Accessibility links

"Қалаға көшуге мәжбүр". Ауыл неге құрып барады немесе қазақша урбанизацияның қыр-сыры


Ерлі-зайыпты Әсемгүл Әкетова мен Болатбек Майжапаров бір қызымен Еңбек ауылына былтыр көшіп келген. Қазір олар мал ұстайды. Павлодар облысы Еңбек ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.
Ерлі-зайыпты Әсемгүл Әкетова мен Болатбек Майжапаров бір қызымен Еңбек ауылына былтыр көшіп келген. Қазір олар мал ұстайды. Павлодар облысы Еңбек ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.

Қазақстанда шамамен 20 миллион адам бар, оның 7,5 миллионы ауылда тұрып жатыр. Бұл дегеніміз – республика халқының 40 пайызға жуығы. Ауылды дамытуға арналған бірқатар бағдарлама жасалып жатқанына қарамастан, жыл сайын ауыл халқының көші-қон мәселесі тұрақты түрде нашарлап барады. Азаттық осының астарына үңіліп көрді.

"АУЫЛДА КЕТЕ АЛМАЙТЫНДАР ҒАНА ТҰРАДЫ"

Спутник ауылы Павлодар облысының әкімшілік орталығынан бір сағаттық жерде орналасқан. Осы бір солтүстіктегі елді мекенде жол, жалпы инфрақұрылым атымен жоқ.

Зейнеткер Анатолий Иванович өмір бойы ауылда тұрып келеді, электрик болып жұмыс істеген. Павлодар облысы Спутник ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.
Зейнеткер Анатолий Иванович өмір бойы ауылда тұрып келеді, электрик болып жұмыс істеген. Павлодар облысы Спутник ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.

– Жол саламыз деп уәде бергелі қашан, қазір емексуді де қойғанбыз. Сонда олар (билік) мұны кім үшін істейді? Бұл ауылда саусақпен санарлық үй мен жалғыз мектеп қана қалған. Тұрғын халық саны, құдайға шүкір, 300 адамға жетеғабыл, – дейді біз барғанда алдымыздан шыққан зейнеткер Анатолий Иванович.

Анатолий Иванович ауылдан "кете алғандардың бәрі кетіп болғанын" айтады. Енді тек барар жер, басар тауы жоқтар немесе материалдық жағдайы шектеулі жандар ғана қалған. Болашағы жоқ ауылда үй де сатылмайды.

– Бұл ауылда өмір бойы тұрып келемін. Бірнеше жыл бұрын мына жерде әкімдік, ғимараттар мен аурухана болғаны есімде. Бірақ кейінгі екі жылда олардың кірпіші мен ағашын бұзып, талап алып кетті. Мұнда істейтін іс жоқ. Сиыр ұстау қымбатқа түседі. Бұрын Ертіс ағып жататын, мал асырауға болатын. Қазір арнасы кеуіп кетті. Темір жолдан басқа жұмыс та жоқ, оның өзінен орын таба алмайсың, – дейді зейнеткер.

Сол сәтте мотоцикл мінген тағы бір зейнеткер әңгімеге араласты. Бұл кісі темір жолда монтер болып жұмыс істейді екен.

Зейнеткер, темір жол жұмысшысы. Павлодар облысы Спутник ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.
Зейнеткер, темір жол жұмысшысы. Павлодар облысы Спутник ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.

– Жағдайымыз тамаша! Тек жол да, су да, кәріз де, жылу да жоқ. Былайынша, жаман өмір сүріп жатқан жоқпыз, – деп асыға сөйледі Спутник тұрғыны.

Бүкіл ауылда екі-ақ су құбыры бар. Оның өзінен ащы су ағады, ішу мүмкін емес. Ауыл халқының айтуынша, ол суды тұрмыста қолданғанның өзі тиімсіз: сумен шайған дүниенің бетінде дақ қалып қояды, суарған өсімдіктер солып қалады.

Жалғыз отбасы тұрып жатқан көппәтерлі тұрғын үй. Павлодар облысы Спутник ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.
Жалғыз отбасы тұрып жатқан көппәтерлі тұрғын үй. Павлодар облысы Спутник ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.

Спутник – таратылған ауыл емес, алайда оның су шайған жолын, қаңырап қалған ғимараттарын, үйілген қоқысын көргенде, ертеңіне күмәнмен қарайсың.

"56 ЖЫЛ – БІР ҒҰМЫР КҮТУМЕН ӨТТІ"

Биыл күзде Қазақстан үкіметі ауыл аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті. Бұл тұжырымдама оған дейінгілер сияқты "ауыл аумақтарының географиялық ерекшеліктерін ескере отырып әлеуметтік-экономикалық әлеуетін ашуға" бағытталған.

Ауылды дамыту бағдарламаларына, соның ішінде "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасына құйылатын қаржы көлемі жыл сайын өсіп жатыр. Мәселен, 2019 жылы 29 млрд теңге бөлінген болса, биыл республикалық бюджеттен 198 млрд теңге бөлу қарастырылған.

Мектеп маңында жатқан бұзаулар. Павлодар облысы Еңбек ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.
Мектеп маңында жатқан бұзаулар. Павлодар облысы Еңбек ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.

Спутник ауылына көрші Пограничник ауылы үкіметтік бағдарламаның бет-бейнесі сияқты. Мұнда мыңға жуық адам тұрады, бірақ ауылға кіріп келе жатқанда ең алдымен көзіңіз жаңадан төселген асфальтқа түседі.

– Биыл жазда бүкіл ауылға асфальт төседі, – дейді алдымыздан шыққан жергілікті мәдениет үйінің жұмысшысы. – Үлкен амбулатория салуды бастады. Балалар да, ересектер де спортпен айналысатын орталық сұрғанымызға біраз болған. Қазір оның да құрылысы басталды. Сосын арықтап, әдемі болып шығамыз. Біз оны 56 жыл күттік. Бір ғұмыр күтумен өтті.

Ауыл халқы жарты ғасырдан астам уақыт күткен амбулатория салынып жатыр. Павлодар облысы Пограничник ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.
Ауыл халқы жарты ғасырдан астам уақыт күткен амбулатория салынып жатыр. Павлодар облысы Пограничник ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.

Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылыс алаңына бара жатып, ауданға биыл ғана әкелінген мектептің жап-жаңа автобусын көзіміз шалып қалды. Ауыл тұрғындары биыл облыс әкімдігі ауыл балаларына арнап 16 сары автобус сатып алғанын айтты. Оған дейінгілеріне жарты ғасырға жуық уақыт болған, әбден тозығы жеткен көлік жолсыз ойлы-шұңқыр жерде жиі бұзылып қала беріпті.

Мектеп оқушыларын таситын жаңа автобус. Биыл Павлодар өңіріндегі аудандарға 16 автобус сатып алынған. Павлодар облысы Пограничник ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.
Мектеп оқушыларын таситын жаңа автобус. Биыл Павлодар өңіріндегі аудандарға 16 автобус сатып алынған. Павлодар облысы Пограничник ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.

Спорт кешенінің құрылыс алаңын кранның тарсылдаған даусын естіп таптық. Ғимарат құрылысында жүргендердің бәрі – Пограничник ауылының тұрғындары. Жұмыс қызу жүріп жатыр. Прорабтың айтуынша, ғимарат 2024 жылдың көктемінде пайдалануға берілуге тиіс.

Әкімдікті іздеп жүріп, 1962 жылы тұрғызылған ғимаратты көріп қалдық. Ішінде науқастарды қабылдап дәрігерлер отыр. Пошта, кітапхана, жергілікті атқарушы органдардың кабинеттері – бәрі осында орналасыпты. Ғимаратқа кіріп келгенде спирт пен дәрі-дәрмектің мұрын жарар ащы исі сезілді. Екінші қабатта әкімнің кабинеті бос тұр. Ал көрші кабинетте журналистерді ауылдық округ әкімдігінің маманы Қайрат Жұмабаев күтіп алды.

Ауылдық округ әкімдігінің маманы Қайрат Жұмабаев. Павлодар облысы Пограничник ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.
Ауылдық округ әкімдігінің маманы Қайрат Жұмабаев. Павлодар облысы Пограничник ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.

– 2018 жылдан бастап су мен кәріз жүргізе бастады. Биыл "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы аясында жолдар мен амбулатория салынып жатыр. Жобалық-сметалық құжатты дер кезінде бердік. Соның арқасында биыл ауыл ішіндегі жолдарымызды жасап берді, фельдшерлік-акушерлік пункт пен дене шынықтыру-сауықтыру орталығының құрылысы басталды. Халық шаруа қожалықтары мен өз ақшасына мешіт тұрғызғысы келеді. Алдағы уақытта көпшілігі өз кәсібін ашуды ойластырып отыр. Сондықтан "Ауыл аманаты" ауыл кәсібін дамыту бағдарламасы бойынша өтініштер беріп жатыр. Биыл ауылымызға жеті қандас отбасы келді, кетіп жатқандар әзірге жоқ, – деді Қайрат Жұмабаев.

"БАЙЛАРША ӨМІР СҮРІП ЖАТЫРМЫЗ"

Еңбек ауылының халі осыған ұқсас. Ол Ақсу қаласының маңында, облыс орталығынан 50 минуттық жерде орналасқан. Ауыл халқы жол жоқ деп шағым айтты. Көктемде жеңіл көлікпен ауылдан шығу мүмкін емес дейді. Еңбек ауылына кіріп келе жатып та жаңадан төселген асфальт пен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатқанын көрдік.

Әлдеқайдан талықсыған әуен мен балалардың сыңғырлаған күлкісі естілді. Мектепке жақындап келеміз. Бүгін мұнда Денсаулық күні. Бұл күні мектеп оқушылары спорт түрлерінен жарысқа түсіп, дәрігерлердің алдына барып, тексеріледі.

Еңбек ауылындағы мектептің директоры Гүлжамал Селиханова. Павлодар облысы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.
Еңбек ауылындағы мектептің директоры Гүлжамал Селиханова. Павлодар облысы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.

– Мектепке жұмысқа тұрғаныма 3 ай болды. Оған дейін Құркөл ауылында бірнеше жыл жұмыс істедім. Кейін осы жаққа ауыстырды. Құркөлдің алдында осы жерде жұмыс істегем. Жалпы мұнда тұрып жатқаныма 20 жылдан асты. Ең бастысы, балаларымыз ғимараттың ішіндегі әжетханаға барады, су бар, мектептің іші жылы, өйткені оның жеке жылыту қазандығы бар. Бізге интерактивті тақта орнатып берді, жаңа алаң салды. Қазір дене шынықтыру-сауықтыру орталығы мен амбулатория тұрғызып жатыр. Тұрмысымыз нашар деп айта алмаймын. Өзіме бәрі ұнайды, – дейді Еңбек ауылындағы орта мектептің директоры Гүлжамал Селиханова.

Еңбек ауылындағы шамалы тұрғын үйлердің бірі. Павлодар облысы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.
Еңбек ауылындағы шамалы тұрғын үйлердің бірі. Павлодар облысы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.

Жергілікті жұрт ауыл жаңа және ескі Еңбек болып бөлінетінін айтты. Ескі Еңбекті жаңаның елесі деп атайды екен. Себебі оның жағдайы Спутниктікі сияқты – су да, инфрақұрылым да жоқ.

– Қалай өмір сүрейік? Бір қалыпты. Қалада жұмыс істеймін. Азын-аулақ малымыз бар. Бірақ ең үлкен мәселеміз – жол жоқ. Көктемде су тасыса ауылдан шыға алмай қаламыз. Қыста да солай. Ішетін су жоқ. Бұл ауылда тұрып жатқаныма 40 жыл болды. Құдайға шүкір, жақын жердегі қаладан су тасып әкеле аламын. Ал қариялар Ақсу өзеніне барады. Су құбырын тартып бергенімен, одан аққан суды ішу мүмкін емес. Ал Ақсудың суы тап-таза, өмір бойы соның суын ішіп өстік, – деді аты-жөнін атамауды өтінген ер адам.

Ерлі-зайыпты Әсемгүл Әкетова мен Болатбек Майжапаров бір қызымен Еңбекке былтыр көшіп келген. Себебі "қаланың қарбалас өмірі мен шуынан шаршаған". Қазір олар мал ұстайды. Екеуінің бір ғана үлкен мақсаты бар – үкілеп өсіріп жатқан қызын оқыту үшін астанадан пәтер сатып алуға ақша жинау.

Ерлі-зайыпты Әсемгүл Әкетова мен Болатбек Майжапаров. Павлодар облысы Еңбек ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.
Ерлі-зайыпты Әсемгүл Әкетова мен Болатбек Майжапаров. Павлодар облысы Еңбек ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.

– Қалада туып-өстік, бірақ бір рет ауылға көшіп келіп едік, кеткіміз келмей қалды. Кемшілігі көп болғанымен, ауыл ұнайды. Такси жүргізушілер бұл жаққа бармаймыз деп қиғылық салады. Жалынсақ, үш есе ақша сұрайды. Біз мұнда байларша өмір сүріп жатырмыз. Үйге кәріз құбырын жүргізу үшін бір миллион теңге беру керек. Судың да жыры сондай. Бірақ оны тартуға тырыспаймыз. Себебі ол ауыз су ретінде қолдануға да, тіпті мал суаруға да жарамайды. Өте ащы. Дүкен деген атымен жоқ. Ол үшін тағы жолға ақша төлеу керек. Көктем мен қыста мүлде ешқайда шыға алмайсың, – дейді Әсемгүл.

– Жол – басты проблема. Былтыр әкімге ең болмағанда материалға ақша бер, жұмысты жігіттер – өзіміз тегін істейміз деп айтқанмын. Ол келіскендей болған, бірақ әңгіме сонымен бітті, – дейді Болатбек.

Еңбек халқының саны 300-ге жетпейді. Ауыл таратылған, сондықтан биыл оған 800 метр жол бұйырмады. Жол түскенде қарттар мен бірнеше отбасының өмірі жеңілдер еді.

Ауыл халқы су алатын шағын өзен. Павлодар облысы Еңбек ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.
Ауыл халқы су алатын шағын өзен. Павлодар облысы Еңбек ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.

Қазақстанның солтүстігінде орналасқан, Ресеймен шектесетін Павлодар облысында кейінгі бес жылда барлығы 14 ауыл таратылды. Өңірде 755 мың тұрғын бар, оның 30 пайызы ауылда тірлік кешіп жатыр. Кейінгі жарты жылдың өзінде осы облыстың ауылдарынан 500 адам көшіп кеткен.

Павлодар облысының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы халықтың ауылдан көшуінің басты үш себебі бар дейді. Олар:

  • жұмыссыздық;
  • алдыңғы тұрған жерінде әлеуметтік-экономикалық жағдайдың қолайсыздығы;
  • инфрақұрылымның жоқтығы.

"АУЫЛДЫ ДАМЫТУ ЖОБАСЫ ҮШ ЖЫЛДА АУЫЛДАРДЫҢ ТЕК 18 ПАЙЫЗЫН ҚАМТЫДЫ"

Қазақстан үкіметі әзірлеген ауыл аумақтарын дамыту тұжырымдамасының арқасында 2028 жылға қарай жағдайы төмен ауыл халқының үлес салмағы 5,8 пайызға, ал ауылды жердегі жұмыссыздық деңгейі 4,2 пайызға азаяды деген болжам жасалған. Жоспар бойынша, ауылдағы бүкіл тұрғын ауыз су тапшылығынан құтылып, 97 пайызы интернетпен қамтылуға, 100 ауылдың 95-іне жол төселуге тиіс.

Бағдарламаны жүзеге асыру барысында көптеген шағым түскен, оның үстіне 2022 жылы мәжілісте жоба үш жылда ауылдардың тек 18 пайызын ғана қамтыды деген әңгіме айтылды.

1962 жылы салынған, көптен жөндеу көрмеген ғимарат қаусап тұр. Осы жерде дәрігерлер науқастарды қабылдайды, пошта, кітапхана мен жергілікті атқарушы органның кабинеттері де осында орналасқан. Павлодар облысы Пограничник ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.
1962 жылы салынған, көптен жөндеу көрмеген ғимарат қаусап тұр. Осы жерде дәрігерлер науқастарды қабылдайды, пошта, кітапхана мен жергілікті атқарушы органның кабинеттері де осында орналасқан. Павлодар облысы Пограничник ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.

Eurasian Center for People Management жобаларының жетекшісі, саясаттанушы Айман Жүсіпова үкімет жүктеген міндеттерді орындау үшін белгілі бір ережелерді сақтау керек деп есептейді.

– Мәселе мынада деп ойлаймын: жобалардың тиімділігін оларды іске асыруға жауапты және олардың сапалы орындалғаны туралы баяндайтын органдар бағалайды. Ауылда жергілікті жобалар жүзеге асады, жаңа ауыл стандарттарына сәйкес келетін елді мекен құрудың кешенді тәсілі ойластырылмаған, – дейді Жүсіпова.

Саясаттанушы кез келген жоспар түпкі мақсатқа – "инфрақұрылымының әр жерін сылап-сипауға" емес, ауылды "басынан-аяғына дейін" құруға негізделуі керек дейді.

– Жергілікті халықты түгел жұмылдыру, толықтай ашықтықты қамтамасыз ету сияқты кешенді әдістерге жүгінсе ғана шынайы өзгерістерге қол жеткізуге болады. Ал олай болмаған жағдайда, "Ауыл – ел бесігі" бағдарламасы бойынша Солтүстік Қазақстан облысында 450 миллион теңге ұрланған" деген сияқты тақырыптарға таңғалудың қажеті жоқ, – дейді ол.

Жүсіпова тұрғындардың ауылдан кетуі мен урбанизация күллі әлемде болып жатқан табиғи процесс дейді. Бұл қаланың экономикалық, саяси және мәдени маңызының артуымен байланысты. "Бірақ Қазақстанда қалаға үдере көшкендер арасында өз ауылында, туған өлкесінде қалғысы келетіндер де бар. Яғни Қазақстанда көпшілігі қалаға мәжбүр болған соң көшеді", – дейді ол.

Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп 2006 жылы салынған. Павлодар облысы Пограничник ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.
Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектеп 2006 жылы салынған. Павлодар облысы Пограничник ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.

Қазақстандағы облыс орталықтарының барлығында дерлік және Астана мен Алматы қалаларында аздаған көші-қон жүктемесі бар дейді билік өкілдері. Астанаға жыл сайын 50-70 мың адам келеді. Бұл қазір үлкен мәселеге айналған. Себебі 2023 жылдың жазында кейбір шенеуніктер Астанаға көшіп келуді шектеу керек, өйткені қаланың инфрақұрылымы мұндай лекті көтере алмайды – су, мектеп, бала бақша, т.б. жетіспей жатыр деген сыңайдағы мәлімдеме жасай бастады. Бірақ Қазақстан Конституциясы азаматтардың республика аумағында еркін жүріп-тұру және тұрғылықты жерін еркін таңдау құқығына кепілдік береді.

– Сондықтан Астана мен Алматының ғана емес, басқа да елді мекендерді дамыту керек. Бар мәселе инфрақұрылымды дамыту – көлік қатынасын жақсарту, көшелерді абаттандыру, қолжетімді тұрғын үй салу және жұмыс орындарын құруда, – дейді саясаттанушы. – Әлемде елді мекендерге халықты тартудың мысалы көп. Біздің елде жыл сайын сол баяғы бюджет қарастыруды ғана сөз етеді. Сөйте тұра, мына жоба сәтті жүзеге асты деп айтуға қиналасың. Егер билік қандай да бір жобаны жүзеге асыруда ашықтықты қамтамасыз етсе, адамдар өз ауылының дамуына үлес қоса алатынын түйсінер еді. Сөйтіп өз күшіне сеніп, өз өлкесінің ертеңіне деген жауапкершілігі оянар еді. Әлбетте өмір сапасы жақсарған соң, ауылдардан кетіп қалушылар саны да азаяды.

ЖЕДЕЛ УРБАНИЗАЦИЯНЫҢ НӘТИЖЕСІ ҚАНДАЙ БОЛМАҚ

2007 жылы UNFPA-ның "Урбанизация әлеуетін пайдалану" атты баяндамасының авторлары қала халқы санының тез өсуіне қатысты шаралар қолдануға шақырды. Бүйте берсе, халықтың дені кедейленіп кетеді дегенді баса айтты. Баяндамада, негізінен: "Қаланы дамытуды жоспарлау барысында кедейлердің мүддесі жиі еленбейді; көші-қон ауқымының кеңеюіне жол бермеу үшін мигранттарды қатарға қоспайды немесе мүлде жоққа саяды", – деп айтылды.

Оқушылар мектепке велосипед пен скутер мініп келеді. Павлодар облысы Пограничник ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.
Оқушылар мектепке велосипед пен скутер мініп келеді. Павлодар облысы Пограничник ауылы, 22 қыркүйек, 2023 жыл.

– Қалаларға алдын ала дайындық керек. Біріншіден, қала өскен сайын сапасы сын көтермейтін инфрақұрылымды жақсарту керек. Арзан және әлеуметтік баспаналар, медициналық қызметтерге қол жеткізуді оңтайландыру, көлік қатынастарының қауіпсіз әрі оңай болуы – бәрі соған жатады. Сонымен қатар жергілікті халықпен интеграция және әлеуметтік тұрғыдан бірігу процесстерін бөлек қарастыру керек.

Әрине, біз осындай болжамдар жасалмағандықтан қазірдің өзінде зардап шеге бастадық. Оған мысал – халықты суға байланысты проблемаларға тап болуы, экологиялық қауіп-қатерлер т.б., – деді саясаттанушы Айман Жүсіпова

McKinsey сарапшылары урбанизация осы ғасырдағы жаһандық экономиканы дамытатын үлкен қозғаушы күшке айналады деп есептесе, БҰҰ қалалар тек агломерациялардың өзінде ғана емес, ауылды жерде де кедейлікті азайтудың маңызды драйвері деп санайды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG