Accessibility links

Ұстау, қамау, айыппұл. Қытай консулдығы алдындағы наразылыққа үш жыл


Қытайдағы туысты іздеу. Күрестің үшінші жылы
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:21 0:00

Қытайдағы туысты іздеу. Күрестің үшінші жылы

Бір топ адам Шыңжаңда көп жылға қамалған туыстарын босатуды талап етіп, Қытайдың Алматыдағы консулдығы маңына шығып жүргелі үш жыл болды. Бүгінге дейін Қытай консулдығынан бірде-бір адам шығып, олардың талабына қатысты жауап берген жоқ. Алайда туыстарына араша сұраушылар күресін тоқтатпады. Азаттық осы адамдармен сөйлесіп, үш жылда не өзгерді деген сауалға жауап іздеп көрді.

АЙЫППҰЛДЫ ТӨЛЕЙ АЛМАЙ АЖЫРАСЫП КЕТКЕН ОТБАСЫЛАР БАР

Наразылық акциясына үш жылдан бері тұрақты шығып келе жатқандардың бірі – 68 жастағы Халида Ақытхан. Оның үш ұлы да Қытайда түрмеде отыр. Үлкен екі ұлы Сатыбалды мен Оразжан – 22 жылға, кіші ұлы – Ахметжан 10 жылға сотталған. Келіндері де екі жылға жуық уақыт түрмеде болған. Жеті жылдан бері қамаудағы ұлдарын, үйқамақта отырған келіндері мен немерелерін бір көруге зар болып жүрген кейуана Астанаға дейін барып, Қазақстан президентінен араша сұрағанын айтады.

– Астанада Ақорданың алдына барып айқайладым. Тоқаевтың өзі келмеді. Көмекшісі келіп "апа, орныңыздан тұрыңыз, сөзіңізді жеткіземін" деді. Содан кейін үлкен келінім бір жыл, он бір ай отырып, босап шықты. Өтірік пе, шын ба білмеймін, сол келінім негізінде он бес жылға сотталған екен, – дейді кейуана.

Шыңжаңда қамалған туыстарын босатуды талап етіп, Қытайдың Алматыдағы консулдығына бара жатқан адамдар. Алдыңғы қатарда оң жақта – Халида Ақытхан. 8 ақпан, 2024 жыл
Шыңжаңда қамалған туыстарын босатуды талап етіп, Қытайдың Алматыдағы консулдығына бара жатқан адамдар. Алдыңғы қатарда оң жақта – Халида Ақытхан. 8 ақпан, 2024 жыл

Алайда Халида Ақытхан Қытай консулдығы алдында пикетке шығып, "Бейбіт митинг заңын" бұзғаны үшін бір емес, бірнеше рет айыппұл алды. Билік айыппұлын уақытында өтемегені үшін бірнеше ай зейнетақысын бермей қойғанын айтады.

– Зейнетақым қазір өсті. Бұрын 40 мың теңге алатын едім. Төрт баланың куәлігін Қытайдан алдырдым. Оларға 20 мың теңге қосылды. Одан бөлек ана жақта қара жұмыс істегенім үшін 10 мың теңге қосылды. Қазір 80 мың теңгедей аламын. Соңында 278 мың теңге айыппұл салды, төрт-бес ай өлместің күнін кештім. Біреулер нан әкеліп береді, енді біреулері ет алып береді. Соңында қан қысымының дәрісін алуға шамам келмей қалды.

Бұдан екі жыл бұрын консулдық алдына шығушылардың саны жиырмаға жуық болса, қазір онға жетер-жетпес адам қалды. Наразылыққа тұрақты шығып жүрген Гүлфия Қазыбек "жоқшылық кей отбасының арасына сызат түсіргенін" жасырмады. Бірнеше ай зейнетақыдан қағылған Халида Ақытханның күнделікті нанын алып беруден әріге аса алмағанын айтқан Гүлфия "айыппұлды көтере алмай ажырасып кеткен отбасылар да бар" дейді.

Үш жылда Алматы мен Астанада полиция қанша рет ұстап алып кеткенін белсенділердің өздері де есіне түсіре алмады. 2022-2023 жылдары күн сайын ұсталған кездері болды. Тіпті ақпарат құралдары бұл жаңалыққа мән бермейтін жағдайға жетті. Наразы топ белсенділерінің бірі – Байболат Күнболатұлы 10 және 15 күннен екі рет, ал Ақиқат Қалиолла 15 күннен бір рет әкімшілік қамауда отырып шықты.

Шыңжаңда қамалған үш ұлын қайтаруды талап етіп, Қытай консулдығы алдына келген Халида Ақытханды полиция әкетіп бара жатыр. Алматы, 8 желтоқсан, 2021 жыл
Шыңжаңда қамалған үш ұлын қайтаруды талап етіп, Қытай консулдығы алдына келген Халида Ақытханды полиция әкетіп бара жатыр. Алматы, 8 желтоқсан, 2021 жыл

Халида Ақытханның денсаулығы нашарлап, қаншама рет оқиға орнына жедел жәрдем шақыртты.

Бірақ оларды ең қинаған нәрсе – күнкөріс.

– Негізінен қаражат жағынан қатты қиналдық Әсіресе әйел адамдардың түрмеге қамалуы ауыр соққы болды. Консулдық алдына шығып жүрген адамдардың отбасындағы береке бұзылып, екі жаққа кетіп қалғандар да бар. Мұндайда сені қолдаушы болғанда ғана күресіңді жалғастыра аласың", – дейді Гүлфия Қазыбек.

Ол қазір Алматыдағы "Алтын орда" базарында шай сатып жүр. Негізгі мамандығы дәрігер. Шыңжаң Тибет университетін бітірген ол мамандығы бойынша жұмыс істей алмауын күресімен байланыстырады.

– Дипломымды екі рет қазақша аудардып, Қытайға растатуға жібердім. Екеуінде де растамай қойды. Содан кейін амалсыз осы кәсіпке кірдім. Бұл қазір тек жанбағысқа жетеді. 55 мың теңге базарға төлеймін. 50 мыңды жалдап тұратын үйдің қожайынына төлеймін. Әйтеуір күнделікті аш қалмаймын, – дейді Гүлфия.

Шыңжаңда түрмеде отырған інісін босатуды талап етіп, Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдына барған Байболат Күнболатұлын полиция көлікке күштеп салып жатыр. 1 ақпан, 2021 жыл
Шыңжаңда түрмеде отырған інісін босатуды талап етіп, Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдына барған Байболат Күнболатұлын полиция көлікке күштеп салып жатыр. 1 ақпан, 2021 жыл

Байболат Күнболатұлының айтуынша, барлық адамды қоса есептегенде, бүгінге дейін жиыны 7 миллион теңге айыппұл салынған. Араларында айыппұлын әлі толық өтей алмай жүргендер де бар.

– Консулдық алдына келіп, таңертеңнен кешке дейін туысқаныңды іздеу, одан қалса полицияға ұсталып қамалу – тек уақытыңды ғана емес, қалтаңдағы қаржыңды да алады. Себебі, ол күндері жұмысқа шыға алмайсыз. Біз қаржы жағынан өте қатты қиналдық. Тіпті кей күндері үйге нан алатын ақша да болмай қалған кездер болды, – дейді Байболат Күнболатұлы.

Қазақстанның "Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы" кодексінің 488-бабына сәйкес, бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзып митинг ұйымдастырған адамға 50 АЕК (айлық есептік көрсеткіш), ал оған қатысқан адамға 30 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде бұл ережені қайталап бұзса, 50 АЕК-ге дейін айыппұл салады не 20 күнге дейін қамайды.

2020 жылғы 20 мамырда қабылданған "Қазақстан Республикасындағы бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы" заңға сәйкес, пикет не митинг ұйымдастырғысы келетін адам жергілікті әкімдікке бес күн бұрын ескерту жіберуі керек. Құзырлы орган бұған үш күн ішінде жауап беруі тиіс. Билік келісім бермеген жиынның бәрі заңсыз саналады. Әдетте әкімдіктер түрлі себептермен саяси наразылық өткізуге рұқсат бермейді. Оның үстіне жиынды ресми бекітілген арнайы орындарда ғана өткізуді міндеттейді. Ал Шыңжаңдағы туыстарына араша сұрап жүргендер наразылығы Қытай үкіметіне қарсы бағытталғанын, сондықтан жанайқайын Қытай консулдығы алдында ғана жеткізетінін айтады. Сондықтан олар митинг өткізу жөнінде билікке өтініш бермеген.

ҮШ ЖЫЛДА ЖЕТКЕН НӘТИЖЕ

Өз айтуынша, Гүлфия Қазыбектің анасы Анарқан Батырхан "намазға жығылғаны үшін" 2018 жылы Шыңжаңда 15 жылға сотталып кеткен. Ал Шыңжаңның Құлжа аудандық әкімшілігінде кадр жөніндегі бас маман қызметін атқарған Гүлфия отбасымен бірге 2019 жылы Қазақстанға көшіп келді. Ол Қазақстанға оралғаннан кейін анасын босатуды талап етіп наразылық акциясына шықты. Жақында Гүлфияның анасы түрмеден босап шықты. Қазір ол үйқамақта.

Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп жүрген (солдан оңға қарай): Гүлфия Қазыбек, Халида Ақытхан және Гауһар Құрманәлиева.
Шыңжаңдағы туыстарын босатуды талап етіп жүрген (солдан оңға қарай): Гүлфия Қазыбек, Халида Ақытхан және Гауһар Құрманәлиева.

– Анам 73 жаста. 68 жасында қамауға алынды. Екі жыл уақытша ұстау орнында, үш жыл түрмеде болды. Негізінде 15 жылға сотталған. Анама таққан айып – қоғам тыныштығын бұзу, намаз оқу. "Қоғам тыныштығын қалай бұзды?" деген сауалына: "Жасөспірімдердің алдында намаз оқыдың. Оларға кері әсер еттің" деп жауап берген. Анамның намаз оқығанын қалай білді деген сұраққа келсек, оны өзіміз ұстап бердік. Мен жергілікті жердегі кадр бөлімінде жұмыс істедім. 2013 жылдан бастап 2016 жылға дейін үй-үйді аралап, "Кім намазға жығылады, кім Қазақстанға барды, кім кімнің некесін қидырды, кім қандай саудамен айналысып жатыр?" деген нәрсенің бәрін жіпке тізгендей етіп жазып, үкіметке тапсырдық. Оның алдында мұндай нәрсені түгендемейтін едік. Енді ойлап отырсам, Қытай билігі сол 2013 жылдан бастап дайындалған екен. Анам алғаш түрмеден шыққан кезде маған көрсетпей қойды. "Егер экранда көрсетсек қайтадан түрмеге алып кетеді" деп менен жасырып жүрді. Сол кезде анамды көре алмай қатты қиналдым. Бір аптадан кейін шыдамай өзім қоңырау шалдым. Сөйтсем бет-жүзін толық көрсетпейді. Аузы-мұрнын көлегейлеп, "балам, мен жақсымын, мен жақсымын" дей береді. Әлі де солай. Тек көзін ғана көрсетіп, қалған жерін қолымен көлегейлеп отырады, – дейді Гүлфия.

Ұзақ жылға сотталып, наразылық акциясынан кейін босап шыққан жалғыз Гүлфияның анасы ғана емес. Бұған дейін наразы топ белсенділерінің бірі болған Фарида Қабылбектің күйеуі Зейнолла Рақыжан 17 жылдан кейін отбасына оралса, тағы бір белсенді Гүлнар Қосдәулеттің жұбайы Әкбар Сәрсенбек те бала-шағасымен табысты. Консулдық алдындағы акцияға қатысушылардың бірі Жеңіс Зарқанның әйелі – Сәуле Мелтайқызы да осыдан бір ай бұрын отбасымен қауышты. Наразылыққа шығушылар мұны жетістік деп есептейді, бірақ олардың белсенділігімен бұл шешімдердің нақты байланысы бар-жоғы белгісіз.

Фарида Қабылбек пен Гүлнұр Қосдәулет Азаттыққа сұхбат беруге ықыласты болмады. Жақында әйелі отбасына оралған Жеңіс Зарқан да "Билік бізге ешкімге ештеңе айтпаңдар деген" деп сөйлесуден бас тартты. Бірақ қай елдің билігі тыйым салғанын айтпады. Мұның себебін Гүлфия Қазыбек былай түсіндірді:

– Қазақстанға 2019 жылы көшіп келдім. Келмес бұрын бірнеше туысымды кепілдікке қойып, аудио-видео форматында уәде етіп, қол қойдым. Ол жерде сыртқа шыққаннан кейін Қытай туралы ештеңе айтпауға тиіс болдым. Яғни мен бірдеңе айтсам, олар кепілдікке қойып кеткен адамымды қамайды. Бірақ анам қамауда жатқаннан кейін мен ол уәдені бұзып, Қытай билігіне қарсы шықтым.

ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІНІҢ ҮНСІЗДІГІ, ВИЗАСЫЗ РЕЖИМ

Қазақстан билігі Шыңжаңдағы қазақтар Қытай азаматы екенін алға тартып, бұл мәселеге тікелей араласа алмайтынын аңғартқан. Дегенмен Қазақстан сыртқы істер министрлігі дипломатиялық арналар арқылы Шыңжаңдағы қазақтардың біразы елге келгенін де айтқан.

Былтыр қазан айында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға ресми сапармен барып, Пекинде "Бір белдеу, бір жол" халықаралық ынтымақтастық форумына қатысты.

Сол жиыннан кейін Тоқаев Шыңжаң-Ұйғыр ауданының орталығы Үрімжіге барды. Ақорданың хабарлауынша, президент Қытай компартиясы атқару комитетінің осы өңірдегі хатшысы Ма Синжуймен кездескен. Онда өңірлік ынтымақтастық, туризм, мәдени байланыстар туралы сөз еткен. "Біз мәдени-рухани байланыстардың жан-жақты дамуына, екі ел өнерпаздарының бір-біріне гастрольдік сапарлар ұйымдастыруына қолдау көрсетеміз. Бұл тату көршілік және достық қатынастардың нығаюына оң ықпал ететіні сөзсіз" деді Тоқаев. Кездесулерде Шыңжаңдағы қазақ диаспорасының ахуалы айтылғаны туралы ақпарат болмады. Президент Тоқаев жергілікті қазақтармен кездесті ме, жоқ па, ол жағы айтылмады.

Шыңжаң қазақтарының мәселелерін қозғайтын "Атажұрт еріктілері" ұйымының Германияда тұратын жетекшісі Ербол Дәулетбекұлы бұл сапардан ондағы қазақтардың күткен үміті ақталмады деді.

Кей қоғам өкілдерінің наразылығына қарамастан, 2023 жылғы 10 қарашада Қазақстан мен Қытай арасында 30 күнге дейін визасыз режим күшіне енді. Белсенді Ербол Дәулетбекұлының айтуынша, бұл өзгеріс екіге бөлініп, бір-біріне жете алмай отырған отбасыларға көмектесе қойған жоқ, себебі оларды "Қытай үкіметі сыртқа шығармайды".

Алматыдағы Қытай консулдығы наразылыққа шыққандарды ешқашан қабылдаған емес және бұл бойынша Азаттыққа пікір де бермеді.

  • БҰҰ есебінше, Қытай билігі Шыңжаңда 2017 жылдан бері лагерьлер ашып, бір миллион ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылманды қамаған. Оларға Қытай заңдары мен коммунистік партияны дәріптейтін өлеңдерді жаттатқызып, қытай тілін оқытқан.
  • Зерттеушілер Пекин Шыңжаңдағы халық санын азайту үшін әйелдерді стерилизациялап, түсік жасатқанын мәлімдеген. Лагерьден шыққан әйелдер ол жерде сақшылар зорлағанын, ал ер адамдар қамауда азапталғанын айтқан. Адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаңдағы мұсылмандарға "геноцид" жасады деп айыптады.
  • Қытай саяси лагерьлерді "кәсіпке баулу орталығы" деп, ал Шыңжаңда жүргізіп отырған саясатын "экстремизммен күрес" деп атайды. Батыс елдері мен БҰҰ өкілдерін Шыңжаңға кіргізуден бас тартқан Пекин мемлекеттік ақпарат құралдарынан Шыңжаңдағы "бақытты өмірді" көрсетуге тырысады.
  • Лагерьде болғандардың көбі діни сенім-нанымы үшін, намаз оқып, құран сақтағаны үшін қамалғанын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG