бірін айына 25 мың теңгеге төлеп жалға алған.

- Сол күні таңғы сағат 5 шамасында ұйқыдан шошып ояндым. Жүрегім бір жамандықты сезді. Балама хабарласа алмай ары-бері теңселіп жүрдім. Көп өтпей оның қайтыс болғанын естідім, - дейді Бейбарыстың анасы Баян Садырбаева жанында отырған сурдоаудармашының көмегімен. Ол баласының қазасын естігенде есеңгіреп, қан қысымы көтеріліп құлаған.

Бейбарыстың отбасы әке-шешесіне мүгедектігі үшін берілетін жәрдемақымен әупірімдеп күн көрген. Бұл олардың ішіп-жемінен артылмаған. Бейбарыс соңғы уақытта жалданып жұмыс істеп, тапқан табысын тозығы жеткен үйін жөндеуге жұмсаған.

Төрт бөлмелі шағын үйдің іші сыз әрі тастай суық. Бір бөлменің бұрышында ескі пеш тұр. Сынтас ауылына табиғи газ 4 жыл бұрын келгенімен, бұл үйге тартылмаған.

Жаназада марқұмның денесін жууға кіргендер оның денесінің ешбір жерін күйік шалмағанын, ыс тиіп, тұншығып ұйықтаған күйі қайтыс болуы мүмкін деп топшылап жатты. Мұны естігенде шерлі ана:

- Баламның жертөледе жатқанын білмедік. Ол жоқшылықтан қиналып өсті ғой. Үйде отыра бер дегенмін. Көнбеді. «Мама, ер жеттім. Үйге газ кіргізіп, жылу жүргізейік. От жағып қиналмайсың» деп еді. Сөйткен жап-жас баламнан айырылып қалдым, - деді кеудесін қайта-қайта ұрып.

Марқұм Бейбарыс Әлдибектің анасы Баян Садырбаева баласын жоқтап отыр. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Сынтас ауылы. 1 желтоқсан 2023 жыл.
Марқұм Бейбарыс Әлдибектің анасы Баян Садырбаева баласын жоқтап отыр. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Сынтас ауылы. 1 желтоқсан 2023 жыл.

Бейбарыс үйіне жылу жүргізу туралы арманын онымен бірге «Алматы хостелінде» бірге жатқан ауылдас досы Серікке де айтқан. Екеуі бірге үй еденіне жылу жүргізуді жоспарлаған. Серік 5 жасынан бірге өскен досынан айырылып қалғанына әлі сене алар емес.

- Екеуміз бір асханада бір ауысымда жұмыс істедік. Хостелдің бір бөлмесінде жаттық. Хостелге түн ортасында келіп, таңертең кететін едік. Өрт шыққанынан үш сағат бұрын Бейбарыс мені Шымкентке шығарып салды. 1-2 күнде жалақымды алып, ауылға қайтамын деген, - дейді марқұмның досы жанарына жас үйіріліп, тамағына тығылған өксігіне тұншығып.

Марқұм Бейбарыс Әлдибектің бауырлары. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Сынтас ауылы. 1 желтоқсан 2023 жыл.
Марқұм Бейбарыс Әлдибектің бауырлары. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Сынтас ауылы. 1 желтоқсан 2023 жыл.

Серіктің сөзінше, олар хостелдің жертөлесіндегі шамамен 20 шаршы метрлік №16 бөлмеде он адам бірге жатқан. Олардың екеуі – студент, қалғаны өзі қатарлы әр жерде жалданып жұмыс істеп жүрген жастар.

- Бейбарыс көп сөйлемейтін. Момын, көңілі ашық еді. Қайда барсақ та бірге жүретін едік. Оның бар ойы ата-анасына көмектесу болатын, - дейді Серік қаз-қатар тұрып жоқтаған Бейбарыстың әкесі, бауырлары мен туыстарына қарап.

Марқұм Бейбарыс Әлдибектің жаназасына жиналған жұрт.
Марқұм Бейбарыс Әлдибектің жаназасына жиналған жұрт.

Бейбарыс Әлдибектің жаназасына 200-ден аса адам жиналды. Марқұмды туыстары ауыл маңындағы зиратқа жерледі. Баласын табытқа салып әкеткенін көрген анасы қайта-қайта талықсып құлай берді. Оған жедел-жәрдем қызметкерлері көмектесіп жатты.

Қапыда сүт кенжесінен айырылған Бейбарыстың әкесі Мұса Нәбибаев заңсыз жертөледен хостел ашқандар мен оның жұмыс істеуге жол бергендерді жазалауды сұрайды. Ал анасы: “Маған үкіметтің 1 миллион теңге ақшасы керек емес. Балам жап-жас, қыршын кетті. Енді ол қайтып келмейді. Неге хостелдің заңсыз жұмыс істеуіне жол берген? Неге үкімет бақыламаған?» - дейді ашуға булығып.

Марқұм Бейбарыс Әлдибекті жоқтап, қайта-қайта талып қалған анасы Баян Садырбаеваға дәрігерлер көмектесіп жатыр. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Сынтас ауылы. 1 желтоқсан 2023 жыл.
Марқұм Бейбарыс Әлдибекті жоқтап, қайта-қайта талып қалған анасы Баян Садырбаеваға дәрігерлер көмектесіп жатыр. Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Сынтас ауылы. 1 желтоқсан 2023 жыл.

Бейбарыс Әлдибектің жаназасына қатысқандардың кейбірі «4 жылдан бері ауылдағы жалғыз үйге газ қоспай қалдырып кетті», «Екі бірдей мүгедек адам барын елемеді», «Үйінде ел қатарлы жылу болғанда, бала жұмыс іздеп кетпес еді» деп жергілікті әкімдікті жазғырып жатты. Ал Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов марқұмның «үйді жөндеймін, жылу жүргіземін» деген арманын демеушілердің есебінен шамамен он күн ішінде орындауға уәде етті.

30 қарашаға қараған түні Алматының орталығындағы хостелде шыққан өрттен 13 адам ыс тиіп қаза тапқан. Өрттен қаза тапқандардың тоғызы – Қазақстан азаматы, екеуі – Өзбекстан азаматы, екеуі – Ресей азаматы. Қайтыс болған Қазақстан азаматының алтауы – Түркістан облысының тұрғындары. Олардың бірі 15 жаста. Алдын ала дерек бойынша, өрт шыққанда хостелде 72 адам болған, 59 адам хостелден өз бетімен шығып үлгерген.

«Өрттің шығу себебін анықтау үшін оқиға орны қаралып, сараптама белгіленді, басқа да тергеу шаралары жүргізіліп жатыр» деді бас прокуратура.

Арнайы прокуратура «Өрт қауіпсіздігі ережесін бұзу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

1 желтоқсанда «Алматы хостеліндегі» өртке байланысты шағын хостелді жалға алған адам ұсталып, уақытша тергеу изоляторына қамауға алынғаны хабарланды. Төтенше жағдай министрі Сырым Шәріпханов брифингте «мемлекеттік органдар хостелдің жұмыс істеп жатқанынан хабарсыз болғанын» айтты.

Алматыда 200-ден астам хостел бар. Кей ақпаратқа қарағанда, кейбірі жертөлелерде орналасқан. Заң бойынша жертөледе хостел ашуға тыйым салынған. Алматы хостеліндегі өрттен кейін билік хостелдердің бәрін тексеру ұсынысын қолдайтынын мәлімдеді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG